Арман Бердалин, ақын: «Ақындық бағым ба, сорым ба, білмеймін…»
Өткен аптада Ақтөбеге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин Ақтөбе келді. Осы сапарында Арман Бердалин Ақтөбе журналистикасының қарашаңырағы «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық газеттердің редакциясында болды. Серіктестік ұжымымен кездесіп, Ақтөбеге келген сапарының мән-мақсатын түсіндірді: «Агенттік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарды ауыл-елдегі ағайынға жеткізбекке келдік. Мемлекеттік қызмет саласында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Соның барлығын халық білуі тиіс», — дейді агенттіктің департамент директоры. «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Арман Бердалинге қызметіне сәттілік тілеп, «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінің төсбелгісі мен «Ақтөбе — құтты мекен» энциклопедиялық жинағын табыс етті.
А.Бердалиннің Ақтөбеге келген ресми сапары жөнінде газетімізде жазылды. Сондықтан «Ақтөбе» газетінің «Редакция қонағы» айдарының «төріне» агенттік директоры емес, ақын ретінде жайғасқан Арманмен аз-кем сұхбаттасқан едік…
«АЙТЫС ҚАРАМАЙМЫН…»
«Сен өнер адамысың, бұл салаға қалай келіп қалдың?» деп, жүрген жерде жұрт таңғалып сұрап жатады. Осыдан бір жылдай уақыт бұрын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сол кездегі төрағасы Қайрат Қожамжаров ағамыз телефон соқты: «Арман, айтыста қоғамға қатысты өз ойыңды еркін, батырып айтып жүрсің, халықтың арасында жүрсің, агенттікке жұртшылықпен байланыс бөлімін басқаруға келгенің дұрыс еді», — деп ұсыныс білдірді. Бірден қабылдап, Астанаға келдім. Қызметім ұнайды, елдің арасында жүресің, халықтың ұсыныс-тілектерін тыңдайсың. Агенттіктің қазіргі төрағасы Алик Шпекбаев та: «Халықты, елді арала, ұсыныстарын тыңда, алыс ауылдарға дейін бару керек», — деген соң, осы сапарға шықтық. Қоғамдағы түрлі келеңсіздіктерді жоюда халықпен иық тіресе жұмыс істеп жатырмыз. Ақтөбеден кейін сапарымызды Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында жалғастырамыз, — дейді А.Бердалин.
Айтысты, поэзияны, өнерді жақсы көретін оқырман Арманды жақсы біледі. Арман — ақын, айтыскер ақын. Халықтың көз алдында өскен, өнген жігіт. Сонау тоқсаныншы жылдары кішкентай Арман «Әнші балапанға» шығып, республикалық байқаудың жүлдесін жеңіп алды. Содан бастап сахнада талай бағын сынап, бабының мықты екенін көрсетті: 1995 жылдан бастап, 2011 жылға дейін ақындар айтысының жиырма шақты жүлдесіне ие болды. Бүгінде айтыстың орта буын өкіліне айналып үлгерген ол талай жастың томағасын сыпырып, айтыс әлемінде кең көсілуіне жол ашып берді. 2005 жылы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 90 жыл толуына арналған республикалық айтыста бас жүлдеге ие болған Арманның мәрттік танытқанын көрермен ұмытпаған шығар:
«.. Басыма қонған бағымды, Бауырым, саған жолдадым,
Бәйге үшін таласпай, болайын сенің қорғаның жағасында Қобданың», — деп, жүлдесін соңынан еріп келе жатқан жас айтыс ақыны ақтөбелік Аян Сейітовке ұстата салған еді. Одан соң Ақтөбеге Шығанақ Берсиевтің 125 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысына келіп, тағы да бас жүлдені иеленді.
— Сол айтыста темір тұлпар мініп, айтысты тәмамдадым. Қазір айтысқа шығып жүргенім жоқ. Мемлекеттік қызметте жүргендіктен қызмет пен сахнаны қатар алып жүру оңай емес. Айтысқа шығу үшін көңілде тыныштық болу керек, ойды тынықтыру керек. Қазір айтысты қарамаймын да. Айтыстың қазіргі жай-күйі ұнамайды. Бірақ бұл айтыс нашар болып кетті деген сөз емес. Айтыс емес, ақындар керемет. Бірақ соны қарай алмаймын. Мен тіпті өз айтыстарымды да теледидардан қарай алмайтын адаммын.
