Тарих

Ебескінің үш бөрісі

Зерде

Ұлан-ғайыр даланы көзінің қарашығындай сақтап, туған жерінің бір уыс топырағы үшін жанын қиған бабалардың  ерлігін ұлықтап, өткеніміздің өнегесін игілігімізге жарату — бүгінгі ұрпақтың міндеті. Азаттық үшін жан аямай күрескен, ел үшін, жер үшін атқа қонған батыр бабаларымыздың бірі — Құттығай Ебескіұлы.

Құттығай батыр кім? Бұл есім жұртшылыққа жалпы таныс болғанымен, нақты деректерді тереңінен білмейтініміз анық.  Құттығай батырды сөз еткенде  Алтай, Жұлдыз батырлардың есімін атамау мүмкін емес. Ел ішінде «Ебескінің үш бөрісі» аталған батырлар елімізді жоңғар шапқыншылығынан қорғаған, Атырау, Жем, Сағыз, Ойыл бойында сырттан келген қалмақтарға қарсы тойтарыс берген. Ресей мен екі арадағы сауда-саттық қатынасын реттеуге, ынтымақтастықты орнатуға күш жұмсаған.

Тарихи деректерге сүйенсек, Құттығайдың әкесі Ебескі — қара қыпшақ Қобыланды батырдың жиені, яғни батырдың қарындасы Қарлығаш пен  замандасы  Кете Әлмәмбеттің баласы. Ебескі де қалың елге батырлығымен танылған. Сауран маңындағы жоңғарларға қарсы соғыстарда және Атырау, Жем, Ойыл бойларын Еділ қалмақтарынан қорғауда ерлігімен көзге түскен.  Бізге жеткен деректерде, Ебескінің Алтай, Құттығай, Жұлдыз есімді үш ұлы, Құндыз атты бір қызы болғаны айтылады. «Ердің сыншысы — елі» демекші, үш ұлы батырлығымен көзге түсіп, халық арасында  «Ебескінің үш бөрісі» аталып кетеді.

Тарихи деректерге сүйенсек, Құттығай Ебескіұлы XVIII ғасырда өмір сүрген. Ғалымдар ағасы Алтай батырдың 1703 жылы дүниеге келгенін айтады. Ал інісі Құттығай 1710 жылы туған деп болжам жасалынады. Осы тұста Алтай Ебескіұлына тоқтамай кетуге болмайды. Ол  — еліміз бен жерімізді жаудан қорғаған, ерен батыр, беделді би, сөзі дуалы бітімгер, заманында Әбілқайыр хан сенім артқан тұлға. Оның батырлық даңқы Әбілқайыр ханның еліміздің солтүстік- батыс аймағы үшін 1723-1726 жылдардағы Еділ қалмақтарымен соғысы кезінде және Сырдарияның төменгі ағысы тұсындағы ұрыстарда таныла бастайды. Зерттеушілердің  деректерінде Алтай батыр Кіші жүзге қарасты Жем, Сағыз, Ойыл өзендерінің бойында қалмақтарды ойсырата жеңіп, айтарлықтай ерлік көрсетеді.  Бұл уақытта Алтай  жиырмадан асқан жас жігіт екен.  Ал Құттығай батыр ағаларымен тізе қосып, сол дәуірде елдің тұтастығын сақтауға күш салған.

