Білім

Білім беру: жоғары көрсеткіш, нәтижелі жұмыс

Міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, жыл бойы атқарылған жұмыстар қорытындылануда. Биыл облыс бойынша 2017-2018 оқу жылын 6823 түлек аяқтаса, келер жылы балаларды 1-сыныпқа қабылдау қызмет берушінің кеңсесі немесе «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, келер оқу жылында білім беру жүйесінде бірқатар өзгерістер орын алмақ. Атап айтсақ, жаңа оқу жылынан бастап 3,6,8-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшеді. Сондай-ақ облыста бірқатар игілікті жобалар жүзеге асырылып, жаңадан салынған білім беру ғимараттары пайдалануға беріледі.  

Биыл облыста 38 балабақша қолданысқа беріледі

Бүгінгі күні облыста 49 090 контингенті бар 548 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс жасайды. Оның 108-і — жекеменшік балабақша. Қазір бұл балабақшаларда 11 886 бала тәрбиеленуде. Жалпы облыс бойынша 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту 95,6 пайызды құрайды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, биылғы жылы облыста 5660 орынға арналған 38 балабақша қолданысқа беріледі.

Бүгінгі күні мемлекеттік тапсырыстың енгізілуі жеке мектепке дейінгі ұйымдардың көптеп ашылуына серпін беріп отыр. Соның нәтижесінде үш жылдың ішінде жеке балабақшалар саны 35-тен 108-ге өскен. Аталған балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы облыста мектепке дейінгі біліммен қамту 15 пайызға артқан. Мұндай сапалық көрсеткішке мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану арқылы қол жеткізілген.

  • Мектепке дейінгі мекемеге жолдама үш жасқа жеткен балаларға беріледі. Биыл мұндай жолдамаларды маусым-шілде айларында Ақтөбе қаласы және облыс аудандарында 2015 жылы кезекке тұрған балалар ала алады. Жеңілдікке ие топтарға да арнайы күн бөлінеді. Өтінім беруші өзімен бірге баланың туу туралы куәлігі мен жеке куәлігін әкелуі керек. Жолдама алуға құжаттар қабылдау уақыты мен мекенжайы бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде, сондай-ақ әлеуметтік парақшаларда қосымша хабарланатын болады, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі білім беруде балалардың ерте дамуы үшін оқу бағдарламалары енгізілгелі жатыр. Яғни, бес жастан бастап балалар мектепке дайындық орталықтарына бара алады.

— Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларын бекіту туралы» №127 Қаулысына өзгеріс енгізілді. Бастауыш білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан білім беру ұйымдарының қызмет көрсету аумағында тұратын, барлық балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, барлық жеті жастағы балалардың және ағымдағы күнтізбелік жылы алты жасқа толатын балалардың бірінші сыныпқа қабылдануын қамтамасыз етеді. Яғни, биылғы жылдың желтоқсан айының соңына дейін 6 жасқа толатын балалар 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын аттауына болады.

«Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін бағдарламалары бойынша білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау және оқуға қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес 1-сыныпқа қабылдау қызмет берушінің кеңсесі немесе www.egov.kz «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады, — дейді Л.Оразбаева.

 Жаңартылған білім: 4 СЫНЫП, 57 821 оқушы

Бүгінде облыста 421 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда 136 мың бала оқиды. Өткен жылы облыста 1,2,5,7-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшті. Бүгінде жаңартылған бағдарлама бойынша 57 821 оқушы (42,9%) білім алады. Білім беру ұйымдарында жаңа бағдарлама сатылап енгізілетін болады. Атап айтсақ, 2018 жылдың қыркүйектен бастап 3,6,8-сыныптар, 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап 4,9,10- сыныптар, ал 2020 жылы 11-сынып аталған бағдарламаға көшіріледі.

Мектептердің оқу бағдарламасы жаңартылған мазмұнға көшкеннен кейін оқушы білімінің бағалануы да өзгереді. Енді критериалды бағалау жүйесіне сай қалыптастырушы және жиынтық баға арқылы оқушының білімі бағаланады. Әр сабаққа қойылған мұғалім пікірі мен жиынтық бақылаудың қосындысынан тоқсан қорытындыланады. Сондай-ақ 5 күндік оқу аптасына көшу үдерісі жалғасады.

