Отбасы — бақыт мекені
Аналар кеңесі
Ақтөбеде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан аналар кеңесінің құрылғанына 10 жыл толуына орай «Отбасы — бақыт мекені» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Жиынға облыстық, аудандық аналар кеңестерінің жетекшілері, республикалық «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» жобасының аясында түрлі номинациялар бойынша марапатқа ие болған аналар, этномәдени бірлестіктердіңмүшелері, БАҚ өкілдері, т.б. қатысты.
Облыстық аналар кеңесінің төрағасы Рауза Серғалиева өзінің баяндамасында қазір біздің өңірде, яғни қалалар, аудан орталықтары мен ауылдарда 175 аналар кеңесі бар екенін айтты. Оларға мүше ақ жаулықты аналар ұлттық және отбасы құндылықтарын насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, көмекке зәру отбасылар мен әйелдерге қамқорлық жасау, басқа да бағыттарда күш біріктіріп, бірге жұмыс істейді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл — ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам» — деп, бес кеселмен ел болып күресу керектігін айтқан еді. Қазір аналар кеңестерінің мүшелері нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг сынды кеселдерге тосқауыл қою мақсатында ұрпақ тәрбиесіне бағытталған жұмыстарғабелсенді қатысып жүр, — деп атап өтті Рауза Серғалиева.
Шалқар аудандық аналар кеңесінің төрағасы Маржангүл Бекетованың айтуынша, кеңес мүшелеріне қыз-келіншектер ғана емес, ер-азаматтар да ақыл-кеңес, қолдау, көмек сұрап келеді екен. Аудандық кеңес мүшелерінің белсенділігінің арқасында өткен 8 айда әлеуметтік көмекке зәру отбасыларға 3,5 миллион теңге көлемінде жәрдем де ұйымдастырылған.
Жиында сондай-ақ облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Арыстанбек Төлеуов, «Родина KZ» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Наталья Штемпель, т.б. сөз сөйлеп, бүгінгі қоғамдағы әйел-аналардың рөлі, отбасы құндылықтарын насихаттауға қосып жүрген үлесі жөнінде ой-пікірлерін жеткізді.
Жиында бірқатар аналарға адамгершілік және патриоттық тәрбие беруде ата-аналардың рөлін арттыру мақсатында жарияланған республикалық «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» жобасының аясында түрліноминациялар бойынша марапаттар тапсырылды.
«Алтын шаңырақ» номинациясы бойынша марапатталған Асылбаевтар әулетінің отанасы Ажархан Нарынбаева — ондаған жылдар бойы шәкірт тәрбиелеген ұстаз, Ойыл ауданы Көптоғай ауылының тұрғыны.
— Жолдасым — математика пәнінің, ал өзім бастауыш сыныпмұғалімімін. Шаңырақ көтергенімізге 52 жыл болды. 4 баламыз да біздің жолымызды қуып, мұғалім мамандығын алды. Бүгінде 16 немере, 8 шөбере сүйдік. Жастарға айтарым, отбасы бақыты ең алдымен жауапкершіліктен басталады. Жауапкершілік мықты болса, отбасы да берік болады, — дейді ол.
Ақтөбелік аналар сонымен қатар«Күміс кереге», «Жұлдызды ана», «Парасатты келін», «Интернационал отбасы» сынды номинациялар бойынша да марапатталды.
Айна САРЫБАЙ.