Әдебиет

АҚБҰЛАҚ

Поэзия

Көктемнің ең бір күшіне енген, сән-салтанаты тасқан шағы — мамыр айы. Ұлы Даланың бар қиырындағы мөлдір бұлақтар бүлкілдеп алға жүгіріп, бозторғайлар бозала таңнан тынымсыз әнге басып, қырда қызғалдақ құлпырып тұрған шуақты айдың сый-тартуы болар, осы айда біз айрықша мақтан тұтатын үш бірдей ақынның туған күні бар екен: 1926 жылдың 15 мамырында — Бәкір Тәжібаев, 1934 жылдың 15 мамырында — Сағи Жиенбаев, 1940 жылдың 15 мамырында Есенбай Дүйсенбайұлы дүниеге келіпті.  

Далада туып, даладан сыр түйіп өсіп, туған даласын талмай жырлап өткен үш ақынның қай-қайсысының да мұрасы бізге Поэзия әлемінен төгілген мамырдың мейірімді шуағындай сезіледі. Туған жердің лүп еткен желі, исі бұрқыраған жусаны, будақ-будақ боп өрген бұлттары, шырылдаған торғайы — әйтеуір бар қымбат көрінісін алдыңа жайып салатын жырларға тағы бір үңілсек:

Бәкір Тәжібаев

АҚБҰЛАҚ

Күндіз-түні бір тынбай, дала кезген шапқылап,

Құмар едім өзіңе бала кезден, Ақбұлақ.

Әнге бөлеп маңайды, асып-тасып жатасың,

Ақ моншақтан аспанға шашу шашып жатасың.

 

Сенің келіп жағаңа, Анам талай су алған,

Сенің келіп жағаңа, Әкем атын суарған.

Айналайын Ақбұлақ, асыр салып жағаңда,

Сенен артық өлкені бұл әлемнен табам ба?!

 

Шексіз жатқан жерімді сүйіп келіп жатасың,

Бойыңдағы барыңды үйіп беріп жатасың.

Тынбай кезсең даламның атырабын, Ақбұлақ,

Тұнығыңнан жайқалған жапырағым, Ақбұлақ.

 

Сұлу саздан сән беріп, бір тынбаған Ақбұлақ,

Қыз-жігіттен жасырын сыр тыңдаған Ақбұлақ.

Со бір сырды жасырып ала қашқан Ақбұлақ,

Арынынан басылмай, далаға асқан Ақбұлақ.

 

Арудайын еркелеп мың бұралған Ақбұлақ,

Мөлдіріне арайды күннен алған Ақбұлақ.

Сен болмасаң, түз гүлі ашылмайды, Ақбұлақ.

Саған деген құмарым басылмайды, Ақбұлақ.

АУЫЛҒА БАРҒАНДА

Ауылым, хош иісті гүл-ау далаң.

Үстінде қыратыңның күн аунаған.

Шалқымай көңіл шіркін қала ала ма,

Түтінің қолын бұлғап тұр-ау маған?

 

Көгіңе сурет салып бара жатыр,

Тізбекті тырналарың тыраулаған.

Айнымай анадайдан естіледі,

Әнекей, әкем даусы «құраулаған».

 

«Шәйт, шәйт» келе жатыр ат үстінде

Қаптатқан ақтылы қой дырау балаң.

Өзіме домбырасын сыйға тартқан

Нұрпейіс Байғаниндей жырау бабам…

 

ххх

— Ей, бейтаныс,

Жерімді «қуаң!» — деген,

Жауап тыңда бүтіндей бұған менен:

Қуаң жерге құндыздар келер ме еді,

Қуаң белден киіктер өрер ме еді!

Туған өлкем еркесі — бұлан болған,

Ұлан мінген арғымақ — құлан болған.

Құба жонда шөлдесем — ән салам ба?!

Жарытусыз берсең де маған баға,

Жаннатымды мен туған жамандама!

 

ххх

Жасаған жоқпын батырлық,

Көрінген жоқпын керім боп.

Әйгілеу үшін атымды

Айтысқа түскен жерім жоқ.

 

Туған ел, сенің қашан да

Сақтадым асыл салтыңды.

Өзеуреп сөйлер қасаңға

Өзгерткен жоқпын қалпымды.

 

Мардымсып бекер, босқа мен

Мадаққа тәнті болмадым.

Бәсеке үшін басқамен

Мінбедім сұлу «Волганы».

