Экономика

Мерзімі өткен берешектің көлемі 24 миллиард теңгеге жетті

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыста мерзімі өткен берешектің көлемі 1,3 пайызға өсіп, 24 миллиард теңгеге жеткен. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Ақтөбе филиалының директоры Перизат Әсімбетова мәлімдеді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, жылдық инфляция 7,1 пайыз болды, бұл  2017 жылғы 6-8 пайыз нысаналы дәлізге сәйкес келеді. П.Әсімбетованың айтуынша, инфляцияның баяулауы Ұлттық Банктің болжамды және бейімделген ақша-кредит саясаты, сондай-ақ, әлемдік тауар мен азық-түлік нарықтарындағы тұрақты ахуал жағдайларында болып отыр.

Облыстық статистика департаментінің деректеріне сәйкес, жыл басынан бастап осы кезеңге дейін тұтыну тауарлары мен көрсетілетін қызметтерге бағалар мен тарифтер 6,4 пайызға өсті. Оның ішінде азық-түлік тауарлары — 6 пайызға, азық-түлік емес тауарлар —  8,7 пайызға, ақылы қызметтер 4,6 пайызды құрады. Былтыр Ұлттық Банк үш рет базалық мөлшерлемені жыл басындағы 12 пайыздан жыл соңындағы 10,25 пайызға  дейін төмендетті.  Бұл биыл 16 қаңтардан бастап 9,75 пайызға дейін төмендетілді, — деді П.Әсімбетова.

Қазір облыста екінші деңгейдегі банктердің 19 филиалы жұмыс жасайды. Одан басқа, екінші деңгейдегі банктердің филиалдарының 95 құрылымдық бөлімшесі бар, оның 23-і аудандарда орналасқан. Сонымен қатар, облыс аумағында 128 айырбастау пункті жұмыс істейді. Оның 32-сі аудандарда орналасқан.

Брифингте валюта нарығындағы жағдайға тоқталған П.Әсімбетова:

Ішкі валюта нарығындағы жағдай тұрақты. Ұлттық валютаның бағамын айқындайтын іргелі факторлар оңтайлы қалыптасуда. Былтырғы жыл ішінде теңгенің айырбастау бағамының серпіні әртүрлі болды. Былтыр 2016 жылғы кезеңмен салыстырғанда қолма-қол шетел валютасы нарығында тұрғындардың валютаның негізгі түріне, яғни АҚШ доллары, еуро және Ресей рубліне сұранысы артқаны байқалды. АҚШ долларымен жүргізілетін операциялар бұрынғысынша басым жағдайда болып, жалпы көлемдегі үлесі 61,7 пайызды құрады, — деді облыстың бас банкирі.

Облыстың қаржы жүйесіндегі жағдайға қатысты айта келе, экономиканы несиелеу бойынша жұмыстарға тоқталған ол: «Былтыр қаңтар-желтоқсан айлары аралығында берілген несиелер көлемі 321,4 миллиард теңгені құрады. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58,6 пайызға артық. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 34,2 миллиард теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 23,5 пайызға өсті.

Берілген несиелердің ең көп үлесін, яғни 91,6 пайызы ұлттық валютадағы несиелер құрайды. Облыста мерзімі өткен берешектің көлемі 1,3 пайызға өсіп, 24 миллиард теңгеге жетті. Ұлттық валютадағы мерзімі өткен берешек 6,7 пайызға өсті, ал шетел валютасында, керісінше, 39,3 пайызға төмендеді», — дейді.

Сондай-ақ, брифингте облыстағы депозит нарығы жайы да сөз болды. Өз сөзінде П.Әсімбетова Ұлттық банктің «Онлайн» мобильді қосымшасы туралы ақпарат берді. Биылдан бастап, «Онлайн» мобильді қосымшасына жаңадан «Коллекторлық  агенттіктердің  қызметі» бөлімі іске қосылған.  Биыл Ұлттық банкте есептік тіркеуден  65 коллекторлық агенттік өткен. Әзірге коллекторлық агенттіктер Ақтөбе филиалында есептік тіркеуден өтпеген. Банк басшысының айтуынша, халық коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимыл жасаған кезде әрі коллекторлық  агенттіктердің жосықсыз іс-қимылы мәселелері  бойынша өздерінің құқықтары туралы түсініктемелерді жедел алуына болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button