Рухани жаңғыруТұлға

Асанәлі ӘШІМОВ: Рөлді кез келген адам ойнай алады, ал кейіпкер жасау нағыз актердің ғана қолынан келеді

 

КСРО халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, даңқты актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов газетке берген сұхбаты барысында жас әріптестеріне қоятын ең негізгі талабы, ғұмырнамалық кітаптарының жазылу сыры, алдағы шығармашылық жоспарлары, сондай-ақ Ақтөбедегі театр өнерінің дамуы туралы пікірін айтты.  

 — Ақтөбеге ұлы Мұхаңның атындағы өнердің қарашаңырағы — өзім көркемдік жетекші қызметін атқарып отырған Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының гастролі аясында келіп қалдық. Биылдыққа осында екінші рет жолым түсіп отыр. Өткенде аламан айтысқа қазылық етуге шақыртылып, бірнеше күн Ақтөбеден дәм бұйырған еді. Бұл, бір жағынан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған гастрольдік сапар екенін атап өткім келеді.

— Шығармашылық ұжыммен осыдан тура он жыл бұрын келіп, «Ымырттағы махаббат» спектаклінде басты рөлді сомдағаныңыз есімде. Бұл жолы қойылымдарда төбе көрсетпейтін сияқтысыз?

— Гастрольмен келмегеніңізге он жыл өтті дегеніңе берер жауабым: бұл тек театрға байланысты емес. Театр — ұжымдық жұмыс. Осылай елге шыққанда, труппадағы жүзге жуық актердің тең жартысы, бір топ техникалық қызметкер «көшіп келеді». Екі машинаға тиелген сахналық декорация, костюмдер жағы тағы бар. Бұның бәрі айналып келгенде үлкен қаражатты талап етеді. Артистердің жол шығыны, жатын орны бар дегендей. Гастроль пайда әкелмейтін, керісінше, шығынға батыруы мүмкін шаруа, қысқасы. Сондықтан облыс басшылығы шақырып, қолдау көрсетсе, бүгінгідей жұмыстар жасалады демекпін. Осы тұрғыдан келгенде Ақтөбенің атқарушы билігіне, әсіресе, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа ризашылығымыз шексіз. Ақтөбеден кейін Орал қаласына баруды жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін Атырау, Маңғыстау облыстарын аралағымыз келеді.

Әкемтеатрдың репертуарында қазіргі таңда 50 спектакль болса, оның барлығы менің сүзгімнен өткен. Көркемдік жетекші ретінде ой-пікірімді айтып, бағамды беремін. Сондықтан әр спектакльге қатысым бар. Арасында өзім қойған жұмыстар кездеседі.

Біздің труппа ақтөбеліктерге «Актерді өлтірген кім?», «Ақтастағы Ахико», «Бейбарыс сұлтан», «Таңсұлу» және «Сыған серенадасы» спектакльдерімен келді. Алғашқы боп аталған қойылымның қоюшы-режиссері — өзім. Қазақстанның театр әлемі үшін тың жанр — детектив, криминалдық драма бойынша сахналанған спектакльдегі актерлердің ойыны да өзгеше. Көрерменге ой қалдырады деп есептеймін…

— Сіздің ойыңызша, алматылық және ақтөбелік көрермендер арасында айырмашылық бар ма?

— Мен үшін, қай жердегі көрермен болсын, бәрі бірдей. Ешқайсысын бөліп-жармаймын. Ең бастысы, бірінші спектакльді халық жақсы қабылдаған сияқты. Біз спектакльді ең әуелгі кезекте соларға (көрерменді айтады — А.Т.) қоямыз. Басшылар үшін емес… Ақтөбеге келуіміздің өзі аймақтағы көрерменге есеп беру, солардың ықыласына бөлену үшін ұйымдастырылып отыр.

Менің ойымша, актерлер де осындай сапарлардың арқасында бір жасап қалады. Жастар жағы әріптестерімен пікір алысып, тәжірибе алмасады. Жалпы, осының өзі бізге, артистерге үлкен шабыт сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырады.

