Әдебиет

Есенғали ақын жайлы екі-үш ауыз сөз

Қазақ әдебиетінің классигі Есенғали Раушанов былтыр 60 жасқа толды. Біз төменде белгілі жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Қажығали Мұқанбетқалиұлының  ақынның Ақтауда өткен кешінде сөйлеген сөзін ұсынып отырмыз.

Өлең деген қасиетті өнерді бір кісідей-ақ қадірлей білетіндердің бірі — Өзі бола тұра, небір жыр кештерінде осы Есенғали ақынның өлең туралы сөйлегенін, өз басым, еш уақытта көрмеппін.

Бұдан біраз жылдар бұрын, Қадыр ағаның Оралда өткен мерейтойына  барғанымызда, жұрт сахнада жыр туралы жабыла сөйлеп жатқанда, бұл Есенғали ақын ағасының бірер өлеңін жатқа оқумен шектелген…

Биыл да, Атыраудағы Қараойда Махамбет поэзиясының күндері өткенде, біз бәріміз ұлы ақынның өлеңдерін бір кісідей-ақ білетіндігімізді көрсетіп, жыр туралы да, Жыр иесі туралы да желпіне сөйлеп жатқанымызда, бұл Есенғали тағы да Махаңның бір-екі өлеңін оқып, мінберден түсті де кетті.

Неге өйтті?! — Кейінірек ойлап қарасам, асылы, осынікі дұрыс секілді көрінді маған.

Өйткені не дегісі келгенін жақсы өлең өзі-ақ айтып тұрмай ма!?

Дәл осылай ойлайтын мен өзім де, бұдан он бес жылдай бұрын, Сағи аға туралы (кәдімгі қазақтың үлкен ақындарының бірі Сағи Жиенбаев туралы) жазған мақаламның атын «Жақсы өлең өзі-ақ сөйлеп тұрады» деп атаған едім.

Расында, жан сүйсінтер жақсы өлең жайлы сөйлегеннен гөрі, лажың болса, сол өлеңнің өзін тыңдаушыға тұтас оқып берген жақсы емес пе!?

Бірақ… бүгінгідей Жыр кешінде, әнебіреуі анадай еді; мына біреуі мынадай екен деп, олқысынар бірде-бір өлеңі жоқ Раушанов секілді шоң шайырдың бір ғана «Бозаңға біткен боз жусан» атты жинағындағы 24 баспа табақ өлеңінің қайсыбірін оқып тауыса аламыз біз?!

Жоқ… тауыса алмаймыз.

Оның үстіне, өлең деген өзі бір қызғаншақ әрі кірпияз әйел секілді, қиын нәрсе ғой… мұның ажарлысы да, ақылдысы да (яғни, сұлу сазды лирикаңыз да, адам ойының тереңіне үңілдірер эпикалық кең тынысты жыр да) одан алар ләззатты сезінгіңіз келсе, бір өзіңіз ғана оңашада отырып оқып, жан рахатын да бір өзіңіз оңашада бойға сіңіргеніңізді қалайды.

Сондықтан кітап оқығанда бастарыңыздан кешірер мұндай бақытты сәттердің қуаныш-қызығын өздеріңе қалдыра тұрып, қадірлі оқырмандар, мен енді… осыдан он жылдай бұрын-ақ қазақ поэзиясының Патриархтарының бірі Қадыр ағам (Мырза Әли) «классик» деп атап кеткен Есенғали ақын туралы өзімнің бірер ауыз сөзімді ғана айтып өтейін…

..Иә, ағамыз айтса айтқандай, бұл Есенғали, шынында да, еш күмәнсіз классик ақын! Және.. сонау жас кезінің өзінде-ақ, болашақта «классик» болатын барлық ақындар секілді, мұның да жырдағы «бастау көзі», «шәкірттік шағы» дейтіндері тым қысқа болып, өз жолын, өз үнін өте ерте тапқанын, біз оның алғашқы жыр жинақтарынан-ақ анық көргенбіз.

Егер… осы бір «шәкірттік шақ» дейтін туралы міндетті түрде айту керек болса, бұл  – ақын атаулының бәріне де ортақ, биікке шығар баспалдақ секілді ғана кезең ғой.  Өзгелерді қозғамай-ақ, бір ғана данышпан Абай туралы айтар болсақ, жас шағында өзіне дейінгі Шығыстың ұлы шайырларының  сөз саптасын Оның да ескермей кете алмағанын:

«Юзі раушан, көзі гауһар,

Лағылдек бет үчі ахмар.

