Басты жаңалықтарМәселе

«Орамал мәселесі» қалай шешіледі?

Дөңгелек үстел

Облыста мектеп формасын сақтамай жүрген 181 оқушы бар. Бұл — тиісті мекемелердің мамандары, зиялы қауым, ақсақалдар, қамқоршылық кеңес мүшелерінің бірлесіп, кең көлемде жүргізген түсіндіру жұмыстарынан кейінгі көрсеткіш. Жалпы, оқу жылы басталғанда, қыркүйек айында 396 бала мектепке орамал тағып келген болатын. Қазір мектеп әкімшілігі балалардан, ата-аналардан оқушылардың мектеп формасын сақтауын талап етіп, талапты орындамағандарды мектепке кіргізбеуге мәжбүр болып отыр. Ал ата-аналар: «Мектеп директорлары еліміздің заңнамаларын орындамайды. Балаларымызды мектепке кіргізбей жатыр» деп шу шығарып, мектеп басшыларын сотқа беруде.

Қаңтар айының 25-і күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қала, аудан әкімдеріне балалардың мектеп формасын сақтап, сабаққа қатысуларын қамтамасыз етуге 3 ай мерзім берген болатын. Нәтиже қандай?

Жақында редакциямызда мектеп оқушыларының мектепке орамал тағып келу мәселесін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкіл имамы, «Нұр Ғасыр» орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспан, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шарипа Шәкірова, Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин шақырылды. Дөңгелек үстел басындағы әңгімені облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді.

 181 ОҚУШЫ МЕКТЕП ФОРМАСЫН САҚТАМАЙ ОТЫР

Бауыржан Бабажанұлы:

 — Оқушылардың мектеп формасын сақтамай, сабаққа орамал тағып келуі үлкен мәселеге айналып отыр. Осы мәселенің жай-жапсарын, туындау себептерін білсек. Сондай-ақ, оны қалай шешуге  болады? Осы сауалдар төңірегінде әңгіме өрбітсек.

Жолдас Қалмағанбетов:

— Орамал мәселесі бүгінгі таңда тек қана Ақтөбеде болып жатыр деп айтуға болмайды. Бұл қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде, көршілес Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында өзекті мәселеге айналған болатын. Қазір аталған өңірлерде мәселе шешіліп жатыр. Мәселен, бұған дейін Маңғыстау облысындағы жүзге жуық оқушы мектепке орамал тағып келген болса, қазір олардың барлығы да талапты орындап, мектеп формасын киді.  Атырауда орамал тағып жүрген 8-ақ бала қалды. Батыс Қазақстанда әлі 20-ға жуық бала бар.

Орамалдың мәселе болып туындауы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы №26 бұйрығынан басталды. Құжатта мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтындығы көрсетілген. Осы бұйрықтың негізінде өңірдегі барлық мектептер өздерінің жарғыларын өзгертті. Жарғыда мектепте діни және басқа атрибутика қолдануға болмайтындығы көрсетілген. Оқушылардың бәрі де бірдей киінуі тиіс. Осы талапқа мойынсұнбаған 396 бала қыркүйек айында сабаққа орамал тағып келді. Жалпы сол кездегі мәліметке сүйенсек, қыркүйек айында Қазақстан бойынша 1500-ге жуық бала мектеп формасын сақтаған жоқ. Мектепке орамал тағып баратын оқушылардың ең көбі — Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі болды. Дін саласының мамандары, имамдар, теологтар, облыстық білім басқармасының өкілдерімен бірлесіп, үй-үйді аралап түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әсіресе, қамқоршылық кеңестің көп көмегі тиді. Кездесуде орамал туралы әңгіме мектеп формасына ғана қойылып отырған талап екендігі айтылды. Оқушы тәуліктегі 24 сағаттың 6-ақ сағатында ғана мектепте болады. Бала орамалды осы 6-ақ сағатта ғана тақпайды. Сол себепті, «балаға орамал тағуға тыйым салып жатыр» деп шу шығару жөнсіз. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, 396 баланың 215-і талапты орындады. Қалғаны — 181 оқушы. Қазір ата-ананың мектеп әкімшілігіне қойған орынсыз талабының салдарынан осы 181 бала мектепке бармай отыр.

Бауыржан Бабажанұлы:

— Балалардың өздерінің ықыластары қандай?

