Бекет атаның басына бару — парызым
Ресейдің белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Аманкелді Төлеевтің бұл ниетін бізга ақтөбелік кәсіпкер Жанат Айтпағанбетов жеткізді
Ресейдің Кемерово облысының тізгінін жиырма жылдан астам тапжылтпай ұстаған губернатор Аманкелді Төлеевтің тағдыры кез келген қазақ баласын алаңдатпай қоймайды.
Жақында қазақстандық бір топ азамат бүгінде жетпіс жеті жастағы ел басқарған саясаткер, танымал тұлғаға сәлемдесіп, хал-жағдайын біліп қайту үшін арнайы сапарға шыққан болатын. Солардың бірі ақтөбелік кәсіпкер Жанат АЙТПАҒАНБЕТОВ біздің редакциямызға келіп, сұхбат берді.
Жанат Шалтайұлының өзі 1964 жылы Темір ауданында дүниеге келген. Ұзақ жылдар мемлекеттік автоинспекцияда қызмет атқарған. Қазір Қандыағаш қаласында тұрады, жеке шаруашылығы, кәсібі бар.
— Жалпы, сіздердің бұл қадамдарыңыздың басы неден туындады? Кейде алыстағы ағайынға барып қайтуға да қолымыз тимей жатады…
— Мен өзім кәсіпкерлікпен шұғылданған соң жолда көп жүремін. Сан түрлі адамдармен кездесесің. Сондай жүздесулер барысында бір топ азамат арасында Аманкелді Төлеев ағамыз туралы әңгіме қозғалып қалды. «Ол кісі губернатор болып тұрғанда бәрі сұрастырып отыратын. Қазір үнсіз қалған сияқтымыз. Елдігімізге сын емес пе?» деген сөздер айтылды арамызда. Содан ойласа, хабарласа келе, Ақтөбеден мен, сондай-ақ Шымкенттен, Алматыдан бірнеше жігіт Кемеровоға барып қайтуға бел будық.
— Сіз бұл сапарға белгілі режиссер Сергей Әзімовтің де барғанын айттыңыз. Осы тұрғыдағы әңгімеңізді толығырақ өрістетсеңіз.
— Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, продюсер, Кеңес заманындағы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының түлегі Сергей Әзімовтің есімі көпшілікке жақсы таныс қой деп ойлаймын. Ол кезінде Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты болған.
Біз жолға шығар алдында Алматыда, сол Сергей бауырымыздың жұмыс кабинетінде бас қосып, алдағы жоспарымызды жүйелеп алдық. Оның негізгі мақсаты — Аманкелді Төлеев туралы деректі фильм түсіру екен. Мәскеуден арнайы тәжірибелі оператор шақыртыпты.
Сонымен, Семейге барып, одан әрі Барнаул тұсындағы шекарада Ресей жағы кедені бізге әрі қарай өтуге рұқсат бермеді. Көлікпен де, жаяу да болмайды екен. Тек ұшақ арқылы баруға болады деді. Сергей Әзімов тікелей Аман ағамызбен телефон арқылы тілдесіп, Кемероводан келген оның көмекшісі Глеб Стафеевтің жанына Мәскеуден келген операторын құрал-жабдықтарымен бірге ертіп жіберді.
Біздер салымыз суға кетіп, амалсыздан Семейге оралдық. Енді қайттік?
Сергей Әзімов қайтсе де Кемеровоға баратынын айтты. Сөйтіп, Алматы-Анкара-Мәскеу-Кемерово бағытымен ұшаққа билет алды.
Соңынан біздер де ұшақпен әртүрлі маршруттармен бардық.
Сол сапарда байқағанымыз — Сергей Әзімовтің өз ісіне берілгендігі, мамандығына адалдығы. Аман ағамызбен жақсы тіл табысып, жақын сөйлесті. Сол күндерде тынымсыз еңбек етті. Алдағы уақытта жақсы бір туынды дүниеге келеді ғой деген ойдамыз. Бұл қазақтың қайсар ұлы Аманкелді Төлеевті тану саласындағы халыққа қажетті еңбек болатындығына бек сенімдімін.
— Аманкелді Төлеевтің отставкіге кеткеннен кейінгі тағдыры көпшілікке көмескілеу болып қалды. Тіпті жұртшылық арасында «жағдайы нашар екен, көмек көрсетейік» деген сияқты әңгімелер де тарады. Сіз тікелей барып, қасында болып келген адам ретінде не айтар едіңіз?
— Ең алдымен айтарым, ағамыздың дені сау, ешқандай көмекке мұқтаж емес, жағдайы жақсы. Қазіргі уақытта Кузбасс өңірлік кәсіптік білім беруді дамыту институтының ректоры. Бір айта кетерлігі, осы жоғары оқу орнын 2002 жылы өзі губернатор болып тұрғанда арнайы өкім шығарып, құруға пәрмен берген екен.
Ағамыздың өзі саясаттану ғылымдарының докторы, профессор. Өзі кезінде Новосібір теміржол көлігі инженерлері институтын, Ресей Қоғамдық ғылымдар академиясын тәмамдаған ғой.