Тамағы қардан һәм биһар,

Қашы құдірет, қолы шиға…» деген бір шумақ өлеңінен-ақ көрер едіңіз.

Сол секілді, жас дәурендегі арманды шақта:

«Планета боп Есенин айналып жүр,

Есенғали ауылда қой бағып жүр;

Есенғали ауылда қой бағып жүр,

Есениндей болсам деп, ойланып жүр… — деп жыр жазатын шағында, Ол да

«Ты жива еще, моя старушка?

Жив и я. Привет тебе, привет!» — деп, «Письмо матери» («Анама хат») деген өлеңін жазатын Есенинше,

«Апа!

Аманмын!

Бәрі де өзің көргендей…

Қызбалау, тентек балаңның

Ойланар шағы келгендей..» деп келетін «Анаға хат» атты өлеңін жазса, Ақынның мұнысын: біріншіден, өзіне дейінгі үлкен ақындардың рухына деген құрмет деп түсінсек; екіншіден, орыстың ұлттық ұлы ақынымен тақырыптас өлең жазу арқылы, бұл — Есенғалидың өзін-өзі сынауы деп те қабылдасақ болғандай!

Бірақ… осындай эксперименттердің өзі Есенғали творчествосында ұзаққа созылған жоқ.

Сол тұста ақынның жан-жақты ізденістерге көшкені, аласұрғаны:

«Өткел іздеген ақбөкендердей Сырдағы,

Асығып жүрген шағым ед…» деген өлең жолдарынан да айқын көрінеді.

Құдай қолдағанда, жарғақ құлағы жастыққа тимей, «Асығып жүрген…» сол шақтағы ізденістері көп ұзамай-ақ өз жемісін берді. Ақын бұдан былайғы бүкіл өмірінің мәні мен мағынасы болатын кең тынысты өз арнасын тез тапты.

Қалай тапты?

Қайдан тапты?

Оны ұғу үшін сәл-пәл шегініс жасалық.

…Бұл Есенғалидың ата-бабалары біздің Ақтөбе жеріндегі Ноғайты мен Ебейті бойында туып-өскен шалдар еді. Тағдырдың талқысына түскен  сол шалдар қиыр жайлап, шет қонып жүргенде, кез келген жұмырбасты пенделер секілді, олар да туған жерді сағынбай ма?! Туған жерді сағынған соң:

«А, ана Қарашағырдың шөлейті,

Біз қандасып едік сол үшін!

Ноғайты менен Ебейті —

Екі су еді қонысым..» — деп, аһ ұрмай ма?!

Солардың көкіректеріндегі шер мен шеменді, көздеріндегі мұң мен айықпас қасіретті «Сары бала» көңіліне түйіп өскендей.

Өзі ержеткенде, сол Сары бала енді Ноғайты мен Ебейтіні былай қойып, түу әрідегі түп-тұқияны мекен еткен мына Маңғыстауға келіп бауыр басты.

Бауыр басып қана қойған жоқ:

— Сезімге — от,

Дәтке қуат сенен алам,

«Өзім» деп,

«Өзегім» деп келем әмән! — деп, арғы  замандардан келе жатқан түп қазығы осы жерде екенін, сондықтан бұл жерге әманда «өзім» деп, «өзегім» деп еміреніп, елжіреп келетінін еш бүкпесіз жария етті.

Өйтпеске Ақынның лажы да жоқ еді! Себебі, бұл жерде қай жағына қараса да, көретіні алдынан андыздап шыға келетін Маңғыстаудың ақ керіші мен сары тасынан тұрғызылған сағана тамдар еді; қайда құлақ түрсе де, еститіні – Абыл, Нұрым, Қашаған жырлары мен Мұрын жырау жеткізген «Қырымның қырық батыры» еді және.. түу әрідегі  Ноғайлының ұлы жыраулары: Асан қайғы, Қарға бойлы Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбеттердің сары алтындай саф таза сөздері еді. Көргендері көзіне оттай басылып, естігендері көңіліне хаттай жазылып қалған соң, бұл Сарыбаланың:

«… Сағана мола, сары айшық,

Қобылы күмбез, қойтастар,

Соны айтып бүгін тұрсыңдар!