Жолдас Қалмағанбетов:

— Жалпы қазақ халқы ата-ананың алдына шықпайды ғой. «Ата-анамның қойған талабы дұрыс емес» деп айтқан бір-ақ баланы кездестірдім. Ақтөбе қаласындағы Новый орта мектебінде оқитын 3-сынып оқушысы ата-анасына оқығысы келетінін, орамалды мектептен тыс уақытта тағатынын  айтты.

 СОТ ШЕШІМІ ШЫҚТЫ:

АТА-АНАЛАР ТАЛАПТЫ ОРЫНДАУҒА МІНДЕТТЕЛДІ 

 Бауыржан Бабажанұлы:

— Орамал мәселесі қай аудандарда күрделі болып отыр?  

Шарипа Шәкірова:

— Ақтөбе қаласы (84) және Алға (33), Мұғалжар (27), Темір (22)  аудандарында  талапты орындамай отырған бала көп.

Облыс бойынша ата-аналар 15 мектептің директорын сотқа берді. Оның 10-ы — облыс орталығындағы мектептердің басшылары (№8, №10,№13, №23, №48, №49, №36, №60, №62, №40 мектептер). Сондай-ақ, Мұғалжарда 3, Темір ауданында 2 мектептің директорының үстінен сотқа шағым жазылды. Бүгін №40, №49, №60, №62, №23, №8, №36 мектептері директорларының соттары болды.  Сот шешімінде  ата-аналар мектеп формасын сақтай отырып, балаларын мектепке  баруын қамтамасыз ету қажеттігін, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтарындағы №26 «Орта білім беру ұйымдарында мектеп формасына  қойылатын талаптар» бұйрығын ата-аналардың орындауы міндетті екендігі көрсетілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті Қазақстан  Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексі 409-бабы 2-тармақшасына сәйкес ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдерінің  Қазақстан  Республикасының білім беру саласындағы  заңнамасында көзделген  міндеттерді  орындамауы  немесе тиісінше орындамауы  негізінде  бес айлық есептік  көрсеткіш (12675 теңге) негізінде 10 ата-анаға айыпұл салды. Олар: Шалқарда — 3, Хромтауда — 4, Қарғалыда — 3 ата-ана. Қазіргі уақытта Шалқар ауданындағы 3 ата-анаға қатысты айыппұл заң жүзінде күшіне енді.

Сөздің орайы келгенде айта кетейін, мектеп формасын сақтау 2007 жылғы «Білім туралы» Заңының 47-бабында жазылған. Онда «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті» екендігі көрсетілген. Сондай-ақ, осы Заңға байланысты 2016 жылы Білім және ғылым министрінің №26 бұйрығы шықты. Бұл құжаттың 13-тармағында мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтындығы көрсетілген. Біз осы заңнамаларды басшылыққа аламыз.

Бауыржан Бабажанұлы:  

— Айыппұлды төлемеген ата-аналарға қандай шара қолданылады?

Жолдас Қалмағанбетов:

— «Білім туралы» Заң талабын орындамаған, мектеп формасын сақтамаған ата-анаға бірінші деңгейде екі шара қолданылады. Ескерту жасалады және 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл талаптар орындалмаса, бір жылдың ішінде осы құқықбұзушылықтар қайталанатын болса, онда сот 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салады. Және бұл жыл ішінде бірнеше мәрте қайталана береді.

Бауыржан Бабажанұлы:  

— Мектеп директорларына күш көрсеткен, қысым жасалған жағдайлар болды ма?

Жолдас Қалмағанбетов:

— Қаңтар айынан бері екі жағдай тіркелді. Екеуі де Алға ауданында болды. Бірі — Үшқұдық ауылындағы мектепте, екіншісі — Бестамақ ауылындағы мектепте. Екеуінде де ата-ана мектептің талабына бағынбай, біреуі мектептің есігін тепті, екіншісі өзінің күшін пайдаланып, әйел адамдарды итеріп, мектеп партасына баласын отырғызғысы келді. Бұл — әкімшілік құқықбұзушылық. Қоғамдық орында тәртіп бұзылып тұр. Соған байланысты бұл азаматтар 5 күн бас бостандығынан айырылды. Айыппұл салынды. Тікелей мектеп директорын қорқыту, қоқан-лоқы жасау мәселелері тіркелген жоқ.

