ЖеңісМереке

Ұлы Отан соғысының ардагері генерал Б.Байжігітовтің адами тұлғасы

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыс аталған алапат зұлымдықтың аяқталғанына, Ұлы Жеңіс мерекесіне 73 жыл толғалы отыр. Адамзат баласына қанды қырғын мен қасірет әкелген бұл зұлматтың қайғысы әлі де сейіле қойған жоқ.

Халықта «Ерлік-елге мұра, ұрпаққа-ұран» деген даналық сөз бар. Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен құрбан болғандардың бәрі де Жеңіс күнін жақындатуға жанқиярлықпен үлес қосқан батырлар деп айтуға болады. Осы соғыста ақтөбелік чекистердің ерліктің небір үлгілерін көрсеткені – ұрпақтар жадында мәңгілік сақталатын дәстүрлі ерлік сабақтастығы. Біз жерлестеріміз – даңқты барлаушы, чекист-партизан, Кеңес Одағының батыры Федор Федорович Озмительдің, жау тылына чекистік топты басқарып барып, фашистерді талқандауға үлес қосқан МҚК-нің полковнигі Әжіғали Жұмағалиевтің жанқиярлық ерліктері алдында бас иеміз.

Соғыстан кейінгі жылдары мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облыстық басқармасында Ұлы Отан соғысына қатысқан 21 ардагер қызмет атқарса, қазір олардан көзі тірі бір-ақ ардагер бар. Ол – қауіпсіздік саласының ардагері, 90 жастан асқан полковник Курочкин Иван Александрович.

Біздің ардагерлеріміз – каһарлы Ұлы Отан соғысы жылдарында да, соғыстан кейінгі кезеңде де жауынгерлік сапта нық тұрған, өздерінің патриоттық және қызметтік борыштарын адал атқарған жандар. Бұл адамдар қым-қуыт оқиғалардың ішінде жүрді, өмірлері де оңай болған жоқ, бірақ олар – кіршіксіз таза, сатпаған – сатылмаған, заңнан аттамаған адамдар. Олар – офицерлік абыройын, патриоттық, азаматтық ар-ожданын ту етіп ұстап өмір кешкен халқымыздың адал перзенттері.

Осындай қауіпсіздік саласында өзіндік сүбелі үлестері мен айшықты қолтаңбасын қалдырған тұлғалардың бірі де бірегейі  – мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, генерал-майор Балғабай Бапаұлы Байжігітов болатын.

Ол 1921 жылы 21 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысының Шәуілдір ауданы /қазіргі Отырар/, Кеңес ауылында дүниеге келген. Әкесі Бапа кедей шаруа, анасы Ұржан үй шаруасында болған. Ауылында 7-класты бітіргеннен кейін Бәкең 1940 жылы Шымкент қаласындағы бір жылдық мұғалімдер курсына түсіп, оны 1941 жылы бітіріп, Шәуілдірдегі мектепке мұғалім болып орналасады. Жас мұғалім уақытпен санаспай жұмыс істеп, өзінің ұйымдастырушылық, бастамашылық қырларымен көзге түседі. Алайда Ұлы Отан соғысы басталып, 1942 жылы аудандық әскери комиссариат оны Қызыл армия қатарына шақырады. Әскери қызметін Халық комиссарлары Ішкі істер бөлімінің теміржол күзетінде бастайды. 1944-1946 жылдары Германияның Дрезден қаласында І Украина фронтының 16-шекара полкі 13 заставасында командирдің орынбасары лауазымын абыроймен атқарады. Неміс-фашист әскерлеріне қарсы талай ұрыстарға қатынасады.

Тарихтан білетініміздей, 1945 жылы 17 шілде мен 2 тамыз аралығында КСРО, АҚШ және Ұлыбритания мемлекет басшыларының қатысуымен соғыстан кейінгі әлемді қалпына келтіру мәселелеріне арналған әйгілі Потсдам конферециясы өтті. Делегацияларды үш елдің басшылары И. Сталин, Г. Трумэн және У. Черчилль бастап барды. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы бөлім жасақталғанда оның құрамына жас чекист Балғабай Байжігітовтің кандидатурасы бірауыздан өтеді. Чекистердің ерік-жігерін армансыз сынаған Потсдам конференциясы сәтті аяқталды. Үлгілі де мінсіз қызмет атқарған Балғабай ағамызға КСРО Ішкі істер қызметі халық комиссариатының бұйрығымен 1945 жылы алғыс жарияланды.

Соғыстан кейін де органдағы қызметін жалғастыра жүріп, білімін толықтыру мақсатында ол Ішкі істер қызметі комиссариатының әскери-саяси училищесін, одан кейін сырттай оқып, Орта Азия мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіреді.  Осы жылдарда Оңтүстік Қазақстан облысының МҚБ-да қарсы барлау қызметінде түрлі лауазымды қызметтер атқарып, өзінің соғыс пен өмірден алған бай тәжірибесін бейбіт күнде кеңінен пайдаланады.

