Абайдың Италиядағы оқырманы
Савино Корсари — Қазақстанның Италиядағы сауда-өнеркәсіп палатасының өкілі, Миландағы Абай үйінің басшысы, кәсіпкер, архитектор, меценат.
Ақтөбеге келген сапарында италиялық мейман облыстық газеттер редакциясына бас сұғып, сұхбат берген еді. Савино Корсариды ертіп келген белгілі кәсіпкер Арынғазы Беркімбаев: «Абайды сүйіп оқиды. Абайдың шығармаларын итальян тіліне аударуға, Миланда Абай үйін ашуға мұрындық болған. Еліміздегі бірнеше архитекторлық жобаларды жасауға қатысқан, ірі мәдени шаралардың ұйымдастырушысы болған», — деген болатын. Италиялық кәсіпкерді Қазақстанмен не байланыстыратынын сұрадық. Әңгімені әріден бастады…
АҚТӨБЕДЕ ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ
— Мен Қазақстанға — Алматы қаласына ең алғаш рет 1991 жылы келдім. Сол жылы Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған болатын. Ол кезде Алматы Қазақстанның астанасы болды. Алғашқы сапарымда-ақ мен осы елмен болашағымды байланыстыратынымды сезгендей болдым, себебі Алматы маған жастық шағымды, Италияның индустриялық даму сатысының бастапқы кезеңін еске түсірді. Ол кездері Италия ғана емес, көптеген Еуропа елдерінің халқы Қазақстанды көп біле бермеймін. Сондықтан болар, тәуелсіздігін алып, өркендеуге бет алған жас мемлекеттің дамуына аз да болса үлесімді қосқым келді. Ол кездері жеке құрылыс компаниям болатын. Тоқсаныншы жылдары жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, құрылыс компаниясын аштық. Бұл жоба аз уақыт қана жұмыс істеді. Дегенмен осы елдің дамуына өз үлесімді қосу үшін өзге мүмкіндіктерді байқап көргім келді, — дейді ол.
Савино Корсари Италияда белгілі архитектор ретінде де танымал. Нұр-Сұлтан қаласындағы ірі мәдени нысандардың архитектурасында да қолтаңбасы бар екенін айтады. Кезінде қазақстандық архитекторлардың бірі Савино Корсариге жаңа астананың символы боларлықтай жаңа бір модернистік сәулет туындысын жасауға ұсыныс білдірген.
— Қазақстан алманың тарихи отаны екенін білемін. Сондықтан алма ұстап тұрған қолдың мүсінін жасасақ деген ой келді. Кейін ол ойымды өзгерттім, себебі архитектуралық талаптарға сай, оны биік етіп жасауға келмейтін болды. Сондықтан басқа идея ұсындым: Қазақстан — астықтың отаны, сондықтан күн мен дәнді бейнелейтін биік мүсіннің образын жасадым. Күн дәнге өмір береді, дән адамзатқа өмір береді. Бұл тек идея ғана болатын. Менің бұл идеям Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен ұштасып, Нұр-Сұлтан қаласында «Бәйтерек» секілді сәулет өнерінің бірегей туындысы тұрғызылды. Әрине, екі жобаның ұқсастығы болғанымен, айырмашылықтары да бар. Бәйтерек, самұрық құс туралы қазақтың аңызын бұрын естімеген едім, — дейді ол.
Мемлекетіміздің дербестігінің басты нысандарының бірі, Нұр-Сұлтан қаласындағы басты композициялардың бірегейі — Ақорданың да негізгі құрылымын ойластыруда Қазақстан мен шетелдіктердің жетекші сәулетшілерінен құралған команда жұмыс жүргізгені белгілі. Бұл ретте Савино Корсаридің де қосқан үлесі бар. Сонымен бірге С.Корсари Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық концерт залының сәулеттік келбетін жасауда белгілі италиялық архитектор Манфреди Николеттимен бірге жұмыс істегенін айтады. Нұр-Сұлтан қаласындағы кейбір тұрғын үй кешендерінің қасбеттерін жасауда да қолтаңбасы бар екен.
— Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Италияға келген бір сапарында мәдени шаралар барысында әлемдегі ең ежелгі Құран кітабын көрсеткен едім. Сол оқиға Президентке ерекше әсер етті білем: «Бұл менің өмірімдегі ең маңызды күндердің бірі», — дегені әлі есімде. Нұрсұлтан Назарбаев кейін дастарқан басында: «Екі елдің ұқсастықтары — құндылықтарында», — деген болатын. Сол сөздің астарында үлкен мән жатқанын кейін түсіндім: қазақтар мен италиялықтардың арасында айтарлықтай ұқсастық бар: екі ел де отбасын, туыстықты қадір тұтады, үлкенге ізет, кішіге қамқор бола алады, дастарқанды құрметтейді, басқа да ұқсастықтар көп. Сондықтан да болар, маған Азия елдері ішінде Қазақстан ыстық. Кез келген италиялық Еуропа елдерінен гөрі Қазақстанда өзін еркін сезінетін болады, себебі менталитет өте ұқсас, — дейді ол.
Савино Корсари Қазақстанның Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, мамандарға құрылыс саласындағы жаңашылдықтар, осы салада заманауи технологияларды қолдану, көп қабатты ғимараттар салуда энергияны сақтау технологияларын қолдану секілді оқу курстарын да ұйымдастырған.
— Қазақстанға алғаш келген жылдары жергілікті кәсіпкер Арынғазы Беркімбаевпен бірге көптеген жұмыстар істеген едік. Міне, араға біраз уақыт салып, тағы да кездесіп, Ақтөбе облысында жаңа бір жобаларды қолға алмақпыз. Жаңа жоба мақсаты — Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында қолданатын жаңа бірегей тыңайтқыш өндірісін жолға қою. Сонымен бірге Италияда, жалпы әлемде Givova деген маркамен танымал спорттық киімдерді Ақтөбе тігін фабрикасында тігуге ұсыныс білдіргіміз келеді. Бұл тігін фабрикасына тың серпін берер еді, — дейді Савино Корсари.
Жалпы, бұл жолы кәсіпкер аграрлық салада тың жобалар ұсыну үшін Ақтөбеге келгенін айтады. Оның айтуынша, Ақтөбе — бұл салада айналасындағы өңірлерге тірек бола алатын, әлеуеті зор өңір. Сонымен бірге құрылыс саласында да ақтөбелік кәсіпкерлермен бірлескен жобалар жасамақ.
МИЛАНДАҒЫ АБАЙ ОРТАЛЫҒЫ
— Тоқсаныншы жылдары Қазақстанға келгенімде маған «қазақтың Абай деген ақыны бар, соны оқыңыз» деушілер көп болды. Өлеңдерін итальян тіліне аударып оқып көрдім, бірден елітіп әкетті. Абай өте жоғары интеллектінің, жоғары ақыл-ойдың иесі болғаны айқын. Абайдың әр сөзі, Абай шығармаларындағы адамгершілік кодексі — өмірлік ұстаным етіп алуға тұрарлық құнды сөздер. Ақынның құлағанда қайраттанып қайтадан тұру, адамзаттың бәрін сүю, жалғыз жүргеннен гөрі бірігіп іс істеу, қандай жағдай болса да, тек алға қарай жүру секілді нақыл сөздерін әр істе де басшылыққа аламын, — дейді Абайдың Италиядағы оқырманы.
Савино Корсари Абай әлемінің байлығын өзі ғана сезінбеді, ақын шығармаларын жай ғана өзі оқумен шектелмей, оны өз отандастарына оқуға кеңес берді. Тіпті Абай шығармаларын итальян тіліне аударуға мұрындық болды. Қазақстанның Италиядағы елшілігінің қолдауымен Абай шығармалары аударылып, сондағы ең ірі баспа компаниясы — Мондадори компаниясында басылып шықты.