Биыл дін саласында үлкен өзгеріс болады. 9-ға жуық заңға 40-қа жуық өзгеріс пен толықтыру енгізіледі. Мұның ішінде «Неке және отбасы», «Білім туралы» Заңдар бар. Қазір мектептің ата-аналары мектеп формасына қатысты талапты «Министрдің бұйрығы» деп менсінбеушілікпен қарап отыр. «Білім туралы»  жаңа Заң күшіне енсе, онда мектеп формасы туралы ашық, анық, нақты жазылады. Бұл, біріншіден, мектеп формасына қатысты мәселені шешуге септігін тигізеді. Екіншіден, көшеде қара жамылып жүргендер, бетін тұтас бүркеп жүргендер, тұмшаланып жүргендерді (паранжа, никаб) жөнге салады. Қоғамдық орындарда бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім кигені үшін айыппұл салынатын болады.

 ОНЛАЙН РЕЖИМІНДЕ ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ — ЗАҢНАМАҒА ҚАЙШЫ

 Бауыржан Бабажанұлы:  

— 181 бала мектеп бағдарламасынан тыс қалды. Бұл мәселе қалай шешіледі? 

Шарипа Шәкірова:

— Балалары сабаққа қатыспаған кейбір ата-аналар Мәскеу қаласындағы Бірінші мектепке балаларын бергісі келетіндігін айтып, мектептен құжаттарын сұратып жатыр. Ол мектепте біздің оқушыларға онлайн режимінде қашықтықтан оқыту әдісі бойынша сабақ жүргізілмек. Балаларының құжатын бермегені үшін ата-аналар Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысының үстінен прокуратураға арыз жазды. Біз мәселенің мән-жайын түсіндіріп, Білім және ғылым министрлігіне хат жазып, жауап алдық. Онда елімізде қашықтықтан білім беру қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатыны көрсетілген. Білім берудің аталған түрі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру базасындағы қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша қолданылады.

Тағы бір жайт, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы мәдениет, ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастық Келісімге сәйкес жүргізіледі. «Жоғарыда аталған Келісімге сәйкес, кез келген тарап, оның ішінде ресейлік жақ та Қазақстан және Ресей азаматтарына қашықтықтан бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру қызметін бере алмайды. Осыған байланысты еліміздің азаматтарына Ресей Федерациясы мектептерінде қашықтықтан оқыту мақсатында рұқсат (немесе кету талондарын)  беру білім саласындағы қолданыстағы заңнаманы бұзу болып табылады» деп жазылған министрліктен келген хатта.

ЖЕКЕ МЕКТЕПТЕ ДЕ ДІНИ РӘСІМДЕР ОРЫНДАЛМАЙДЫ

Бауыржан Бабажанұлы:  

— Әлеуметтік желіде Ақтөбе қаласында қыз балаларға арналған жеке мектеп ашылатыны туралы дерек бар. Бұл туралы не айтасыздар? 

Жолдас Қалмағанбетов:

Жеке мектеп ашу мәселесі Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев айтқан мәлімдемеден кейін шықты. Мына нәрсені түсініп алу керек: министр діни мақсаттағы мектеп деп айтқан жоқ. Болашақта жеке мектеп ашылса да, онда діни рәсімдер орындалып, діни бағыттағы сабақтар жүргізілмейді. Сондай-ақ, мұндай мектепте де мектеп формасы сақталуы тиіс.

Оқу орталықтарын ашу үшін арнайы лицензия алу талап етілмейді. Ақтөбе қаласындағы Маресьев көшесінің бойында балаларға ментальды арифметиканы оқытуға үйрететін оқу орталығы жұмыс жасайды. Балалары орамал тағатын ата-аналар бірігіп, сол жерді мектепке айналдыру туралы ұсыныс айтып жатыр. Олар менің қабылдауымда да болды. Ата-аналарға мектеп ашуға құқықтары бар екендігін, бірақ онда балаларға мектеп бағдарламасы бойынша білім берілу керектігін, сол себепті, лицензия алу қажеттігін түсіндіріп айттым. Лицензияны облыстық білім саласындағы бақылау департаменті береді. Бұл мекеме тиісті құжаттарды тапсырып, барлық талаптарды сақтағанда ғана мектеп ашуға рұқсат береді. Рұқсат берілмесе, мектеп ашылмайды. Сондай-ақ, жұмыс жасауы да заңсыз болады.

Бауыржан Бабажанұлы:  

—  «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», тығырықтан шығатын жол қайсы?

