Білім

Кәсіптік білім беру жүйесі: басым бағыттар және тиімді әдістер

«Кәсіптік білім беру жүйесіндегі басым бағыттар».  Ақтөбе облысындағы Орынбор күндері аясында өткен шара осындай тақырыпта өтті. Ақтөбе политехникалық колледжінде ұйымдастырылған жиынға біздің облыстағы және Орынбор облысының кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарының директорлары, оқытушылары қатысты.

Жиында алдымен сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева Орынбор күндері аясында екі күнде білім саласына байланысты алты іс-шара өткізілетінін айтты. Сондай-ақ, ол өз сөзінде екі өңір арасындағы ынтымақтастық туралы әңгімеледі. Өткен жылы көршілес екі облыс білім саласы бойынша 10 меморандумға қол қойған. Меморандум негізінде «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы  Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты бір топ педагогті Орынборға тәжірибе алмасуға жіберді. Сонымен қатар былтыр ақтөбелік 100 бала Орынбордағы «Күншуақ елі» лагерінде демалып келді. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Бірлескен келісім негізінде «Күншуақ елі» лагеріне биыл 120 бала демалып келетін болады.  Қазір Ақтөбе қаласындағы «Әсем» лагерінің аумағында жыл бойы жұмыс жасайтын үлкен оқу корпусы салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін қазан, қараша айларында орынборлық балалар «Әсем» лагерінде демалатын болады.

  • Былтыр орынборлық бір топ делегат Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысты. Сондай-ақ, аталған облыстан келген 50 баланы халықаралық көрмеге апардық, — деді Ләззат Оразбаева.

Бұдан кейін сөз сөйлеген Орынбор облыстық білім министрінің орынбасары Эльвира Масликова Орынбордағы кәсіптік-техникалық білім беру саласының жай-күйі туралы айтты. — Қазір Орынборда орта кәсіптік білім беретін 58 оқу орны бар. Оның 41-і облыстық министрлікке қарасты болса, 1-еуі федеральдік  бағыныста, 5-еуі мемлекеттік емес, 11-і жоғары оқу орындарының филиалы. Бұл  колледждерде 32 мыңнан астам жас білім алуда. Оның 28 мыңнан астамы облыстық бюджет негізінде тегін білім алады, — деді Эльвира Масликова.

Сондай-ақ, ол Worldskills жұмысшы мамандарының халықаралық байқауы  («Worldskills  Ресей») туралы жан-жақты әңгімеледі. Оның айтуынша, аталған байқау — кәсіптік білім беруді дамытудың тиімді бағыттарының бірі.

2015 жылы Ресейде «Worldskills Ресей» кәсіптік қоғамдастық пен жұмысшы кадрларын дамыту агенттігі құрылды. Агенттіктің қызметі «WorldSkills International» халықаралық ұйымының стандарттарына сәйкес кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған. Бұл ұйымның басты мақсаты — жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту. «WorldSkills  әдістемесі — кәсіби шеберлікті бағалау және дамыту үшін әлемдегі ең озық әдістердің бірі. Ал  «Worldskills» чемпионаты кәсіптік білім берудің барлық  саласы бойынша шеберліктің жоғары көрсеткішін анықтауға және оны әлемдік ең үздік тәжірибемен салыстыруға мүмкіндік береді. WorldSkills чемпионаттары екі жылда бір рет әр елде ұйымдастырылады. Жарысқа 22 жасқа дейінгі колледж және университет студенттері қатысады.

Қазақстан аталған ұйымның құрамына 2014 жылы 70-ші қатысушы мемлекет болып тіркелді. Қазір «WorldSkills» 76 мемлекетте қолдау тауып отыр.

Басқосуда кәсіптік-техникалық білім беру саласында еңбек ететін оқытушылардың біліктілігін арттыру және дуальды білім беру жүйесі туралы сөз болды. Ләззат Оразбаеваның айтуынша, бүгінде облыстағы колледж оқушыларының 87 пайызы дуальды білім беру жүйесі бойынша білім алады.

Айта кету керек, Орынбор күндері аясында Ақтөбе политехникалық колледжінде оқытушылар мен шеберлерге арналған лекциялар ұйымдастырылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button