Халықаралық білім — биік белес
Нұртаза Абдоллаев саналы ғұмырының 50 жылдан астам уақытын Отан тарихына арнады. Ол С.Кироватындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған. 1982 жылы аталған оқу орнында көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Ахметовтің жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын, кейін М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде әлемдік деңгейде танымал профессор О.Митяеваның басшылығымен докторлық диссертациясын қорғады. Ол Қазақстан өнеркәсібінің тарихын, жұмысшы кадрлардың тарихын жан-жақты зерделеп, зерттеді. Ел тарихына үлкен үлес қосқан ғалымның еңбектері облыстық, республикалық газет-журналдарда, жоғары оқу орнының ғылыми хабаршыларында, сондай-ақ 12 шетелдің басылымында жарияланды.
Нұртаза Ақишанұлы халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу шараларына да белсене қатысты. Оннан астам шетелде болып, ондағы студенттер мен еңбек ұжымдарында Қазақстан туралы дәріс оқыды.
Нұртаза Абдоллаев 12 ғылым кандидатына, 5 ғылым докторына жетекші болды.
Дамудың жаңа белесіне қадам басқан Қазақстанның білім, ғылым саласы туралы ғалым пікірін білмек ниетпен әңгімеге тартқан едік. Сонымен…
— Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жасаған мәлімдемесінде еліміздің дамуын айқындап берді. Қоғамдағы жағдайды, халықтың проблемаларын толық білетіндігі қуантты. Президент халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шараларды айтып, Үкіметке үлкен міндет жүктеді.
Қазір елімізде Жаңа Қазақстанды құру мақсатында мемлекеттік басқару, ұлттық қауіпсіздік жүйесі және экономикалық саясатты реформалау, қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.Мемлекет басшысы халыққа Жаңа Қазақстанды бірге құруға үндеді.
30 жылдыңішіндебірталайасуданөттік. Оғанешқандай дау жоқ. Дегенменсол 30 жылдың ішінде кемшіліктеріміз де болды. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының, тың бастамаларының арқасында еліміз әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің біріне айналатынына сенемін, — деді Нұртаза Абдоллаев.
Ер мүддесі — ел мүддесі
— Президент мәлімдемесінде басты міндеттердің бірі — жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру екенін қадап айтты. Мұны іске асыру үшін Үкіметке білім гранттарының санын көбейту, мұғалім тапшы өңірлерді үздік педагогтермен қамту, елімізде шетелдің озық университеттерінің филиалдарын ашу секілді тапсырмалар берді. Бұл — өте құптарлық бастама. «Біз өз қазанымыздың ішінде қайнап қалған жоқпыз ба» деген ой мазалайды. Заман өзгерді. Соған байланысты жастардың дүниетанымы да өзгерді. Жетекші оқу орындарының филиалын ашудың екі артықшылығы бар. Бір жағынан,отандық университеттергеүлкен жауапкершілік, зор міндет жүктеп отыр, екінші жағынан, бәсекелестік артып, сол арқылы сапалы маман даярлауға сеп болады.
Мемлекет басшысы мәлімдемесінде техникалық мамандықтарға басымдық берілетініне тоқталып, инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын даярлауды тапсырды. Ауыр өнеркәсіп, ірі кәсіпорын — ұлттық экономиканың дамуына ықпал етеді. Өндірістің дамуы — қуатты мемлекет негізі.
Мәскеудегі Ломоносов атындағы университетте қорғаған докторлық диссертациямның тақырыбы Қазақстан өнеркәсібіндегі кадрлар тарихы туралы болатын. Сол кездері белгілі ғалымдар «ол саланы зерттеудің қажет жоқ» деп қарсы пікір айтқан-ды. Бұл тақырыптың өзектілігі кейін дәлелденді.
Соңғы кезде ғалымдар көбейіп кеткені қынжылтады. Бұрын ғылым жолындағы ізденушіге, зерттеушіге қойылатын талап қатты еді. Күні кеше министрлік Қазақстанда жас ғалымдардың саны артқанын қуана хабарлады. 2018 жылы ғалымдар саны 8000-нан астам болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша ғылым саласында 9 200 жас қызметкер еңбек етеді екен. Мәселе санда емес, сапада. Ғалымдар ғылымның дамуына қандай үлес қосты? Бұл — үлкен мәселе, — деді ғалым.
Әлемдік тәжірибе жемісі
— 30 жылда еліміздің білім саласының дамуында көптеген игі іс жасалды. Соның бірі —дуальды білім беру. Бұл әдіс кәсіптік-техникалық білім беру саласына енгізілді. Дуальды жүйені енгізу мақсатында елімізде әлемнің жетекші мекемелерімен ынтымақтастық дамытылып жатыр. Соның нәтижесінде Қазақстанның оқытушылары Германия, Сингапур, Канада елдерінің оқу орындарында тәжірибеден өтіп келді.
Дуальды жүйенің мақсаты — студентті оқу орны мен өндірісте қатар оқыту, теорияны өндірістегі тәжірибемен ұштастыру.Соның арқасында түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болады. Дуальды оқыту әдісінің тағы бір ерекшелігі — еңбек нарығына қажетті жас мамандарды даярлауға тек білім мекемелерінің ғана емес, сондай-ақ жұмыс беруші мекемелердің де жауапкершілігін арттырады.
