Мереке

«Наурыз ата» мен «Наурыз ана» атақтары берілді

Шалқарлықтар  Наурыз мерекесін ерекше тойлады. Қаланың Есет Көтібарұлы көшесінде сап түзеген киіз үйлердің жанында музыка ойнап тұрды. Қыз-келіншектер келушілерге наурыз көже құйып берді. Алтыбақан тебіліп, жастар жағы спорт түрлерінен сайысты.  Аудандық тарихи-өлкетану музейі алдындағы үлкен сахнадан аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концерті көптің көңілін көтерді. Қыдыр ата келіп, наурыз батасын берді.  Аудан әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов қала тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ит жылы елге бақ, ырыс, береке-бірлік әкелсін деген тілегін жеткізді. Қала әкімі Гүлсім Мұқанова жылдағы дәстүр бойынша «Наурыз ата», «Наурыз ана» құрметті атақтарына  лайықты адамдарды марапаттады. «Наурыз ата» атағына еңбек ардагерлері Қуанышбай Мұздақов пен Қалмақан Төлеуов ие болды. Ал «Наурыз ана» құрметті атағына көпбалалы аналар, «Алтын алқа» иегерлері Күләш Төкешова мен Балзира Елеукенова лайықты деп танылды. Сондай-ақ арнайы құрылған комиссия салт-дәстүрге сай тігілген үйлерді анықтап, мекемелер марапатталды.

Жалпы, Наурыз мерекесі Шалқар ауданының барлық елді мекендерінде, қаланың бірқатар көшелерінде, мекемелерде ұйымшылдықпен аталып өтті.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button