Басты жаңалықтарМәдениет

Ақтөбеліктердің Астананың тойына дайындаған тартуы көп

Маржан ҚОРҒАНБАЕВА,

облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

Ақтөбеліктердің Астананың тойына дайындаған тартуы көп

Биыл шілде айында 20 жылдығын атап өткелі отырған Астана қаласының тойы — республикалық деңгейдегі мереке. Бұл датаға еліміздің орталық қалалары ғана емес, барлық облыстар да атсалысқалы отыр. Осы орайда жалпыұлттық думанға Ақтөбенің дайындығын білмек болып, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаевамен сұхбаттасқан едік.

 

 — Астана қаласының 20 жылдығына Ақтөбенің дайындығы қандай? Әңгімемізді осыдан бастасақ…

— Мемлекетіміздің бас қаласы — Астананың 20 жылдығы барлық қазақстандықтар үшін ортақ мереке, ауқымды оқиға. Сол себепті елорданың мерейтойын мерекелеуде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы 27 қыркүйектегі №188 «Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу туралы» өкімін басшылыққа ала отырып, бірқатар маңызды мәдени шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз.

Астананың мерейтойын мерекелеу былтыр 10  желтоқсанда қаламыздағы ірі рухани орда — Өнер орталығында бастау алған болатын. Сол күні орталықта «Елімнің жүрегі — Астана» деген атаумен жастар форумы өтіп, еліміздің ертеңі саналатын бозбала-бойжеткендер Астанаға деген ыстық ықыласын әсем ән, әдемі жыр, мың бұралған билері арқылы жеткізді. Форумда өнер көрсеткен «МузАрт» тобының екі күндік концерті де Астананың мерейтойына орайластырылды.

Ал биылғы шараларға келсек, халықаралық, республикалық деңгейдегі Нұрсұлу Тапалова атындағы би ұжымдары, «Ел есінде — екі алып» атты драмалық шығармалар, көркемсөз оқу шеберлерінің байқаулары, «Plain Air» көркемсурет симпозиумы, «Өнерім — өрісім» атты отбасылық ансамбльдер фестивалі секілді шаралар Астананың 20 жылдық мерейтойына арналмақ. Бұдан бөлек, Ақтөбедегі аудандар күндері, «Жұбановтар әлемі» халықаралық ұлт аспаптар оркестрлерінің және хор ұжымдарының, «Жібек жолы» республикалық эстрадалық әншілер байқаулары, «Ән-ғұмыр» ретро әндердің республикалық фестивалі, тағы да басқа шаралар ақтөбеліктердің елорданың «туған күнін» лайықты деңгейде қарсы алуы үшін ұйымдастырылады.

— Елорданың «туған күні» бізде де жыл сайын атап өтілетіні баршаға мәлім. Өзіңіздің есіңізде мерекелік шаралардың қайсысы қалды?

— Мен мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келемін ғой. Бір айтарым, Астана қаласы елорда болғалы ақтөбеліктер жыл сайын осы мерекеге арналған сан алуан шараларды өткізіп жүр. Атап айтқанда, Астана күніне орай  «Астана — елдің алтын шаңырағы», «Алаштың ақ ордасы — Астана», «Астана — байтақ елдің жүрегі» тақырыптары бойынша жастардың қатысуымен өтетін флешмобтар, кәсіби әртістердің мерекелік концерттері, кітап көрмелері мен экскурсиялар тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Соның ішінде өткен жылы «ЭКСПО-2017» көрмесі мен Астана күніне арнап өткізілген «Ақтөбе өңірінің жауһарлары», «Ақтөбе мануфактуралары» көрмелері, этноауылдағы дәстүрлі әншілердің, қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің, фольклорлық ансамбльдердің концерттік бағдарламасы ерекше есімде қалыпты.

— Маржан Нағашыбекқызы, тек қала емес, облыс көлемінде өтетін жалпыхалықтық деңгейдегі шараларға тоқталсаңыз. Ауыл-аудандардағы мәдениет мекемелерінің әзірлігі туралы…

— Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясындағы барлық шаралар Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мен «Қазақстан — 2050» Стратегиясындағы міндеттерді орындау мақсатында өтеді.

Аудандық, ауылдық мәдениет мекемелерінде де осы маңызды оқиға өз деңгейінде атап өтілетін болады. Мәселен, Ырғыз ауданында  «Жарқыра, жайна, Астана!» көркемсөз оқу сайысы, Қобда ауданында «Еуразия жүрегінде» атты жастар күндері, «Көркейе бер, Астана!» облыстық патриоттық әндер байқауы, Темір ауданында «Астана — арман қала!» атты мерекелік концерт, «Астана сазы» атты музыкалық фестиваль өтеді. Мерейтойлық шаралар қатарында Мұғалжардағы «Екі жұлдыз», Мәртөктегі видеожүйедегі бата беру, «Жас дәурен – 2018» жастар шығармашылығы, Алғадағы «Ауыл әуендері» аудандық көркемөнерпаздар, Әбубәкір Кердері шығармашылығына арналған облыстық термешілер байқаулары да бар.