Германия, Австрия, Дания, Нидерланды, Швеция, Англия, Оңтүстік Корея сияқты әлемнің дамыған мемлекеттерінің тәжірибесі біздің елімізде өз нәтижесін бере бастады. Осы жақында ғана облыстық «Ақтөбе» газетінен колледждерді дуальды оқыту жүйесі бойынша бітірген 207 оқушының 95 пайызы жұмысқа орналасқаны туралы оқып қуандым. Оқу орындарының түлектері қазір өңіріміздегі ірі кәсіпорындарда («Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы, Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Қазпошта» АҚ, «АМК Жарық» ЖШС, «Анвар» ЖШС, «Данай-Ақтөбе» ЖШС) еңбек етіп жатыр екен. Міне, нәтиже!
Білім саласындағы тағы бір жетістік — 2010 жылы наурыз айында еліміз Орта Азияда алғаш болып, Болон процесіне қосылды. Болон процесіне қосылу Қазақстанға не береді? Отандық білім беру бағдарламаларын және оқу жоспарларын еуропалық стандарттарға сәйкестендірді. Бұл — бір. Екіншіден, біліктілікті арттырды. Үшіншіден, қазақстандық жоғары оқу орындары берген дипломдар Еуропаға жарамды болады, біздің елдің жастары әлемнің кез келген мемлекетінде жұмысқа орналаса алады. Төртіншіден, оқытушы-профессорларымыздың деңгей дәрежесін шетелдіктерге танытуға септігін тигізеді. Бесіншіден, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы қамтамасыз етілді. Алтыншыдан, екі дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік туды.
Кеңес өкіметі кезінде Венгрия, Чехословакия, Румыния, Болгария секілді 11 елге барып, ондағы оқу орындарындағы оқытушы, ғалымдармен тәжірибе алмастық. Көп нәрсені үйрендік. Мысалы, мен Германияда болдым. Ондағы кәсіпорындардың жұмысымен танысып, студенттерге дәріс оқып, ғалымдармен пікір бөлістім. Германиядағы оқу процесі бізді қатты таңғалдырды. Оқушылар мен студенттерінде еркіндік бар. Студент пен оқушы қалаған пәндерін оқиды. Конспектіні толық жазбасаң, сынақтан өтпейсің, конспектіңнің болмауы — сабақ оқымағаныңның айғағы деген ұғым жоқ.
Германияның Мюнхен қаласындағы бір мектепке бардық. Біз барған кабинетте бастауыш сыныптың оқушылары оқиды екен. Біреуі сабақ оқып отыр, екіншісі еденде қисайып жатыр, үшіншісі бір бұрышта сурет салып отыр. Мұғалім әр қатардағы оқушылардың қасына барып, олармен сөйлесіп жүр. Бұл — үзіліс кезіндегі емес, сабақ процесіндегі көрініс. Олар: «Бізде сабақ осылай өтеді, оқушыға еркіндік беріледі», — деді. Бұл еркіндіктен олардың білім саласы тұралап қалған жоқ.
Үш тұғырлы тіл саясатын да қолдаймын. Ағылшын тілін бастауыштан оқытқан дұрыс. Тіл білгеннің зияны жоқ. Тек ата-ана да, мұғалім де бала санасына Қадыр ақынның «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» қағидасын сіңіруі керек,—деді Нұртаза Абдоллаев.
Хазіреттің немересі
— Өмірдің өзі парадокстардан тұрады ғой. Кеңес заманында ғылыми атеизм деген сабақты оқып, емтихан тапсырушы едік. Ал бүгінде сол ғылыми атеизмді оқыған адамдар дінді насихаттап жүр. Кеңес өкіметі кезінде ғылыми коммунизмді оқытқандар қазір дінтанудан дәріс береді.
Мен хазіреттің немересімін. Атам Абдолла — қазіргі Ақтөбе-Атырау облыстары қиылысқан Шибұлақ деген жерде мешіт-медреседе шәкірт тәрбиелеген ғұлама діни қайраткер болған адам. Өткен ғасырдың 20-жылдарында Шибұлақ жеріндегі Көкмешіт бұзылып, оның ұстаздары бақылауға алынады. Атамның отбасы қуғын-сүргінге ұшырап, бұл қудалау, қысым ХХ ғасырдың 70-жылдарының ортасына дейін жалғасты. Әкем Ақишан 1939 жылы діни бағытта насихат жүргізді деген желеумен 10 жылға сотталды. Ол 1939-1949 жылдары «Карлаг» түрмесінде отырды. Түрмеден кейін Ресейдің Орынбор облысы Орск қаласына өнеркәсіп саласына жұмысқа жіберіледі. Соған байланысты отбасымыз Орск қаласына қоныс аударды. Мен сондағы № 8, 48 мектептерде оқыдым, кейін атажұртқа қайта оралдық, — дейді тарихшы-ғалым Нұртаза Абдоллаев.
… Бір айта кетерлік жай, белгілі археолог-тарихшы Әлкей Марғұлан жетпісінші жылдардың аяғында Ақтөбеге келген сапарында Абдолла хазіретке қатысты деректерге қызығушылық танытып, өзімен бірге ала кеткен екен…
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.