Жұмыстың жаманы жоқ…
«…Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз…».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.
Елімізде жұмысшы мамандықтардың маңызы арта түспек. Президентіміз биылғы дәстүрлі Жолдауында: «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал», — дейді. Онсыз да бүгінде сұранысы жоғары мамандық саналатын бұл саладағылар қандай құрметке де лайық.
Қырық колледждің үлесі
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің де білікті кадрлар даярлауы қажет екені айтылды. Сондықтан ел Үкіметі колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Президенттің айтуынша, кәсіптік білім беру саласына реформа жасау — айрықша өзекті мәселе. Бұл — экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін аса қажет қадам.
Мемлекет басшысының өткен тапсырмасына байланысты аймақта бұл бағытта нақты іс-шаралар қолға алынды. Соның бірі — қазір облыста жұмысшы мамандықтардың жаңа картасы әзірленіп жатыр.
Өткен аптада облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен техникалық және кәсіптік білім беру мәселелері бойынша өткен аппарат отырысында тақырыпқа байланысты біраз мәселе айтылып, талқыланды. Ең бастысы — Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан жұмысшы кадрларын даярлау, жаңа педагогикалық технологиялар мен сұранысқа ие дағдыларды оқыту, колледждердің материалдық-техникалық базасын дамыту, колледж түлектерін жұмысқа орналастыру және басқа да маңызды мәселелер жан-жақты көтерілді.
Ресми мәлеметтерде қазір аймақта техникалық кадрларды даярлау 40 колледж базасында жүзеге асырылады, оның 24-і — мемлекеттік. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 19202 жас білім алім алып жатыр. Облыс бойынша колледж оқушыларының жалпы саны — 29 425. Кадрлар 94 мамандық және 139 біліктілік бойынша даярланады. Облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, бүгінде машина жасау, өңдеу және құрылыс салалары сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша — 3335 адам, білім беру саласында — 1020, қызмет көрсету саласында — 856, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыруда — 805, IT-технологияда 577 адам білім алып жатыр.
12 мамандықтың иелері
Бауыржан КЕЛАМАНОВ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті техникалық факультетінің деканы:
— Президент дәстүрлі Жолдауында келер жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы — біз үшін үлкен қуаныш. Себебі техникалық мамандықтарды әрі қарай дамыту, колледждермен немесе өндірістік орталықтармен тығыз байланыста жұмыс істеу қазір қажет болып тұр. Қазір университеттің техникалық факультетінде студенттер 12 мамандық бойынша білім алады. Соның көбіосы жұмысшы мамандықтармен тікелей байланысты. Бұған дейін де бізде жұмысшы мамандықтарға басымдық беру мәселесінде алғышарттар, жұмыстар жүргізіліп жатқан болатын. Жолдаудағы нақты міндет бізге әрмен қарай өндірістермен, колледждермен байланыстарымызға үлкен әсер, импульс береді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек дегенді айтып: «Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат — Адал еңбек — Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз», — деді.
Жалпы осындай салада білімді жастарымыз көп болған сайын, біз әрі қарай министрлік ұсынған гранттармен қаржыландырылып, түрлі конкурстарға қатыса отырып, жас ғалымдарымыз бен жас мамандарымызды белгілі бір салалар арқылы дамыта аламыз.
Түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші — 85 пайыз
Бауыржан Келамановтың айтуынша, қазір аталған оқу орнының техникалық факультетінде 1950 студент білім алып жатыр. Биыл бірінші курсқа 370 студент қабылданған.
— Біз жергілікті өндірістік кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Атап айтсақ, Дөң тау-кен байыту комбинаты, Ақтөбе мыс компаниясы сияқты кәсіпорындармен оқу орны арасында 10-15 жылға келісімшарт жасалды. Мұндағы мақсат — студенттерімізді төрт курс бойы осындай кәсіпорындарда тәжірибеден өткізу. Ең бастысы — түлектер өз мамандықтары бойынша бұл компанияларға тұрақты жұмысқа тұруына мүмкіндік бар. Бүгінде металлургия, тау-кен мамандықтары бойынша техникалық факультет түлектерінің жұмыспен қамтылу көрсеткіші — 85 пайыз, — дейді ол.
Оның айтуынша, техникалық факультеттің мұнай-газ, құрылыс саласында оқып жатқан студенттерге, түлектерге де жағдай жасалған. Мұнда студенттер арадағы екіжақты келісімнің арқасында «ҚазақОйл» сияқты аумақтағы өзге де мұнай-газ өндіретін кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтеді.
