Мәдениет

Мирас пен Құралай БЕКЖАНОВТАР: Ақтөбенің ауасын да аңсаймыз…

Өмір мен өнерде қол ұстасқан жұп Мирас пен Құралай Бекжановтарды ақтөбеліктерге таныстырудың өзі артық. Біздің өңірден шыққан әншілер осыдан біраз жыл бұрын өнер ордасы — Алматыға қоныс аударса да туған өлкесін ұмытқан жоқ. Қос аққудай жарасқан ерлі-зайыптылар гастрольдік сапармен елге жиі келіп тұрады. Жұлдызды жұпты жақында Өнер орталығында ұйымдастырылған «Қос жүректің лүпілі» атты концерттен соң әңгімеге тартып, шығармашылық, отбасы, арман-мақсаттар, т.б. турасында сыр суыртпақтаған едік.

 — Өздеріңізбен «Қос жүректің лүпілі» атты концертте жүздесудің сәті түсіп тұр. Мұндай жобалар халыққа не береді деп ойлайсыздар?

Мирас:

— Бұл алдымен идеология ғой. Әсіресе, жастарға, соның ішінде енді шаңырақ көтерген қыз-жігіттерге бұның берері көп. Ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсініп, жұп болып, мейлінше бірге жүргеніне не жетсін?! Біз осы ой-тілегімізді сахнада әніміз арқылы жеткізуге тырысамыз. Осы концерттің басы-қасында жүрген «Ару-ана» продюсерлік орталығының жетекшісі Сара Шаяхметқызының да көздегені — сол. Бұған дейін Астана, Алматы сияқты орталық қалаларда ұйымдастырылып жүрген әдемі кеш тұңғыш рет аймақтарға жол тартты. Бұның өзіндік себебі де бар. Біріншіден, халықтың сұранысына қарай осындай шешім қабылданды.  Сосын Ақтөбе қаласына өмір мен өнердегі достарымыз  Қанат-Светлана Айтбаевтардың ата-анасының «алтын тойына» әріптестері болып құттықтап келіп, «бір оқпен екі қоянды атуды» мақсат тұттық. Өз арамызда аталған бастама көтерілгенде, бірден қуана келісіп, қолдай кеттік. Бір жағынан, бұл өзгелерге де үлгі ғой…

— Жақында өнер ордасы — Алматыда тұңғыш есеп беру кештеріңіздің өткенінен хабардармыз. Құтты болсын!

Мирас:

— Рахмет! Алғашқы концертіміз болғандықтан ба, басында «қалай болар екен?» деп қобалжып, аздап жүрексіндік. Әйткенмен, «көз — қорқақ, қол — батыр» демекші, істі бастаса, оны әрі қарай алып кету соншалықты қиын емес екен. Жанды дауыста, үлкен оркестрдің сүйемделдеуімен есеп беру кешімізді абыроймен атқарып шықтық. Иығымыздан үлкен жүк түскендей болып, марқайып, қандай сезімге бөленгенімізді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Көрермен қауым да ризашылығын білдіріп жатыр.

Бұйыртса, желтоқсан айында өткен сол концертімізді енді Елордада ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда соның жұмыстарымен шапқылап жүрміз… Сондай-ақ, жуырда «Ескірмеген махаббат» әніне бейнеклип түсіру ойда бар.

Қарап отырсам, бүгінге дейін екі әнжинағымызды шығарып  үлгеріппіз. Қаншама әндеріміз бен бейнебаяндарымыз бар… Шүкір, еңбегіміз еш кеткен жоқ, халықтың ықыласы қашанда сүйсіндіреді.

— Сөздеріңіз аузыңызда, әндерді таңдау жөнінде кеңірек айтып берсеңіздер. Туындыларды өздеріңіз іздейсіздер ме, әлде?..

Құралай: — Әр кезде әр қалай. Кейде композиторлардан өзіміз сұрап аламыз. Негізінен, көбінесе бізге авторлар хабарласып, «мына әнді тыңдап көресіз бе?» деп қолқа салып жатады. Жарылқасын Дәулетов, Бауыржан Есебаев, Мақсат Жәутіков есімді азаматтармен шығармашылық байланыстамыз.

— Ал оларды алу жағы қалай? Композиторлардың өздері ұсынған соң, сыйға тартатын шығар… 

Мирас: — Жасырмаймыз, көбісін тегін беріп жатады. Анда-санда кейбір әндерді аттай қалап, сатып алатынымыз да бар. Бәрі де жағдайға байланысты ғой. Бір анығы, ән авторларының еңбегін ескерусіз қалдырмауға тырысамыз.

— Осы ретте үлкен концерттерге шығу үшін әншілер ұйымдастырушыларға қыруар қаражат төлейді дегенді естіп жатамыз. Шыныңызды айтыңызшы, сол рас па?

