Жаңалықтар

Ардагерлерге құрмет

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жаңа жыл қарсаңында облыс орталығында тұратын бір топ ардагерді құттықтап, олардың отбасыларына арнап игі тілектерін білдірді.

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі күйші Момын Байғанин бұл күнде сексеннің үстіне шықты. Нұрпейіс ақынның тұяғы әке есімін ардақтап ұстап, өзін өнер саласында танытты. Өтіп бара жатқан жылда Тахауи Ахтанов атындағы драма театрында әкесінің «Нарқыз» дастанының желісімен сахнаға шыққан қойылымды көзімен көрген қария облыс басшысына мәдениет саласына жасап отырған қамқорлығы үшін алғыс сезімін білдірді.

Еңбек майданының қатысушысы Лидия Смурыгина екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан төрт немере, екі шөбере көріп отыр. Ол — педагогикалық институттың алғашқы түлегі.

Қырық бес жыл мектепте ұстаздық еткен Лидия Моисеевна — КСРО ағарту ісінің үздігі. Ұлағатты ұстазбен әңгімелесу барысында облыс басшысы ұрпақ тәрбиесі, мектеп пен ата-ана байланысы тақырыбында пікір алысты.

Соғыс басталған жылы дүниеге келген Құдайберген Айтбаевтың өмірбаяны да өзгеше тәлімге толы. Балалық шағы қиындықпен бетпе-бет келіп, еңбекпен есейген ол кейін білім алып, алға ұмтылуы нәтижесінде шаруашылық басқарды, кәсіптік-техникалық оқу орнының директоры болды.

Ақсақалдың басты бір жетістігі — қазақ халқын әлемге танытқан Димаш Құдайберген сынды ерекше талант иесіне кішкентайынан аталық мейірімін төгіп, қанатының астында тәрбиелеуі.

Бердібек Машбекұлы қарияларға қоғам үшін атқарған еңбектеріне алғыс сезімін білдіріп, оларға Жаңа жылда мықты денсаулық, шаңырақ шуағын тіледі.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button