Рухани жаңғыру

Алмат тамы

 «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы».

 Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

«Ауазасы Алматтың —

Жайылған жұртқа теп-тегіс.

Күркіреген күндей ед,

Дер дейсің оны кім «кеміс»?

Аржағы да атақты ер,

Алашқа болып астана,

Жегізген жұртқа май, жеміс», — деп әйгілі Тұрмағанбетақын, Тұрмағанбет ІзтілеуовжырлағанАлматТобабергенұлы— заманында жұртын өркениетке, «өнер-білім бар» жұрттар көшіне жетелеген, сол мақсат жолында қыруар іске ұйытқы болған көрнекті тұлға. Ал Ырғыз ауданының орталығынан шығысқа қарай 22 шақырым қашықтықта тұрған Алмат тамы — «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясындағы жергілікті маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енген ескерткіш.

Бірқатар зерттеушілер деректері бойынша, Алмат Тобабергенұлы 1804-1892 жылдар аралығында өмір сүрген. Ел-жұрты оны Алмат сардар деп атап, ол даңқы кейінгі ұрпақтарға дейін жеткен. Жас шағында Ресей мен Бұхар, Хиуа, Қоқан хандықтары арасындағы сауда керуендеріне ілесіп жүріп орыс тілін меңгерген оның 1830-1846 жылдары аталған мемлекеттерге орыс өкілдігі атынан дипломатиялық миссияларға қатысқаны жөнінде жазба деректер қалған. Сонымен қатар, Алмат Тобабергенұлы патша шенеуніктері мен Кенесары хан арасында жүргізілген келіссөздерге де қатысқан. Бұл туралы журналист Қуаныш Ахметов «Күнімжан ханымның тұтқындағы күндері» атты мақаласында («Егемен Қазақстан» газеті, 2001 жыл, 30 мамыр) баяндайды. Мақалада көрсетілгендей, Кенесарының орыстарға тұтқынға түскен сүйікті әйелі Күнімжанды ханға қайта табыстау поручик Гернге тапсырылған. Герн жазбаларында: «За день перед обратным отправлением моим в Орскую крепость, Кенесары пожелал видеть находившегося при мне  почетного киргизца,караванбашуАлмата; говорил с ним несколько часов и отправил с письмами к Вашему высоко­превосходительству и ко мне», — дегенжолдарқалған. Ал Ырғыз уезінің бастығы болған А. Богак: «А. Тобабергенов — истинный патриот киргиз-кайсакского общества» — деген пікір қалдырыпты.

ХІХ ғасыр — қазақ даласында Ресей империясының билігі әбден орныққан заман. Бұл тұста ел тізгінін ұстаған беделді тұлғалар жұртты жаңа өмірге жетелеу жолындағы істердің бастауында тұрды. Өлкетанушы, бүгінде дүниеден өткен ырғыздық ұстаз Сейілхан Оразымбетов былай деп жазыпты: « …Алматтың ең алғашқы қолға алған әлеуметтік шарасы — жерге иелікті сақтау үшін елді отырықшылыққа тәрбиелеу болды. Осы жоспарын іске асыруды көздеп, өзі бас болып, 1840-жылдары осы күнгі Ырғыз ауданының Шөмішкөл, Қарақоға, Сарыөзек деген қопалы, сулы жерлерінен Төремұрат деген баласына 12 бөлмелі, немересі Әбдісаламға 7 бөлмелі, Әбдіразаққа 6 бөлмелі, қалалық үлгі-жобамен қаңылтыр төбелі үйлер салғызды. Жер көлемін мол қарпу үшін, осы күнгі Комсомол ауданына қарасты Аққұм деген жерден баласы Самыратқа арнап қарағайдан қиылып құрастырылған 12 бөлмелі үй тұрғызды. Осы ғасырдың 30-жылдарына дейін, кешегі кеңес заманының белсенділері қиратқанша тұрған бұл үйдің көркемдігін көзімен көргендер тамсана айтады… Адал көңілмен айтсақ, мұнан бір жарым ғасыр бұрын орыстың сол кездегі Орынбор, Жаманқала сияқты шеткі қалаларынан шығанда жатқан көшпелі елдің ұшан даласында Орынбор үйлерімен бәсекеге түсе алатын құрылыс тұрғызған азаматқа қайран қалмасқа шара жоқ. Алмат Тобабергенұлының бұл бастамасы елі үшін отырықшылық шаруаны орнықтыруға, тұрмыс мәдениетін жетілдіруге жол салған жыл басындай жаңалық болды». («Ақтөбе», 1993 жыл, 1 сәуір.)