Мирас: — Басқалар үшін жауап бергеніміз әбестік болар, жеке өзімізге келсек, концерттерге шығу үшін бүгінге дейін бір тиын да төлеген жоқпыз. Алғашында ірі кештерде өнер көрсету жағынан өнердегі ағамыз Бағлан Омаровтың көмегі тиді. Кейіннен бұл істің басы-қасында жүргендермен танысып-біліскен соң, бұл жағынан тіптен қиындық болмады. Біз болсақ, шақырған концерттерден қалмауға талпынамыз.

— Шығармашылық әлемінде жүрген жұлдызды жұптардан басты ерекшелігіміз деп нені айтар едіңіздер?

Құралай: — Мақтанды демеңіздер, біздің өзгелерден ерекшелігіміз жетіп артылады. Аллаға шүкір, шаңырақ көтергелі ата-енемізбен бірге тұрып келе жатырмыз. Бұл бүгінде өнер адамдары түгілі, қарапайым отбасыларда да сирек кездесетін жағдай екені жасырын емес. Екіншіден, Мирас екеуміз музыканың қос бірдей жанрында — классика мен эстрадада ән саламыз. Мұндай әріптестеріміз де саусақпен санарлық. Ең бастысы, біз көп балалы отбасылардың біріміз. Біздің ұлы бақытымыз — осы (жылы жымиып).

— Ал үйде де, түзде де бірге жүргеннің қызығы мен шыжығы неде екен?

Мирас: — Шаңырақ көтергенімізге 20 жылға жуықтапты. Осы уақыттың ішінде көзіміздің жеткені, өмір мен өнерде қол ұстасып жүргеннің қиындығынан қызығы басым. Өзімізге ұнайды. Қашан да біргеміз, әрі бір-бірімізге сыншымыз. Қай уақытта болсын, пікірімізді ашық айта береміз. Сондықтан зиянынан пайдасы мол деп ауыз толтырып айта аламын.

— Бірыңғай шығармашылықпен ғана айналыспай, ұстаздыққа да ден қойыпсыз…

Құралай: — Иә, Мирас 7-8 жылдан бері Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында сабақ береді. Мақсатымыз — өзімізден кейін өсіп келе жатқан қыз-жігіттерге білгенімізді үйрету, шәкірт тәрбиелеу. Бұл енді мемлекеттік жұмыс.

Сонымен қатар, өзіміздің атымыздағы өнер студиямыз бар. Алматы, Ақтөбе және Семей қалаларында жұмыс істейді. Мен, көбіне-көп соның шаруаларымен айналысамын.

— Сахнадағы бірқатар әріптестеріңіздің кәсіпкерлікпен және айналысатынын естіп-көріп жүрміз. Сіздер ше?

Мирас: — Бізде де бар. Әлгінде айтқан өнер студиямыз да кәсіптің бір түрі ғой. Мұнымен бірге, Алматыда жеке сән үйіміз жақында ғана қызметіне кірісті. Ол жақта қыз-келіншектерге тапсырыспен түрлі киімдер тігіледі. Одан бөлек, қоғамдық моншамыз да бар. Бұның бәрі екеуміздің жастайымыздан тірнектеп жинаған ақшамызға ашылған бизнестер ғой…

— Бүгінде 4 баланың ата-анасы атанып отырсыздар. Олардың өскенде кім болғанын қалайсыздар?

Мирас: — Тек әнші емес (күліп). Төртеуінің де өнерге жақындығы болса да жолымызды қуғанына қарсымыз. Іңкәр мен Кәмшат есімді қызғалдақтарымыз бен Арыстанбек атты ұлымыз да соны біліп, бірі дәрігер, екіншісі бастық боламын деп жүр (жылы жымиып). Кенжеміз, әзірге кішкентай ғой.

— Оңтүстік астанаға көшіп кеткендеріңізге де он жылға жуықтады. Туып-өскен жеріңізді сағынасыздар ма?

Құралай: — Оған сөз бар ма? Мен осы жердің (Ақтөбені айтады – А.С.) қызы болмасам да, келін боп түскен жерім өзіме ыстық қой! Оның үстіне, осында біршама жыл тұрдық. Осы қалада тұратын достарымыздың да қарасы қалың. Жасыратын несі бар, алматылық атанғанымызға бірталай жыл болса да, Ақтөбе десе кәдімгідей елеңдеп тұрамыз. Басқасын айтпағанның өзінде, бұл жақтың ауасына дейін сағынамыз. Сол мауқымызды басу үшін Ақтөбемізге жиі келіп тұрамыз.

— Әңгімелеріңізге рахмет!

  Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button