Денсаулық

Қан алдыру: пайдалы ма, зиян ба?

Дауа

Кейінгі кезде  халық арасында хиджама, яғни денеден қан алдыру арқылы  емделетіндер көбейді. Бұндай әдіске жүгінген адамның денесінен  арнайы соратын вакуум арқылы «арам» қан алынады. Қазір осы ем түрін жасайтындар көбейіп кетті. Ақтөбеде бұндай мамандарды интернет арқылы оңай тауып алуға болады. Бірақ хиджамаға  қатысты пікірлер сан алуан. Біреулер емнің жасалу жолына күмәнмен қараса, тағы бір топ қан алдырып шипа тапқандарын айтады. Хиджаманы кез келген жерде емес, арнайы орталықтарда жасатқан дұрыс дейтіндер бар.  Жалпы қан алдырудың пайдасы мен зияны қандай?  Кімге жасатқан жөн? Ақтөбеде тәжірибелі мамандар бар ма? Осы мәселе төңірегінде сөз қозғадық.

ХИДЖАМА ҚАНДАЙ АУРУҒА ЕМ?

Интернет деректеріне сүйенсек, қан алдырудың тарихы әріде. Ертеде көне Мысыр, Орта Азия, Сауд Арабиясы елдерінде бұл әдіс арқылы ем жүргізу кеңінен тараған. Қазіргі күні де бұл елдерде хиджама жасайтын арнайы орталықтар бар. Хиджама жасайтын маманды «хиджам» деп атайды екен.  Хиджамдармен тілдесу үшін  интернет сайттарын қарадық.  Бес жылдан бері хиджама жасаумен айналысып келе жатқан 27 жастағы келіншек  Жазира Уракаеваны интернет арқылы таптық. Он тоғыз жасынан бастап  емдік массаж жасаумен айналысқан Жазира кейін емделушілер тарапынан хиджамаға сұраныстың бар екенін байқайды. Египеттің Александрия қаласына  барған сапарында емнің осы түрін оқыпты. Египеттегі арнайы орталықтарда 15-20  жылдық тәжірибесі бар мамандар хиджаманың қыр-сырын үйретеді екен. Жазираның айтуынша  хиджама вакуумдық массажға ұқсайды. Оның екі түрі бар. Бірі — құрғақ, екіншісі — дымқыл.

Құрғақ хиджама кезінде денеге вакуумдық банкі қойылады. Бұл ем түрі ілгеріде біздің елімізде де кеңінен тараған. Әжелеріміз отпен денеге банкі қойып, суықты шығаратын болған. Ал дымқыл хиджамада денені тіліп, вакуумдық банкіге арам қан сорылып алынады. Тілік аурудың түріне байланысты  дененің әр жеріне салынады. Денені тілудің де екі түрлі әдісі бар. Бірінде — дене бір-екі миллиметр ғана тілінеді. Терінің астындағы арам қандар сыртқа шығады. Ал екінші әдіс кезінде тілік сәл терең болады. Бұл әдісті кез келген адам жасай алмайды, тек қана оқыған, арнайы білімі бар маманның ғана қолынан келеді. Хиджаманың екі түрінің де адам денсаулығы үшін маңызы зор. Қанның құрамындағы лейкоциттер көбейіп, қан айналымы жақсарады. Бұлшық еттер мен буындардың, жүйке жүйесінің жұмысын жақсартады. Қан айналымы жақсарғаннан кейін иммунитет нығайып, тері мен май бездерінің жұмысы жақсарады. Денедегі улы токсиндер мен шлактардың сыртқа шығуына ықпал етеді.

Жалпы денеден қан алдыру әдісін ертеде біздің ата-бабаларымыз  қолданған. Кейін бұл ем түрі Қытай, Мысыр елдерінің медицинасында кеңінен тарады, —дейді Жазира.

Жазираның айтуынша,  хиджаманы кез келген адамға жасатуға болмайды. Арнайы білімі бар маманның көмегіне жүгінген дұрыс. Жазираның өзі массаж курсына барған кезде анатомияны, яғни адам физиологиясын оқиды. Осы саладағы тәжірибесі хиджама жасау кезінде аса пайдалы болыпты. Адам денесіндегі нүктелерді оңай табуға көмегін тигізген. Александрияда оқып келгеннен кейін ол Қазақстан халық емшілері қауымдастығының халық емшілерінің білімін жетілдіру  мектебінің арнайы «Әл хиджама» курсына қатысқан. Сондай-ақ Ресейдегі арнайы орталықтарда онлайн курстардан өткен. Биыл Ақтөбедегі медициналық колледжге оқуға түсіпті.