Аталған институттың атқарып отырған жұмыстарын көзімізбен көрдік. Ректордың бірнеше көмекшісі, проректорлар жұмыс істейді. Оқу орнында ғылыми әлеуеті жоғары профессорлар, доценттер еңбек етеді. Нақты айтсақ, 12 ғылым докторы, 16 ғылым кандидаты бар екен. Жыл бойына мұндағы курстарда 1500 кәсіптік білім беру саласы оқытушылары оқуға келеді екен. Институт қызметкерлері Мәскеу, Қазан, Челябинск, басқа да ірі қалалардағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатқан. Қазақстан, Қытай, Моңғолия елдеріндегі кәсіптік білім беру жүйелерімен бірігіп ғылыми конференциялар тұрақты өткізіліп тұрады.
Аталған оқу орнының материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде. Басқасын айтпағанда, биылдың өзінде бірнеше заманауи көліктер беріліпті.
Аманкелді ағамыз қазір де қайратты, жігерлі қалпында еңбек етуде. «Преодоление» атты автобиографиялық тұрғыда жазылған кітабы биыл Мәскеу баспасынан мол таралыммен жарыққа шығыпты. Біз өзімізбен бірге елге біраз кітапты ала келдік. Аманкелді ағаның қолымызға жаңа тиген кітабында жүрек тебірентерлік жолдар көп кездеседі. Мысалы, төлқұжат алар уақытта өгей әкесі Иннокентий Власов «мүмкін менің аты-жөніме көшерсің, сол дұрыс болар еді»,- деп ұсыныс жасайды. Сол кезде жасөспірім бұлай істеуді өзі үшін сатқындық болар еді деп ойлайды, сондықтан да әуелгі ататегінен ажырамауды жөн көреді.
Ал президент сайлауына қатысар тұста сол елдегі беделді адамдардың бірінің аузынан «сен, қазақ, қалайша Ресейдегі жоғары мемлекеттік лауазымға ие болғың келеді?» деген де сөзді естиді. Бәрібір ол қазақтығын мақтан тұтады, бәрінен жоғары қояды. Біз барған кезде жеңгеміз Эльвира Федоровна сырқаттанып, емделу үстінде екен. Аманкелді ағамыз өз шаңырағынан шай бере алмағанына қатты өкініш білдірді. Олардың отбасында Дмитрий және Андрей атты екі ер бала өскен. Андрей студент кезінде 1998 жылы көлік апатынан қаза табады. Оның артында Станислав атты перзенті қалған. Екінші ұлынан Тимур, Татьяна атты немерелері бар.
Халық депутаттары Кемерово облыстық кеңесі 2014 жылғы желтоқсан айында Аманкелді Төлеевке «Халықтық губернатор» атағын берген.
— Ол кісінің елге деген ыстық ықыласын, елеңдеп отыратынын бәріміз де ұғынатын сияқтымыз. Жалпы Қазақстанға келіп кету туралы ойын білдірген жоқ па?
— Аманкелді ағамыздың қазақ жұртына сағынышын сезіну үшін бірге болған санаулы уақыттың өзі жеткілікті болды бізге. Біздің әңгімемізді тыңдаған сайын жанары жасаурап, кейбір сәттерде жүзіне күлкі үйіріліп, арасында сауалдар қойып, ерекше күйде отырды. Жанындағы көмекшілері бізді шығарып салар кезде оңаша қалғанымызда оның жаны жадырап, қабағы ашылғанын көп мезгілден бері дәл бүгін көргендерін айтып мәз болды.
Бұдан үш жылдай бұрын омыртқа сүйегіне ота жасалғандықтан әзірге балдаққа сүйеніп жүреді екен. Бірақ бізді қарсы алғанда ешқандай демеусіз, аяғынан тік тұрды.
Алдағы уақытта денсаулығы жақсы болып, аяғынан нық жүріп кетсе, балаларыммен Маңғыстауға барып, Бекет атаның басына зиярат еткісі келетінін айтты.
Бұған біз қатты қуанып қалдық, бәріміз бірауыздан сәті болғай деп тілек білдірдік.
— Аманкелді Молдағазыұлы елден алыста жүрсе де, мұсылмандығын жадынан шығармайтындығы жүрегіңді жылытады. Тіпті Кемеровода «Мүнира» мешіті бар дегенді интернеттен оқыдық.
— Иә, бұл мешіт 2008 жылы салынған екен. Көпшіліктің қалауымен имандылық үйіне сол уақытта губернатор Аманкелді Төлеевтің анасының есімі беріліпті. Оның шешесі Мүнира Насырова негізі татар-башқұрт қызы екен. Ері Молдағазы Отан қорғауға соғысқа аттанғаннан кейін ол құрсақта қалған баласын дүниеге әкеліп, өз төркін жұртын маңайлап, Башқұртстандағы туыстарының ортасында болған. Кейініректе Сібірдің Кузбасс өңіріне қоныс аударып, жаңа мекенде екінші рет тұрмыс құрады. Өмірден 2001 жылы өткенінше Алла жолынан жаңылмай, дініне берік болған аяулы ана.