— Ақтөбеде шағын құрылыс компаниялары көп қой. Бізде жақсы оқып, өзін көрсете білген түлектер осындай компанияларға жұмысқа қабылданады, — деген Бауыржан Келаманов университетте 2018 жылдан бері металлургия, тау-кен ісі, мұнай-газ және транспорт мамандықтары бойынша магистратура бағдарламасы бойынша оқуға түсуге мүмкіндік бар. Ал 2025 жылдан бастап аталған факультетте металлургия мамандығы бойынша докторантура білім беру бағдарламасын ашу жоспарланып отыр.
Краудсорсинг жобасы және форсайт сессиялар
Жайық Сұлтанның айтуынша, аймақтаауыл жастарын жұмысшы мамандықтарға үйрету үшін үш колледж жанынан мобильді оқу орталығы құрылған. «Колледж — жаңа мүмкіндіктер өрісі» өңірлік краудсорсинг жобасы аясында оқушылардың ішкі академиялық ұтқырлығы енгізілуде. Аталған жоба Ақтөбе сервис колледжі мен Қобда көпсалалы колледжі арасында жүзеге асырылып жатыр.
Өңірде сұранысқа ие кадрларды анықтау үшін кәсіпорын, мекеме басшыларының қатысуымен форсайт сессиялары да өткізіледі. Бұл — белгілі бір адамдар тобының өздері қалаған болашағы туралы келіссөздер жүргізуді үйренетін технология.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде колледждер базасында жұмыс берушілердің өтініші бойынша жұмыссыздарды сұранысқа ие мамандықтарға оқыту үшін қысқа мерзімді курстар да ұйымдастырылған. Биыл 5 колледж бен 12 оқу орталығында 20 мамандық бойынша 813 жұмыссыз азамат білім алып жатыр.
Мақсат — сенім үдесінен шығу
Хромтау тау-кен техникалық колледжінің директоры Бағдашжан Молдашеваның айтуынша, оқу орнын 45 жылдық тарихында 7 мыңға жуық жұмысшы және орта буын маманы тәмамдаған. Олар шахталар мен фабрикаларда кенші, техник, тау-кен жұмысшысы, дәнекерлеуші, электрик, кен байытушы болып жұмыс істейді, еңбекақылары да жақсы.
— Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының болашақ бағыттарын айқындайтын маңызды бағдарлама ретінде қабылдадым. Бұл құжаттың оқу, білім саласына қатысты тұстарына тоқталар болсам, Қасым-Жомарт Кемелұлы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажеттігін ерекше атап өтті. Ең бастысы — келер жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады.Мұны елімізде, соның ішінде біздің өңіріміздегі өндірістік кәсіпорындар үшін де қажетті мамандарды даярлайтын тау-кен техникалық оқу орнының басшысы ретінде бізге көрсетілген үлкен сенім деп санаймыз.Жұмысшы мамандықтарды насихаттау арқылы қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилікті дамыту аса қажет, — дейді Бағдашжан Молдашева.
Электриктер және әлем кәсіпорындары
Бағдашжан Молдашеваның айтуынша, қазір колледжде 1000-ға жуық оқушы бар. Олар, негізінен, еліміздің батыс өңірінің тұрғындары. Астана мен Тараздан және басқа да қалалардан келіп оқып жатқан оқушылар да бар. Ол оқу орнында жыл сайын білім алушылар қатарының артуы тау-кен кәсіпорындарының, оның ішінде қиыршықтас шығаратын зауыттардың ашылуымен байланысты дейді. Колледжде кадр даярлаудың екі деңгейлі жүйесі енгізілген. Мұнда бірнеше біліктілігі бар жалпы мамандар даярланады. Сондықтан мұндай кадрлар сұранысқа ие. Мәселен, байытқыш маманы 9 біліктілікке дейін білім алып шығады. Сондықтан ол әртүрлі профильдегі кәсіпорындарда жұмыс істей алады.
— Біліктілік неғұрлым көп болса, түлектің жұмыс табу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Алайда маманның алған біліктілігі қазіргі заманғы кәсіпорындарға қажетті біліктілікке сәйкес болуы керек. Сондықтан да оқу орны 11 мамандық бойынша аккредитациядан өтті, оның бірі — электрик мамандығы. Біз бұл мамандық бойынша халықаралық аккредитациядан өтуді аяқтап қалдық. Осының нәтижесінде колледж емтихан тапсыруға және халықаралық сертификат беруге құқылы болады. Яғни біздің түлектерімізүшін әлемнің кез келген жеріндегі кәсіпорындарда жұмыс істеуге жол ашылады. Алдағы уақытта мұндай мамандықтар қатары көбейетін болады, — деді Бағдашжан Молдашева.
Арайлым НҰРБАЕВА.