 

Туған ел, сенің сәніңді

Саялап жүрсем болғаны.

Саған деп айтқан әнімді

Аялап жүрсең болғаны.

 

Әнім бар жерде мен де бар.

Мен жоқпын әннен жаңылсам.

Ән — менің ауам дем алар,

Ән — менің дауам ауырсам.

 

АҚШИ

Өзгеден оқшау бөлініп,

Өршітіп бойда жалынды,

Балағы балғын төгіліп,

Ақшиім көзге шалынды.

 

Өзінен ырыс тап болған,

Өлкені мұндай таба алман!

Сезімге сая бақ болған,

Мен үшін Ақши — ақ орман.

 

Ақ қоян ағып өткенде,

Жанардан ұшқын шашылды.

Лау ете қалып от кеуде

Лап етіп қайта басылды.

 

Әсерге алуан тоям ба-ай!

Әйтсе де бойды басты мұң.

Жарқ етіп қашқан қояндай,

Жалт берген мұнда жастығым!..

 

Сағи Жиенбаев

Бозторғай

Әдейі мынау қыр үшін

Оянып таңның алдында,

Даланың сансыз дыбысын

Көмейге құйып алдың ба?

 

Самалдың жұтып мөлдірін,

Шаншылып көкке шыққанда,

Далаңның мына кеңдігін

Айтасың ба ақша бұлттарға?

 

Қарайлап төмен сонда да,

Көзіңді жерден жазбайсың.

Өзің де кенет сорғалап,

Құйылып кете жаздайсың.

 

Тынбайды жырың толастап,

Осынша қайдан бітті күш,

Табиғат өзі о баста

Далама берген құтты құс?!

 

Жанымда бір күй дірілдеп,

Тұрдым-ау балғын сезімде,

Кеудеме сіңген бір үнді

Қайталап айтқан кезіңде.

 

ххх

 

О, туған жер, барымның

Сәттілері сенікі.

Балы болса жанымның,

Тәттілері сенікі.

 

Жүрегімде жыр болса,

Наздылары сенікі.

Көкейімде күй болса,

Саздылары сенікі.

 

Менің тұла бойымның

Бұлан күші сенікі.

Қияға ұшқан ойымның

Қыран құсы сенікі.

 

Озып келсем бәйгеден,

Орамалым сенікі.

Қақ алдыңа жайдым мен…

Қалағаның сенікі!

 

Мен туып-өскен далада

Мен туып-өскен далада

Боранның жырлайтыны бар.

Ақ түтек болып айнала,

Аптығып тулайтыны бар.

 

Булығып келіп жаныңа,

Бұрқырап борайтыны бар.

Айналып өтіп тағы да

Алдыңнан орайтыны бар.

 

Ал енді кейде болдырып,

Аяңдап жүретіні бар.

Суыққа сені тоңдырып,

Сақылдап күлетіні бар.

 

Қытықтап бүкіл денеңді,

Құлақтан бұрайтыны бар…

Сағынып елге келгенде,

Соның да ұнайтыны бар!

 

СЫР

Жас көттім, Жарқамысым, жалғыз кеттім,

Жаныма жарық болар таңды іздеппін.

Құлшынып қия белде қиял қуып,

Көкейден қоңыр сазды әнді үзбеппін…

 

Көрейін күйі болса көл-көсір деп,

Көңілімді кеттім алыс өрге сүйреп.

Әкеттім тау қойнына, шың қойнына,

Туған жер осалдығын көрмесін деп.

 

Аралап кеттім ұзақ белесін көп,

Кеудемді күйлі сазбен бөлесін деп.

Талпындым таудың биік қиясына,

Туған жер мені жасық демесін деп!

 

…Талпындым, өрге шықтым, құлдырадым,

Үйрендім ерке назды бұлбұл әнін.

Кеудемде күндіз-түні жырласын деп,

Келдім де құйып алдым мың бұлағын.

 

Орнатып жүрегіме шырын гүлін,

Аралап көрдім небір шыңын… нуын…

Көлкіген көп өзеннің өрлігі мен

Орманның жия бердім сұлулығын.

 

Сен үшін жидым бәрін, өбейін деп,

Бәрін дө бір өзіңе төгейін деп.

Осынау тасып жатқан тар кеудеммен,

Туған жер, сені құшып көрейін деп!..

 

Есенбай Дүйсенбайұлы

Домбыра-дала қуанған

Бозжорға дейтін күй төгіп,

Бойжеткен-орман, ну орман

Бозала сулық бүркеніп.