Төлеби Оспан:

— Министр жеке мектеп ашуға рұқсат берілетіндігін айтты. Қазіргі таңда осыдан басқа баламалы шешім жоқ секілді. Дегенмен, мәселенің екінші жағы бар: жеке мектеп мәселені қалай шешеді? Жеке мектеп ашылған жағдайда мектеп-интернат болмайды. Сонда аудандардан қатынап оқитын балалар қайтпек? Ата-аналар облыс орталығына баласын әрдайым алып келіп, алып кете ала ма? Сол себепті, бұл да  мәселені түбегейлі шешеді деп дөп басып айту қиын.

 ТАЛАП КОНСТИТУЦИЯҒА ҚАЙШЫ ЕМЕСТІГІНЕ СОТ ШЕШІМДЕРІ ДӘЛЕЛ

 Бауыржан Бабажанұлы:

— Ата-аналардың мектептердің директорларын сотқа беруі, жамағаттың мектептің алдында намаз оқуы дінге сәйкес келе ме? ֫Кейбір азаматтар мектепте хиджабқа жол берілмеуін «Конституцияға қайшылық» деп жүр. Бұл туралы қандай уәж айтасыздар?

Төлеби Оспан:

— Шариғатта намаз оқу үшін жер бетінің кез келген жері таза. Дегенмен, зайырлы мемлекеттің де өз заңдары бар. Бізде Заң бойынша намаз оқуға рұқсат етілген арнайы орындар белгіленген. Ата-аналардың мектеп алдында намаз оқулары  сырт көрініске қарсылық сипатта болды. Дегенмен, ішкі ойларының қандай екенін бір Алла біледі.

Ал ата-аналардың мектеп басшыларын сотқа беруі туралы айтсақ, қорғаушылары оларды «Мектеп әкімшілігі әрекеті Конституцияға, еліміздегі заңдарға қайшы. Сол себепті, заң біз жақта» деп сендіріп отыр. Өкінішке қарай, Білім және ғылым министрлігінің мамандары кездесулерде оларға нақты жауап бергендігін көре алмадым. Әрине, баршаға бірдей топырақ шашудан аулақпын.  Мектеп әкімшілігінің мектеп формасын сақтауды заң аясында талап етуде. Осыны ата-аналар дұрыс түсіну қажет.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы өз мәлімдемесін жасады. Орамалдың балиғат жасына толған қыз балаларға парыз екені ақиқат. Бұл мәселеде діни басқарманың өз позициясы бар. Бірақ, біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, әрбір осы елдің азаматтарының алдында ҚР заңдарын, ережелерін сақтау міндеті тұрғандығын да ескеруіміз қажет.

Менің түсінігімше, қорғаушы екі жақты тең қарау керек. Ата-аналардың шағымы бойынша өткен сот процестері мектеп формасын сақтау керектігін назарға алды.  Яғни бұл министрліктің №26 бұйрығы Конституцияға, еліміздің заңдарына қайшы емес екендігін ұқтырады.

Жолдас Қалмағанбетов:

— Ата-аналардың құқықтық сауаты төмен. Сол себепті, айтылып отыр. Еліміздегі барлық құқықтық нормалар Конституциядан бастау алады. Қабылданатын кез келген заң, шығарылатын бұйрықтар Конституцияға қайшы болса, қабылданбайды. Кез келген құжат арнайы құқықтық сараптамадан өткеннен кейін қабылданады.

Ата-аналардың көпшілігінің Конституцияны оқығанына күмәнім бар. Себебі, олар: «Біздің Конституциямызда діни наным-сенім бостандығына кепілдік берілген» дейді. Конституцияда діни наным-сенім бостандығы туралы бір ауыз сөз жоқ. Ар-ождан, құқықтық бостандық туралы бар.

Айта кету керек, Конституцияға қайшы келмегендіктен де сот шешімдері мектеп директорларының пайдасына шешіліп отыр.

Ахат Мырзалин:

— Діннің жұмысы Конституцияға қайшы болмауы керек. Олар керісінше түсіндіреді ғой.

Шарипа Шәкірова:

— Облыстық білім басқармасының, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің үстінен, мысалы, Шалқардан — 5, Алғадан — 2, Ақтөбеден — 1 ата-ана сотқа талап арыз жазды да, артынан ата-аналар арыздарын қайтып алды. Мұның өзінен көп жайды түсінуге болады.

