Мәдениет

Әлім Алмат

Бүкіл саналы ғұмыры шет жерде өткенмен, туған елін ешқашан естен шығармаған, туған елінің өркендеуіне әрдайым тілекші болған азамат, қазақтың алғашқы скрипкашысы Әлім Алмат 2018 жылдың 1 ақпанында Стамбул қаласында көз жұмды. Ол 101 жасында дүниеден озды.

Әлім Алмат (Ғалымжан Әбсалямов) 1917 жылғы сәуірде шежірелі Ырғыз топырағында дүниеге келген. Ол — атақты Сардар Алмат Тобабергенұлының шөбересі, жастық шағы атасы Төремұрат Алматұлының жайлауында, қазіргі Әйтеке би ауданының Аққұм ауылында өткен.

1930-жылдары Өзбекстан Халық комиссары Темірбек Жүргеновтың көмегімен Ташкенттегі музыка мектебінде оқиды. Кейін Т.Жүргенов Өзбекстаннан Қазақстанға қызметке ауысқанда, бірге келіп, Алматы қаласындағы музыка мектебінің скрипка бөлімінде оқуын жалғастырған. Осы мектепті бітірген. 1936 жылы А.Жұбановтың ұйымдастыруымен құрылған Қазақ ұлт аспаптар оркестрі құрамында Мәскеу қаласында өткен Қазақстан мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне, ақтөбелік жерлестері Қамбар Медетов, Абыл Махановтармен бірге қатысқан.

1939 жылы армия қатарына алынған. 1941 жылы, алапат соғыстың алғашқы күндерінде-ақ, Брест-Литовск маңында тұтқынға түскен. Тұтқыннан босаған соң, Париж консерваториясын бітіріп,  1950-жылдардың басында Түркияға қоныс аударады. 1947 – 1949 жылдары белгілі алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың зайыбы — Мария Шоқайдың Францияның Ножансюр-Марн қаласындағы үйінде тұрады. Өмірінің ақырғы күндерін Шелль қаласында өткізген Мария Яковлевна Шоқаймен хат алысып, анасындай сыйласып тұрған, қолынан келген көмегін беріп, қамқорлық жасаған. Берлиндегі Мұстафа Шоқайдың ескерткішін орнату жұмыстарына тікелей атсалысқан. 2001 жылы Мария Шоқайдың Әлім Алматқа жазған хаттары (18 хат) қазақша аударылып, «Халық — тарих  толқынында» бағдарламасы бойынша кітап боп жарық көрді.  Мария Яковлевнаның аманатын орындап, М.Шоқайдың бірқатар тұтынған бұйымдарын (жазу машинкасы, қаламсап, хаттар, т.б.) елімізге тапсырған да Әлім Алмат еді.

Ширек ғасырдан астам Стамбул симфониялық оркестрінде скрипкашы бола жүріп, оркестр құрамында әлемнің ондаған елдерінде өнер көрсетіп, халықаралық байқауларға қатысқан.

Тәуелсіздігіміздің арқасында, 1992 жылы Алматы қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына қатысып, 53 жыл уақыттан кейін туған елімен, туыстарымен қауышты.

Қанша уақыт небір зобалаң, тағдыр қиындықтарын басынан кешіріп, елден жырақ жүрсе де, Ғалымжан ақсақал еліне, туған жеріне деген ықылас-ниетін өшірмей, Қазақ елінің егемендік алғанын көріп қуанып, қарыштап дамығанына сүйсінді, Отанға деген сезімі, патриоттық рухы жоғары болды, сондықтан оны әрдайым елім деп еңіреп өткен азамат ретінде еске аламыз.

Марқұмның қайтыс болуына байланысты оның отбасына, немерелеріне, тума-туыстарына, жерлестеріне қайғырып, көңіл айтамыз. Әлім Алматтың жарқын болмыс-бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.

Жатқан жерің жайлы, иманың жолдас, жаның пейіште болғай!

Ақтөбелік жерлестері.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button