Білім саласындағы мәселелердің бірі — оқулық мәселесі. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсатты индикаторына сәйкес Назарбаев зияткерлік мектептері тәжірибесі бойынша 2018 жылы жаңартылған білім беруге сәйкес 3,6,8-сыныптардың оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдары жаңартылатын болады. Осыған орай, 3,6,8-сынып оқушыларын жаңартылған оқулықтар және оқу-әдістемелік құралдарымен қамтамасыз ету үшін облыс бойынша барлығы 1674,0 млн теңге қаржы бөлінген.

Қазіргі таңда бөлінген қаржы шегінде аудандық және қалалық білім бөлімдерімен баспаларға тапсырыс беру және шарт жасасу жұмыстары ұйымдастырылуда.

Нәтижесінде 2018-2019 оқу жылының 1 қыркүйегінде оқушылар толықтай оқулықпен қамтамасыз етіледі.

5356 ТҮЛЕК ҰБТ ТАПСЫРАДЫ

Биыл облыста 2017-2018 оқу жылын 6823 түлек аяқтап отыр, оның 5356-сы (78,5%) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады.

Биылғы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматта екінші жыл қатарынан өткізілгелі отыр. Өткізу тәртібі еш өзгеріссіз. Яғни түлектер алдымен мектепте емтихандар тапсырады (орта мектеп бітіргені жөнінде аттестат алу үшін), одан кейін жоғары оқу орнына түсу үшін емтиханнан және мемлекеттік гранттың бөліну жүйесі функциясын атқаратын ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Мектептерде қорытынды аттестация бес пән бойынша өтеді:

  1. Ана тілі және әдебиеті (эссе жазу).
  2. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде — орыс тілінен, ал орыс мектептерінде — қазақ тілінен (тест түрінде).
  3. Қазақстан тарихы (ауызша емтихан).
  4. Алгебра және анализ бастамалары (жазбаша).
  5. Таңдалған пән бойынша (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, информатика, шет тілі (ағылшын, француз, неміс) – тест.

Барлық емтихан оқу орнында, яғни мектептерде өтеді. Аттестацияның қорытындысы  2018 жылдың 29 мамыры мен 9 маусымы аралығында шығады.

Биыл жоғары оқу орнына түсу үшін бағаның ең төменгі шегі өзгеріссіз 50 балл деңгейінде қалдырылған. Ең жоғары көрсеткіш — 140 балл (бейінді пәндер бойынша берілген дұрыс жауаптар есебінен). Ұлттық бірыңғай тестілеу бұрынғыдай арнайы тестілеу орталықтарында өткізіледі, алайда қайта тапсыру құқығы сақталады. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу мерзімі — 20 маусым-1 шілде аралығы.

Тест өтетін пункттер қажетті құралдармен, ата-аналарға арналған арнайы күту орындарымен жабдықталуда. Барлық аудандарда түлектердің орналасатын, тамақтанатын орындар, тасымалдау көліктері жылдағыдай қамтамасыз етіледі. Мектеп түлектерінің тестілеуге қатысуы, оның нәтижесі, орналасуы жергілікті атқарушы органдар мен білім бөлімдерінің жауапкершілігінде болады.

Биылғы жылы мектеп түлектерінің тест тапсыруы үшін облыс бойынша 15 пунктте 130 аудитория жоспарланған.

2018-2019 оқу жылы жыл сайын берілетін 54 мың гранттың қатарына тағы 20 мың, оның ішінде техникалық мамандықтарға 11 мың грант қосылмақ. Бұл мектеп оқушыларының пәндерге деген қызығушылығын арттырады және пәндер кейін мемлекеттік гранттарға қол жеткізуге, еңбек нарығының сұранысына сәйкес келетін техникалық білім алуға, яғни мамандардың жұмыс табуына мүмкіндік береді, — дейді Л.Оразбаева.

ЖОЛ КАРТАСЫ, ЖОБА ЖӘНЕ ЖАҢА БАҒДАРЛАМА

Ақтөбе облысының білім беру жүйесін цифрландыру жол картасына сәйкес биыл облыста білім беру жүйесін цифрландыру келесі бағыттар бойынша іске асырылады:

— Электрондық журналдар мен күнделіктер жүйесіне қосылуы;

— Облыс мектептерінің кең жолақты интернет желісіне қосылуы;

— Облыс мектептерін компьютерлік техникамен камтамасыз ету және Wi-Fi желісімен қамту;

— Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде балабақшаларға кезекке қою және жолдама беру жүйесін енгізу;

— Техникалық және кәсіптік білім берудегі оқу үрдісіне автоматтандыру жүйесін енгізу.