Сондай-ақ, елді мекендерде Астананың мерейтойы аясында мәдениет мекемелері мен ұйымдарында «Астана – елімнің жүрегі», «Астана — шапағаттың шуағындай», «Астана — айбынды ақ ордам» атты тақырыптық онкүндіктер мен акциялар, салтанатты шаралар мен концерттер, жас  суретшілер байқаулары, музейлер мен кітапханаларда тақырыптық кештер мен көрмелер, түрлі танымдық сағаттар өтпек.

— Қазіргі таңда бірнеше мәдениет нысандарының салынып жатқанын білеміз. Бұл ғимараттардың қайсысы Астана күнінде пайдалануға берілмек?

— Иә, биыл өңірде мәдениет саласы бойынша бірнеше нысан тапсырылмақ. Айталық, облыстық бюджет есебінен 4 ауылдық клуб, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Аналарға тағзым» орталығы, ал «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Ойыл және Әйтеке би аудандарында клуб салынады деп жоспарланып отыр. Астананың «туған күнінде» де бұл жағынан жылдағыдай жақсы жаңалықтар болатыны сөзсіз. Әйткенмен, бұны әзірге құпия болсын…

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Ал 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

— Астана күнін  тойлау аясында аймақтардағы мерекелік бағдарламаларда биыл жаңашылдық бар екен…

— Шынымен де, осы жылы елордалық өнер ұжымдарының өзі бізге келетін болды. Яғни жылдағыдай Астана төрінде өңірлердің күндері ұйымдастырылып, жер-жердегілер алысқа сабылмайды. Мерекелік думан, концерттік бағдарламаны ұсыну үшін бас қаладағы белгілі шығармашылық ұжымдары гастрольдік сапармен осында келмек. Биылғы Астана күнін тойлаудағы басты ерекшелік — осы. Бұл орталық қалаларға баруға мүмкіндігі жоқ, бірақ танымал әртістердің өнерін тамашалаймын деген жергілікті жердегі көрермендерге де үлкен қуаныш екені сөзсіз.

— Жалпы, ақтөбелік өнерпаздар Астанаға арнап қанша мәдени-көпшілік шара өткізбек?

— Жоғарыда атап өткенімдей, Астананың 20 жылдығына ақтөбелік өнерпаздар ерекше театрландырылған қойылымдар мен  жаңартылған  репертуарларын,  шалғай елді мекендерден шыққан жас таланттардың орындауындағы композициялар мен билерді ұсынып, ауқымды гала-концертті тарту еткелі отыр. Бәрін қоса есептегенде, бұл айтулы датаға орай өңірде 500-ге жуық шара өтеді деп жоспарланған.

 АСТАНА — АҚТӨБЕЛІКТІҢ КӨЗІМЕН

Тұрар Ұзақбаев,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы, дизайнер-суретші:

— Астана қаласына мен алғаш рет 2007 жылы бардым. Ондағы мақсатым — Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген суретшілермен бас қосу, артынша халықаралық байқауға дайындық жұмыстарын жүргізу еді. Бізді елордаға сондағы әкімдік қызметкерлері жинады. Сөйтіп, көп ұзамай бәріміз Чехия еліне аттанып, байқауда бір топ қазақ суретшісі дипломант атандық. Сол байқаудың арқасында алғаш рет Астананы көргенім бар.

Еліміздің бас қаласы туралы әсерімді, әрине, сөзбен жеткізу мүмкін емес. Зәулім ғимараттар алыстан көз тартады, әрқайсысы өзінше ерекше. Өзім дизайнер болғандықтан, маған сондағы үйлердің сәулеті қатты ұнады. Қоңыр, біртекті үйлер атымен жоқ. Әрқайсысы — бір әлем (күліп). Яғни басқа қаладан келсең де, бұл жақта адасып кетуің екіталай. Хай-тек стилінде салынған үйлер, қай заманда болсын, сәннен қалмайтыны тағы бар.

Сосын жұмыс бабымен 2016 жылы екінші рет жолым түсті. Бір байқағаным, мен болмаған 9 жылда Астана адам танымастай өзгерген екен. Іштей «бұл — болашақтың қаласы» деген ойдың келгені де рас. Әрі жастар шоғырланған шаһардың тынысы да мүлде өзгеше, мұндағылар түнде де ұйықтамайтындай көрінді.

Тұрғындарға жасалған жағдайды да айтпай кетуге болмайды. Көлік қоятын тұрақтары кең, кез келген ғимараттың жанында аялдап, тынығатын жер қарастырылған. Бұл мемлекеттің басты байлығы — адамдардың сұранысы ескеріледі дегенді білдірсе керек. Шыны керек, өзім осы тұсына қатты қызықтым…

Бір қызығы, өзім қанша жылдан бері бейнелеу өнерімен айналысып, көрмелерімді өткізсем де, Астананың көріністерін қағазға түсірмеппін. Әзірге елордаға арналған бірде-бір картинам жоқ. Бұйыртса, биыл Астананың 20 жылдығына орай «Хан шатыр» кешені мен «Бәйтерек» монументінің маңындағы үйлерді салып, сол олқылықтың орнын толтырсам деймін.

Сөз соңында газет арқылы елорданы 20 жылдығымен құттықтап, барша оқырмандарға амандық тілегім келеді. Астанамыз жасай берсін!

 

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button