Денсаулық

Басты қағида — күтіну

Салауатты өмір салты

Салауатты өмір салты дегеніміз — адам денсаулығы, дене тәрбиесі, спорт, таза ауада дұрыс дем алу, яғни салиқалы өмір сүру. Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында бұл мәселенің өмірлік маңызын тағы да көрсетіп берді. Салауатты өмір салтын насихаттап, дене тәрбиесімен айналысуға, дұрыс тамақтануға, есірткіден, темекіден, алкогольды ішімдіктерден аулақ болуға тиіспіз.

Сау кезімізде денсаулықтың бағасы мен қадірін елемейтініміз өкінішті. Денсаулықты оп-оңай-ақ жоғалтуға болады, ал оны қайта түзету өте қиынға соғады. Аурудың алдын алмау — үлкен ағаттық, ал «ыңқыл-сыңқыл» деп, елемеу тіпті қауіпті. Сау болғанның өзінде, әр адам өзін-өзі шынықтырып отыруы қажет. Қарапайым ғана тіршілік қағидаларын сақтаса, ұзақ өмір сүруге болады. Мәселен, күнде ертеңгілік 30-40 минуттай ертерек тұрып, ең болмағанда 500-600 метр жер жүгіріп, жаттығу гимнастикаларын жасауға, суық сумен шайынуға болады ғой. Бірақ бұған көпшілігіміз мән бермейміз.

Денсаулықты сақтаудың екінші бір кепілі — дұрыс тамақтану. «Ас — адамның арқауы» деп халық тегін айтпаған. Барынша дұрыс тамақтанғанда ғана денсаулықты сақтауға болады. Тоя тамақтану мақсат емес, асты мөлшермен ішіп, көкөніс өнімдерін үнемі пайдаланып отырған дұрыс. Көкөніс өнімдері түрлі дәрумендерге бай. Тамақты қанағат қылып ішкен жөн. Әсіресе, кешкі тамақты. Шамадан артық ішілген тамақты ағза бойға сіңіре алмайды. Осыдан келіп зат алмасу процесі бұзылады. Қазіргі кездегі бас көтерген аурулардың бірі —семіздік. Семіз адамдардың қалыпты адамдармен салыстырғанда 10-15 жылдай аз өмір сүретіні дәлелденген.

Өскелең жас ұрпақты теріс әдеттерден сақтандыру бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Есірткі, ішімдік, темекі сияқты зиянды әдеттерден тыйыла алмай жүрген жастарды мұндай жат қылықтардан арылтып, жаңа жолға салу біздің борышымыз. Күнделікті өмірде орын алып жүрген үлкенді-кішілі қылмыстардың дені осы ішімдік пен есірткінің салдарынан болатынын біз жақсы білеміз.

Ұл-қыз тәрбиелеп отырған ата-ана, әрине, ұрпағым жаман болсын демейді. Өсіреді, өндіреді, оқытады, жақсы жолға салады. Дегенмен, соны түсінбей, өсе келе, өз қолы өз аузына жетті дегенде, арақ пен есірткінің құлы болып жүргендер де аз емес. Мұндай жастар ата-анасының тапқан-таянғанын шашып қана қоймайды, көп кешікпей өздері де айығуы қиын дертке ұшырайды.

Әр кез осыны ескеріп отыратын біздің орталық жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда бірсыпыра жұмыстар жүргізді. Облыстың әлеуметтік- экономикалық және мәдени дамуына белсенді үлес қосқан жастар мен жастардың қоғамдық бірлестіктері өкілдері арасындағы өткізілген байқауларда айрықша көріндік. Біздің бұл бағыттағы жұмыстарымызды жоғары бағалап, орталықты облыстық ішкі саясат басқармасы арнайы диплом мен бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Біздің орталық арқылы темекі шегушілікке қарсы дүниежүзілік күрес күніне орай кең көлемді шаралар ұйымдастырылды. Оған 23 колледжден 2 мың студент жастар қатысты. Сол өткен жылдың жазында облыстық ішкі істер департаменті жасы кәмелетке толмаған жасөспірімдерге темекі мен спирттік ішімдіктер сатуды болдырмау мақсатында шаралар өткізді. Аталған кеселдердің шұғыл алдын алу шарасы «Жасөспірім» деп аталды. Біздің орталықтың мамандары, міне, осы жұмыстардың да бел ортасында жүрді. Құқық қорғау органдары жасөспірімдерге темекі сату тәртібін бұзған сауда орындарындағы 76 жағдайды тіркеді. Сонымен қатар, орта оқу орындарында жасөспірімдер арасында ішімдік тұтынудың алдын алу мақсатында интерактивті әдістеме бойынша технологиялық сабақтар өткізілді.

Колледждерде, кәсіптік-техникалық лицейлерде, Қ. Жұбанов атындағы университетте, кәсіпорындар мен мектептерде ішімдік пен темекінің зияндылығы туралы 865 дәріс оқылды. Бұл шаралар 23270 адамды қамтыды. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде кәмелетке жасы толмаған балаларға ішімдік сатушылықтың 55 жағдайы тіркелді. Ішімдік ішкен 102 жасөспірім ішкі істер бөліміне жеткізілді.

