Жер қадірін білетін адам
Еліміздің жерге орналастыру, жер қатынастары саласының ардагері, ҚР құрметті жерге орналастырушысы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрінің жер қатынастары жөніндегі кеңесшісі Тұрғанбай Тәжмағамбет Ақтөбеге келген сапарында облыстық газеттен «Ноғайты тұрғындарын не мазалайды?» деген мақаланы оқып шыққанын айтып, редакцияға хабарласты.
Біз осы өңірдің перзенті, ұзақ жылдар Алматыда, Астанада жауапты салада қызмет еткен, бүгінгі күні де тәжірибесі мен білімін ел игілігіне жұмсап келе жатқан аға буын өкілі, білікті маманды сұхбатқа шақырдық.
— Әңгімені өзіңізді қызықтырған мақаладан бастасаңыз.
— Кім-кімге де туған жері, атамекені ыстық қой. Мен сол Ноғайтыда туып-өскенмін. Осы жерде сонау соғыстан кейінгі кезеңде — 1948 жылы дүниеге келдім. Әкем Қилажи станцияда қырық жылдай теміржолшы болды. Анам Қауын үй шаруасымен айналысты. Сөз реті келгенде айта кетейін, әкем домбырашы еді, саятшылығы да болатын, тазы баптап ұстайтын. Өзі теміржол бойында болғасын ба, шпалды пайдаланып, содан домбыра да жасайтын. Сондай бір домбыра қазір менің қолымда сақтаулы, әкем мен анамның көзіндей құрметтеп ұстаймыз.
Біз тұрған Ноғайты «Сағыз» кеңшарының орталығы болды. Осында сегізжылдық мектепті бітіріп, одан кейінгі оқуымды Сағыз станциясындағы №490 мектепте жалғастырдым. Мектеп бітіргеннен кейін ауылдағы фермада екі жылдай бухгалтердің көмекшісі болып еңбек еттім.
Сол туған жеріміздің бүгінгі жай-күйін аталған мақаладан оқып, біраз жайға қаныққандай болдым. Ауылымызда біраз шаруалар атқарылып, жерлестеріміздің заман ағымына сай тіршілік етіп жатқанын біліп, қуанып қалдым. «Ақтөбе» газетінен басқа да танымдық-тағылымдық біраз мақалаларға көзім түсті.
— Әңгімеңізден елден қашықта жүріп, ауылды аңсап жететін сыңайыңызды байқап отырмыз. Өмірбаян жолдарыңызбен оқырмандарымызды қысқаша таныстырып өтсеңіз.
— Ауылда екі жыл жұмыс істегеннен кейін Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының топырақтану және агрохимия факультетіне оқуға түсіп, оны 1974 жылы ғылыми агроном мамандығы бойынша бітіріп шықтым.
Институттан соң Қазақ жерге орналастыру жобалау институтының Алматы филиалына инженер-топырақтанушы болып қызметке орналастым. Өзім бітірген жоғары оқу орнының топырақтану кафедрасында сырттай аспирантурада оқыдым. Бір жағынан ғылыми еңбекпен шұғылдандым. Көптеген ғылыми жұмыстарым Мәскеудегі «Почвоведение» журналында жарық көрді. Ғылыми жетекшілерім ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Андрей Дурасов, кейін институт ректоры болған профессор Тілепбай Тазабеков еді. Олардың бағыт беруімен ғылым жолында да біраз нәтижелерге қол жеткіздім.
— Мамандығыңыз көзіміз үйренген мал маманы, есеп қызметкері, мұғалім кәсібінен бөлектеу көрінеді. Осы салада не тындырдыңыз, қандай шаруаларға араластыңыз?
— Қазақ жерге орналастыру жобалау институтында он алты жылдай Алматы облысының шаруашылықтарының жерін зерттеп, топырақ карталарын даярлауға қатыстым. Жерге орналастыру жобаларына қатысты жаңа шаруашылықтар, берігіректе шаруа қожалықтарын ашуға атсалыстым. Жер кадастры, жерді бағалау, жер құнарлылығын қадағалау жұмыстарына басшылық жасадым.
1990 жылдан Ауыл шаруашылығы министрлігіне қызметке келіп, Беларусь республикасы тәжірибесі негізінде жер кадастры және су ресурстары бөліміне жетекшілік еттім. Тәуелсіз елімізде «Жер реформасы туралы» Заң қабылданып, соған байланысты Жерге орналастыру және жер қатынастары жөніндегі комитет құрылғаны белгілі. Осы Мемжеркомда Жер ресурстарын басқару комитетінің орталық аппаратында ширек ғасырдан аса уақыт бойы бөлім, басқарма басшысы болдым.
Қай буында қызмет етсем де, еліміздің игілігіне пайдасы тиер жұмыстардан шет қалған жоқпын деп ойлаймын.
— Өмір жолыңыздағы өзгеше бір сәттер туралы айта аласыз ба?
— Ел астанасының жаңа мекенге қоныс аударуы мемлекетіміздің тарихындағы есте қалар оқиға деп білемін. 1997 жылы Астанаға бет алған біздің комитеттегі 10 адамның бірі болғанымды әлі күнге дейін тебіреніспен еске аламын. Міне, мен жиырма үш жылдан бері кешегі Астананың, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынымын. Қазір әлем жұрты таң қалатын алып шаһардың өсу, өркендеу кезеңдерін мен ортасында жүріп бастан кештім.
Екіншіден, жерге орналастыру саласындағы еңбегім мен ғылыми ізденістерім өз бағасын алды ғой деп ойлаймын. ҚР Құрмет грамотасымен, көптеген медальдармен, өткен желтоқсан айында «Құрмет» орденімен марапатталдым.
— Ендігі сауал жерге байланысты. Қазір ауылдағы азаматтардың өздері меншіктеп алған жерлері бар. Оларға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
— Менің ойымша, біз әлі де жерді жақсы пайдалануға қол жеткізе алмай отырмыз. Бұрынырақта шаруашылықтарда жерді пайдаланудың негіздемесі, жобасы болатын. Қазіргі уақытта жоба жасау нашарлады. Біреуге 500, енді біреуге 5000 гектар жер береміз. Бірақ ол қалай пайдаланылады, оған негіздеме жасалмайды. Осындай олқылықтар мен жерге дұрыс көңіл бөлінбеуі салдарынан жердің тозуы, жайылымдықтардың мерзімінен бұрын қолданыстан шығуы орын алуда. Елдегі ағайындар осы мәселеге ұқыпты қараса екен.
Әңгімелескен: Нұрмұханбет ДИЯРОВ.