Құқық

Бағыт — дауды бейбіт түрде шешу

Сот

Облыстық сотта Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру» бағдарламаларында алға қойылған тапсырмаларды орындау үшін халықтың еңбек және басқа дауларды татуласу тәртібімен шешу мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған жиын өткізілді. Оған қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ Медиаторлар ұлттық палатасының, Медиация және келіссөздер процесін дамыту орталығының, облыстық нотариалдық палатаның өкілдері, облыс судьялары қатысты. Аудандық соттармен бейнеконференц байланысы орнатылды.

Облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Қайырбек Елемесов ұжымдардағы қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек дауларына қатысты мәселелерді шешуде тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ету, соның ішінде ұжымдық шарттың жұмыс істеуі, еңбек заңнамасын және сот тәжірибесін жетілдіру бойынша бірлескен шараларды әзірлеу үшін облыстық кәсіподақтар орталығымен меморандумға отыру маңыздылығын атап көрсетті.

Осы меморандум аясында кәсіподақтар орталығы ғимаратында татуласу орталығын ашу көзделуде, оның мақсаты — еңбек дауларын сотқа жүгінбей-ақ шешуге бағытталған. Сонымен қатар, меморандумға қол қою кәсіподақтардың ролін күшейтуге жол ашып, қызметкерлер мен жұмыс беруші арасында туындайтын барлық дауларды реттеудегі ең маңызды, шынайы және тәуелсіз байланыс болып табылатындығы атап көрсетілді.

Жиында облыстық кәсіподақтар орталығының басшысы Алтынбек Әмірғалиев, судьялар  Амангүл Бақытжанова, Марина Зайнулина сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз ойларын білдірді.

Жиын соңында дауларды бейбіт түрде шешу және қоғамдағы даукестік деңгейін төмендетуге бағытталған меморандумға қол қойылды.

Н.ДОСБОЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button