— Ал қазақ актерлерінің бүгінгі аяқ алысы жөнінде не айтасыз? Соның ішінде ақтөбелік труппаның аужайына тоқталсаңыз.

— Кейбіреулер ойлайды: «актер болудың несі қиын? Боянып, жаттап алған мәтінді айта қояды» деп. Шын мәнінде, олай емес. Біле білгенге актердің сахнадағы жұмысы, жалпы міндеті қыруар еңбексіз өнбейді. Ортаға шығып, режиссердің айтқанын орындау кез келген адамның қолынан келеді. Ал бүтін бір кейіпкер жасап, көрерменге ой салу нағыз актерлерге ғана тән. Бұл — Құдайдың пендесіне берген бағы. Екінің бірінен мұндайды, әрине, таппайсыз. Бұған үлкен еңбекпен, ізденіп, оқу арқылы ғана жетесің. Бір ғана талантпен алысқа шаппайсың.

Ақтөбелік әртістер қауымына келсек, олардың деңгейі, ойнау техникасы, шеберлігі жайында ашылып ештеңе айта алмаймын. Өйткені олардың сахнадағы өнерін көре алмай жүрмін. Сырттай танимын, бет-жүздерін білемін, бірақ соншалықты жауап беретіндей дәрежеде емес. Бірнеше жылдан бері Алматыда республикалық театр ассоциациясы жұмыс істейді. Соның ықпалымен осындағы актерлерді бір аптаға өзімізге шақыртып, өнерін тамашалау ойда бар. Биылға үлгермеспіз, келер жылы сол шаруаны ыңғайластыруымыз  керек. Содан кейін айтпасам… Жалпы, өңірде театр өнері дамыған десем, қателесе қоймаспын. Өйткені бір театрда қазақ және орыс труппалары қатар жұмыс істейді екен. Сол жағынан келгенде бір-бірлерімен бәсекелесіп ойнауға, шығармашылық тұрғыда шыңдалуға бұл оң әсерін тигізеді ғой деп ойлаймын.

Айтпақшы, биыл Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында менің курсым оқуын тәмамдағалы отыр. Тиісінше жаз айларында жаңадан курсымды ашамын. Соған сырт пішіні келіскен, ішкі жағы да соған сай ақтөбелік қыз-жігіттер болса, шәкірт болуға шақырамын. Солардың бір-екеуін Ақтөбедегі мәдениет басқармасы шәкіртақы жағынан қолдаса, кейін олар дипломын алған бойда елге оралады емес пе? Бір айтарым, олар міндетті түрде мәдениетті болуы тиіс. Мәдениет деген ұғымға білім, тәрбие, жалпы көркемдіктің бәрі жатады.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Асанәлі Әшімов — КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстанның Еңбек Ері.

1956-1961 жылдары Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша оқып, «Қазақфильм» киностудиясына актерлік штатқа қабылданды.

1964 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданды.

Өнердегі шығармашылық өре-биігі сан тарау қайталанбас бейнелермен ерекшеленеді. М.Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, И.Вовнянконың «Апатында» бас кейіпкер, тағы да басқа көптеген қойылымдарда көрнекті актердің айшықты өнегесі мен өрнекті ізі жатыр. Ал А.Әшімовтің қарашаңырақ сахнасындағы соңғы күрделі жұмысы — Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы Клаузен. Бүгінге дейін спектакльдің 100-ден аса көрсетілімі үлкен табыспен өтті.

Сахна шебері қазақ кино өнерін жаңа белестерге де көтеруге көп еңбек сіңірді. «Ән қанатындағы» Қаймен, «Қыз Жібектегі» Бекежан, «Атаманның ақыры» мен «Транссібір жүрдек пойызындағы» Қасымхан Шадияров, «Жаушыдағы» Қаражал, «Нан дәмінде» директор, «Қазақы оқиғадағы» Өмірбай шал, «Сіз кімсіз, К. мырза?» фильміндегі К. мырза, сондай-ақ Б.Мансұровтың көп сериялы «Бұлғарлар туралы баян» фильмінде Шыңғысхан, т.б. рөлдері де дара-дара. Көрнекті актер бас-аяғы отыздан аса фильмге түскен.