Сары айшық емес, мен білсем,

Заманның желі сарғайтқан

Сендер сарабдал   көне  жырсыңдар!» — деп,

толқымасқа шарасы қалмап еді.

Және де:

«Ал бір кезде біз ісмерсідік,

Ісіндік.

Сонда нені түсіндік?» — деп, өзіне риторикалық сауал қойғанында, «Әй, аңғалдық, аңғалдық!» деп еріксіз бас шайқап:

«Әй, аңғалдық, аңғалдық!

Аңғалдық, саған арбалдық.

Үстінде тұрып алтынның,

Басқаның күмісіне таң қалдық

Жаттың ойын желкен ғып,

Қаншама рет өртендік.

Маңғыстаудың ойында

Қарайды бізге мүсіркеп,

Мықтылық пенен көркемдік», — деп, шын ұлылықты мойындаған осынау сәттен кешегі Сары баланың енді сарабдал ақындық сара жолы анық басталды.

Осыдан кейін оның Өзі де, Сөзі де бірден іріленгенін оқырман қауым да анық байқады. Есенғалидың поэтикалық кейіпкерлері де ылғи бір жойқын күш пен бұла жігердің иелері екенін көріп, олардың жандары рахаттанды. Маңғыстаудың «қара буралары» мен «сары үлектері»; жал-құйрығын жел шалқытқан «қаракөк айғырлары» мен «көкмойнақ аттары» (бүгінгі жыр кешін де автор «Біздің жақтың жылқысы — кіл көкмойнақ» деп атапты!); түпсіз  терең шыңыраулары — осылайша Есенғалидың ендігі өлең кітаптарының басты қаһармандарына айналды. Мәселен, бір ғана «Түйекеш» деген өлеңіндегі Үлектің бейнесіне қараңызшы:

«Тілім-тілім»,

Бұжыр-бұжыр денесі,

Сордай боп-боз сойыл жарған төбесі,

Борбас үлек атасы,

Бопық мая енесі,

Төс табаны отты басса, күймеген,

Тасты басса, қамырдайын илеген,

Қатар қойып отыз інген қайытқан,

Қатар қойып отыз шана сүйреген —

Үлек жоғалттым.

Кім көрді?!»

Монументальды  өнердің өлмес туындысының үлгісіндей емес пе?! Байқасаңыздар, мұндай кейіптеу — эпостық жыраулар поэзиясында ғана болмаса, Есенғалидан басқа бірде-бір ақында кездеспейтініне қол қоярсыз деп ойлаймын.

Бұл — бұл ма?! Осыдан кейін ақынның образды ойлау жүйесі ешкімге ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән өрнектерге толған үстіне тола түсті. Керек десеңіз, мұның кейіпкерлерінің қолындағы сойылдың өзі – қазақ біткеннің бәрі білетін — кәдімгі қайыңның шор боп қатқан безінен жасалған қақ сойыл емес, ДАҒДАН сойыл болып шықты; Есенғалидың қамшысының өзі — жай ғана қамшы емес, өрімі — «Қараш өрім»  аталатын, ерекше қамшы болып шықты. («Қамшыны «Қараш өрім» тістеп алып, Біз кірдік бір бүйірден андағайлап…» деген өлең жолына қарасаңыз, бұған көзіңіз әбден жетеді.)

Ал енді… мәрттік пен нәмәрттік, ерлік пен ездік, сахилық пен сараңдық, кісілік пен кісәпірлік туралы ежелден кесек сөйлеп келген қазақ жырының өр рухын, қазіргі қазақ поэзиясы әлдеқашан жоғалтып алған асқақ рухты, Есенғали ақын «Бөпем, бөпем, бөпем-ау!» деп аялаумен, қыран құсын қайтарып алатын саятшыдай, әлденеше ғасырдан кейін қолымызға қалайша қайта қондырғанын ойлағаныңда, мұндай ақынға мың ризалықтан Әз басыңды имеске әддің жетер ме?!

Менің ұғымымдағы бүгінгі Есенғали ақын міне, осындай ақын…

Енді оның арындаған Көкмойнақ арғымағының алдынан арқан керсе де, ешкім тоқтатпақ түгілі, титтей де кедергі келтіре алмайтынына Мен еш күманданбаймын.

Өйткені ол — мына қара жерден, қазақ поэзиясының орбитасына әлдеқашан шығып кеткен Ақын!

Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button