Редакция қонағы

Халықтың көңілі шат, тұрмысы жақсы

Ұзақ жылдар Байғанин ауданында шаруашылықта елеулі еңбек еткен, үздік көлік жүргізуші болып абырой биігінен көрінген, бүгінде зейнеткерлік демалыстағы ардагер, газетіміздің тұрақты оқырманы Нұрылла Өскінов жақында редакциямызға келген болатын. Ол Ақтөбеге көктемгі әскерге шақыру шарасында жас сарбаздарды шығарып салу салтанатына арнайы шақырылыпты.

Қазір ардагер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын және Президенттің бес әлеуметтік бастамасын халыққа түсіндіру, насихаттау мақсатындағы аудандық ақпараттық-насихат тобының мүшесі ретінде елді мекендерді аралап, жұртшылыққа мемлекеттік саясатты түсіндіріп жүр.

Шүкір, халықтың көңілі шат, тұрмысы жақсы, — деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. —  Біздің ауданда жалпы қордаланған, түйткілді мәселе жоқ деуге болады. Кеңес Одағы кезінде жасалмаған игіліктерге тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Байғанин ауданын газдандыру бағытындағы жұмыстар 2008 жылдан бастап қолға алынды. Қазір аудан халқының тең жартысына жуығы — 48 пайызы көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Мұның бәрі — Елбасының сарабдал саясатының жемісі.

Нұрылла Өскіновтің айтуынша, ауданда газдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр. Биылдың өзінде төрт ауылға  — Жарлы, Кемерши, Бұлақтыкөл, Жаңатаңға газ тарту мақсатындағы жұмыстар басталып кеткен. Сметалық-жобалық құжаттары дайын. Қазір газ құбырларын тарту үшін мердігерлер анықталуда. Кемерши мен Бұлақтыкөлге ауылішілік, Жарлы мен Жаңатаңға жеткізуші газ құбыры тартылады. Бұл мақсаттағы жұмыстар үшін қаржы облыстық бюджеттен аударылған.

Жақында аудандық ақпараттық түсіндіру тобы Жарлы ауылында болды. Халықтың жүзінде қуаныш. Ертеңгі күнге деген сенім айқын. Ауыл халқы: «Биыл ауылды газдандыру жұмыстары басталады» деп мәз. Жарлыға аудан орталығы Қарауылкелдіден, қалған үш ауылға «Аманмұнай» кен орнынан газ тартылатын болады, — дейді Нұрылла Өскінов. Оның айтуынша, халықты таза ауызсумен қамту бағытындағы жұмыстарда жүйелі жүргізіліп жатыр. Аудандағы 5 елдімекен орталықтандырылған ауызсу желісімен қамтылған. Яғни, өңір халқының 60,8 пайызы таза суды тұтынып отыр. Биыл тағы да 5 ауылға — Ебейті, Миялы, Оймауыт, Жарқамыс, Кемершиге орталықтандырылған ауызсу желісі тартылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар үшін республикалық және облыстық бюджеттерден қомақты қаражат бөлінген.

Жалпы біздің ауданның мүмкіндіктері мол. Өңіріміз тоғыз жолдың торабында орналасуымен де ерекшеленеді. Жол — экономиканың күретамыры. Ауыл халқы автокөлік жолының да, теміржолдың да игілігін көріп отыр. Байғаниннің территориясы арқылы Ақтөбе — Астрахань тасжолы өтеді. Аталған күре жолға күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізіле бастауы — аудан халқы үшін үлкен қуаныш. Біздің өлке Атырау, Маңғыстау облыстарымен шектесіп жатыр. Сол себепті, жол жөнделсе, халықтың жағдайы жақсара түсуіне сеп, — дейді Н.Өскінов.

Сондай-ақ, ауданішілік, ауылішілік жолдар да жөнделуде. Мысалы, өткен жылы Қарауылкелді — Жарқамыс автокөлік жолының 6 шақырымы орташа жөндеуден өтсе, биыл тағы 14 шақырымы жөнделетін болады. Сонымен қатар Қарауылкелді елді мекеніндегі М.Мәметова мен Солтүстік-3 көшелерінің жолдары жаңарады.

Ауылды абаттандыру, көгалдандау бағытындағы жұмыстар да жүргізілуде. Биыл «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеушілердің қолдауымен аудан орталығындағы саябақ жөнделеді. Жаңадан тал-теректер егіліп, абаттандырылады.

Жұмыс барысында жерлес ақындар Бәкір Тәжібаев, Сағи Жиенбаев, Сәбит Баймолдин, Өтежан Нұрғалиев, Тобық Жармағамбетов, Есенбай Дүйсенбаев, сонымен қатар Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаева сынды өнер жұлдыздарымен сапарлас болдым. Бәкір Тәжібаев өте қарапайым, көпшіл кісі еді. Елге келгенде басшылардың үйіне емес, ең алдымен үлкен кісілерге сәлем беріп, туыстарына баратын. Сонымен қатар Жарқамысқа келе жатқанда ең алдымен Ақбұлаққа баратын. Сосын домбырасын шертетін. Содан кейін мені қасына шақырып алып, «мына жер біздің үйдің орны,  мына тұста қалың ши болатын, жазда шалбардың балағын түріп жіберіп, бұлақты кешіп, жүгіріп жүретінбіз…» деп балалық шағын сағынышпен еске алатын, — дейді Нұрылла Өскінов.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button