Басты жаңалықтарМереке

Мерекелік салтанатты шеруге 10 мыңнан астам ақтөбелік қатысты

Ақтөбеде  1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі кең көлемде тойланды. Мереке күнгі салтанатты шара «Бірлігіміз жарасқан» шеруімен басталды.

Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, еңбек ұжымдары мен оқу орындары, облыстың және қаланың құрметті азаматтары, партиялар, қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты. 10 мыңнан астам ақтөбелік облыс орталығындағы бас даңғыл — Әбілқайыр хан көшесі бойымен жүріп өтіп, «Қазақ халқына мың алғыс!» стеласы жанына дейін барды. Мұнда олар «Туған жер», «Рухани жаңғыру», «Астана — Мәңгілік ел», «Бақытты бала» тақырыптарындағы театрландырылған көріністі тамашалады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиынға қатысушыларды, өңірдің барлық тұрғындары мен қала қонақтарын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

  • Бүгінгі күн — достықтың, ынтымақтың мерекесі. Бірлік — табысқа жетудің кілті, — деп бастады облыс әкімі өз сөзін. Ол шарада Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті.
  • Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Мәңгілік елдің алтын діңгегі — бірлік пен береке. Елбасының сарабдал саясатының арқасында көпұлтты Қазақстан бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Тұрақтылықтың, бірліктің, тұтастықтың арқасында еліміздің экономикасы қарқынды дамып жатыр. Түрлі ұлттардың басын біріктірген ассамблеясы бар әлемдегі жалғыз мемлекет — Қазақстан. Сондай-ақ, әр сайлау сайын Қазақстан халқының Ассамблеясынан 9 ұлттың өкілі Парламент депутаты болып сайланады. Бұл депутаттардың өздерінің ұлттарының болашағы үшін, дамуы үшін үлкен жұмыс атқаруына, көмек көрсетуіне септігін тигізеді. Осы тұрғыдан да, яғни жоғарғы заң шығарушы органда түрлі ұлттың өкілдері бар дүниежүзінде бірден-бір мемлекет — Қазақстан, — деді Бердібек Сапарбаев.

Қазақстанда 130-ға жуық ұлт өкілі тұрады. Олардың бәрі кең-байтақ елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ал Ақтөбеде  тоқсанға жуық ұлттың өкілі тұрады. Қазір 18 этномәдени орталық жұмыс істейді. Сондай-ақ, 6 жексенбілік мектеп пен 10 жастар клубы бар.

  • Біз елімізде тұрып жатқан әрбір азаматқа оның ұлтына, дініне қарамай, барлық жағдай жасауымыз керек. Бұл — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Әрбір ұлттың өкілдері Қазақстанда өзінің тарихын, дәстүрін, салтын, өнерін, мәдениетін, тілін білу керек, дамыту керек. Қазақстандағы этномәдени орталықтардың ең негізгі жұмыстарының бірі — осы, — деді облыс әкімі.

Бүгінгі мерекені тойлауға мыңдаған адам жиналды.

  • Мұның бәрі ынтымағымызды, тұтастығымызды көрсетеді. Бір шаңырақтың астында ұйысып өмір сүріп жатқанымызды білдіреді. Ата-бабаларымыз қандай қиын заманды — аштықты, қуғын-сүргінді, соғысты бастан өткерсе де, басқа ұлттарды  шет қаққан жоқ, бір үзім нанды бөліп жеді. Сол себепті, әлем халқы қазақтың бейбітсүйгіштігіне, кеңпейілдігіне бастарын иеді.  Ата-бабамыздан қанымызға сіңген осы бір асыл қасиетімізді ұмытпауымыз керек. Елімізде тұрып жатқан түрлі ұлттың өкілдері бір отбасындай бірін-бір қолдап, бір-біріне көмектесіп, Қазақстанның дамуы үшін қызмет ете берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, береке-бірлігіміз арта берсін, — деп түйіндеді сөзін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бұдан кейін облыс әкімі ұлттардың бірлігін нығайтуға үлес қосқан 18 этномәдени бірлестікке олардың қызметін одан әрі дамыту үшін Алғыс хаттар мен ақшалай гранттарды салтанатты жағдайда табыс етті.

Мереке қонақтарына Татарстан мен Орынбордан келген шығармашылық топтардың концерттік бағдарламасы, ұлттық тағамдардан үлкен көрме, ұлттық спорттық жарыстар және тағы басқа шаралар ұсынылды.

Жалпы мереке күні Ақтөбедегі тоғыз алаңда концерттік және спорттық бағдарламалар өткізілді. Сондай-ақ, мереке облыстағы он екі ауданда кең көлемде тойланды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button