Мөңке бидің күйшілігі хақында
Қазақстан Республикасының халық әртісі, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, профессор Тұяқберді Шәмеловтің біздің облысқа бірінші келуі емес. 17 жасынан бері еліміздің бас оркестрінде өнер көрсетіп келе жатқан Тұяқберді аға қаланы былай қойғанда, талай аудандар мен ауылдарымызды аралаған. Бірақ бұл жолғы сапарының орны бөлек. Оркестрсіз өзі келген өнер тарланы облыс жұртшылығын ғана емес, тіпті, өнер адамдарын таң қаларлық жағдайда қалдырды.
Сонымен, Тұяқберді Шәмелов Мөңке би Тілеуұлының төрт күйін ала келіпті. Мөңкенің күйлерін нотаға түсіріп, оркестрдің репертуарына қосқан профессор былай деп түсінік береді:
— Аузы дуалы Шекті Мөңке би атышулы Тана, Түрке тәрізді Кіші жүздегі әйгілі билермен, жыраулармен, дала данышпандарымен, сондай-ақ жасы кіші болса да, алты Алашқа танымал әрі батыр, әрі би Байбақты Сырыммен замандас болған. Олармен сөз сайыстырып, билік таластырып, әділ қазылығымен ел арасында абырой-атаққа бөленген. Өзім музыка өнерінің өкілі болғандықтан, Мөңкенің данышпандық, билік сөздерін, ақырзаман толғауларын жіктеуден аулақпын. Сондықтан оның би-шешендігі бір қыры болса, халыққа әлі беймәлім емшілік, сосын негізгі тақырыбым — күйшілік өнері тағы болғанын сөз етпекпін.
Әуелі емшілігіне келейік. Бұл аңызға бергісіз әңгімені маған Қали бабам Жантілеуов сонау жетпісінші жылдары Мәмен күйшіден естіп едім деп айтып бергені есімде. Ол кезде жас болдық, көп нәрсенің байыбына баруға сол жастығымыз ырық бермеді. Бірақ санада қалып қойған әңгіменің сұлбасына былайырақ барғасын, яғни жас ұлғайып, тоқтасын уақыт келгенде жиі оралады екенсің. Сол кезде Қалекеңнен Мөңке би туралы індете сұрамағаныма енді өкінетінімді қайдан білейін?! Тағы бір өкінішім бар, оны кейінірек баяндаймын.
Емші дегеннен шығады, Қали бабамнан естіген әңгімемде Мөңкенің жастау кезі болса керек, Атырау мен Ақтөбенің арасындағы айқай құмның ішінде жолаушылап келе жатады. Алдынан кезіккен ауылға ат шалдырып, шөлін басып алмақшы болып бұрылады. Сөйтіп, ауылға кіре бергенде алдынан сақал-шашы аппақ қудай бір қария ілбіп шығып, алыстан тоқта деген белгі береді. Солай істейді де, атының басын тежеген Мөңкеге:
— Қарағым, ауылға кірме, адамдардың бәрі обадан қырылып қалған… Мен қызым екеуміз ғана қалдық. Біздің де талқанымыз таусылуға жақын, ауырып жатырмыз, — дейді.
Мөңке сол бойда аттан түсе қалып, бір үйден шұбар аяқ тауып алып, оған қос уыс қара тұзды салып, суға қосып езіп, шалға және қызға бір-бір аяқтан ішкізеді. Өзі де ішеді. Солай істейді де, көп аялдамай атына мініп жүріп кетеді. Кейін араға апта салып әлгі ауылға қайта соғады. Шал да, қыз да тірі қалыпты. Мұны Мөңкенің емшілігі демей көріңіз.
Енді Мөңкенің күйшілігіне келейік. Бөкей ордасы ауданындағы туған ауылым Құрманғазыда Аманғали Иманмағзомұлы деген қарияны бала кезімде көре қалдым. 1974 жылы 90 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Мықты күйші еді. Нақтырақ айтқанда, күйге қиқым-сиқым араластырмай, бір кездері алдыңғы күйші аталарынан құлағына құйып алған әдіспен, сарынмен тартатын саф алтындай өнерпаз болатын. Домбыраның әліппесін сол атамнан үйрендім. Музыкалық сауаты болмаса да тәңір берген құдіреттің арқасында күйшілікті өз бетімен меңгерген жан еді. Осы арада айта кету керек, Аманғалидың дәулескер күйші екенін менің Қали бабам да мойындап отыратын. Күйшілер жөнінде сөз қозғалса, «мен ондай күйшіні көрген жоқпын» деп әңгімесін сол кісіге апарып тірейтін. Сосын Төлеген Аршанов деген күйшіге де ықыласы бөлек еді жарықтықтың.
