Тазалық күнінен тысқары қалмаңыз!
Акция
Әлем бойынша қыркүйектің үшінші сенбісі тазалық күні ретінде аталып өтеді. Соңғы жылдары атаулы күнге қазақстандықтар да белсенді атсалысып, жер-жерде санитарлық тазалық акцияларын ұйымдастырып жүр.
Дүниежүзілік тазалық күнінде, аты айтып тұрғандай, сенбіліктер ұйымдастырылып, эковолонтерлер айналаны күл-қоқыстан тазартады.
— Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен биыл да бұл күн атаусыз қалмайды. Біздің елімізден бөлек, дүниежүзілік акцияға 150-ден астам мемлекет қатысады деп күтілуде.
Осы жылы біздің департамент 21 қыркүйек күні сағат 09.00-де Алматы ауданындағы Елек пен Қарғалы өзендерінің тоғысқан жерінде,Нокин көшесіндегі «Ярмарка» автокөлік дүкеніне қарама-қарсы аумақтасенбілік өткізуді жоспарлап отыр. Акцияға мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындардың өкілдері мен еріктілер қатысады.
Мұндағы мақсат —табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жалпы айналаны тазарту, — дейді Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадин.
Аталған мекеменің бас маманы-мемлекеттік экологиялық инспектор Гүлжайнар Әбдірахманованың айтуынша, бұл — бірреттік акция емес. Қыс мезгілі түскенше осындай шаралар жалғаса береді.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.