 Актерлікпен қатар режиссерлікке де құлаш сермеді. Бұл ретте М.Әуезов театры сахнасында «Амангелді» (Ғ.Мүсірепов), «Мен ішпеген у бар ма?» (И.Оразбаев), «Ақбілек» (Ж.Аймауытов), «Ревизор» (Н.Гоголь), «Фархад-Шырын» (Н.Хикмет), «Қаза мен жаза» (И.Вовнянко), сондай-ақ республиканың өзге театрларында қойған спектакльдері мен «Қазақфильм» киностудиясында түсірген «Аждаһа жылы» (1981), «Шоқан Уәлиханов» (1985), «Жусан» (1986), «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» (1992) және «Тұзды көл жағасындағы үй» фильмдерін айту керек.

«Майраның әні» (1995), 5 томдық шығармалар жинағы (2007), «С любовью Ваш Асанали Ашимов» (2008) кітаптарының авторы.

— Жоспар демекші, баспасөз мәслихаты кезінде Ахтановтың «Боран» спектаклін Ақтөбедегі театрда қоямыз деп қалдыңыз…

— Өзің айтпақшы, бұл — жоспар. Гастроль кезінде спектакльдермен шектелмей, әріптестермен өзара әңгіме-дүкен құрамыз. Сондай кезде әлгіндей ойға тоқтағанымыз бар. Әрі «Боран» кезінде Әуезов театрында сахналанып, онда өзім ойнағанмын.  Тахаңның атындағы театр болғандықтан, сол кісінің шығармашылығы сахналанбаса, қалғанының бәрі неге керек? Мысалы, біз, Әуезов театры әр маусымды ұлы Мұхаңның классикаға айналған шығармасымен ашып, кейін сонымен жабуды дәстүрге айналдырғанбыз. Театр кімнің атында, соның драматургиясы міндетті түрде қойылуы керек. Бұл — талқыланбайтын мәселе. Осының бәрін ескере келе, алдағы жылы «Боранды» осында қоймақ жоспарымыз бар.

— «Жан бөлек» деген ғұмырнамалық кітабыңызда, әсіресе, өміріңіздің көңілсіз тұстарын жан тебірентерліктей суреттейсіз… Жалғасы жазылып жатыр ма?

— Әрине. Бірақ оның қашан жарыққа шығатыны бір Құдайға ғана аян. Көңілге түйгенімді, естен кетпес естеліктерді қағазға түртіп, күнделік жазатын әдетім бұрыннан бар. Соның бәрін топтастырып, «Менің жанрым — күнделік» кітабын шығарғанмын. «Майраның әні», «Алаштың Асанәлісі», «Ғұмыр-дария» сияқты автобиографиялық кітаптарым да бар. Оны көзі қарақты оқырман біледі деген ойдамын. Жалпы, қаламым қолымнан түскен емес.

— Сұхбат соңында оқырмандарға, жалпы ақтөбеліктерге айтарыңыз болса…

— Бұл өңір тарихта ұлы адамдар шыққан жер боп қалатыны белгілі. Сондықтан гастрольдік сапармен ғана емес, сол кісілерге тағзым ету мақсатында да келіп отырған жайымыз бар. Қаланың өзі жақсы жағына қарай өзгерген. Өсу бар. «Жұбановтар әлемі» орталығын мысалға алатын болсақ, тәлім алатын тұстары көп. Бұл, бір жағынан, басшылыққа да байланысты. Бәрінен де бізді қолдап-қолпаштап, театрға асыққан көрермен қауымға мың алғыс.

…Бірер күнде 81 жасқа толғалы отырмын. Десе де, әзірге театрдан кете қою ойымда жоқ. Ақтөбелік өнерсүйер ағайынмен қоштаспаймын. Біз әлі кездесеміз.

P.S. Уақытының тығыздығына қарамастан, газет журналисіне көңіл бөліп, сұрақтарына жауап берген театр тарланы өзінің қолтаңбасын қалдырды.

 Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button