Бүгінге дейін облыста 410 жалпы білім беретін мектептің (бастауыш мектеп саны — 35, негізгі — 82, орта — 293) 372-сі, яғни 90%-ы интернетке қосылған. Алайда соның ішінде жылдамдығы 4 мбит/с және одан жоғары болатын желі 180 мектепте (48 %) ғана бар. Ағымдағы жылы мектептердегі интернет жылдамдығын жоғарылату мүмкіндіктері провайдерлер арқылы толығымен талданды. Қазір мектептердің 60 пайызында (242 мектепте) жылдамдықты 4-тен 12-16 м/битке дейін жоғарылату жоспарға алынып, жұмыс жасалуда.

Білім беруді толық цифрландыру үшін электронды күнделіктерді толыққанды пайдалану маңызды. Сондай-ақ әрбір оқушының өзінің жеке кабинеті болады. Онда балабақшадан бастап PhD-ге дейін бүкіл ақпарат, атап айтсақ, барлық бағалар, олимпиадалар, портфолио, диплом жұмыстары бар мәлімет сақталады. Ата-ана енгізілген қосымшаға тіркелу арқылы мектепке бармай-ақ, баласының оқу үлгерімін, сабаққа қатысуын қадағалай алады. Электрондық журналдар мен күнделіктер жүйесіне бүгінгі күні облыс бойынша 365 мектеп қосылған.

Мектепке дейінгі білім саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және олардың ашықтығын қамтамасыз ету арқылы жемқорлық деректерінің алдын алу, оларды болдырмау мақсатында мектепке дейінгі балалар ұйымдарында кезектілікті қалыптастыру, оның қызметі және жолдамаларды беру процесін автоматтандыру тиімді.

Осы бағытта Ақтөбе қаласы және аудан орталықтарындағы 178 балабақшаға ақпараттық жүйені енгізу (31 895 бала) жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы, Алға және Хромтау аудандарында ақпараттық жүйені енгізу жұмыстары басталды, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, техникалық және кәсіптік білім берудегі оқу үрдісін автоматтандыру жүйесін енгізу бойынша жұмыстар басталып жатыр. Аталған құрылымды сандық жүйеге көшіру абитуриенттерді қабылдауды жоспарлау, студенттер мен оқытушылардың жеке ақпараттарын электронды сақтау, білім беру жүйесін жоспарлау, оқу үлгерімін қадағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ата-аналар мен студенттер сабақ кестесін, бағалау жүйесін, сабаққа қатысымды бақылауға және оқытушымен байланыс жасауға мүмкіншілік алады.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында пилоттық режимде Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік кәсіптік білім беру ұйымдарында ақпараттық жүйе енгізіледі. Сондай-ақ цифрлық экономиканы дамыту мақсатында Ақтөбе политехникалық колледжінің базасында IT-технологиялар құзыреттілік орталығын құру жоспарлануда. Осы орталық WorldSkills халықаралық стандарттарын жүзеге асыру үшін әдістемелік, сараптау және жаттығу базасы болмақ. Аталған орталық жаңа мамандықтар ашуға және қысқа мерзімді курстар бойынша білім алуға мүмкіндік береді, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

Бүгінгі күні облыста 44 колледж бар. Онда 27 502 жас білім алуда. Оның ішінде 14 149-ы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды.

Өткен жылдан бастап Елбасының тікелей тапсырмасымен елімізде жастар тегін кәсіптік-техникалық білім алып жатыр. Осы мақсатта өңірде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы енгізілді. Жоба аясында жастар кейбір мамандық бойынша колледждерге емтихансыз, сұхбаттасу қорытындылары бойынша қабылданады. Аталған бағдарламаға біздің облыстан 32 біліктілік бойынша 15 оқу орны қатысуда. Оларда барлығы 1085 жасөспірім оқиды.