Балғабай ағамыздың іскерлік қабілетіне сенген МҚК басшылығы оны 1965 жылы Гурьев /Атырау/ облысының мемлекеттік қауіпсіздік басқармасына басшы етіп тағайындады. Бұл жерде ол тұтас бір іскер ұжымды қалыптастырып, әріптестеріне үйретері көп ұстаз бола білді. Оның осы қабілетін жоғары бағалаған Комитет  басшылары 1970 жылы Ақтөбедегі облыстық басқарманы басқаруды сеніп тапсырды. Бұл басқармада Бәкең табаны күректей 15 жыл табысты еңбек етті. Ұжымның хал-ахуалын әркез жіті назарында ұстай жүріп, көптеген ұлттық кадрларды тәрбиелеуге айрықша еңбек сіңірді. Оның басшылығымен бірнеше қауіпсіздік саласының қызметкерлері жоғары лауазымды қызметтерге көтерілді. Генералдар Болат Шайманов, Анатолий Дружининдер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағаларының орынбасарлары қызметіне, генерал Ю.Брязгалов, полковниктер Т.Алдияров, Г.Осенний, А.Тасыбаев, А.Есмаханов т.б. Департамент басшылығы мен орынбасарлары қызметтеріне тағайындалды. Көптеген Бәкең тәрбиелеген кадрлар МҚК-інде қазір де жоғары лауазымды қызметтер   атқаруда. Олардың бәрі өздерін Бәкеңнің «шинельнен» шыққандармыз дейді.

Бәкеңнің соғыстағы ерлігі мен ұзақ жылғы жемісті еңбегі үкімет тарапынан елеусіз қалған жоқ. Ол екі рет «Қызыл Жұлдыз» және Ұлы Отан соғысының І дәрежелі ордендерімен 20 шақты түрлі медальдармен, Жоғарғы Кеңес Президиумының, Комитеттің Құрмет граматаларымен марапатталды, «Мемлекеттік қауіпсіздік саласының құрметті қызметкері» атағына ие болды. 1985 жылы Балғабай ағамызға МҚК-нің генерал-майор шені берілді.

Ақтөбеде қызмет істеген жылдары ол қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. Облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, облыстық атқару комитетінің депутаты болып бірнеше рет сайланды.

Үлкен басшы және билік әскери лауазымдарына қарамастан ол өте қарапайым, кішіпейіл, салмақты кісі еді. Замандастарының арасында өзінің мәдениеттілігімен, киім-киісі, жүріс-тұрысымен, әскери жинақылықтығымен ерекшеленетін. Сөзге сараң, көп тыңдап, аз сөйлейтін. Көз жанары өткір, бірақ кісіге тесіліп тіке қарамайтын. Бәкең үлкен ұжымды басқарған кезде қаталдығын көрсететін жерде көрсете білді, бірақ біреуді қуғындап, артына түсуден аулақ болды. Қызметкерлерден жұмыста жауапкершілік, темірдей тәртіп, жинақылықты талап ететін. Салақтық пен бейқамдықты, тәртіпсіздікті жек көретін. Өзіне де, өзгеге де жоғары талап қоя білетін, әділ, принципшіл, тура жолдан таймайтын, ұстамды да сабырлы адам еді.

Қызметте де, отбасылық өмірінде де өзін таза ұстайтын. Лауазымын пайдаланып жеке үй, саяжай не автокөлік сұрамаған, беделіне дақ түсіретін жағымсыз істерге бармаған.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Шымкентке, кейіннен Астанаға көшіп барып, ұрпақ тәрбиелеу ісімен айналысқан, ағайын-туыстарымен тығыз байланыс орнатқан.

Құдай қосқан жары Сұлупан жеңгемізбен тату-тәтті өмір сүріп, төрт ұл өмірге әкеліп, оларды аяқтандырып, немере-шөберелерін көріп,  әкелік-аталық парыздарын орындаған. Сұлупан жеңгеміз қазір 92 жастан кетті, кенже ұлы Болаттың қолында Астанада тұрады. Бәкеңнің бір немересі Қанат Қайратұлы ата жолын қуып, подполковник шенінде, ҰҚК-нің басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарады.

Ел мүддесіне өмірін арнаған кемел тұлға 2002 жылы ауыр науқастан кейін бақилыққа кетті. 2007 жылы генералға Ақтөбе облыстық Департаменті музейінен арнайы стенд пен өзі басқарған мекемеде ескерткіш тақта қойылды. Генералдың есімі Шымкенттегі Данқ аллеясында жазылған. 2015 жылы қаланың бір көшесіне оның аты берілген. Бәкеңнің 95 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесіне арнап, ағайын-туыс, дос-жарандары, қызметтестері қайталанбас тұлғаның бойындағы асыл қасиеттерін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Отырардан шыққан тұңғыш генерал» атты естелік кітап шығарды.

Қай істеде, қай жерде де көшбасшылық қалпынан айнымай, іскерлік пен талапшылдықты, азаматтық пен ұзтаздықты жанына жалау етіп, артына игілікті іс пен үлгі-өнеге қалдырған кемел тұлғаларымыздың бірі –генерал Б.Байжігітов бүгінгі буын үшін де рухани құндылық.

Иә, өмір жалғаса береді. Көрінбейтін майданның бір сарбаздары саптан кетіп жатса, олардың орнын жаңа ұрпақ басады. Бірақ ерлік пен қаһармандық, қайсарлық пен айнымастық, Отан мен әскери борышқа шексіз адалдық рухы мәңгі сақталады. Бұл асыл да ардақты құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, уақыт өткен сайын еселеніп, өркендей береді.

Жолбасар Асанов, ҰҚК-нің құрметті     ардагері, отставкадағы подполковник    

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button