Өнегелі ұядан ұшқан Өтекең

Ертең — Ақтөбе облысының, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Өтеміс Әкімовтің туған күні. Бұл күні, тек біздің өңіріміз емес, еліміздің одан шалғай жерлеріне де есімі кеңінен танымал азамат, сексен жасқа толғалы отыр. Осымен байланысты облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мәдениет саласының ардагері, мерейтой иесімен алдағы күндерде кездесу шараларын ұйымдастырмақ. Біз газетіміздің белсенді авторларының бірі әрі жанашыры Өтеміс ағамен осы қуанышты сәт қарсаңында жолығып, әңгімелескен едік.
Ақынның ұлы
— Сексеннің сеңгіріне шығуыңызбен құттықтаймыз. Ұзақ жылдардан бері газет редакциясымен шығармашылық тығыз байланыста болғаннан кейін біздің оқырмандарымыз өзіңізді барлық қырынан жақсы біледі деп ойлаймыз. Десе де, қандай отбасында, ортада өстіңіз деген сауалдың реті келіп тұр.
— Өзім жеті атадан жалғызбын. Әкем Ұлықпан Әкім мен шешем Божай Жәдікбайқызының елуден асқан шағында көрген баласымын. Кіндіктен жалғыз болғанмен, құдай беріп зайыбым Жансұлу Жүнісқызымен 5 бала, 11 немере, 4 шөбере көріп, жапырағымыз жайылып отырмыз.
Біздің ата-жұртымыз — Ойыл ауданының бұрынғы Саралжын селолық кеңесіне қарасты №2 фермасының жері. Қазір ол өңірлерде елді мекен жоқ. Кете Әжібай бидің қызы, Есет Көкіұлының келіні Ботакөздің кесенесі тұр. Бұлақ, жайылымдық, егістік жерлер сақталған.
Менің алғашқы туу туралы куәлігім Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Жайсаң станциясында берілген. Бірақ отбасы, жұмыс бабымен келген әке-шешем Жайсаңды жерсінбей, кейін Ойылға көшкен. 1955 жылы орта мектепті бітіргенде әкем туу туралы куәлігімді Ойыл ауданы, Саралжын селолық кеңесінде туған деп өзгертіп, жаздырып алған. Әкем — өз ортасында беделді, қоғамға ықпалы болған адам. Өлең-сөзге жақын ақын, домбыра тартып, ән салған, терме айтқан. 1960 жылы ұйымдастырылған облыстық айтыста озып шығып, жүлде алған. Әкеміздің ақындығы, серілігі жөнінде кезінде жерлес жазушымыз марқұм Құрал Тоқмырзин «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде «Ойылдың соңғы серісі» деп көлемді мақала жазды. Әкем 5 немересін көріп кетсе, шешем 8 шөбере сүйіп, Ақтөбе қаласының ең ұзақ жасаған тұрғыны ретінде құрмет көрді.
— Өмір жолыңыз қалай басталды? Еңбек жолындағы тәлімгеріңіз, ұстазыңыз кім?
— Әке-шешеміздің сыйласқан азаматтары баршылық еді. Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы Ақметжан Қойшығұлов, Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ыдырыс Ерғалиев, аудандық атқару комитетінің төрағасы Бақи Шанов, облыстық статистика басқарманың бастығы Амантұрлы Екібаев, өзге де беделді азаматтар. Елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басына қарай кеңес шаруашылығының талантты ұйымдастырушысы Байсалбай Жолмырзаев аудандық партия комитетіне бірінші хатшы болды. Олардың отбасымен әке-шешеміз дос еді. Ойылда өткен біздің Жансұлу екеуіміздің үйлену тойымызға қатынасқан Шәйзада, Қаракөз апаларымыз ортамызда жүр. Еңбек жолымды мен оқытушы, зайыбым байланыс кеңесінің қызметкері болып бастадық. Сол қатардағы қызметкерден аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, училище директоры, аудандық партия комитетінің бөлім басшысы, екінші хатшысы, қысқасы, он жылдың ішінде атқару комитетінің төрағасы етіп Бәкең қасына әкеліп отырғызды.
Туған өңір өресінде
— Сіз бүгінде екі дәуірдің куәсі болып отырсыз. Халықтың қазіргі қоятын талабы түбірімен өзгерді. Сол Ойылға бір кезде қиял сияқты көрінетін көгілдір отын — газ, асфальт жол, байланыстың неше түрі барды. Өзіңіз басшылықта болған тұстағы ауданның жағдайы қандай дәрежеде еді?
— Сол заманның, кезеңнің өлшемімен қарағанда, ауданның экономикасы мен әлеуметтік саласы шарықтап өскен жылдар болды. Мал, егін шаруашылығын дамытуда үлкен жетістіктерге қол жетті. Облыс орталығымен арада әуе жолы ашылып, ұшақ ұшып тұрды, автобус қатынастары нығайды. Өндіріс, мектеп, мәдениет, жол коммуникациялық қызметтер ұлғайды. Байланыс, тұрмыстық қамту қызметтері де жетекші орынға шықты. Алғаш рет төрт көшеге асфальт төселді.
Дүниетанымды байытқан жылдар
— 1975 жылдың аяғында сол аудандық атқару комитететінің төрағасынан облыстың мәдениетін басқаруға келдіңіз. Педагогикалық институтты, кейін өмір талабына сәйкес Орынбордың ауыл шаруашлығы институтын, Алматының екі жылдық жоғарғы партия мектебін бітірген басшыға мүлде басқа тың салаға ауысу қалай әсер етті?