 

Қиқуға толып қиыр бар,

Будақ та будақ бұлт өріп,

Мойнын бір созған сиырлар

Көкжиек-көлге сүйкеніп;

 

Түріп те түнді ту алыс,

Сүйінші күтіп, сый күтіп,

Боз атқа мінген Қуаныш

Келеді шауып құйғытып.

 

Келіп те қалды енді, міне,

Шашуды, жұртым, шаш арнап!

Күмбір де күмбір кең дүние,

Күннің де көзі жасаурап…

 

Бозаңда шырқап бозторғай,

Бусанып тұр ғой бояу-бақ.

Бозбала өмір ой толғай,

Бозала таңда оянбақ!

 

ххх

Бұл ауылда сені бәрі таниды,

Шақырмай-ақ аралай бер әр үйді.

 

Мұнда келсең, пендемін деп ұғасың,

Сәлем бере келген болып шығасың.

 

Қолбала боп, жусаннан да аласам,

Құман алып, қолға су құй, қаласаң.

 

Ақсақалдар гу-гуінен төр қызып,

Өміріңді өз қойындай өргізіп:

 

«Қартың қайда, халі қалай, тірі ме?

Әне, нағыз соның жаны сірі де!

 

Әкеліп бір қыдыртсайшы ел ішін,

Әкең байғұс не көрмеді сен үшін?!

 

Көп жыл бойы болып еді көк иық,

Шығыр айдап, қауға тартып, шөп үйіп.

 

Үш ағаштан құрай салған күркеде

Бұл өсіріп-өндіргені бір төбе.

 

Құдай оны өлтірсін бе, жарадың,

Дүйсекеңді жақсылап бақ, қарағым…

 

Мұның да адам болғаны ғой!» — дегенде,

Көкірегің толады екен шеменге.

 

Келіп тұрсаң жігітпін деп өрелі,

Әлі сені баяғыдай көреді…

 

ххх

Жарқамысты сүйемін жан-тәніммен,

Ол туралы жаңылмаймын әнімнен.

 

Жақсы жырды соған ғана арнағам,

Туған жерін жек көретін бар ма адам?

 

Өзгелерге өзге мекен лағыл ән,

Мен өмірде Жарқамысты сағынам.

 

Рас, онда орнын білер өкпенің

Екі туып, бір қалғаным жоқ менің.

 

Бара қалсам, еркін ашып қақпасын,

Тумам да жоқ арнап тірер ат басын.

 

Ауыл маған басындағы бақтан көп

Ештеңе де бөліп беріп жатқан жоқ.

 

Мен де оны жүрген жоқпын қарық қып,

Кешірімі кең ана ғой, жарықтық.

 

ххх

Көрінді бұлттан қиық күн,

Көңіл де ояу, көз де ояу.

Сен барсың бірақ, сүйіктім,

Бозторғай бояу, боз бояу.

 

Ерте де, кеш те төгіп жар,

Естіліп тұрар ер даусың.

Сен жүрген жерде өмір бар,

Өмір бар жерде сен барсың.

 

Ән-жырың тозбай, ой тозбай,

Толқып та толқып толғарсың

Сен жүрген жерде бозторғай,

Бозторғай барда сен барсың.

 

Өзіңсіз күндер оза ма,

Отырмын тағы ой толғай.

Таңымның аты — Бозала,

Торғайдың аты — Бозторғай.

 

Боз бояу тұр ғой көзге ұрып:

Даланың аты — Боздала,

Жігіттің аты — Бозжігіт,

Баланың аты — Бозбала.

 

Шулардан шаршап тозғанда

Жайлауға барсам өзім мен:

Жорғаның аты — Бозжорға,

Күйдің де аты — Бозінген.

 

Әрі асып бұлттан, ақыным,

Аспанда бір сәт көз жұмсаң,

Иіскеп отыратұғын

Дәрінің аты — Бозжусан.

 

Азамат кетсе бір асыл,

Боздағым деп те жатар кеп.

«Бозторғай құстың ұясы

Бозаңда болар» (Махамбет).

 

Беу, дүние, бұлар аз екен,

Болмаса қайран ақыр түк,

Қазаға қарсы Қазекең

Бозқасқа шалар бақыртып.

 

Ерте де, кеш те игі үні

Естіліп тұрар ой қозғай.

Бозбала күннің гимні —

Бозала таң мен бозторғай!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button