Сондай-ақ, Сейілхан Оразымбетов: «Алмат ауылында бейқам сөзге, дау-жанжалға, ұрлық-қарлыққа, зинақорлық сияқты жөнсіздіктерге бару айып танылып, биязы қарым-қатынастың уағыздары орныққан. Егер имандылыққа жат іске баратындар болса, ауылдың ішкі антын бұзушы ретінде сардар ұйғарымымен жазаланатын болған. Сондай жазалардың бірі бір жылға дейін ер адамдар үшін сардар шаңырағына кіріп сәлем беруге, әйелдер үшін қазақ ауылында жиі болып жататын жиын-тойларға баруға тыйым салу екен», — деп, Алмат Тобабергенұлының күнделікті өмірде жаңашылдықты, жақсы тұрмысты жақтаумен қатар, имандылық жолында да үлкен талаптар қойған жан болғанын жеткізеді.

Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында Алмат сардардың атасы — Киікбай батыр Әбілқайыр ханға қолдау көрсеткен ықпалды тұлғалар қатарында көрсетіледі.

Алмат сардардың 5 ұлы болған.  Солардың арасында өзінің ісін жалғастыруды үлкен ұлы Самыратқа өсиет етсе керек. Самырат егін шаруашылығын қолға алып, тіпті бөгет те салдырған. Өз ауылында мұғалім ұстап, мектеп ашқан.

Ал кеңес заманында Алмат сардар ұрпақтары бай-шонжарлар ретінде қудалауға ұшырап, т.б. себептермен жан-жаққа тарап кеткен. Темірбек Жүргеновтің ықпалымен музыкалық мектепте оқыған, қазақтың тұңғыш скрипкашысы Ғалымжан Әбдісаламұлы да — Алмат сардардың ұрпағы. 1941 жылдың маусымында Брест қамалында немістердің тұтқынына түскен ол елге оралса, аман қалмайтынын біліп, соғыстан кейінФранцияға бет алады. Аты-жөнін «Әлім Алмат» деп, арғы атасына өзгертіп жаздырыпты. Мұстафа Шоқайдың жары — Мария Шоқай өз естелігінде былай дейді: «Бір жылдан кейін, 1947 жылы, Германиядан скрипкашы Әлім Алмат келді. Ол скрипкада шебер ойнайтын. Оған консерватория бітіргені жөнінде диплом қажет еді. Соғысқа дейін ол Мәскеу консерваториясында оқыған. Соғыстың кесірінен оқуын бітіре алмапты. Мен оны Париждегі Рахманинов атындағы орыс консерваториясына жаздырдым». Кейіннен Түркияға тұрақтап, танымал скрипкашы болған Әлім Алмат биылғы жылдың басында, 101 жасында қайтыс болды.

ХІХ ғасыр соңындағы көрнекті ескерткіштер қатарындағы Алмат тамын оның тапсырмасымен үлкен ұлы Самырат салдырған деседі. Жалпы ауданы 154 шаршы метр болатын кесене сирек кездесетін үлгімен салынған. Оның құрылысы 1886-1888 жылдары жүргізіліпті. Деректерде кесенені тұрғызған шебердің аты да аталады. Ол — халық шебері Жыға. Кесене алты күмбезден тұратын, сирек кездесетін жобамен салыныпты. Құрылысқа күйдірілген кірпіштің 11 түрі пайдаланылған. Құрылыс аяқталғаннан кейін, Самырат әкесін апарып, «Әке, там қалай?» — дегенде, Алмат сардар ризашылығын: «Сендей перзенті бар мен қандай?» — деп жеткізген екен. Кесененің о баста алты бөлмелі болып жобалануының сыры — оның отбасылық мемориал ретінде тұрғызылуында. Мұнда Алмат сардар мен оның ұлдары жерленеді деп жоспарланған. Дегенмен, кесенені салдырған үлкен ұлы Самырат қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданы аумағына жерленіпті…

 БАҚ материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button