Денсаулық

Сал ауруына шалдыққан бала кореяда тегін емделді

Сал ауруына шалдыққан екі жастағы ақтөбелік балақай Оңтүстік Кореяның Кенгбук университетінің  ұлттық госпиталінде тегін емделіп қайтты.

Баланың ата-анасымен бірге шетелге «Дару» оңалту орталығының дәрігері Әдемі Демеуова еріп барды. Дәрігер кореялық әріптестерінің емдеу тәсілімен танысып, балаға қалай күтім жасау керектігін үйренді.

— Университеттің ұлттық госпиталі емді қайырымдылық негізінде тегін жүргізді. Балаға арнайы оңалту бағдарламасын дайындады. Жеке дене жаттығуы әзірленіп, дене нүктелеріне массаж жасалды. Логопед жұмыс істеп, бас-ми бөлігін магниттік-резонанстық томографияға түсірді.  Көз, құлақ, мұрын қуысын тексерді. Жалпы кореялық дәрігерлердің емдеу тәсілі ерекше. Сондықтан олардан  үйрену, тәжірибе алмасу біз үшін маңызды, — дейді дәрігер Әдемі Демеуова.

Жан-жақты жүргізілген емнен кейін сәби өздігінен жүре бастаған. Жалпы бұл елдің оңалту бағдарламасы  еуропалық әдіске негізделген. Балалар арасындағы сирек кездесетін аурулардың себебін анықтау, нақты диагноз қою,  емдеу, оңалту шаралары жан-жақты және жүйелі жүргізіледі. Бұл елде науқас балаға күтім жасаудың да өз ілімі бар.

— Кореяда емнің инновациялық, заманауи әдісі қолданылады. Екі жастағы баланың бір айдан кейін өздігінен  жүруі, еңбектеуі, ойыншықты қолына ұстауы — үлкен жетістік,— дейді Әдемі Демеуова.

Айта кетейік, бұл шара облыс әкімдігі мен Оңтүстік Корея елінің арасындағы  меморандумға сәйкес жүргізіліп жатыр. Келісім бойынша ақтөбелік дәрігерлер Кореяда тәжірибе жинақтап,  балалар тегін ем қабылдай алады. Бұған дейін Эльдар есімді баланың жүрегіне ота жасалған болатын.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button