Он ветеринарлық пункт салынады
Ветеринария
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай мәлімдеді.
Брифингте аталған басқарманың биылғы 8 айда атқарған жұмыстарының қорытындысын баяндады. Айбек Сембайдың айтуынша, жыл басынан бері 17 аса қауіпті ауруға қарсы жануарлар мен құстарды вакциналау жоспары толығымен орындалып, 9 млн 652 мың теңгеге вакцинация манипуляциясы жүргізілген. Сонымен қатар жыл басынан бері 526 581 ірі қара тексерілген, жұқтыру деңгейі — 0,5 пайыз. Ауру жұқтырған мал санитарлық союға жіберілген. Бруцеллез анықталған аймақтарда 59 мыңшаршы метр аумаққа дезинфекция жұмыстары жүргізілді.
— Биыл облыс аумағында 8 аса қауіпті ауру ошағы тіркелді. Оның екеуі — пастереллез, төртеуі — құтыру және екеуі — қарасан. Бруцеллез бойынша аурудың 5 ошағы тіркелді. Малдағы мұндай аурудың 3 ошағы — Байғанин ауданында тіркелсе, қалғандары Мәртөк пен Әйтеке би аудандарынан шықты. Қазіргі таңда 2 ошақта сауықтыру шаралары жүргізіліп жатыр,— деді басқарма басшысы.
Облыс бойынша ауылдық округ орталығына салу жоспарланған 45 модульдік ветеринарлық пунктке жергілікті әкімдіктер тарапынан жер бөлу жұмыстары жүргізілген.
— Қазіргі таңда Ырғыз ауданының Қызылжар ауылында, Мәртөк ауданының Жайсаң, Байторысай, Ойылдың Көптоғай, Саралжын ауылдық округтерінде ветеринарлық пункттер ашылды. Биыл облыс аумағында 10 ветеринарлық пункт салуды жоспарлап отырмыз, — деді Айбек Сембай.
Бұдан бөлек осы жылы салынатын 14 типтік мал қорымының төртеуінежобалық-сметалық құжаттар жасау үшін қаржы бөлінген.
Арайлым НҰРБАЕВА.