Мен Мөңкенің күйлерін сол Аманғали атамнан үйреніп едім. Сөзімнің басында тағы бір өкінетінім дегенім — Аманғали атамнан Мөңкенің күйлерін қайдан, қалай естігенін тәтпіштеп сұрап алмаппын. Жас кезде, ақыл-сананың таза шағында естіген әуен-күй санаңда тасқа басқандай болып, мәңгілік қалып қояды екен. Кейін домбыраны тереңірек игергесін Мөңкенің күйлерін негізгі тінін жоғалтпай, өзімше әсірелеп (трактовка) тартатын болдым. Бертін келгесін халықтың алдына, үлкен сахналарға бір-екі күйін алып шығып, орындап жүрдім. Жұртшылық жылы қабылдады.
Мөңке бидің «Жиын-алқа, кеңес» күйін батыстағы Қызылқоғаның тумасы, қазақтың талантты композиторларының бірі Мәкәлім Қойшыбаев өзінің үш бөлімнен тұратын «Ре-Мажор» d-dur» симфониясында негізгі тақырып ретінде пайдаланған. Және бұл күй симфонияны өне бойы жарқыратып ашып тұрады. Қазір осы күй Құрманғазы ұлт-аспаптар оркестрінің репертуарында және симфониялық үлкен оркестрдің алтын қорына мәңгілік сақтауға алынған.
Бізге Мөңкенің күйлерінен сақталғаны ма әлде бары сол ма, жеткені төрт күй ғана. Мақтанғанымыз емес, оның үшеуін осы әңгіменің авторы тапты. Әрине, былай алып қарағанда, төрт күй де аз дүние емес. Өйткені Мәмен бабамыздың күйлерінен бізге жеткені бес-ақ күй. Ал атақты күйші сексен жасқа жуық ғұмырында бес күй ғана шығарып қоюы мүмкін бе? Шындығында бір күймен де музыка, өнер әлемінде мәңгілік қалғандар баршылық. Біздің бұл арада айтайын дегеніміз — қазаққа осындай төрт жауһар күйді сыйлаған Мөңкенің басқа да күйлерді шығаруы әбден мүмкін ғой. Солай десек, қалған күйлерін тауып, халқымызға ұсыну бүгінгі және келер ұрпақтың еншісінде дегім келеді.
Өмірде не болмайды. Небір күйшілердің күйлері ғасырлар белесінде басқа біреулерге ауысып кеткен жайттар да кездескен. Сондықтан Мөңкенің күйлері де біреулерге телініп кетуі мүмкін ғой. Бұл төрт күйдің Мөңкенікі екендігіне дау жоқ. «Өттің, жалған-ай», «Шалқыма», «Қиқу дәурен», «Жиын-алқа, кеңес» күйлерінде күйшінің өзіндік қолтаңбасы бар. Музыка тілімен айтқанда, қағысы шалма қағыс және ритмі (ырғағы) үзік-үзік (пунктирный ритм) болып келеді. Мұны музыка мамандарына байқау қиын емес. Күйдің төртеуі де өмір туралы цикл күйлер, яғни бір кісінің қолынан шыққан екендігіне дәлел бола алады. Мажор мен минор тональсі көңілді, мұңды әуендер алма-кезек кезектесіп отырады. Әдетте, бұл күйлер серпінді әуенде тартылады. Үлкен сағаны көп маңайламай, тұжырымды, жұп-жұмыр, көңілге жеңіл қонады.
Сонымен, «үмітсіз шайтан» дегендей, Мөңке бабамыздың бүгінге дейін белгісіз болып келген күйлері табылып жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Олай деп отырғаным, Қызылордада Әлшекей, Мырза, Жетісуда Боранқұлдардың күйлері бізге енді-енді жетіп жатыр. Мөңкенің күйлері де жаңа жетті. Өйткені іздеушісі табылды.
Сондықтан Мөңке сияқты аруақтарынан айналайын өнерлі бабаларымыздың жауһарларымен жиі жолығысуға жазсын, ағайын!
Ендеше, Мөңкенің күйлерін нотаға түсіріп, халқымыздың жадында қалсын деп ұсынғандағы менің мұратым да осы еді.
Философия тұнған күйлер
Тұяқберді Шәмелов Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінде кездесулер өткізді. Кездесулерден кейін күйшімен сұхбаттасудың реті келіп еді.
— Сіз Мөңкенің күйлерін қашаннан бері орындап келесіз? Мөңке би болған адам, оның күй де шығарғаны жұртшылықты қызықтыратыны анық қой…
— Ол рас. Мөңке би-шешендігімен, хандардың қасында жүріп, ел мәселесін шешкен көсемдігімен тарихта қалды. Оны халық әулие тұтты. Осындай дарынды адам неге күй шығармасқа? Мәселен, ғасырлар қойнауынан Қорқыттың күйлері жетті. Асан қайғының «Ел айрылған» күйі белгілі болды. Бұрын тек батыр, ақын ретінде танылып келген Махамбеттің «Жұмыр қылышы» бүгінде халыққа тарап кетті. Сонда Мөңкеге өзінің күйлерін қимаймыз ба?!
