МәдениетРухани жаңғыру

Батырлар жыры елжандылыққа тәрбиелейді

Байқау

Түрлі саяси-экономикалық дүмпулерді басынан өткізген халық өткен ғасырдың, әсіресе, елуінші жылдарының шамасынан бастап білімге шындап назар аудара бастағаны белгілі. Сол кезеңдерде кітап шығару өндірісі де кәдімгідей жолға қойылып, оның үстіне енді қалыптаса бастаған оқырманның сұранысы ескеріліп, осы күнге дейін қадірі жойылмаған басылымдар жарық көріп жатты. Қазір ақсақалдық жасқа жеткен буынның өкілдері сол кездегі «Батырлар жыры» деп аталатын кітаптарды көбірек оқып ержетті. Осы күні қалың қазаққа мәшһүр болған ақын-жазушылардың бір тобы өз шығармашылық лабораториясын әңгіме еткенде сонау қаршадай кезінде тыстағы күйбең тірлік бәсеңситін кешкі шақтарда білте шамның жарығымен әріп танымайтын ата-әжелеріне «Батырлар жырын» оқып отыратынын еске алуды ұмытпайтыны да рас. Осы күнгі «Бес ғасыр жырлайды» тәрізді толымды томдықтар жинақталмай тұрған сол шақта «Батырлар жырының» салмағы қандай болғанын осыған қарап-ақ ойша болжауға да болады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты аса бағалы мақаласының астарында да басымыздан өткен осы тарихымызды ұмытпауымыз керектігі жатқаны да мәлім.

Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Батырлар жыры — жастардың үні» деп аталатын байқау өткізілерде осындай жайлар негізге алынған болатын. Себебі қазір «Батырлар жыры» кейіпкерлері, расын айталық, балалардың күні-түні есінен шықпайтын қаһарманы деп толық сеніммен айта алмаймыз. Өйткені өркениет әбден кемеліне келген мына заманда оқушылардың көне дәуірден келе жатқан шығармаларға ықыласы азайып кеткендей болып та көрінетіні бар. Осылайша қос батыр қыз атындағы қоғамдық бірлестік оқушыларды, бір жағынан, «Батырлар жырына» аз мөлшерде болса да қайта оралтуды көздеп, екінші жағынан, мұны өнегелік тәрбиенің бір әдісі ретінде пайдалануды жөн көрген болатын. Дегенмен жағдай тап біз ойлағандай өкінішті халде емес екен. Ақтөбе қалалық білім бөлімі байқау ережесін қала мектептеріне таратқан шақта оған қатысуға ықылас білдірген оқушылар саны тіпті көбейіп шыға келді. Сонымен кең тараған жырларды жатқа айтып орындауды талап еткен бұл байқауға 60-қа жуық оқушы қатысуға тілек білдірді.

Бір тәуірі, сынға даярланған оқушылар «Батырлар жыры» кейіпкерлерін мол қамтыпты: Қобыланды батыр, Алпамыс батыр, Қамбар батыр, Ер Тарғын, Арқалық батыр, Қарадөң батыр, Көкше батыр, Орақ-Мамай, Өтеген батыр… Сондай-ақ қырғыздың әйгілі «Манас» эпосы мен Үмбетей жыраудың «Батырым өтті Бөгембай» жоқтауы әйтпесе Махамбеттің «Мұңайма» толғауы мен тамаша лирик Сағи Жиенбаевтың «Әлия» поэмасынан алынған үзінділер де оқушылардың бұл тақырыпты жан-жақты игеруге деген ұмтылыстарын анық байқатты. Ал Сәбит Мұқановтың «Бауыржанға», Қасым Аманжоловтың «Бауыржан»,  Мұқағали Мақатаевтың «Бауыржан Момышұлына» тәрізді өлеңдері оқушылардың бүгінгі заманның батырларына деген ықыласын көрсетті.

Тағы бір сүйсінерлік жағдай — шәкірттердің бірқатары Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова туралы туындыларға ерекше назар аударыпты. Жұбан Молдағалиевтің «Әлия», Сырбай Мәуленовтің «Әлия мектебінде», Фариза Оңғарсынованың «Әлия мен Мәншүк», Тұманбай Молдағалиевтің «Батыр қыз», Жекен Жұмахановтың «Қобданың жағасында біздің ауыл» туындылары оқылуы — осының бір көрінісі.

Бұл байқауды өткізуге атсалысқан Ақтөбе қаласындағы №64 мектеп ұжымы тыңғылықты дайындалыпты. Байқау ылғи әскери киім киген ұлдар мен қыздардың беташар хорымен басталып, өне-бойына патриоттық мазмұндағы әндермен әдіптеліп отырылды. Кең де жарық, сәулетті акт залында талапкерлер ертеден келе жатқан ұзақ жырлардан алынған үзінділер мен өлеңдерді тамылжыта оқыды. Ұлттық киім киген, сондай-ақ дулығалы, сауытты, оған қару-жарағы сай кейіпте немесе әскери киім киген оқушылар да біршама болды. Олардың әрқайсысы-ақ өздері оқыған шығармаларға тән әрқилы образдар жасауға тырысты. Міне, осы ізденістердің барлығы «Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев, Ақтөбе қалалық білім бөлімі ғылыми-әдістемелік орталығының қызметкері Ғазиз Қаламов, Ақтөбе теміржол колледжінің оқытушысы Бекзат Қаумешов қазылық еткен алқаның да, залға жиналған жас көрермендердің де көңілінен шықты.

Байқауға қатысушылардың жыр оқу мәнері, актерлік шеберлігі мен сахна мәдениеті, киім үлгісі тәрізді талаптар жан-жақты таразыланған соң Бас жүлдеге Ақтөбе қаласындағы №39 орта мектептің 10-сынып оқушысы Ақбаян Атапкелова лайық деп табылып, оған «Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестігінің дипломы мен көпфункциялы бейнекамера табыс етілді. Ал бірінші орынға ие болған Благодар орта мектебінің оқушысы Рамазан Көлбаевқа дипломмен қоса түрлі түсті принтер берілді.

Екінші орын — екеу, №64 орта мектептің оқушысы Әмина Молдағалиева мен №41 орта мектептің оқушысы Сәнім Аманғазы ІІ дәрежелі диплом мен үй кинотеатрының және компьютердің колонкаларына ие болды. ІІІ дәрежелі диплом мен көпфункциялы битлузы бар құлаққап үшінші орын алған үш оқушыға берілді: №24 орта мектептің оқушысы Ғазиза Ырғызбаева, №47 орта мектептің оқушысы Тұрлан Серікқалиев және Ақжар орта мектебінің оқушысы Жансұлу Алиева. Және бір қуантарлығы, байқауға қатысушылардың ешқайсысы да ескерусіз қалған жоқ, оқушылардың барлығына да бірлестіктің Алғыс хаттары тапсырылды.

Осылайша кеше ғана тойланған Жеңіс күнінен соң өткен байқау бабаларымыздың ерлігін дәріптеумен бірге оқушыларды отансүйгіштік пен елжандылыққа, патриоттыққа тәрбиелеудің де үзілмес жалғасының бір мысалындай болды.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button