Біз Кемероваға барған сапарымызда арнайы осы мешітте болдық, салыну тарихымен таныстық. «Мешіттің бас архитекторы — Александр Кривомазов» деп жазылыпты. Үш қабатты мешіт ғимаратының биіктігі — 30 метр. Мешіттің араб стилінде көтерілген екі мұнарасы бар, олардың биіктігі 48 метрге дейін жетеді. Ал ғимарат күмбезі самарқандық қалыпта салынған. Мешіт ғимаратының жалпы алаңы 11 мың шаршы метр делінді. Мешіт аумағы көріктендірілген.
Аталған ғимаратта неке қию салты жүргізіледі, кітапхана жұмыс істейді. Сондай-ақ халал тағамдар дүкені орналасқан.
Жалпы Кузбасс аймағында бұдан басқа алты мешіт бар екен. Бұлар осы өңірдегі мұсылман қауымының бас біріктіретін, имандылық шарттарын орындайтын киелі орындары болып саналады.
Аманкелді ағамыз өз ата-бабасы туралы айтқанда анасы Мүнира әже туралы ерекше ықыласпен баяндап отырды. Ол кісі баласының санасына кішкентайынан қазақ баласы екенін, әкесінің аты Молдағазы болғандығын сіңіріп өсіріпті. Өкінішке қарай, әкесі соғыста қаза тапты деп ойлаған. Ал Молдағазы елге оралып, Қазақстанда құқық қорғау органдарында жұмыс істеген. Шымкенттің Шардарасында жерленген. Кейіннен ағамыз әкесінің бейітін тауып алып, басына барып, тағзым еткен, Құран оқытқан. Тіпті Ташкентте институтта оқып жүрген баласы Андрей де атасының басына барып тұрған екен.
Айтпақшы, Аманкелді аға анасы туралы айтқанда мына бір жайды елжіреп еске алды. Президент сайлауы кезінде ол кісі баласын қолдамай, қарсыласы Николай Рыжковқа дауыс беріпті. Басында неге бұлай болғанын түсінбей қалыпты. Артынан ойласа, қайран ана баласының от пен судың ортасында жүргенін қаламаған екен, аман-есен жүрсе болды деген ғой…
— Әр сапардың адамға сыйлайтын әсері болады. Бұл жолғы қадамдарыңыз біраз қиындықпен жүзеге асқанын байқап отырмыз. Арада бір-екі ай уақыт өтті. Қазір қандай ойдасыз?
— Біз негізінде күнделікті жұмыс соңында жүре беруге дағдыланғанбыз ғой. Кейде азаматтығымызға сын болатын, рухани қажеттіліктен туындайтын басқа да мәселелер бар екенін ескере бермейміз. Осы тұрғыдан қазір де үлкен қанағат сезімін бастан кешірудемін.
Алыстан ағамызға сәлем бере барған соң өзімізше сыйлықтарымыз да болды. Бекет ата кесенесінің суретін үлкен сезіммен қабылдады. Қысқасы, біздің адал ниетпен ұсынған сыйларымыздың әрқайсысын туған жерден жеткен тәбәріктей қабылдап, маңдайына тигізіп, көзіне жас үйіріліп, жақсы көңіл күймен қолына алды.
Жігіттер Алматыда тұратын бауыры Бақытгүлдің сәлемдемесін де ала барған екен, оған да мәз болып қалды.
Аманкелдің ағамыз қазіргі жастардың ұлттық салт-дәстүрді сақтауы, үлкендерді сыйлап-құрметтеуі қалай деген мәселелерге ерекше назар аударуы бізді, шынын айтсақ, таңғалдырды.
Кездесу біткеннен кейін көмекшілерінің бірі Глеб Стафеев ағамыздың көп уақыттан бері жүзі жылымағанын, бүгін үлкен толқыныс үстінде болғандығын айтты.
Біздің кездесу барысымызды Ресей Федерациясы еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Огни Кузбасса» журналының редакциялық алқа мүшесі Григорий Шалакин өзі фотоға түсіріп жүрді. Бұл да ағамызға деген құрмет деп ұғындық.
Ең бастысы, Аманкелді Төлеев ағамыз елге деген ыстық ықыласын қайта-қайта білдіріп отырды. Өзінің көптеген марапаттары арасынан Қазақстан Республикасының «Достық» ордені өзі үшін аса құрметті екенін айтып отырды. Ағамызға «Астана» медалі берілгенін де өз аузынан естідік.
ТМД елдері мәселесімен айналысатын министрлікті басқарған тұсында жұмыс барысында бұрынғы Кеңес Одағына қарайтын барлық мемлекетті аралап шыққанын, Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен сол кезде жақын танысқанын да тебірене жеткізді.
Өзінің есімі қазақтың халық батыры Аманкелді Имановтай болсын деген ниетпен қойылғанын мақтаныш тұтатынын да жасырған жоқ.
Осындай патриот адамның, ерекше тұлғаның қолын алып, ыстық лебізін естіп қайту, қалың елге сәлемін жеткізу мен үшін үлкен мақтаныш, абырой деп ойлаймын.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.