— Әрине, кенжелеп қалған жаңа саланың қызметі жеңіл болған жоқ. Сол тұстағы облыс басшылары Ливенцов, Қозыбаев мәдениет саласының материалдық базасын нығайту, соның алдында ғана өртеніп кеткен облыстық драма театр үйін қалпына келтіру, Мәртөк, Шалқар аудандарында, Ақтөбе қаласының Жилянкі бөлігінде, аудандардың кеңшарларында тұрып қалған мәдениет саласы құрылыстарын салып бітіру, Әлия Молдағұлованың қосымша және аудандарда өлкетану музейлерін, Суретшілер одағы филиалы мен «Казреставрация» шеберханасын ашу, облыста мекендейтін халықтардың ұлттық көркемөнерпаздар ұжымдарын дамыту міндетін қойды.
Мәдениет саласында қызмет еткен жылдарым өзімнің көзқарасымның, дүниетанымымның өсуіне үлкен әсер етті. Екі жылда бір рет КСРО Мәдениет министрлігі жанындағы басшы қызметкерлердің білімін жетілдіру институтында, бес жылда бір рет қоғамдық ғылымдар академиясында курстардан өттім. Мәдениет саласы ұйымдастырған шараларға қатысып, бұрынғы одақтың көлемінде талай қалаларды араладым, аты аңызға айналған белгілі қайраткерлермен кездесіп, таныстым. Олардың ішінде Ақтөбеге екі дүркін шақырумен келген белгілі киноактерлер Виа Артмане, Ольга Аросева, Лариса Лужина, режиссерлер Марк Захаров, Олег Ефремов, тағы басқалары бар. Әншілер Алла Пугачева, Валентина Толкуновамен концерттен кейін дастарқанда бірге отырдым. Атақты биші, Социалистік Еңбек Ері Махмуд Есенбаевпен достық қатынаста болдым. Ал Қазақстанның өнер жұлдыздары Майқанова, Римова, Жандарбекова, Мәмбетов, Әшімов, Шәріпова, Ноғайбаев, Бағланова, Төлегенова, Тілендиев, Қажығалиев, Ахмедияров, Өтекешева, Рымбаева, Тыныштықұлова, Есқалиевалармен өз адамдарымыздай араластық десем, артық болмас.
Еңбек зейнеті
— Тоқсаныншы жылдарға қарай «Ақтөбемұнайгаз» өндірістік басқармасының үкімет және баспасөз органдарымен байланыс бөлімінің басшысы болып жұмыс істеп, тіпті зейнеткерлікке шыққаннан кейін де біраз жыл «Мұнайшы» қоғамдық қорының Ақтөбе, Қызылорда облыстары бойынша аумақтық үйлестіруші қызметін атқарғаныңыз есімізде. Осы жылдарда шығармашылыққа да ден қойдыңыз…
— Шындығын айту керек, қызмет басты болып шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік болмады. 1998 жылы Алматы қаласынан «Өлке» баспасынан «Өмір өткелдері» атты кітабым шықты. Белгілі мұнайшының өмір-деректері негізінде «Нәрен Имашев» кітабын жаздым. Сосын менің Ақтөбе энциклопедиясын, Қазақ мұнайының энциклопедиясын шығаруға әр жылдарда әл-қадірімше үлесімді қосқанымды білесіз.
— Саналы өміріңіздің 15 жылын туған ауданыңыздың экономикасы мен әлеуметтік салаларын дамытуға, 15 жылды облыстық мәдениет басқармасын басқаруға, 25 жылын мұнай-газ өнеркәсібі саласына, «Мұнайшы» қоғамдық қоры қызметіне арнадыңыз. Ел алдындағы еңбегіңіз де жақсы еленіп, бір кісідей марапатты мол алған азаматсыз. «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерінің, ондаған медальдар мен толып жатқан төсбелгілердің иегерісіз. Осылай алаңсыз еңбек етуіңізге отбасыңызда да жақсы жағдай болған ғой…
— Зайыбым Жансұлу екеуміздің отбасын құрғанымызға 60 жыл болған екен. Елу жасында көпбалалы ана дәрежесінде зейнеткерлікке шықты. Қаланың түрлі мемлекеттік кеңселерінде жұмыс істесе де, негізгі қызметі — үйдегі жасы жеткен әке-шешелерімізді күтіп-бағу, балалардың тәрбиесі, немере-шөберелерді әлпештеу болды. Көрнекті партия, қоғам қайраткері Кеңес Нокин ағамыз отырыстарда: «Өтемістің тылы мықты. Жансұлу үйде ата-ана, бала тәрбиесі мен жолдасының оқып, қызмет жасауына алаңсыз жағдай жасады» деп отыратын.
Сосын енді «Балаларың жақсы болса, қартаймайсың» дейтін баяғы үлкендердің айтып отыратын сөзінің де жаны бар сияқты. Шүкір, балаларымыз, немерелеріміз бен шөберелеріміз жақсы жолға түсіп, өсіп-өнді.Үлкен ұлымыз Айбек Ленинградтан жоғары білім алды. Артынан политехникалық институт бітіріп, мұнайшы-инженер болды. Жолдасы Тәбиләмен екеуі ұлы Әліби-Гүлмирадан Айлин есімді немере көріп отыр. Әліби-Гүлмира Пекин университетін бітіріп, қытай компаниясында қызмет жасайды. Екінші ұлымыз Әсет пен келініміз Фарида — Мәскеудің мәдениет институтын, Шымкенттің технология институтын бітірген мұнай саласының инженерлері. Олардың да немерелері бар. Өзге ұлдарымыз бен қыздарымыз да осындай жолдан өтті. Бәрі үй болып, ұрпақ жайып өсіп-өркендеуде. Жансұлу екеумізге бүгінде қуат-күш беретін солардың қызығын көріп отырғанымыз деп ойлаймын. Алла содан айырмағай!
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.



