Жастар

Бабалар сазы баураған кеш

Қазақтың басты өнері күй екенін Қадыр ақынның сөзі әрдайым есімізге салады: «Нағыз қазақ — қазақ емес, Нағыз қазақ — домбыра».

Ал Ақтөбе өңірі күйшілік мектебінің өзіндік ерекшелігі жөнінде біздің газетімізге берген сұхбатында белгілі күйші, Қазақ Ұлттық өнер университетінің доценті Жанғали Жүзбаев былай деген болатын: «Дүниежүзінің бірталай елінен келген өнертанушылар… Ақтөбе өңірінің күйшілік мектебі өкілдері орындаған шығармаларға бүлінбеген, қаймағы бұзылмаған, түпнұсқасын сақтаған күйлер деп баға берді». (Қараңыз: «Ақтөбе», 29 мамыр, 2017 жыл. Сұхбаттасқан — Ардақ Қонақбаева.) Өткен жылы ұлттық арна ұйымдастырған «Мен қазақпын» халықаралық мегажобасында, міне, осы мектептің өкілдерінен тәлім алған Ардақ Елеусіздің «Ең үздік күйші» атануы тіпті де тегіннен-тегін емес еді.

Жуырда Ардақ Ақтөбедегі «Жұбановтар әлемі» орталығында күй кешін өткізді. Ондағы мақсаты — «Мен қазақпын» жобасында өзін қолдаған көрермендерге, ақтөбелік өнерсүйер жұртқа деген ризашылығын жеткізу. Кеш өнер жанашырларының күшімен ұйымдастырылды, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы мен «Aqtobe» телеарнасы да кешті өткізуге өз үлестерін қосты.

«Мен қазақпын» жобасы барысында Айгүл Үлкенбаева, Ұлжан Байбосынова сынды белгілі өнер шеберлері Ардақтың, әсіресе, Қазанғап күйлерін өте шебер орындайтынын атап өткен болатын. Осы кештің шымылдығы да Қазанғап шығармасымен басталды: «Күй шақырғыш Ақжелең»…

Жалпы, домбырашы Ардақ Елеусіз өз репертуарындағы Қазанғап күйлерін ерекше сүйіп орындайтынын айтады. Қазанғап күйлеріне деген айрықша ықылас оғанАстанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде, ал одан бұрын осы оқу орны жанындағы колледжде дәріс берген ұстазы, өзі аузынан тастамайтын Еділ Басығараевтан дарыса керек.

Қазанғап мұрасы бізге Сәдуақас Балмағамбетов, Бақыт Басығараев, Жәлекеш Айпақовтар  арқылы жетті. Еділ — Қазанғап қана емес, сонымен қоса Үсен төре, Боғда сынды күйшілер шығармаларын жинауға, бүгінгі ұрпаққа жеткізуге қомақты үлес қосқан Бақыт Басығараевтың ұлы әрі өнердегі шәкірті. Ал Бақыт Басығараев Қазанғаптың тікелей шәкірті Қадірәлі Ержановтан үйрене жүріп, шеберлігін шыңдағаны белгілі. Яғни, тізбекпен жеткізер болсақ: Қазанғап —  Қадірәлі Ержанов — Бақыт Басығараев — Еділ Басығараев — Ардақ Елеусіз.

— Ұстазым Еділ Қазанғап күйлерін алдыңғы буын орындаушылардан үйренген қалпында жеткізіп қана қоймай, кей тұста өзіндік өрнектермен байытып та жүр. Мысалы, бұрын «Торы жорға аттың бөгелек қағуы» күйі Сәдуақас Балмағамбетов пен Бақыт Басығараев тартқан екі нұсқада белгілі болса, ал Еділ Басығараевтың нұсқасы екеуінен де бөлек. «Мен қазақпын» мегажобасының гала-концертінде мен өз ұстазымнан үйренген нұсқаны орындадым, — дейді Ардақ.

Кеште Қазанғап күйлерінен бөлек, көптеген қазақ күйшілерінің — Есбайдың (Терісқақпай»), Сүгірдің («Шалқыма»), «Күй анасы» атанған Динаның («Бұлбұл»), Махамбеттің («Қиылдағы қырғын») және басқалардың күйлері орындалды. Сондай-ақ, Ұлы Далада ғасырлар бойы үзбей орындалып келе жатқан «Ақсақ құлан», т.б. халық күйлері де күмбірледі.

— Бұл кешке өзім бұрыннан орындап, ұстаздарымнан, мамандардан оң баға алған күйлерді әзірледім, — дейді Ардақ.

«Мен қазақпын» жобасында мамандар оның өзі таңдаған күйлерді өте сауатты, техникалық тұрғыдан мінсіз орындайтынын атап өткен еді. Ал Ардақтың өзі күйді орындағанда қағыстан, шеберліктен гөрі, оның мазмұнына, тереңіне бойлауға көбірек мән беретінін айтады.

— Кейде бір күйді ықылассыз, қағаздан үйренгенің бойынша тарта бастасаң, ұстазым Еділ: «Қане, мұны тоқтат та, күй тарт! Күй!» — дейтін. Сонымен бірге, ол үнемі: «Күйден Даланың исі шығуы керек», — деген талап қоятын. Ұстазымның осы талаптары төңірегінде көп ойланатынмын… Күйде, ең бастысы, күйшінің сезімдерін, ой-толғаныстарын нақ өз басыңнан өткендей қабылдай білу екенін сезіндім. Тек жүректен шықса ғана, жүрекке жетпек, — дейді ол.

Кеште Ардақтың Қазақ Ұлттық өнер университетінде қатар оқыған, осы оқу орны студенттерінің «Шабыт» домбырашылар ансамблі құрамында бірге болғанармандас достары — Жалғас Болатұлы, Нұрәлі Сыдықов, Темір Өтебаевтар, «Мен қазақпын» жобасы жеңімпаздарының бірі, маңғыстаулық термеші Оспан Құлсымақ өнер көрсетті. Сондай-ақ, Димаш әншінің атасы  Құдайберген Айтбаев пен белгілі ақын, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетов дарынды домбырашыға өз баталарын беріп, шығармашылық табыстар тіледі.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасында сананы жаңғырту жолындағы басты бағыттардың бірі — ұлттық бірегейлікті сақтау екенін атап көрсетті. Ұлттық өнер — сол ұлттық бірегейлікті сақтауға қызмет ететін ұлы күш. Сондықтан өнер жолында жүрген жастардың бірі ретінде бүгінгі таңда өзіме үлкен жауапкершілік жүгі артылып отырғанын сезінемін. Сонымен қатар «Мен қазақпын» сынды ауқымды жобаға туған жерімнің, Ақтөбенің атынан қатысып, жеңіске жету мен үшін үлкен қуаныш болды. Ұлттық өнерді насихаттау ісін жандандыруға бағытталған бұл жоба жалғасын табады деп үміттенемін, — деді Ардақ Елеусіз.

Кешке жиналған көпшілік ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үнін асқақтатып жүрген дарынды жастың «Қадамына гүл біткей!» деген тілекпен, үлкен әсерлермен тарасты.

Индира ӨТЕМІС.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button