Қазақ тіліне аударылған 18 кітап таныстырылды

Кеше С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті жанындағы колледжде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған кітаптардың таныстырылымы өтті.
Шараға облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің мамандары, колледж оқытушылары мен оқушылары қатысты.
Басқосуда колледж оқушылары аталған жоба аясында қазақ тіліне аударылған 18 кітап туралы мағлұмат алып, олармен жеке-жеке танысты.
— Бүгінгі шараның мақсаты — колледж оқушыларына Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарыққа шыққан еңбектерді таныстыру. Басқосуға біз әлемдік деңгейдегі ойшылдардың, отандық құрастырушылардың шығарған 17 еңбегін әкеліп отырмыз. Бұл еңбектер жастардың білімін жетілдіруге, олардың бәсекеге қабілетті болуына зор ықпал етеді, — дейді саясаттану және әлеуметтану пәнінің оқытушысы Нұрболат Қадешов.
Оның айтуынша, аталған еңбектердің қатарында Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе», Дуэйн Шульц, Сидней Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Дэвид Г.Майерс, Жан М.Туенждің «Әлеуметтік психология», Н.Грегори Мэнкью, Марк П.Тейлордың «Экономикс», Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамстың «Тіл біліміне кіріспе», Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін», т.б. бар.
— Әзірге бұл кітаптар университет пен колледж кітапханасына түскен жоқ. Облыс бойынша аталған оқулықтар мемлекеттік университеттерге таратылды, жеке оқу орындарына келіп жеткен жоқ. Оқушылар бұл еңбектерді интернет арқылы электронды нұсқада оқуына болады, — дейді Н.Қадешов.
Данагүл ҚАЗИХАН.