XVIII ғасыр — қазақ даласынан оңай олжа тапқысы келіп, тұс-тұстан жаудың анталап  тұрған кезі. Бір жағында жоңғар, қалмақтардың шапқыншылығы, бір жағында Ресейдің «тырнақ батыруы»  көшпелі халықты қыса түскен тар заман болатын. Ал тіршілігін тек қана малмен байланыстырған қазақ үшін бір қарыс жердің құны қымбат. Қол бастаған батыр бабаларымыз қазақтың кең жеріне көз сүзген жаудан елі мен жерін аман сақтап қалу үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды.  Қазақтың бар байлығы — малы мен жері. Жайық, Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің бойы мал өсіру үшін қолайлы қоныс еді. Анталаған жаудан осы өлкені сақтау үшін Әлім Әжібай би, Беріш Есболай билер бас болып, Адай Шотан батыр, Табын Бөкенбай, Тама Есет, Ақ кете Алтай, Құттығай, Жұлдыз, тағы басқа  батырлар қоштап, Әбілқайыр ханның қол астына жиналды. Үш бөрінің бірі Алтай батырдың Әбілқайыр ханның  басшылығымен қазақ жасақтарының құрамында Ойыл, Құмдария өңірлеріндегі жан беріп, жан алысқан ұрыстарда  алғы шепте жүргені туралы деректер бар. Бөкенбай, Есет батырлармен бірге жүріп, қалың қалмақтың бетін қайтарған. Бұл туралы Жұбатқан Мұратбаевтың «Алаштың жұлдызы» кітабында мол мәліметтер айтылады. Дегенмен атадан балаға жеткен шежіреге сүйенсек, Құттығайдың батыр болғаны, оның ерлігі туралы мәліметке қанығамыз. Жазушы Жұбатқан Мұратбаев  «Алаштың жұлдызы» кітабында мынандай деректерді келтіреді: «Билер кеңесінің ұйғаруымен Алтай батыр бастаған елшілер мұсылман дініндегі елдерді аралап, шүршіттерге қарсы азаттық жорығына шығуға қосын жинауға барып қайтатын болады. Баратын елдің билеушілеріне арналған тарту-таралғысы, сыйлық-сияпаты бар, жолға керекті азық-түлігін жүктеген жиырма түйе жүгі бар шағын керуенді, елшілерді бастаған Алтай батыр інісі Құттығай батырдың басқаруындағы үш жүз сарбаздарының қарауында Ташкент, Самарқан, Бұхараға баратын керуен жолымен еларалық сапарға аттанады…» Осы мағлұматқа  қарап-ақ Құттығай бабамыздың батыр ағасымен бірігіп, ел тұтастығын сақтауға, жерімізге төніп келе жатқан қауіптің алдын алуға атсалысқанын анық байқаймыз. Ал жазушы Құрал Тоқмырзаұлының «Әулие Әжібай би немесе дала данышпандары» атты кітабында Алтай батырдың тобында Құттығайдың да болғаны айтылады. Ал ғалым Беркін Құрманбеков «Алтай батыр» кітабында Ресей мұрағаттарынан алынған деректерді көп келтіреді.  Соның ішінде 1747 жылы 10 мамырда Әжібай бидің Орынбор губернаторы И.Неплюевке Ресеймен сауда қатынастары жөнінде жазған хатында Құттыбай туралы ақпаратты оқимыз. Онда: «… Сіз бізге Құттыбай батыр және Қозыбек арқылы  біздің халқымыз Орыс елімен сауда қатынасын орнатып, біздің адамдарымызды сауда жасауға жіберуімізді өтінген болатынсыз.  …Сізді күдіктендірмеу үшін осы тұтқынмен Құттыбай және Қозыбекті аттандырдым » деп жазылған.(Б. Құрманбеков, «Алтай батыр». Ақтөбе. 2008 жыл. 62-б) Тарихшылар осы деректегі Құттыбайдың Құттығай болуы мүмкін деп болжайды. Жұртының келешегін ойлаған Әжібай би сенімді адамы ретінде Құттығайды жіберуі шындыққа саяды. Себебі хатта Арал, Алтай батырлардың есімі аталады. Ал Кіші жүз  Әлім, оның ішінде Ақкете тайпасынан шыққан белгілі Әжібай би інілері Арал, Алтай, Құттығай батырларды айналасында ұстап, ел мүддесі үшін ерлік көрсеткен. Осы ретте хаттағы Құттыбайдың Құттығай болуы да ықтимал.

«Ерлік пен бірлік егіз» ұғым демекші, қалай десекте, Алтай, Құттығай, Жұлдыз батырлардың тізе қосып, атақонысын дұшпанына таптатпай, туған жерінің бір уыс топырағы үшін жанын аямағаны анық. Зерттеушілер бұған Ресей архивтері мен Алматыдағы орталық кітапхана қорындағы сирек кездесетін қолжазбалардағы деректер дәлел бола алатынын айтады. Құттығай батыр туралы зерттеп жүрген философия магистрі Есентүгел Әзи Атырау облысы Құлсары қаласының маңындағы Ембі ауылында тұратын Әжібай бидің сегізінші ұрпағы 92 жастағы  Қапес Ыбыраев қариямен тілдескенін өзінің «Азаттық жолында аянбай арпалысқан Құттығай батыр туралы бірер сөз» атты мақаласында жазады. Ақсақалдың айтуынша, Әжібай би  Қабылға бата береді. Бидің батасын Қабыл Құттығайға табыстайды. Ал Қабыл — Әжібайдан кейінгі Кете руының белді биі. «Бидің батасын Қабыл Құттығайға аманаттаса, Құттығай да Қабылдан кейінгі күллі Кетенің сөзін ұстаған кемеңгер тұлға болғаны да. Әжібайдың батасына ие болу екінің бірінің талайына бұйырмаған бақ секілді» деп келтіреді мақалада Есентүгел Әзи.

Шежіре деректеріне сүйенсек, Құттығай батырдың  Дауыл, Дайыр, Айна, Баяу, Киікбай, Құлет деген алты перзенті болған.

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші,  «Ебескінің үш бөрісі» атанған батырлардың ерлігі мен қаһармандығы туралы халық арасында аңыз-әңгімелер айтылып жүр. «Аңыздың түбі — ақиқат», ал қазақ үшін халықтың аңызынан артық ақиқат жоқ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Тамаша жазылган, батыр бабамыз туралы тамсана окыдым, Куттыгай кетелер туралы сонгы кезде издестирип акпарат аз болып, осы макаламен биразын тусиндим! Рахмет

    Балалары туралы акпарат иада шежирени кайжерден корсем екен, улкендер мерт болды!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button