Басқарма басшысының айтуынша, оқу орындары бойынша бөлініс және мамандықтар тізбесі жұмыспен қамту сұрақтары бойынша өңірлік комиссия отырысында қаралады. Облыс бойынша кадрларға қажеттілік талдауына сәйкес мамандықтар тізбесі қалыптастырылған. Ақтөбе қаласы және аудан әкімдерімен бірлесе барлық елді мекендерде аталмыш бағдарламаны түсіндіру және кадрларды дайындау бойынша үміткерлер тізімін қалыптастыру мақсатында насихаттау-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Тегін білім беру бағдарламасының негізгі бағыты — қиын өмірлік жағдайға тап болған жастарды оқыту. Бағдарлама міндетті ыстық тамақ, стипендия және жатақханамен қамтамасыз етуді қарастырады. Бағдарлама аясында модульдік құзыреттілікті оқыту моделіне сәйкес студент екі немесе одан да көп біліктілік арқылы жұмысшы мамандығын ала алады, ал егер қаласа, орта деңгейдегі маман ретінде конкурстық негізде оқытуды жалғастыруына болады.

Қысқа мерзімді оқыту бағдарламасына 62 мамандық бойынша 23 колледж және 4 оқу орталығы қатысып отыр. Барлық оқу орындарында арнайы пәндер оқытушыларынан және өндірістік оқыту шеберлерінен тұратын білікті инженерлік-педагогикалық құрам бар. Олар қажетті құжаттарды әзірлеп, тапсырады. Өткен жылы аталған бағдарлама аясында

4409 адам курстан өткен.

557 пән мұғалімі ағылшын тілінен білімін жетілдіреді

2019 жылы 10-11-сыныптарда жаратылыстану-математика циклі пәндерін, атап айтсақ, химия, биология, информатика, физиканы ағылшын тілінде оқыту енгізілмек.

Қазіргі таңда облыста 2 білім беру ұйымы үш тілде білім береді, 74 пилоттық мектеп 704 оқушыны қамти отырып, ағылшын тілінде оқыту элементтерін енгізу арқылы эксперимент режимінде жұмыс жасайды.

Химия, биология, информатика, физика пәндерін оқытатын 1888 мұғалімнің 894-і (47%) ағылшын тілінен курстардан өткен.

Биыл 557 пән мұғалімінің ағылшын тілінен білімін жетілдіру көзделіп отыр. Мемлекет тарапынан пәнді ағылшын тілінде оқыта бастаған мұғалімдерге қаржы жағынан қолдау жасалып, еңбекақысына 35 мың теңге көлемінде үстемеақы берілуде. Қазір біздің облыста 80 мұғалім осы үстемеақыны алып отыр.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бүгінге дейін облыста жаңартылған білім мазмұны бойынша 5849 педагог біліктілікті арттыру курсынан өткен. Бұл педагог кадрларының 39,2%-ын құрайды. Биылғы жылы 2224 педагогтың біліктілігін арттыру жоспарланып отыр.

Биылғы жылдың қаңтарынан бастап 1,2,5 және 7-сынып мұғалімдерінің, қыркүйек айынан бастап 3,6, 8-сынып мұғалімдерінің жалақысы артады. Ал одан кейін бекітілген кестеге сәйкес 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап 4,9,10-сынып, 2020 жылы 11-сынып  ұстаздарының еңбекақысы көтеріледі.

  • Елбасы Жолдауында атап өтілгендей, қосылатын жалақы лауазымдық еңбекақының 30 пайызын құрайды, — дейді Л.Оразбаева.

Оның айтуынша, бүгінгі күні педагог кадрларды аттестаттаудың жаңа моделі құрылған. Оның І кезеңінде Ұлттық біліктілік тест тапсырылады, ІІ кезеңде педагогтің қызметіне кешенді аналитикалық талдау жасалады. Жаңа модель бойынша педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларға «педагог», «педагог-модератор», «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілік санаттары беріледі.

Расталған біліктілік деңгейіне байланысты жалақы 30 пайыздан 50 пайызға дейін өседі. Ең алдымен, аттестаттаудан мұғалімдер өз еркімен өтеді. Кімде-кім 30-50 пайызға дейін үстемеақы алғысы келсе, өздері өтініш береді. Ол ағымдағы жылдың 26 мамыры мен 5 маусымы аралығында, екінші рет — 1-10 қараша аралығында өтеді. Педагогтарды аттестаттау «Оқу пәнінің мазмұны» және «Оқу әдістемесі» модульдері бойынша өтеді. Тестілеудің 70 пайызы пәндік білімге және 30 пайызы педагогика мен әдістемеге бағытталған. Екінші кезең — қызмет нәтижелерінің кешенді талдамалық қорытындысы. Ол ағымдағы жылдың 31 шілдесінен 15 желтоқсанына дейін өткізіледі, — дейді басқарма басшысы.

