Жастар

Асылжан Бүркіталин: Бұл съезден күтеріміз көп

28-29 наурыз күндері Астанада «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатыныңкезекті IV съезі өтеді. Аталмыш съезд жұмысына Ақтөбеден 38 делегат барады.

Съезге «Жас Отан» Жастар қанатының өңірлік филиалдарының өкілдері, шығармашыл, ғылыми, жұмысшы жастар және спортшылар, блогерлерден құралған жалпы саны 1500 делегат қатысады деп жоспарлануда.

«Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталиннің айтуынша,екі күнге созылатын ауқымы кең шарада өзекті мәселелер талқыланып, үздік  жобалар ұсынылмақ.

«Жас Отанның» бұған дейінгі съездерінде де өзекті мәселелер көтеріліп келді. Өңірлерде жастар ресурстық орталықтарының ашылуы, жастар саясаты туралы заңға өзгерістердің енгізілуі — «Жас Отан» жастар қанаты съездінің  жемісі. Осы жолы да жастардың жарқын болашағы жолында тиісті құжаттар қабылданып, келелі мәселелер өз шешімін табады деп білемін. Бұл съезден күтеріміз көп, — дейді  «Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы.

Айтуынша, бұл жолғы  съездің форматы сәл өзгерек болғалы тұр. Алғашқы күні 5 секцияда 5 тақырып бойынша кездесу өтеді. Жиын барысында  съезд қатысушылары өз ұсыныстарын ортаға салып, белгілі бір тақырып төңірегінде  ақпарат алады.  Спикерлер қатарында министрлер, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақстанның ет-сүт одағы қауымдастығы» және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының арнайы өкілдері қарастырылған.

«Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты 2008 жылғы 14 мамырда «Жас Отан» жастар қанатының  I съезінде құрылған болатын. Биыл ұйымның құрылып, жұмыс жасап жатқанына 10 жыл.

Осы жылдар аралығында жасотандық жастар бірқатар шараларды атқарып, бірсыпыра істер тындырды.

Асылжан Бүркіталиннің айтуынша облыс бойынша, бүгінде «Жас Отанның»  құрамында 9000-нан астам белсенді жас бар.

Өткен жылы «Жастар — Отанға» және «Сәтті қадам» партиялық жобасы негізінде жұмыстар жүргіздік. «Сәтті қадам» жобасының өзі екі бағыттан тұрады. Бірінші бағыты жетім балаларды жұмысқа орналстыру болса, екінші бағыты ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде шектік межеге жете алмай қалған, сондай-ақ тестілеуге мүлдем қатыспаған түлектердің әрі қарай білім алуына және жұмысқа орналасуына көмектесу болды, — дейді Бүркіталин. Айтуынша,  бүгінгі күнге дейін атқарылып келген партиялық жобаларды Ақтөбе облысы 100 пайыз орындаған.

«Жастар — Отанға» партиялық жобасы аясында «Ардагерлерді ардақтайық», «Көмек қолын соз» секілді акциялар ұйымдастырылып, спорттық шаралар, түрлі ұранда флешмобтар өткізілді.

— «Сәтті қадам» партиялық жобасының ІІІ бағыты аясында алғашқы жұмыстар 2017 жылдың сәуір айында басталған болатын. Алдымен  жұмысшы тобының жоспары құрылып, аталмыш жоспарға сай бірнеше шаралар легі өткізілді. Мамыр айында 2017 жылғы мектеп бітіруші түлектер үшін кәсіби бағдар беру бойынша аудандар мен облыс орталығында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы нәтижесінде мақсатты топ анықталды. Облыс көлемінде 1689 жас ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған болса,  қатысқан жастардың арасынан 753 түлек шектік межені бағындыра алмады, — дейді Асылжан Бүркіталин.

«Жас Отан» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалы Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай «Менің Астанам» бейнероликтер байқауын жариялайды. Байқауға жасы 14-29 аралығындағы жастар қатыса алады. Қатысушылар ұзақтығы 1 минут болатын бейнероликті aktobe@zhasotan.kz электронды мекенжайына жолдауы қажет. Конкурсқа бейнероликтер 13 наурыз бен 13 мамыр аралығында қабылданады. Комиссия құрамында партия қызметкерлері, жергілікті мәслихат депутаттары бар. Марапаттау рәсімін 25-30 мамыр аралығында өткізу жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда аталмыш жастардың дені өз орындарын тауып, орналасып үлгерген.

— Алдағы уақытта өзге де түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жалғаса бермек. Бірде-бір мектеп түлегі партия назарынан тыс қалмайды, — дейді «Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы.

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жас Отан» жастар қанаты да жаңғырудан өтіп жатыр. Яғни жұмыс жасау принципі түбегейлі өзгеруде. Осы жылдан бастап 12 жоба бойынша жұмыс жасайтын болады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button