Тарих

Құттығай баһадүр жайлы не білеміз?

Біз бүгін «Ақтабан шұбырынды» аталатын ел басына қара бұлт үйірілген кезеңде  атақонысын қорғау үшін жан аямай күрескен Әбілқайыр хан мен оның маңайына ұйысқан біршоғыр баһадүрлердің ерлігіне ерекше тоқталмақпыз. Осынау қиын-қыстау заманда босқан елдің басын біріктіріп, бірлікке бастаған батыр тұлғалы парасатты жандар қазақтың қай өлкесінде де аз болмаған. Олар жоңғар-қалмақтарына әр бүйірден соққы беріп, негізгі күшті әлсіретіп отырған. «Алқакөл сұламадан» кейін де «Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылып», Әжібай, Есболай  билер жер-жерден қол жиып жорыққа аттанып, жан алысып, жан беріскен. Тек Ақтөбе өңірінің өзінде Есет, Бөкенбай, Арал, Алтай, Құттығай, Жұлдыз, Алыбай, тағы басқа сардарлар қансыраған жұртына жұбаныш, әлсіреген халқына таяныш бола білді. Олар Жем, Сағыз, Ойыл, Жайық аумағын Еділ қалмақтарынан тазартуға бар күшін жұмсады.

1730 жылға дейін Ақтабан шұбырынды оқиғасы аяқталды десек те, алысар жау әлі де аз емес еді. Ағылшын зерттеушісі А.Боджердің «Кіші жүз ханы Әбілқайыр және оның 1731 жылы қазандағы Ресейге бодан болу туралы анты» атты қолжазбасында: «…Ол кезде қазақтар үшін басты қауіп енді жоңғарлар емес, Ресей бодандары —  башқұрттар, Еділ бойы қалмақтары, Жайық және Сібір казактары еді. Кіші жүз солардың қыспағында қалды» деп көрсетеді. Осы қысылтаяңнан шығарып, елдің  біртұтастығы, қалыптасуы жолында жаумен аянбай алысып, белінен бес қаруын шешпеген Құттығай сияқты баһадүрлердің есімі ұрпақтың жадында жаңғыра беру керек. Өкінішке қарай, көп жағдайда, мұндай батырларымыз туралы айтқанда сүйенер дерегіміздің негізгі шежіре жазбалар, атадан балаға жет­кен ауызекі әңгімелер. Сондықтан бар мүмкіншілікті пайдаланып, жер кезіп, ел кезіп, қолымыз жеткен жердегі мұрағаттарды ақтаруға мәжбүрміз.

Құттығай батырдың нақты қай жылы туғаны, дүниеден өткені белгісіз. Әйтсе де XVIII ғасырдың белесінде Құттығай есімді батырдың болғаны, оның Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың жанынан табылуының өзі көп сұраққа жауап беретіндей. Құттығай, Алтай, Жұлдыз батырлар туралы деректер көне қолжазбалардан, Ресей­дің Москва, Санкт-Петербург қалаларындағы мұрағаттардан, Алматы архив қоймаларындағы қазбалардан және Қарақалпақстан тарихшылары қорынан кезігіп отырды. Мәліметтерді саралай келе, Құттығайдың  Әбілқайыр хан төңірегінде ұйысқан Есет, Бөкенбай батырлармен үзеңгілес жүрген сардар екендігіне көз жеткіздік. Көне шежірелерге сүйенсек, Құттығай Ебескіұлы 1710 жылдар маңында дүниеге келген деп шамалауға болады. Ол алты ата Әлімнің бір бұтағы Ақкетенің ұрпағы. Әлмәмбеттің Ебескі деген баласынан Алтай, Құттығай, Жұлдыз, Құндыз (қыз) тарайды. Ал Ебескінің анасы — Қарақыпшақ Қобыланды батырдың қарындасы Қарлығаш деп сыр шертеді бізге қазақ шежіресі.

Сонымен, анықталған деректер бойынша Құттығай батыр — Алтай батырдың інісі, Әжібай би мен Арал батырдың туысы.

Тарих ғылымдарының докторы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бұрынғы проректоры Ә.Мұқтардың еңбегінде: «Әлімұлының кете рулары, соның ішінде ақкетелер өзге қазақтың руларымен Хиуа, түркімен, Еділ қалмақтары ортасында, Каспий теңізі жағалауларында, Жайық өзені бойларында еркін көшіп-қонған. Аталған рулар заманында Әбілқайыр ханға негізгі тірек болды» деп көрсетілген. Осындай деректер Әбілқайыр ханның ғұмыржолын және хан төңірегін түгендеп жүрген тарихшы-ғалым И.В.Ерофееваның жазбаларында да қайталанады.