Әрбір істі кәсіпқой маман атқарғанда ғана көңіліміз жай табады.  Сол секілді хиджаманы да тәжірибесі бар  өз маманына жасатқан жөн. Қан алумен айналысатын мамандар білімін жетілдіріп отырғаны дұрыс. Бір ғана курстан өтіп бәрін біліп алдым деуге болмайды. Үнемі ізденіп, оқып, білімін жетілдіріп отыруы тиіс. Себебі адам денесімен жұмыс істегеннен кейін әр ісіңе жауаптылықпен қарауың керек. Оқымай, өз бетінше үйреніп, хиджама жасап жүрген таныстарым бар. Солардың кейбіреулері қан алдырған адамдардың әлсіреп, құлап қалатынын айтады. Ал тәжірибелі, білімі  бар маманға келген адам бұндай жағдайды басынан кешірмейді. Мәселен, әрбір адамның организмі әртүрлі. Ең алдымен бір-екі вакуумдық банкі қойып, қан алып, оның жағдайын байқайсың. Ем бәріне бірдей жасалмайды, — дейді Жазира.

Жазираның өзі намаз оқиды. Тек қана әйел адамдардан қан алады. Оның айтуынша, хиджаманың барлық ауруға шипасы бар. Әсіресе, әйелдер жоғары қан қысымы, артрит, артроз, остехондроз,  гинекологиялық аурулар, көз ауруы, омыртқа, сколиоз аурулары бойынша жиі келіп қан алдырып тұрады. Мәселен, артроз кезінде алдымен массаж жасап, кейін қан алған тиімді көрінеді. Қимыл қозғалыстың аздығы адам бойындағы қан айналым жүйесін бұзады, қанның қоюлануына әкеледі. Осыдан кейін түрлі ауру пайда болады. Ал хиджама жасатқан кезде  ауырып тұрған дене мүшесіне қан барып, оның жұмысы жақсарады.

ҚАН АЛДЫРУ — ДЕНЕДЕГІ САЛҚЫНДЫ ШЫҒАРУ

Араб тілінен аударғанда хиджама «сору» деген мағынаны білдіреді екен. Ақтөбеде он жылдан бері хиджама жасаумен айналысатын  Бақытжан Демесиновтың айтуынша, емнің бұл түрі  Адам ата Пайғамбардан (c.ғ.с) жалғасып келе жатыр.  Оның айтуынша, хиджама адам бойындағы жетпістен астам ауруға ем. Омыртқа, асқазан, бауыр, ішек жолдары ауруларына да қан алдырудың пайдасы көп. Бақытжан бұл ем түрін алғаш рет  Шалқар ауданында тұратын  дәрігерден үйреніпті.

— Хиджаманы  әке-шешеме, ағайын-туыстарға ғана жасап жүрдім. Кейін көрші-көлем жасата бастады. Емнің нәтижесін көргеннен кейін халық қоя ма, үйге келетін болды. Осылайша көпшілікке хиджама жасай бастадым. Бірақ арнайы жарнама беріп, осыдан пайда табуды мақсат тұтқан жоқпын. Әркім жағдайына қарай ақысын төлейді. Кейде көпбалалы, жағдайы нашар отбасыларға тегін жасаймын. Хиджаманы қан қысымы жоғары адамдар жиі жасатады.  Бұндай кезде алдымен  қан қысымын өлшейміз. Егер сол сәтте көтеріліп тұрса, қысым түскенше күтеміз. Себебі қан қысымы тым жоғары болса, қан алдыру кезінде жүрекке салмақ түседі.

Қан алдыратын адамның ең алдымен дене тазалығы болуы керек. Уайымдап, сенімсіздік танытып, қорқып тұрған адамнан қан алмаймын. Қандай ауру болмасын ең алдымен дәрігерге қаралуға кеңес беремін. Дәрігердің нақты диагнозынан кейін барып қана қан аламын.

Қан алдыру арқылы денедегі салқынды шығаруға болады. Жалпы хиджама көп ауруға шипа. Белсіздік, бауыр ауруларына шалдыққан науқастар да келеді. Әрбір аурудың өз нүктесі болады. Сол бойынша денеге  тілік салынып, қан алынады, — дейді Бақытжан.

ТАЗАЛЫҚТЫ САҚТАУ КЕРЕК

Адамды емдеу кезінде жіберілген қателік кешірілмейтінін ескерсек, бұл емнің түрімен айналысатындар әрбір нүктені сезе білетін, өз ісіне ұқыпты, санитарлық тазалықты қатаң сақтайтын жан болғаны жөн. Қан арқылы таралатын ауру түрлері бар екендігі мәлім. Егер бір адамның вакуумдық банкісін келесі бір адамға пайдаланса, емделуге келген науқас тағы бір ауруды жамап алары анық. Бұл ретте Бақытжан тазалыққа өте сақ болу керектігін ескертеді.

