Білім

Балдырған

Арман

Ұшқыш болғым келеді

Мен өскенде ұшқыш болғым келеді. Маған ұшақ ұнайды. Өйткені ол өте алыс жерлерге ұшады.

Ұшақтың ұшуына оның қанаты көмектеседі. Ұшақ алдымен жер бетінде жоғары жылдамдықпен қозғалып, кейіннен бірте-бірте жоғары көтеріліп, аспанға ұша жөнеледі. Түнде ұшақпен ұшсаң, жұлдыздардың дәл қасында жүргендей боласың.

Ұшқыш болған кезде мен ата-анама, бауырларыма әлемнің әдемі жерлерін көрсетіп, алыстарға ұшсам деймін. Бар жер жүзін шарлап көрсеткім келеді.

Сонда да, менің ұшағым қай жерде болса да, бәрібір туған жеріме қайтып келіп тұрады. Өйткені мен туған жерімді, елімді жақсы көремін.

Мерей ҚҰРМАН,

Ғ.Ақтаев атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Оқушының өлеңі

Бақыт

Ата-анам — ең бірінші бақытым,

Аялаудан аямайтын уақытын.

Егеменді елім — менің бақытым,

Сыйлармын мен еңбегімнің жақұтын.

Бақыт деген — менің жақын достарым,

Бірге құрған мына өмір жоспарын.

Байлық деген қолдың кірі дейді ғой,

Мен байлықты бақытқа еш қоспадым.

Малика АҚБЕРГЕН,

Тоқмансай негізгі мектебінің 7-сынып оқушысы.

Алға ауданы.

Менің елім

Менің елім мейірімнен жаралған,

Жер бетіне байлығы да таралған.

Елім менің атың шығып әлемге

Шаттық әні сезіліп тұр далаңнан.

Әнім де бір, тілім де бір, мақтанам,

Халқым да бар татулықты сақтаған.

Егеменді ел болдық біз тәуелсіз,

Кем емеспіз қатар тұрған басқадан.

Мөлдір ЖАМАЛОВА,

Жансен Кереев атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы.

Шұбарқұдық кенті,

Темір ауданы.

Біліп жүр

  • Компьютермен жұмыс жасайтын адамның көзі тәулігіне 15-20 мың рет алыс-жақынға фокусталады.
  • Ағылшындық отбасылардың 1 пайызында ғана не ұялы, не үй телефоны жоқ екен.
  • Жылан үш жыл бойы ұйықтай алады.
  • Бал қанша тұрса да бұзылмайтын жалғыз тағам.
  • Жүзім микротолқынды пештерде атылады.
  • Құмырсқа су астында екі апта өмір сүре алады.
  • Жердің тартылыс күші болмаған жерде шамның (свечка) оты шеңбер тәрізді болады.
  • Қытайда ағылшынша сөйлейтін адамдардың саны АҚШ-тағы адамдардан көп.
  • 13 санын бақытсыз сан деп сенгендіктен, АҚШ-тағы көптеген қонақүйлердің 13-қабаттарында бөлме жоқ.
  • Ғарышта тартылыс күші болмағандықтан астронавтар жыласа да жасы төменге түспейді.

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,

№33 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Туған жер

Ауылмен бірге гүлденейік!

Табиғат!..

Осы бір сөзде ұлағатты ұғым, адамға өте бір жақын, ауызбен айтып жеткізе алмайтын түсінік бар. Өйткені ежелден-ақ адамзат ата-бабасының мекендеген жерін, мейлі, ол құмды шөл, құрғақ дала, суық Сібір, биік тау болсын, сол жердің табиғатын жанындай жақсы көрген.

Менің туған жерім — Аралтоғай ауылы. Мен осы киелі жердің топырағында туғаныма мақтанамын. Мен үшін туған жерімнің табиғаты әлемдегі жеті кереметтің біріндей болып көрінеді. Таулары, өзен-көлдері, жусаны да ерекше жаратылғандай.

Мен өзімнің достарыма, сыныптастарыма туған жердің табиғатын бүлдірмей, аң-құстарын аялап, қарыштаған Қазақстанымыздың кішкене ғана бөлігі — Аралтоғай ауылын жасыл желекке айналдырып көркейтейік дегім келеді.

Ақтөбе облысы көлемінде алғаш ұйымдастырылып отырған «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты акцияға жастарының қатысатыны, қызу құптайтыны анық. Неге ауыл көшелеріне көптеп жас шыбықтар отырғызбасқа, ауыл маңын тазартпасқа? «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз», — деп Бейімбет Майлин айтқандай, Елбасының бастамасымен 2020 жылға дейін «гүлденген жасыл әлемге» айналатынымызға бала жүрегім кәміл сенеді.

Табиғат адам өмірімен тікелей байланысты. Сондықтан да табиғатымызды барынша қадірлей білейік! Ауылымыздың гүлденуіне тамшыдай да болса өз үлесімізді қосайық, достар!

Қуанышбек ҚОЙШЫБАЕВ,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Табиғат

Көрікті кез

Көктем келді. Көктемде күн күркіреп, жаңбыр жауады. Жерге жасыл кілем жайып қойғандай болады. Су тасып, көлдерге, сай-салаларға құйылады. Бәйшешек, қызғалдақ гүлдері әдемі болып шығады.

Малдар жайылымға кетеді. Жылы жаққа ұшып кеткен құстар қайта оралады. Адамдар көтеріңкі көңіл күймен жұмысқа құлшына кіріседі.

Біз құстарға тимейміз, гүлдерді жұлмаймыз. Өйткені көктемнің өзі көңілді.

Көктем күні көңілді,

Әнге бөлер өңірді.

Сағынышпен күтеді,

Әрбір бала өзіңді.

Гауһар САҒИДУЛЛА,

Заречный мектеп-балабақшасының 4-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Отанды аялау — парызың!

Ұлы Жеңіс күні жақындап қалды.  Сол сұрапыл соғыста біздің аталарымыз иықтарына қару асынып, қарша бораған от пен оққа қарамай, сары бала, қара қазанның қамы үшін жауға қарсы шықты.

Менің ең үлкен Мырзағали атам көп жауынгерлермен бірге майданға аттаныпты. Бірақ Отанын қорғау үшін жау шебіне аттанған атам сол кеткеннен оралмаған. Ал Раушан Тәжібаева, Айғаным Ермағанбетова әжелерім жолдастары соғысқа аттанғанда елдегі ауыр жұмыстарды атқарып, балаларын аман-есен өсіріпті.

Ата-баба қанымен жаудан арашаланған Отанды аялау енді біздің парызымыз. Ал ұрпағын жауға жаутаңдатпаймын деп егескен майдангер аталарымыздың ерлігі  ешқашан ұмытылмайды.

Ақнұр НАЖМАДИНОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button