«МЕН АҚЫНМЫН!»
— Ақынсыз, термешісіз. Басқарушылық, ұйымдастырушылық қабілеттің өзі талант. Бір басыңызда бірнеше талант бар. Қайсысы жаныңызға жақын? Сіз кімсіз?
— Мен ақынмын, термеші де, басқасы да емеспін. Себебі, орыстар айтпақшы, «адам ақын болып қалыптаспайды, ақын болып туады» («поэтами не становятся, поэтами рождаются»). Бұл менің бағым ба, әлде сорым ба, білмеймін, мұны өлшеп-пішіп айтуға ертерек, әзірге ақындық менің бағым. Себебі осындай дәрежеге жеткізген, осындай қызметке тұруым ол менің ақындығымның, менің танымалдылығымның арқасында. Одан басқа әкетіп бара жатқан қасиетім де, аруағым да жоқ. Жұмысқа менің өнерімді, өткірлігімді бағалап шақырды.
— Қай ақынның шығармаларын оқып жүрсіз? Өз тұстастарыңызды, жастар поэзиясын оқып жүрсіз бе?
— Қазір ақын деген қаптап кетті. Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық кітапханасында директор қызметін атқарып жүргенімде бір кісі келді. 12 томдық кітап шығарған. «Ғұмыр бойы жазып келе жатқан Қадыр Мырзалиев жақында ғана он томдығын шығарды. Сіз қалайша 12 том шығарып үлгердіңіз», — десем, әйелі, бала-шағасының әр жерде жүріп түскен суреттерін қаптатып қойып, 12 том шығарған. Міне, осындай «ақындар» да баршылық қазір.
Мен тек алты-жеті ақынды ғана оқимын. Олар — Жұмекен Нәжімеденов, Жұматай Жақыпбаев, Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулет, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев. Басқа ешкімді оқымаймын. Осы ақындардың шығармаларын қайталап оқи беремін, оқи беремін, ешқашан жалықпаймын. Өткір жазады, сөзді керемет ойнатады, интеллектуалдық деңгей жоғары. Сол үшін осы ақындарды жақсы көремін.
Қазіргі жастарды мүлде оқымаймын. Себебі жастар жылауық өлең жазады. Әсіресе қыздар «сіз» деп жылайды да жүреді. Өлеңдерін оқысаң, еш әсер етпейді, сезімдері қолдан жасалған, өзінің емес, біреудің ролін ойнап отырған актриса секілді. Жазып отырғаны өзінің емес, басқа біреудің сезімі секілді әсер қалдырады. Сондықтан мен қазіргі поэзияны да оқымаймын, айтысты да қарамаймын.
— Сіз де өткір ақынсыз. Қоғамдағы келеңсіздіктерді батырып айтып жүрсіз. Қазір мемлекеттік қызметтесіз. Қызметтік этика деген бар, тіліңіз байланып, жүрегіңіздегі ақын тұншығып қалған жоқ па?
— Жоқ, керісінше, шабыттанып жүрген секілдімін. Кез келген адам өз жұмысына шынайы ниеттеніп кіріссе, ләззат алмаушы ма еді? Адамдар «үкімет ештеңе айтқызбайды» деп ойлайды. Солай болатын болса, баяғыда менің қолымды байлап, аузымды скочпен буып тастайтын еді. Жоқ, олай емес, айтқым келгенді бұған дейін де айтып келдім, айтып та жүрмін, кейін де айта беремін. Себебі мен ештеңені ойдан шығармаймын, бар нәрсені айтамын, сын айтамын. Ал сын түзелмей, мін түзелмейді. Кейбіреулер сын емес, әркімнен естіген жала сөздерді айтады, әрине, оларды тыяды, сол себепті «мені тыйып жатыр, ештеңе айтқызбайды» деген пікір қалыптасады. Сондықтан өтірік сөз, жала айту дұрыс емес, шынды, сынды айту керек.
