Рухани жаңғыру

Ғани Мұратбаев музейі жәдігерлерінен жылжымалы көрме ашылды

Ақтөбеде Қызылорда облысы, Қазалы аудандық Ғани Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық музейінің «Шығыстың жарық жұлдызы» атты жылжымалы көрмесі ашылды. Көрме жұмысы 10 мамырға дейін жалғасады.

Жылжымалы көрме облыстық Өнер музейінің ғимаратында ашылды. Ашылу рәсіміне зиялы қауым өкілдері, Қазалы ауданынан келген қонақтар, жастар мен мектеп оқушылары қатысты.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Жанар Мақсұтова:

— «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Дала халқының тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмегенін атап көрсеткен еді. Бүгінгі күні барлық салада өңіраралық өзара әріптестікті нығайту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсіресе, мәдениет саласында көршілес Қызылорда облысымен тығыз әріптестік тұрақты жолға қойылған. Ашылып отырған көрме —  соның бір дәлелі, — деп атап өтті.

Көрме Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі және облыстық Өнер музейі мен Қазалы аудандық Ғани Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық музейі арасындағы әріптестік жөніндегі келісім бойынша ұйымдастырылып отыр. Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Лайық:

— Ғани Мұратбаев пен Әлия Молдағұлованың тағдырлары ұқсас деп білемін. Екеуі де — өмірден тым жас өткен, алайда елдік мұрат жолындағы істерге ерте араласып, кейінгі ұрпаққа мәңгі өнеге болатын ғұмыр кешкен аяулы жандар. Мен екі өңірдің музейлері арасындағы әріптестікке сәттілік тілеймін, — дейді.

Көрмеге 40-қа жуық жәдігер қойылған: құжаттар, хаттар көшірмелері, фотосуреттер, қылқалам шеберлерінің туындылары, т.б. Ал, жалпы, Ғани Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық музейі қорында 5,6 мыңнан астам жәдігер бар екен.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button