Облыстың бас мұғалімінің айтуынша, аттестаттау кезінде мерзімінен бұрын аттестаттауға өтініш берген, біліктілік тестілеуінен қайта өтпеген педагогтар үшін қолданыстағы біліктілік санаты жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін сақталады. Ұлттық біліктілік тестілеуден өтпеген педагогтар үшін қолданыстағы біліктілік санаттары, атап айтсақ, екінші, бірінші, жоғарғы санаттарының жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін сақталады. Қайта тапсыруға тағы екі мәрте мүмкіндік беріледі. Ұлттық біліктілік тестілеуден өтпеген кезде қолданыстағы біліктілік санаты бір жылға ұзартылады, қайтадан растамаған кезде тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиясы шешімінің негізінде біліктілік санаты «педагог» біліктілік санатына дейін төмендейді.

БИЫЛ ОБЛЫСТА 26 МЕКТЕП САЛЫНЫП ЖАТЫР

Соңғы жылдары елімізде халықтың өсуі, соның ішінде бала санының көбеюіне байланысты үш ауысымда білім беретін мектептердің саны артып отыр.

Қазіргі таңда облыста үш ауысымда білім беретін 21 мектеп бар. Бұл мектептердің 11-і Ақтөбе қаласында болса, 10-ы аудандарда орналасқан (№ 5, 9,12,15, 29, 41, 45, 53, 58, 60, Красносельская, №3 Алға орта мектебі, №3 Қарауылкелді орта мектебі, Ырғыз гимназиясы, №1 Бадамша орта мектебі, №4 Мәртөк орта мектебі, Ж.Кереев атындағы орта мектеп, Шұбарши орта мектебі, Дөң орта мектебі, №5 Хромтау мектеп-гимназиясы, №5 Шалқар мектеп-лицейі).

Басқарма басшысының айтуынша, бұл мәселені шешу мақсатында облыста нақты шаралар қабылдануда. Атап айтсақ, өткен жылы өңірде 4 340 оқушыға арналған 15 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Нәтижесінде 2 апатты (Ұлттық қор есебінен салынған Мәртөк ауданы Родниковка селосындағы 320 орындық және Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы 600 орындық мектеп), 4 ескі (Ырғыз селосында 100 орындық мектеп, Ойыл селосында 60 орындық екі мектеп, Шалқар ауданында 120 орындық бір мектеп) және 7 үш ауысымды мектептің  (Мәртөк ауданында 320 орындық — 1, Қобда ауданында 320 орындық — 1 және Ақтөбе қаласында 300 орындық 6 мектеп) мәселесі шешілді.

Биылғы жылы бюджет қаражаты есебінен 9490 орындық 26 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны — 27,0 млрд теңге.

Салынатын мектептер 14 үш ауысымды мектепті жойып, 2 апаттық, 8 ескі, 2 оқу орнының жетіспеушілігін азайтады деп күтілуде.

Сонымен бірге үш ауысымдық мектептер санын азайту мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне 2160 орындық 6 жаңа мектеп құрылысын салуға инвестициялық жобалар тізбегі көрсетілген бюджеттік өтінім жасалған.

Үш ауысымда оқыту мәселесін 2020 жылға дейін түбегейлі шешу көзделіп отыр.

Сонымен қатар биыл 61 білім беру мекемесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 1 521,9 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда конкурстық рәсімдердің нәтижелері бойынша мердігерлер анықталып, жөндеу жұмыстары басталған.

118 МЫҢ ОҚУШЫ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬГЕ БАРАДЫ

Қазіргі таңда облыста 49 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оқушылардың қосымша білім берумен қамтылуы 32%-ды құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру бойынша жақсы көрсеткіш Шалқар (53,3%) және Мәртөк (53,1%) аудандарында.

Балалардың спорттық секциялармен қамтылуы — 41 % (мектепішілік спорттық секциялар   — 37953 (28%), ЖСМ — 18610 (13 %) және үйірмелерге 58 мыңнан астам оқушы (43%) барады. Ал колледждерде 272 спорттық секция бар, оған барлығы 14 669 (69%) студент қатысады.