Бір вакуумдық банкілерді бір үйдің адамдарына пайдалануға болады. Бірақ ол үшін банкі стерилді болуы тиіс. Спирт немесе арнайы хлормен жуылады. Десек те бір үйдің ішіндегі адамдардың денсаулығы бірдей емес. Бірі жұқпалы аурумен ауыруы мүмкін. Сондықтан хиджамға науқас адам бойындағы дертінің барлығын ескертуі керек.  Ең дұрысы, әрбір адамның өзінің банкісі болғаны жөн. Қан алатын жер де таза болуы керек. Мәселен, мен арнайы орталықта жұмыс жасамағандықтан адамдардың үйлеріне барамын. Кейбіреулер бұның санитарлық талапқа сай еместігін айтады. Әрине, егер хиджама жасайтын арнайы орталық болса, сол жерге барған дұрыс. Бірақ күніне мыңдаған адам баратын жерде микробтардың түр- түрі болады. Тіпті мүлтіксіз тазалықты қажет ететін аурухананың іші де жүз пайыз таза деуге келмейді. Оның қасында әрбір адам өз үйін таза ұстайды. Ең алдымен, вакуумдық банкінің тазалығына мән берген дұрыс. Мен емделушілерге бірінші банкі сатып алдырамын, — дейді Бақытжан.

Бақытжанға  қан алдыруға адамдар көп келеді. Ересек адамдардан бөлек, он төрт жастан асқан балалар да хиджама жасатады. Әсіресе, кіші дәретін ұстай алмай жіберіп қоятын балаларды ата-аналары жиі әкеледі. Бұндай кезде Бақытжан арнайы нүктелерді тілу арылы қан алады.

—  Ата-аналар өтініп қоймаған кезде ғана балаға хиджама жасаймын. Баладан қан алу — үлкен жауапкершілік әрі қауіпті.  Бала шошып қалуы мүмкін. Бірде Сүт зауыты ауданында тұратын бір апай баласын алып келді. Бала үлкен дәретке бір айда бір рет қана барады. Тіпті одан да ұзақ уақыт бара алмайтын кездері болыпты. Бұған қоса геморройға шалдыққан. Анасының апармаған дәрігері қалмапты. Балаға банкіні бір рет салдым. Сол жерде-ақ дәретке барды. Осыдан кейін сауығып кетті. Балаға хиджама жасар кезде ата-анасының қасында тұрғаны жөн. Бала үшін дұға жасаған ата-ананың тілегі қабыл болады, — дейді Бақытжан.

Хиджама жасатпаған адамдардан алғаш қан алынған кезде оның түсі кәдімгі баклажанның түсі секілді қою қоңыр болып шығады екен. Екі-үш емнен кейін ғана қанның түсі қызарады. Қанның түсі ішкен тағамға байланысты болады. Организмге падасы аз, зиянды тағамдар қанның құрамына әсерін тигізеді. Жалпы хиджама жасағаннан кейін адам тынығу керек. Бақытжанның айтуынша, қан алдыру арқылы емдеу әдісін қытайлықтар мықтап жолға қойған. Ол жақта арнайы орталықтар көп. Олар тек қана қан алдыру, балмен емдеу арқылы көптеген аурудың алдын алып отыр. Кейінгі жылдары Ресей де  бұл ем түріне көңіл бөліпті.

Біздің ата-бабаларымыз да бұл емді  қолданған,  ғасырлардан бері ұрпағына жалғасып келе жатыр. Ата-баба ұстанған ем түрінен халық ажырамайды. Қай уақытта да ол өз жалғасын таба береді. Сондықтан дәстүрлі медицина мен халықтық емді қатар пайдалана отырып, халық денсаулығын жақсартуға күш салуымыз қажет. Еліміздің әрбір өңірінде  Қытайдағы сияқты орталықтар ашатын  уақыт жетті. Арнайы орталық болса, халық адаспайды. Білікті маманның көмегіне жүгінеді. Әрине, қазір әрбір қалада шағын орталықтар бар, бірақ бұл әлі де жетілдіруді қажет етеді. Қытайда бұл емді бір ізге қойған. Олар біздің елге қолдан жасалған сапасыз дәрісі мен нашар инесін ғана жібереді. Ал хиджаманың пайдасымен олар бөліспейді, —  дейді Бақытжан.

 КІМДЕРГЕ ҚАН АЛДЫРУҒА БОЛМАЙДЫ?