1748 жылы Әбілқайыр хан қастандықпен өлтірілді. Мұны тарих растайды. Әбілқайырдың өлімінен соң таққа отырған хан ұрпағы Нұралы сол жылы хан сайлауын өткізеді. Бұл жайды сол кездегі қазақ даласында жүрген орыс экспедициясының құрамындағы бір саяхатшы былай деп жазады: «Қыркүйектің 21-і күні Нұралы сұлтан шешесіне (Бопай ханымға) Алшын руының бірталай батыр-билерін ертіп барады. Олардың қатарында: Ақкете Алшыннан — Алтай, Алаша Алшыннан — Байсал, Жаппас руынан — Баймұрат, Шекті руынан — Бақтыбай, Байұлынан — Бәйтерек, Көбек мырза, Керейт руынан — Көшім қожа, Масқар руынан, Жәдік және басқалары болған». (Әл-Құланды А. Ұранға шыққан Бақтыбай. Алматы-2010. 225-б.) Ал 1748 жылғы 5 қазанда Кіші, Орта жүздердің билері мен батырларының Нұралы сұлтанды Орта және Кіші жүздердің ханы етіп бекіту туралы Елизавета патшайымға жазған хатына мөрлерін басқан 33 адамның ішінде Алтай мен Жұлдыз есімі қатар көрсетіледі. Осы тұста Алтайдың жанында қолқанаты болып Құттығай да жүрген деп топшылауға болады. Бұған дәлелді жазушы Ж.Мұратбаевтың «Алаштың жұлдызы» кітабынан табамыз. Ол 1740 жылы  Арал батырдың қосындарын екіге бөліп, бес мың қолы бар жасаққа басшылық істеуді інісі Құттығайға тапсырып, Алтай батыр оралғанша Еділ бойы қалмақтарын алға жылжытпауды тапсырып, өзі бес мың қолды бастап, жоңғарлардың екпінін қайтарып, орта жүз жеріне ішкерілетпей, іркіп тұруға аттанғанын айтады. Осында жазылған деректер бойынша, Алтай батыр інісі Құттығай ауырып қалғанда генерал Неплюевтен дәрі-дәрмек алып, інісін емдеткен. Құттығай сырқатынан айыққасын Орынборға барып, генерал Неплюевке ағасы Алтайдың, және өзінің атынан алғысын айтып, ішік тігетін 20 түлкінің, 10 қасқырдың терісін сыйға береді. Тағы бірде Алтай батыр 500 сарбазын бастап, інісі Құттығай батырдың қорғауында Астрахань қаласындағы губернатор Кречетников ордасына барады. Кітапта Құттығайдың 20 түйеге арытқан жүгі бар шағын керуенді басқарып Ташкент, Самарқант, Бұхарға баратын керуен жолмен еларалық сапарға аттанғаны да жазылған. Бұдан біздің байқайтынымыз, бір әке, бір шешеден туған қос қаһарман қиын-қыстау кездерде жұп жазбаған.

Жалпы, Әжібай би Ресеймен арадағы шиеленісті қарым-қатынастарды шешу кездерінде  Алтай, Құттығай, Арал, Жұлдыз сынды туыстарына қол артып отырғаны аңғарылады. Мәсе­лен, 1747 жылы Әжібай бидің орыс әкімші­лігімен екі жақты сауда-саттық ісінің өрісін кеңейту барысында Орынбор губернаторы И.Неплюевке жазған хатында Құттыбай батыр мен Қозыбекті аттандырғанын архив деректерінен табымыз. Мұндағы Құттыбай —  Құттығай болуы ықтимал. Себебі, Ресей мұрағаттарындағы ескі қолжазбаларда мұндай қателіктер көптеп кездесетінін еске саламыз. Себебі мұрағат деректерінде Әбілқайыр ханның өзі Абулгаим, Абулгари аталса,  Әжібай биді бір жерде «Хаджибай» деп, Бөкенбайды Беконбай, Букенбар, т.б. деп көрсеткен жағдайлары көп кездеседі.

Құттығай батыр әулеті Есет Көкіұлымен қоян-қолтық араласқан. Дерек көздерінде олардың көбіне үзеңгілес жүріп, ел ішіндегі саяси ахуалды, көрші мемлекеттермен сыртқы қатынастарды реттеуде қанаттаса қимылдағандары аңғарылады. Бұлардың бұлайша көбіне сапарлас, тілеулес жүруі, біріншіден — халқының тұтастығын, тыныштығын, бірлігін арттыруды ойлаған мүдделестігінде болса, екіншіден, өзара туыстық, яки құдалық, жекжаттық жақындықта жатса керек. Есет батырдың анасы Назым — Болпыш бидің қызы, Әжібай бидің апасы. Яғни, Есет батыр Құттығайларға жиен. Әжібай бидің баласы Барсай Тама Есет батырдың қызы Ботакөзбен бас қосқанын шежіреден білеміз.

Құттығайдан Құдайберген, Дәуренбай, Айна, Баяу, Дауыл, Ілікбай, Киікбай атты жеті ұрпақ өрген. Құттығайдың Айна деген баласы да «құралайды көзге атқан» мерген болған. Осы жеті атадан өрбіген ұрпақтар елімізді әр өңіріне

қоныс тепкен. Айнадан тараған тұяқтары Түрікменстанның Мары деген жеріне барып шоғырланған. Қобданың Сарыбұлақ, Әбдібұлақ атты елді мекендері осы Құттығай ұрпақтарының атақонысы болған. Әбдібұлақта Құттығай ұрпақтарынан тараған жеті хазіреттің жатуы соның айғағы. Жетеудің бірі — Айбас хазірет. Мұны қобдалықтар жақсы біледі.

Құттығай баһадүрдің жауынгерлік жорықтары мен ерлік істері көпшіліктің рухын көтеріп, ерлікке үндейді. Егемен еліміздің өркендеуінде рухымыздың асқақ болуы қажет-ақ. Бүгінгі жастардың патриоттық сезімін ояту, көкірегіне Отанға деген ұлы махаббат орнату осындай даңқты батырлардың атамекенге, халқына деген құрметін жаңғыртып, өнегелі жолдарын танудан басталары ақиқат. Мұндай, дегдар тұлғаның қилы тағдыры —  ұлт тағдыры. Ұлы дала ұлысы — қазақ халқы барда туған жұртының мұңын мұңдап, азаттығын аңсап өткен баһадүрлердің есімдері ешқашан ұмтылмақ емес.

Есентүгел ӘЗИ,

гуманитарлық ғылымдар магистрі,

облыстық халық шығармашылығы

орталығының қызметкері.

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button