«Сенің өміріңде есірткіге жол жоқ!» . Облыстық ішкі саясат, денсаулық сақтау, мәдениет, дене шынықтыру, туризм және спорт басқармаларының қатысуымен өткен кең көлемдегі бір шара осылай деп аталды. Осы шараның аясында түрлі спорттық жарыстар өтті. Асфальт үстіне сурет салу сайыстары ұйымдастырылды. Қалада өткен бұл шара 375 адамды қамтыды. Осыған ұқсас шаралар облыстың барлық аудандарында өтті. Оларға жалпы жиыны бір жарым мыңға жуық адам қатысты.

Балалар, мектеп оқушылары, тіпті студент жастардың арасында да жол жүру ережелерін біле бермейтіндер аз кездеспейді. Соның салдарынан түрлі қайғылы жағдайлар болып жатады. Міне, осыны болдырмау бағытында кейінгі жылдары «Абайлаңыз, бағдаршам!» атты республикалық шара өтіп жүр. Мұның мақсаты белгілі, әр жастың жол ережесін жақсы білуіне көмектесуді көздейді. Қаладағы №51 мектеп-гимназияда өткен осындай шарада 7-сынып оқушыларының жол ережелерін білу деңгейі тексерілді.

Әйтеке би, Мәртөк, Ырғыз аудандарында балаларды түрлі аурулардан сақтандыруды көздеген, семинар-кеңестер өтті. Олардың ішінде, әсіресе, туберкулездің алдын алу, сақтандыру тақырыбында өткен интерактивтік әдістеме тренингтері әсерлі болды. Оларға оқушылармен бірге, ата-аналар да қатысты.

Бұл сырқаттың жәйі туралы кең мағлұмат беру мақсатында облыс бойынша 17 мектепте  және 8 колледжде сауалнама жүргізілді. Ол 1380 оқушыны қамтыды. Тұмаудың алдын алу бойынша өткен сабақтар да оқушылардың ынтасын туғызды. Осы шара бойынша мектепке дейінгі мекемелерде ертеңгілік балалар арасында тексеру жұмыстары жүрді. Ата-аналармен әңгіме-кеңестер өтті. Қазіргі көп айтылып жүрген тұмаудың ең қауіпті түрі туралы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы 6200 дана ақпараттық материалдар шығарды. Оның 200 данасы бүктемелер, 1000 данасы кітапшалар түрінде болды. Бұл материалдар қазақ, орыс тілдерінде таратылды. Мұнан басқа 2200 дана түрлі плакаттар шығарылды.

Біз көбіне тұмауға қарсы түсінік жұмыстарын жүргізумен шектеліп келеміз. Ал балаларды, студент жастарды оған қарсы алдын ала егу шаралары әлі де жеткіліксіз. Тұмауға қарсы егу шарасын жүргізуге студент жастардың қаржы жағдайы көтермейді. Оған бизнес өкілдері көмек көрсетсе, бұл көп пайда болар еді.

Ана мен бала денсаулығын қорғау — кезек күттірмейтін іс. Облыстың емдеу-алдын алу мекемелерінде бұған мүмкіндіктер де жеткілікті. Бұл бағыттағы қадамдар қуантады. Мысалы, оларда «Дені сау бала» кабинеттері жұмыс істейді. Ана мен бала денсаулығын қорғау тақырыбына арналған 61 семинар өткізілді. Біздің есебімізше, оған 2,5 мыңдай адам қатысты. Отбасын жоспарлау, жүкті әйелдердің гигиенасы, сәбиді ана сүтімен қоректендіру, қыз балалар тәрбиесі тақырыптары бойынша өткен семинарларды біз аса пайдалы болды деп есептейміз.

Елбасы мектеп жасындағы балалардың мектепке баруына қатаң қадағалу орнатуды тапсырғаны белгілі. Әсіресе, аз қамтылған отбасы балаларына жәрдем көрсету ұмыт қалмауға тиіс. Өткен жылы «Мектепке жол» шарасының аясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен аз қамтылған 20 отбасының балаларына 400 мың теңгенің қысқы киімдері үлестірілді. Азық-түлік берілді.

Біздің түсінігімізше, салауатты өмір салтын қалыптастыруда үлкендер жағы үлгі көрсетуге тиіс. Осындай бір істің бастамасы ретінде, біздің орталық тарапынан 60-76 жас аралығындағы әжелерден денсаулық тобы құрылған еді. Олардың саны  әзірге 10 адам. Олар аптасына 2-3 мәрте дене шынықтырумен шұғылданады. Араларында өздерінің басшылық жасайтын жаттықтырушылары бар. Міне, алты жыл бойы осындай өнегелі іспен шұғылданып жүрген әжелердің ісі басқаларға үлгі болу керек деп ойлаймын.

Салауатты өмір салты әр адамның басты қағидасына айналғанда ғана денсаулыққа кепілдік беруге болады.

Райхан ЫБРАЕВА,

облыстық салауатты өмір салтын

қалыптастыру орталығының директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button