— Мен бірден 150 кітапты сатып алдым. Жүрген жерімде Абайды насихаттап, оқуға кеңес беремін. Италиядағы Генуя қаласының мэріне ақынның кітабын ұсындым: «Ақыл-ойың толысып, сана-сезімің жаңа деңгейге көтеріледі», — дедім. Арада көп уақыт өтпей, маған арнайы хабарласып, алғысын айтты. Нұр-Сұлтан қаласында KINOKIO киноакадемиясында балалармен кездесу өткізгенде Абайдың итальян тіліне аударылған кітабын алып барғанмын. Шынашақтай бір бала Абайдың қазақ тіліндегі және итальян тіліндегі өлеңдерін салыстырып: «Осы кітап арқылы итальян тілін үйренемін», — деді. Мен қатты таңғалдым, нағыз данышпандар осылай туады. Осы оқиғадан кейін Милан қаласында Абай орталығын ашуды ұйғардым, — дейді ол.
Савино Корсари — тек кәсіпкер ғана емес, мәдениет саласының ірі меценаты. Италияда бірнеше бизнесі бар, сонымен бірге KINOKIO киноакадемиясының Италиядағы өкілі, мәдени шаралар ұйымдастырудың шебері, продюсер, Леонардо да Винчи туындыларының эксперті, өнертапқыштың туындыларын әлемге танытуда түрлі көрме ұйымдастырушысы, енді, міне, оған қоса Миландағы Абай орталығының басшысы, хакімді Италия халқына танытушы.
— Абай орталығы ресми түрде 2019 жылдың 18 сәуірінде тіркелді. Алайда әлемде пандемия басталып кетті де, оның ашылуын салтанатты түрде өткізуге мүмкіндік болмады. Орталық мақсаты — келушілерді Қазақстанмен, оның мәдениетімен таныстыру. Қазақстан — Азияның өзге елдерімен салыстырғанда әлеуеті өте жоғары алпауыт ел. Ал елді таныстыруды сол елдің мәдениетімен таныстырудан бастау керек. Бұл — елді, халықты танудың, түсінудің ең жақсы жолы. Кейін осы орталықта екі ел арасындағы бизнес қауымдастықтың кездесулерін өткізіп, келіссөздер жасасуға қол жеткіземіз деп ойлаймын. Қазір менің жасым 69-ға келді, мен ақша қуатын жаста емеспін, өзіме ұнайтын, жанымды рахаттандыратын жұмыстармен айналысқым келеді. Абай орталығын ашу — сондай жұмыстардың бірі. Милан — Италияның мәдени астанасы, Еуропадағы ірі хаб-қалалардың бірі. Сондықтан бұл орталық Қазақстанды танытуға, осы ел туралы ақпарат беруге, дамытуға аз да болса үлесін қосатын орын болады, — дейді С.Корсари.
Савино Корсари Қазақстан мен Италияның мәдениет саласын байланыстыратын бірқатар шаралар өткізген. ҚР халық артисі, скрипкашы Айман Мұсақожаеваның, «Астана балет» театрының Италияда кештерін өткізген, елімізде бірнеше рет «Сан-Ремо» тобының концерттерін ұйымдастырған, 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен ЭКСПО көрмесі барысында да түрлі мәдени шаралардың ұйытқысы болған.
— Айман Мұсақожаева мен италиялық скрипкашы Гвидо Римондоның Италияда, Қазақстанда кештерін өткіздік. Айман Мұсақожаева Италия республикасының өнер және ғылым саласында берілетін сыйлығына ие болды. Алайда пандемия салдарынан оны өз қолына табыстау мүмкін болмады. Жақында италиялық әнші Аль Бано мырза Айманға тиесілі сыйлықты қолына ұстап тұрып, суретке түсіп: «Өзім апарып, қолына табыстаймын», — деген ниетпен сәлем жолдады. Бұйырса, желтоқсан айында Аль Бано мырзаны қазақ жұртымен кездестіргім келеді. Осы сапарымда Аль Бано мырзаны өзім сүйіп тыңдайтын қазақтың мықты әншісі Димашпен де кездестіргім келеді. Бәлкім, екі буынның мықты өкілдерінің арасында мәдени байланыс орнап, жақсы шығармалар өмірге келер, — дейді С.Корсари.
Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.