Биылғы жылы облыста 118 мың оқушыға (93%) жазғы демалыс ұйымдастыру жоспарланып отыр. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 282 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Атап айтсақ, қала сыртындағы лагерьге 11405 оқушы, мектеп жанындағы 293 лагерьге 56 281 оқушы, 166 шатырлы лагерьге 17486 оқушы, ата-аналар есебінен 33 084 оқушы және еңбекпен 48 975 оқушы қамтылмақ.

Ағымдағы жылы лагерьлердің қалыпты жұмыс жасауына облыс бюджетінен 112 млн теңге көлеміндегі қаражат бөлінді және онда жалпы саны 1680 оқушы демалыс пен оқудың тереңдетілген дағдылары бойынша білім алатын болады деп жоспарланған. Қазір бұл бағыттар бойынша жұмыстар басталып кетті.

Сонымен қатар маусым айында мүмкіндігі шектеулі, ерекше балаларды қолдауға бағытталған, Қазақстанда тұңғыш рет жыл бойы жұмыс жасайтын «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті балалар лагері ашылмақ. Бірегей сауықтыру орны Алға ауданы Бестамақ ауылынан 2 шақырым жерде орналасқан «Ақбөбек» жазғы лагерінің жанынан құрылады. Бұл жерде ерекше қажеттіліктері бар балалардың демалуы, дамуы және жетілуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалатын болады. 6 ауысымда көру, есту, тірек-қимыл аппаратының, интеллект және басқа да  бұзылыстары бар шамамен 600 ерекше баланы қамту жоспарланып отыр. Лагерьде сенсорлық, логопедиялық және массаж, сал ауруына шалдыққан балаларға ипотерапия, емдік дене шынықтыру бөлмелерінің жұмысын ұйымдастыру жоспарланды, сондай-ақ лагерь аумағында инклюзивтік ойын алаңдары құрылатын болады. Сондай-ақ кей жағдайда балалардың анасымен бірге демалуы да қарастырылған.

Биыл республиканың және облыстың киелі жерлеріне барлығы 5865 оқушыға экскурсия ұйымдастыру жүзеге асырылмақ. Бұған қоса Ырғыз ауданында орналасқан Ырғыз-Торғай республикалық резерватына облыстың  208 оқушысына 4 күндік саяхат  ұйымдастырылады. Осы мақсатта облыс бюджетінен  6 млн теңге қаржы бөлінді.

Түрлі пәндік олимпиадалар мен шығармашылық конкурстардың жеңімпаздары мен жоғарғы спорттық жетістіктерге жеткен оқушылар еліміз және шетелдердегі лагерьлерге жіберілетін болады. Атап айтсақ, Татарстан мемлекетіндегі робототехниканы тереңдетіп меңгертетін лагерьге 5 оқушы және Шығыс Қазақстан облысындағы «Дарын» лагеріне 400 оқушыны қабылдауға келіссөздер жүргізілді. Бұл мақсатта облыс бюджетінен 35 млн теңге қаражат бөлініп отыр.

Сонымен қатар, Ресей Федерациясы Орынбор облысындағы «Солнечная страна» лагеріне облыстың 120 дарынды оқушысын жіберу үшін Ақтөбедегі Орынбор облысының күндері аясында меморандумға қол қойылды.

ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕС ЖӘНЕ КЕЛІСІМШАРТ

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2017-2018 оқу жылының басынан бастап мүдделі мемлекеттік органдармен бірге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №26 бұйрығына сәйкес, яғни міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындау бойынша орта мектептердің ата-аналарымен кең ауқымды түсіндіру жұмысы жүргізілген. Түсіндіру жұмыстарына мектептердегі қамқоршылық кеңестері мен ата-аналар комитеттерінің өкілдері, сондай-ақ ардагер ұстаздар  тартылған.

Мектеп формасын сақтамай отырған 28 ата-анаға 5 айлық есептік көрсеткіш негізінде айыппұл салынып, мектеп формасының сақталуы бойынша күнделікті мониторинг жүргізілуде. Атап айтсақ, 2018 жылдың қаңтарына облыстың 88 мектебінде мектеп формасын сақтамай отырған 340 оқушы анықталса, бүгінгі күні ата-аналармен, оқушылармен жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде олардың саны 11  оқушыға азайған.