 БАЛИҒАТ НЕШЕ ЖАСТАН БАСТАЛАДЫ?

 Бауыржан Бабажанұлы:

— Орамал жалпы балиғат жасына толған қыз балаларға міндетті ғой. Солай ма?

Төлеби Оспан:

— Иә. Дінімізде балиғат жасына толмаған қыз балаларға орамал тағу міндеттелмеген. Қыз бала етеккірі келумен балиғат жасқа толған болып саналады. Біздегі проблема — балиғатқа толмаған қыздардың орамал тағуын ата-аналардың міндеттеуі. Осының салдарынан кішкентай қыздар мектеп бағдарламасынан қалып отыр.

Менің алдыма апта сайын көптеген ата-ана  келеді. Олардың түсініктері әртүрлі. Қарапайым ғана балиғат жасының өзін түсіне алмайды. «Жоқ, мен 1-сыныптан бастап қызымды мектепке орамалмен кіргізуім керек» дейді. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Мысалы, бесін намазының уақыты — 13.30. Сол себепті, оны қазір оқи алмаймыз. Неге біз бес уақыт намазды таңертең жинап бір-ақ оқи салмаймыз. Өйткені, оның уақыты бар. Сол секілді орамал тағудың да міндеттелетін уақыты бар. Осыны ата-аналар түсінсе, мектеп талабын орындамай отырған 181 оқушының саны бұдан да азая түсер еді. Бізде қазір 1-сыныптағы оқушылардың орамалын шешкізбей отырған ата-аналар бар.

Қазақ халқы қаншама қиын кезеңді бастан кешірдік. Аталарымыз жаназасын жасырын оқып, оразаны тығылып ұстаған кезді де бастан өткізді. Сондықтан мемлекеттің белгілі бір талаптарына бола «дінге қысым жасалып жатыр» деп айтуға болмайды. Осы желеумен бұқараны, жамағатты билікке қарсы қойғысы келетіндер бар. Кеше ғана Ақтөбеде 67-інші мешіт ашылды. Облыс орталығынан медресеге 5 гектар жер бөлінді. Егер діннің дамуына қойылған шектеу болса, онда 5 гектар жерді бізге неге береді? 67-інші мешітті неге рәсімдеп берді? Билік тарапынан дәстүрлі дінімізді дамыту жолында қолдау көрсетіліп жатыр.

 ОРАМАЛ ЖӘНЕ ДӘСТҮР

Бауыржан Бабажанұлы:

— Орамалдың да түрі бар. Өзім өскен ортада қыз балалар қызыл орамал,   әйелдер ақ орамал тағатын. Қазір тұтас бүркеніп алатындар көбейді? Орамал тағу әдебі туралы айтсақ.

Төлеби Оспан:

— Орамал тағу тенденциясы басталғаннан кейін әркім тапқанын тағуға әрекет жасап жатыр ғой. Көргеніне қарап, әрекет етеді.

Өткен жылы сәуір айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев имамдарды қабылдады. Елбасы өз сөзінде орамал тағуға қарсы еместігін жеткізді. Сондай-ақ, Президент «тек бетін тұмшалағандарға ғана  қарсымыз» деп ойын ашық айтты. Дегенмен, біз орамалдың қазақы үлгісін қалыптастыра алмай отырмыз. Орамал дауы көтерілгелі бері жат ағымдағы азаматтар кимешек деген атауды алға тартып жүр. Кимешекті әжелеріміз киген.

Жолдас Қалмағанбетов:

— Дінде әуретті жер деген бар. Яғни, ұятты жер деген сөз. Дегенмен, қазақ халқы шашты ұятты жерге жатқызбайды. Қыздар бұрымын өріп, шашбауын тағып, бөркін киіп жүрген. Ретімен орамал да таққан. Дегенмен, бұл жерде әңгіме бас киімдердің атауында болып тұр. Әсіресе, жат ағымда жүрген азаматтар осыны дәстүрге жақындатқысы келеді. Әуелі хиджаб деп көрді. Хиджаб деген сөзді күні кешеге дейін біздің құлағымыз естіген жоқ. Болмаған нәрсе. Төкең өте дұрыс айтады, жат ағымдағылар кимешек деп айтып жүр. Осынысымен-ақ, олар біздің дәстүрімізді білмейтіндігін көрсетуде. Сол себепті, көзіміз үйренген, құлағымызға сіңісті болған осы орамал деген атау дұрыс шығар деп ойлаймын.