Мөңкенің күйлерін бала кезімнен тыңдап өстім. Біздің елге Ойыл өңірінен көшіп келген күйшілер мен домбырашылар Шекті Мөңке әулиенің күйі деп орындаушы еді. Бала кездегі үйренгендерің, естігендерің кеудеңде хат секілді жазылып қалады ғой. Сол кезден бері Мөңкенің төрт күйін орындап келемін. Ал Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің репертуарына енгізіп, кәсіби сахнаға шығарғаныма 5-6 жыл болды. Астанада, Алматыда, Оралда үлкен концерттерде орындап жүрміз. Халық жақсы қабылдауда. Музыка мамандары тарапынан да жақсы пікірлер білдірілуде. Өмірлерін күйге сарп етіп келе жатқан профессорлар да мақұлдады. Мынау Мөңкенің күйі емес деген ешкім жоқ. Осылайша, алдымен халыққа ұсынып барып қана диск шығару қамы жасалуда.
Айтқандай, Жамбылдың күйінің де тұңғыш орындаушысы екенімді мақтан етемін. Иманғали Тасмағамбетов архивтен Абылай ханның да күйін тауып, алғаш маған орындатты. Сосын оркестрге қостым. Бұған риза болған Қырымбек Көшербаев оркестрге автобус сыйлады. Міне, күйдің құдіреті!
— Мөңкенің күйлерінің өзіндік ерекшеліктері бар ма?
— Әрине, әрбір күйшінің өзінің қолтаңбасы болады. Орындау шеберліктері де әр түрлі болып келеді. Мәселен, Арқаның шертпе күйлерін батыстың төкпе күй иелері қанша шебер орындамақ болса да, дәл арқалықтардай тарта алмайды. Тіпті, батыстың өзінде Құрманғазы мен Қазанғап мектебінің айырмасы жер мен көктей деуге болады. Мысалы, мен Қазанғаптың күйлерін ақтөбеліктердей, оның ішінде шалқарлықтардай нәшіне келтіре алмаймын. Қанша дайындалсам да, кемшілігім білініп қалады.
Осы секілді Мөңкенің де күйлері өзгеге ұқсамайды. Әзірге төрт күйі белгілі. Олар: «Қиқу дәурен», «Шалқыма», «Жиын-алқа, кеңес» және «Өттің, жалған-ай!». Алдыңғы екі күй, аты айтып тұрғандай, жас кезінде шығарылса керек. Ойнақы орындалады, бірақ бұл күйлерде де салмақты ойлар көрініс тапқан. «Жиын-алқа, кеңес» күйін бұрын жұрт Мөңкеге арналған халық күйі «Кеңес» деп орындап жүрді. «Кеңес» деген атау кеңестік үкімет ықпалының әсерімен берілген. Бұл — алқалы топта сөз алып, билік еткен Мөңкенің өзінің күйі. Кейін бұл қателік түзетілді. Күйдің өн бойында шаршы топта ақылдасып отырған би-шешендердің, игі жақсылардың ел қамын жеген сөздері сезіліп тұрады. Ал «Өттің, жалған-ай!» күйі қартайған шағында шығарылған деуге болады. Күй сазында «Өттің, жалған-ай!» деген сөз әнмен айтылып отырған секілді естіліп, қайталанып отырады. Бірақ ол өзінің жеке басының өмірінің өтіп бара жатқанына емес, жалпы, халқының жағдайына алаңдайтыны домбыра шанағынан безілдейді.
Мөңкенің күйшілігінде өзінің циклі бар. Ол цикл — өмір ағысы. Жастық шақтан қарттық дәуренге дейінгі халықтың өмірі жырланады. Иә, кәдімгі Мөңкенің жыраулығы секілді сөздер өріліп, лекіп, төгіліп отырады. Қазақтың қуанышы мен қайғысы қат-қабат кезектесіп толғанады. Басты ерекшелік осында жатыр.
— Мөңкенің күйлері сол әуелдегі қалпында жетті деп ойлайсыз ба? Мөңкенің күйлерін неліктен өзіңізге жақын тұттыңыз?
— Сол күйінде жетуі мүмкін емес. Аздап өзгерістер болады. Мәселен, батырлар жыры да әрбір ақынның, жыршы-жыраудың өзінше көркемдеуімен жеткені сияқты күйде де әспеттеу кездеседі. Мәселен, Құрманғазының күйін Дина өзінше тартып, осы күнге жеткізді. Менің орындауымда да, менің алдымдағы күйшілерде де осындай жағдайлар болды. Бірақ күйдің негізі сақталып қалады да, тек орындаушылық шеберлікте өзгеше қолтаңба байқалады.
Мөңкенің күйлері маған несімен жақын дегенге тоқталайын. Біріншіден, бала кезімнен құлағыма құйып өстім. Екіншіден, оның күйлері тұнған философия ғой. Мөңке, Махамбет, Құрманғазылар ЮНЕСКО аясында тойланатын тұлғалар деп есептеймін. Мен Мөңке арқылы бедел жинайын деп жүрген жоқпын. Адам өнер арқылы өзін дәріптемей, өзі арқылы өнерді дәріптеуі тиіс. Өнерге Ахаң, Ахмет Жұбановша қызмет ету керек. Ақтөбеге келгенде Ахаңның ескерткішіне барып тағзым етемін.
Бердібай КЕМАЛ.




