Жастар

«Адал жол» аудандарда да жалғасады

Ақтөбе қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы автошеру өтті. Бұл — республикалық акцияның аясында ұйымдастырылып отырған шара.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жергілікті билік пен «Priora клуб 04» клубымен бірлесіп өткізген автошерудің мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қоғамның назарын аудару. Аталған шара осындай мазмұндағы «Адал жол» марафон-эстафетасына бастау беріп, ол  облыстың барлық аудандарын қамтымақ.

— Бүгін Ақтөбе қаласынан басталған акция Орталық саябақта жастардың ұйымдастырған флешмобына ұласып, онда эстафеталық жалау  Мәртөк ауданына табысталады. Мұндай шаралар жыл бойы барлық ауданда жалғасын табатын болады. Ал қорытындысы жыл соңында шығарылып, арнайы альбом-кітап жарық көреді, — деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Қайыржан Тоқышев.

Қаз-қатар тізілген көліктер, Мемлекеттік Туды ұстаған жігіттер облыстық әкімдік ғимаратынан Әбілқайыр хан даңғылының бойымен ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Орталық саябаққа дейін жүріп өтіп, осылайша, өздерінің жемқорлыққа қарсы екенін білдірді.

Республикалық деңгейде ұйымдастырылған акция аясында алғашқылардың бірі болып Ақтөбеде өткен шараға студенттер мен оқушылар, жалпы белсенді жастар қатысты.

Айта кетейік, акцияның қорытындысы 9 желтоқсан күні жарияланбақ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button