Бауыржан Бабажанұлы:  

—  Бұл мәселеге зиялы қауым өкілдерін, ақсақалдарды да белсене араластыру керек деген пікір бар…

Ахат Мырзалин:

— Институт бітіргеннен кейін жыл жарымдай Тәжікстанда жұмыс жасадым. Сол кезде тәжіктің қыздары өздерінің ұлттық киімдерін киіп жүретін. Бастарында — тебетей. Бастапқыда бұл бізге біртүрлі көрінген. Артынан көзіміз үйреніп кетті. Орамал туралы айтып жатырмыз ғой. Біздің қазақтың қыздары сәукеле, тақия киген. Сол тебетейді қыздардың талғамына сай, әдемі етіп шығару керек.

Қазір қамқоршылық кеңесі, ардагер ұстаздар, теологтар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үй-үйді аралап жүреміз. Сонда қынжылатының, бір елдің азаматтарымыз, ұстанатынымыз — бір дін. Бірақ түсінік әртүрлі.

Мемлекет мектепте әр діннің өкілі әртүрлі киінгісі келсе, соның бәріне жол бере алмайды. Бұл — ақиқат нәрсе. Сол себепті, оқушылардың бәріне ортақ киім үлгісін ұсыну керек.

ЖАМАҒАТ ҚОҒАММЕН ҮЙЛЕСІМДІЛІК ТАБА БІЛУІ КЕРЕК

Бауыржан Бабажанұлы:

— Мектеп формасына қойылған талап туралы ата-аналар уәжі қандай? Жолдас Қалмағанбетов:

—  Қазіргі уақытта министрдің бұйрығы, жасалып жатқан шараның барлығы мектеп формасын сақтауға, оның ішінде орамалға қатысты болып отыр. Ата-аналардың кейбірі айтады: «Қысқа юбка киіп, омырауын ашып жүргендер бар. Соларға неге тыйым салынбайды» деп. Әрине, біз ондай оқушыларды көрген жоқпыз. Дегенмен, мектеп әкімшілігі алтын тағып, қысқа киім киген оқушыларға да шара қолданып, олардың ата-аналарына да айыппұл салуы керек. Сол кезде жамағат бұл тек орамалға қатысты талап емес екенін түсінеді. Юбканың ұзындық өлшемі жалпы ата-аналар жиынында бекітілді ме, сол мөлшерден қысқарса, ол балалардың да білім алуы шектелуі тиіс, айыппұл салу керек. Әйтпесе, бүгінде күллі қоғам орамалға қарсы шыққан сияқты болып отырмыз.

Төлеби Оспан:

— Дұрыс айтасыз. Қысқа киім киген, алтын тағынған қыздар болса, ондай оқушыларды сабақтан шығарып жіберу секілді шара қолданған дұрыс болар еді.

Жамағат «Менікі ғана дұрыс, басқа жұрт адасып жүр. Сондықтан мен позициямда нық тұруым керек» деген түсініктен арылу керек. Ата-бабаларымыз мұсылманшылықтың барлығын дәстүрмен сабақтастыра білді. Мәселен, келіншектің сәлем салуы, беташар жасауы, баланы сүндетке отырғызу. Бұл жерде біздің ата-бабаларымыз сол қоғамның ішінен жол тауып, дінді ұстанды. Мұсылман жамағатының қоғаммен үйлесімділік таба алмауы бізді қынжылтып отыр.

Осман империясы 6 ғасыр салтанат құрды. Ататүрік: «түріктендіремін» деп азандағы «Аллаһу акбар» сөзін «Алла ұлы дүр» деп айтқызды. Осман империясының ұстанымы қандай болғанын жақсы білеміз. Таза исламдық форматта болды. Ататүрік соны өзгерткісі келді. Дегенмен, сол кезде түріктер отқа қарай ұмтылған жоқ. Діндарлары сол қоғамға бейімделе білді. Министрліктің деңгейіндегі Дианет істер басқармасын құрды. Бұны түрікке еліктеу үшін емес, мысал ретінде айтып отырмын. Біріміз ойға, екіншіміз қырға қарай кетсек, Мемлекет басшысының саясатының аясында топтаса алмаймыз. Мемлекетімізді жоғалтып аламыз. Сол себепті, қоғамнан бөлінбеу қажет.

  Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button