Қазіргі таңда білім беру ұйымдарындағы көп қозғалатын мәселелердің бірі  — мектептерде ақша жинау мәселесі. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің, облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімдерінің бұйрығымен мектепте түрлі мақсаттарға ақша жинауға тыйым салынған және бұл жөнінде әрбір ата-ана міндетті түрде білуі тиіс. Ал демеушілік жасайтын азаматтарға арналған  арнайы есепшоттар бар. Демеушілік танытамын деген еріктілер болған жағдайда қаражаттың қандай мөлшерде түсіп, нендей мақсаттарға бағытталатынын ашық көрсететін, әрбір қадамы реттелген ереже қабылданып, оның қадағалануы қорғаншылық кеңес мүшелеріне тапсырылуы қажет, — дейді Л.Оразбаева.

Оның айтуынша, 2018-2019 оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес білім беру ұйымдары мен ата-аналар арасында әр тараптың құқығы мен міндеттемелері көрсетілген келісімшарт жасалатын болады.

Білім беру ұйымдарындағы қамқоршылық кеңесі — білім беру ұйымын алқалы басқару нысандарының бірі. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №355 бұйрығымен білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары бекітілді.

Қамқоршылық кеңесі жұмысының басты бағыттары —  әлеуметтік-мәдени, сауықтыру және дамыту іс-шараларын өткізуде білім ұйымдарына көмек көрсету; сапалы білім алуға жәрдемдесу, білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқытудың, тәрбиелеу мен қамтамасыз етудің жайлы, қауіпсіз жағдайын жасау.

Қамқоршылық кеңестері, сондай-ақ азаматтардың отбасына жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру мәселелері жөнінде шараларды жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеп, қайырымдылық көмек түрінде білім беру ұйымдарына түскен қаржыны бөлуге қатысады және оның мақсатты жұмсалуы туралы шешім қабылдай алады. Тіпті білім беру ұйымының бюджетін қалыптастыру барысында ұсыныстар беруге де өкілеттілігі бар.

Сонымен қатар білім беру ұйымының жарғысына өзгерістер және толықтырулар енгізу үшін және білім беру ұйымын дамытудың басым бағыттары бойынша ұсынымдарды әзірлейді. Білім беру ұйымының қызметімен, білім беру ұйымындағы білім алушыларға және тәрбиеленушілерге жасалған жағдайлармен танысады. Білім беру ұйымының психологын қатыстыра отырып, олармен әңгімелеседі.

Бүгінгі таңда облыстың білім беру ұйымдарында барлығы 369 қамқоршылық кеңес жұмыс істейді, оның 325-і орта, негізгі жалпы білім беретін мектептерде, 37-сі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, 7-еуі облыстық білім беру ұйымы жанынан құрылған.

 «Бақытты бала»: 8 БАҒЫТ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС

Биылғы жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша облыста жүйелі шаралар кешені ұйымдастырылуда. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 2017-2022 жылдарға 148 148,0 мың теңге қаржы қарастырылып, бюджеттен тыс 1,8 млрд теңгеге бір жоба (Шығармашылық академиясы) жүзеге асырылды.

2017-2018 оқу жылының басынан бастап «Өлкетану» курсын оқытуға қажетті оқулық жобасын әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылып, қазірде дайын оқулық баспаға қарау және сараптамадан өткізу үшін ұсынылды. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстық білім басқармасының бақылауында, яғни оқулықтың сапалы шығуына аса мән берілуде.

Астана қаласының 20 жылдығы аясында 70 оқушыға арналған «Құтты мекен — Ақтөбе» туристік маршрут жобасы дайындалды. Жоба бойынша еліміздің өзге өңірлерінен келген оқушыларға Ақтөбе облысының мәдени-тарихи орындары, оның ішінде Қобда ауданындағы Абат-Байтақ, Қобыланды батыр, Қыз әулие кесенелері мен «Отан-Ана» мемориалдық кешені және Алға ауданы Бестамақ елді мекенінде орналасқан «Есет батыр» мемориалдық кешені таныстырылатын болады. Акция аясында Ақтөбе облысының 70 оқушысы еліміздің өзге өңірлеріне саяхатқа бару жоспарланған. Сонымен қатар Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында «Байқоңыр —Түркістан —Ташкент—Самарқанд» бағыты бойынша туристік маршруты жасақталып, нәтижесінде ағымдағы жылдың тамыз айында 100 оқушыға арналған туристік саяхат ұйымдастырылады.

