Жастар

Жастар алғыстарын жолдады

1 Наурыз — Алғыс айту күні

Ақтөбелік жастар Алғыс айту күні қарсаңында  «Шексіз алғыс» атты акция өткізді. Олар Ақтөбе қаласындағы бірқатар ірі сауда орындарында концерттік бағдарлама ұсынып, жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.

Облыстық ішкі саясат басқармасы және облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға жоғары оқу орнының студенттері, колледж оқушылары, ерікті топтар мен түрлі ұлт өкілдері белсене атсалысты.

Мерекелік акция облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында бастау алды. Түрлі ұлттың киімдерін киген жастар мерекеге орай арнайы безендірілген «Алғыс» автобусымен шаһардың басты көшелерін жүріп өтіп, халық көп жиналатын «Нұрдәулет», «Керуен сити» ойын-сауық орталықтары мен «Халықтық кеңсе» мемлекеттік мекемесінде ұлттық қойылымдар мен көңілді концерттік бағдарлама ұсынды. Жастар дауыс ұлғайтқыштары арқылы қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, шараны тамашалауға шақырды.

— Бүгінгі шараның басты мақсаты — жастарды бір-біріне ризашылық білдіруге, сыйластық пен ізеттілік танытуға баулу. Акцияға 50-ден астам ерікті жастар мен түрлі ұлт өкілдері атсалысты, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Ардақ Бекниязова.

— Алғыс айту мерекесінде облыстың түкпір-түкпірінде әртүрлі мәдени-рухани шаралар ұйымдастырылып, бұл күннің маңызына ерекше мән берілуде. Алғыс айту күні — қайырымдылық дәстүрлерін, ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні.

Біз де университет жанынан құрылған ерікті жастар тобымен бірге, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, түрлі шараларға қатысып жүрміз. Әрқашан үлкенге демеу, кішіге тіреу болған азаматтарға алғысымызды білдіріп жүрейік, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Инна Галовнева.

Акцияда жақындарына алғыс айтқысы келген тұрғындар тілектерін жазып, арнайы жәшіктерге салды. Біз бүгінгі мерекеде бірқатар қала тұрғындарының тілектерін ұсынып отырмыз.

Анашым Сәндігүл Бақтыбаеваға!   

Мені жарық дүниеге әкеліп, барлық мейірім шапағатыңызды

төккеніңіз үшін, мәпелеп өсіргеніңіз үшін алғыс

білдіре отырып, бүгінгі Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келген туған

күніңізбен құттықтаймын.

Ізгі ниетпен балаларыңыз бен немерелеріңіздің атынан Нұртуған Бақтыбаев.

Мекенжайы: Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылы, Б.Момышұлы, 42-үй.

Құрметті Кенжетай-Гүлшатай Есбосыновтар!

Бізді тәрбиелеп өсіріп, осы күнге жеткізгендеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамыз. Бүгінгі мерекеде сіздерге зор денсаулық, мол бақыт тілейміз. Біз сіздерді жақсы көреміз!

Балалары: Сырғали, Сандуғаш, Венера.

Мекенжайы: Шалқар қаласы, Мөңке би, 88 «а»-үй.

Аяулы әжеміз Нұрбибі Есхабылқызына!

Сізге бүгінгі мерекеде шексіз алғыс білдіре отырып, наурыздың 5 күнгі болатын 80 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын.

Немересі: Лейла және туған-туыстары.

Құрметті Молдағазы Құлекенов!

Саған өмірдегі барлық жақсылық атаулыны тілеймін. Барша қазақстандықтарды шуақты мерекемен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Мекенжайы: Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Сарыжар ауылы, Жаңа талап көшесі, 4-үй.

Изгі ниетпен інілерің: Ермек, Наурыз.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button