Исламбек Салжанов Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары болып тағайындалды

Мемлекет басшысының өкімдерімен Исламбек Төлеубайұлы Салжанов және Виталий Ионо Тварионас Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды.
«Өздеріңізбен келіскендей, жылына бір рет Ассамблея сессиясында түрлі өңірдің этномәдени бірлестіктері ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының жаңа орынбасарлары ауысу арқылы тағайындалады. Ағымдағы жылы да Ассамблея кеңесі ақылдаса келе, маған бұл лауазымдарға «Lituanica» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тварионас Виталий Ионо мен Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесі, меценат Салжанов Исламбек Төлеубайұлын ұсынды. Біз оларды жақсы білеміз. Бұл кандидаттарды қолдайсыздар ма? Қарсылық жоқ па? Жоқ болса, онда мен оларды Ассамблея Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындау туралы өкімге қол қоямын», — деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясы барысында.
Бизнес саласындағы бірегей тұлғалардың бірі, атымтай жомарттығымен қазаққа танылған «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов — Ақтөбенің төл перзенті. Ұлттық ауқымда атқарылып жатқан игі істерге демеуші болып жүрген азамат туған жерінің көркеюіне де орасан зор үлесін қосып жүр. Бүгінде Ақтөбе қаласында бой көтеріп жатқан заманауи үлгідегі тарихи-өлкетану музейі құрылысы да Исламбек Төлеубайұлының ықпалымен биыл халық игілігіне берілмек.
Жерлесімізді жаңа қызметімен құттықтаймыз!