Сонымен қатар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Бақытты бала» жобасы аясында облыста қоғамның барлық күштері мен ресурстарын барынша жұмылдыру арқылы бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Жалпы жоба білім беру, мәдениет, шығармашылық, спорт, интеллектуалдық тәрбие мен балаларды дамытуға бағытталған 8 бағытқа топтастырылған. Жоба аясында бүгінге дейін бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Атап айтсақ, Ақтөбе қаласы және аудандардағы мектептерде 20 ІТ-сыныбы ашылып, 20 робототехника кабинеті жабдықталды. Сондай-ақ 20 мектеп пен 20 мектепке дейінгі ұйымды ультра қысқа фокусты проектор мен 20 3D принтермен, 20 мектепті робототехникамен жабдықтау  үшін облыстық бюджеттен 68,410 млн теңге қаржы бөлінді.

Сонымен қатар биылғы жылдың 16 наурызы мен 16 сәуірі аралығында «Сенсорлы үйшік», «Үздік дидактикалық құрал» атты облыстық сайыс жарияланды. Балаларға табысталатын үйшіктер іріктеліп алынды. Қазіргі таңда 588 сенсорлық үйшік дайын. Оның ішінде 200 сенсорлы үйшік 4 маусымда Ақтөбе қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы саябақта өтетін шарада ерекше қажеттілігі бар балаларға табысталады. Ал қалған 388-і тұрғылықты жері бойынша таратылады.

Сонымен қатар 1 маусымда сөйлеу қабілеті бұзылған, психикалық дамуы тежелген,  эмоциялық-ерік аясының қалыптасу тежелісі бар, ойлау қабілеті бұзылған, Дауна синдромымымен, тірек-қозғалыс аппаратының қызметі бұзылған балалар үшін «Нектар» арнайы (түзету) балабақшасының ашылу салтанаты өтеді.

Биыл балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына арналған «Бақытты балалық шақ» облыстық балалар-жасөспірімдер фестивалінің бірінші кезеңі (кастинг) өткізілді. Осы уақыт аралығында көшпелі қазылар алқасы облыстың барлық аудандары мен Ақтөбе қаласында іріктеу жүргізді, тілек білдірген 3100 қатысушының арасынан ең таланттыларын таңдады.1 маусым күні фестивальдің ақтық кезеңі мен үздік өнер көрсеткен балалардың гала-концерті, сондай-ақ марапаттау рәсімі Өнер орталығы алдындағы алаңда өтеді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен жолдамалар беріледі.

Сонымен қатар «Media PRO production studio» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен 4-5 маусым күндері «KIDS CINEMA WORLD» балалар киносы фестивалі ұйымдастырылады. Фестиваль қазақстандық өнер жұлдыздарының қатысуымен және қазылық етуімен өтеді. Фестиваль аясында балаларға өнер жұлдыздарының шеберлік кластары ұйымдастырылмақшы, — дейді Л.Оразбаева.

Оның айтуынша, ноғай суретшісі Әлібек Койлакаевтың жетекшілігімен 300-ден астам баланы қамтыған 5 күндік шеберлік класы, Ақтөбе қаласы №1 музыка мектебінде Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік консерваториясының  түлегі, танымал скрипкашы Жанна Амандықтың қатысуымен 150 балаға шеберлік класы өткізілген.

«Асыл Мирас» қайырымдылық қорының қолдауымен аутизм орталығы ашылып, қазіргі таңда аутизммен білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларды қабылдауда. Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы балаларға арналған стоматологиялық орталықтың, сал ауруына шалдыққан балаларға арналған оңалту орталығының, медициналық кластер жанындағы онкогематологиялық балалар корпусының, облыстық периниталдық орталықтың құрылыстары жүргізілуде. №2 қалалық психологиялық-медициналық педагогикалық консультация ашылды.

Облыс бойынша 17 ойын-спорттық алаңдар құрылысының  орындары анықталып, оған 95,2 миллион теңге бөлінді, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста www.вaqyttybala-aqtobe.kz сайты жұмыс жасайды. Жоба аясында атқарылған іс-шаралар туралы толық ақпаратты осы сайттан оқып-білуге болады.

                                                                                                                       Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button