Жеке шығармашылығыма келсек, қазір жазып жүрген дүниелерім бар. Бұған дейін «Айсары», «Қазақ пен арақ», «100 шайхы», «Намазға жығылайық» атты еңбектерім шықты. Енді, Алла қаласа, тағы бір кітабым шығады, рухани бағытта бір керемет әдемі дүние дайындап жатырмын, атауын әзірге құпия ұстайын.
«МЕНІҢ БАЙЛЫҒЫМ — ӘКЕМНІҢ КІТАПХАНАСЫ»
Арман әкесі туралы ерекше жылылықпен айтады. «Әкем үш жасында әкеден, он үш жасында анадан жетім қалды. «Мен оқи алмадым, мені оқытатын адам болмады, енді сен оқы», — деп қолындағы барын мені оқыту үшін жұмсады. Қырық жыл қой бақты. Әкемнің етігінің бір қонышында «Жұлдыз», екінші қонышында үнемі «Жалын» журналы жүретін еді. Қазір соның барлығы кітапханамызда сақтаулы тұр. Әкемнің кітапханасы ешбір жазушының кітапханасынан кем емес. Менің бар байлығым сол. Әкем мені еш жиыннан қалдырмады, дүбірлі думандарға барғанда қасына ертіп жүрді. Осындай болып өсуіме, осы деңгейге жеткеніме соның септігі тиді», — дейді Арман.
Мектеп оқушысы кезінен Арман көптеген байқауға қатысты. Әкесі қасына ертіп жүртіп, талай бәйгеге қосты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Баянғали Әлімжанов Арманды бала кезден білетінін айтады:
— Арман 5-6 сынып оқып жүргенде Қызылжарда өткен ақындар айтысына қатысты. Алғашқы кезде жолы болмай, жүлде ала алмай, ренжіп қайтқан кездерін көрдім. Сол сапарда ата-анасы кішкентай Арманды жетелеп жүрді. Елге қарай жолда бірге қайтқан едік, жүлде ала алмай, бұртиып отырған Арманды көріп: «Балам, өнер жолы ауыр жол, бетің қайтпасын, алға қарай ұмтылсаң, жетістікке жетерсің» деп, қайрағаным есімде. Кейін Арман мектеп бітіргеннен кейін ақындар айтысына шығып жүрді. 2004 жылы қазақ халық ақыны Көкен Шәкеевтің туғанына 80 жыл толуына арналған республикалық ақындар айтысында топ жарып, бас жүлдені алды, темір тұлпар мінді. Көкшетауда өткен осы айтыста Арман жарқырап көзге түсті, айтыскер ақын ретінде аты елге танылды. Содан бергі Арманның жетістігі елдің алдында. Оның жазба ақындығы да жақсы. Әсіресе, имандылық, адамгершілік, дәстүрлі мұсылмандық жолында жазып жүрген жырлары, халықты рухани тазалыққа үндейтін туындылары керемет, — дейді Баянғали Әлімжанов.
«ЖОҚ ІЗДЕП ЖҮРМІН…»
— «Жоқ іздеп жүрмін жоғалтып алып барымды,
Жол іздеп жүрмін қайтарар өткен шағымды.
Бірлігім неге бүйректей кетті бөлініп,
Түндігім неге түс аумай жатып жабылды?
Жұрт емес пе едік жұдырыққа ұқсап жұмылған,
Ұлт емес пе едік ұл менен қызы дарынды.
Заң іздеп жүрмін қорғайтын қолда барымды,
Жан іздеп жүрмін түсінер мұң мен зарымды…» деп, күңіреніп отырып жырлайсыз. Іздеген жоғыңызды таптыңыз ба?
— Жоқ, тапқаным жоқ.
— Өмірде неден қорқасыз?
— Алладан қорқамын. Абыройсыздықтан қорқамын. Тірнектеп, түйірлеп, ұсақтап жинаған абыройдың бір сәтте төгіліп қалуынан қорқамын. Жаладан қорқамын. Басқа ешкімнен, ештеңеден қорықпаймын.
Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.