Жүкті әйелдерге, емізулі баласы барларға қан алдыруға болмайды. Қанының құрамында қант көп, қаны аз адамдарға да хиджама жасауға тыйым салынады. Жүрегіне жасанды аппарат орнатқан науқастарға да қан алдыру тиімсіз. Бауыр, өт, талақ секілді ішкі мүшелеріне ота жасалып немесе олар алынып тасталған азаматтарға да қан алдыруға рұқсат жоқ. Жасы тоқсаннан асқан қарт кісілерге де хиджама жасалмайды. Себебі жүрегі әлсіз адамдардан қан алу қауіпті.

СҮЛІК САЛУ МЕН ҚАН АЛДЫРУДЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Бақытжан Демесиновтың айтуынша, хиджама —  гирудотерапияның бір түрі. Бірақ әрбір емдеу әдісінің өз артықшылығы бар. Мәселен, сүлік адам денесінен арам қанды сорып қана қоймайды, оған өз денесіндегі пайдалы дәрумендерді жібереді.

Сүлік адам денесіне жабысқан кезде ең бірінші өзінің асқазаны  үшін таза қанды сорып алады, яғни шағады.  Содан кейін барып ет пен терінің арасындағы арам қанды сорады. Ал көптеген орталықтарда бір адамға салынған сүлікті  құстырып екінші бір адамға салып жатады.  Сүлікті құстырған кезде денесіндегі арам қан сыртқа шығады да асқазанындағы қан қалып қояды. Оны  екінші бір адамға салған кезде тіспен бірге  әлгі адамның қаны да кетуі мүмкін. Сондықтан сүлік салдырған кезде де адамдар абай болғаны жөн. Мүмкіндігі келсе, маманға өзінің арнайы сүлігін апарғаны дұрыс, — дейді Бақытжан.

ДӘРІГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

 Хиджама жасаушылардың сөзіне сенсек, қан алдырудың пайдасы көп. Ал бұл туралы медицина саласында жүрген мамандар не дейді?

— Тұрғындар арасында қан алдыру арқылы емделетіндер бар. Бірақ қан алудың пайдасы мен зияны ғылыми түрде дәлеледенген деп айта алмаймын. Сондықтан бұл ем түрі медициналық тұрғыдан зерттелуі керек. Жеке пікірім бойынша, бұл емге аса сақтықпен қараған жөн. Себебі қан арқылы таралатын гепатит секілді ауру түрлері көп. Егер санитарлық тазалық сақталмаса, адам ауруға шалдығуы мүмкін. Ал ауру жұқтырмасыңа ешкім кепілдік бермейді, — дейді фармация комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Ринат Құбатаев. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, хиджама жасаушылардың үстінен басқармаға қандай да бір арыз-шағым айтып келгендер болмапты. Бірақ басқарма басшысы бұл ем түріне қарсы.

Хиджаманы құптамаймын. Науқас адам ғылыми түрде дәлелденген ем жолдарын жасату керек, — дейді Әсет Қалиев.

Ал Темір аудандық ауруханасының бас дәрігері Есентемір Демегенов хиджама туралы жақында естіпті.

Денеден қан алып емделудің ішінде гирудотерапияның тиімділігі зор. Сүлік қанды сормас бұрын сол жерді залалсыздандырады. Содан кейін барып сорады және пайдалы элементтерді қанға жібереді. Ал хиджама туралы жақында бір науқас айтты, оған дейін бұл туралы естімеппін. Жалпы тұрғындардың арасында бұл ем түрі танымал екен, — дейді бас дәрігер.

Ал Ақтөбе қаласындағы №2 емхананың учаскелік дәрігері Айгерім Жатпишева медицинаның дамыған заманында бұл ем түрін қолдануға түбегейлі қарсы.

Менің дәрігерлік тәжірибемде қан алдырып инфекция жұқтырған науқас болды. Әлгі кісі қан қысымы көтерілгесін желкесінен, маңдай тұсынан қан алдырады. Бірақ қан алушы адам құралдарын таза ұстамағандықтан, тілінген жерге инфекция түседі. Сондықтан тұрғындардың  бұндай ем түріне жүгінбегені жөн. Себебі қан арқылы жұғатын гепатит В, С және Вич секілді ауру түрлері бар. дертіне шипа іздеймін деп жүріп, тағы бір ауруды жұқтырып алудан сақтану керек, — дейді Айгерім Жатпишева.

P.S.

Кімге сеніп, медицинаның қандай түрін таңдайсыз, ол сіздің еркіңіз. Бірақ  «сақтансаң сақтармын» деген, тәніңізге шипа іздеп жүріп, айықпас дертке ұшыраудан сақтаныңыз. Ал маман дәрігерлер бұндай ем түрінен аулақ болуды ескертеді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button