Жаңалықтар

Родниковка облыстағы үлгілі елді мекен болуы тиіс

Облыс орталығынан құрық тастам жердегі Родниковка селосы тұрғындары соңғы бірер жылдың ішінде бірнеше жақсы жаңалықтың куәсі болды.

Өзгесін айтпағанда, күні кеше ғана жаңа мектеп үйі мен дәрігерлік амбулатория ғимараты пайдалануға берілді. Осы салтанатты шараларға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, ауыл адамдарын алда есік қағып тұрған жаңа — 2018 жылмен құттықтады.

Сегіз айда салынған мектеп

Облыс басшысы осыдан екі жыл бұрын Родниковка ауылында болғанда ескі мектептің жай-күйіне ерекше назар аударған еді. Әсіресе, оқу ордасының тең жартысы пайдаланылмай жабық тұрғанын көріп, қатты таңғалған. Оның апатты жағдайда екенін жергілікті басшылық бастапқыда жасырғысы келгенге де ұқсайды. Алайда, «ауруын жасырған өледі». Бұл мектеп ғимаратының болашағы жоқтығы ашық айтылып, жуық маңда жаңа құрылыс жүргізілетіндігі сөз болды сол кезде.

Енді, міне, биылғы жыл басында қолға алынған шаруа толығымен жүзеге асты.

— Бүгін — үлкен мереке, — деді жұртшылық алдында сөз сөйлеген Бердібек Машбекұлы. — Бұл — Мемлекетіміздің басшысының жүргізіп отырған сындарлы саясатының жемісі. Жаңа мектепте білім алған жас буын жан-жақты жетілуі тиіс, оларға жақсы тәрбие беру — бәріміздің міндетіміз. Бұл — облыста биылғы жылы пайдалануға беріліп отырған он бесінші мектеп.

Сіздердің ауылдарыңызда қазір бәрі бар. Бүгін мектеппен бірге дәрігерлік амбулатория да пайдалануға берілмекші. Клуб үйі жөндеуден өтті.

Енді құрылысшыларға алғыс айтуымыз ғана қалды. Олар сегіз айдың ішінде бізге жаңа мектептің кілтін беріп отыр.

Үш қабатты мектеп үйі кірпіштен салынған. Мұнда 320 оқушының білім алуына жағдай жасалған. Ғимарат автоматтандырылған газ отынымен жылытылады. Жалпы құны 710 миллион теңге тұратын құрылысты «Фагот и К» ЖШС жүзеге асырды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысы Вадим Масс осындай маңызды құрылысты ауыл тұрғындарына жаңажылдық сыйлық ретінде ұсынатындықтарын ерекше еңбек жеңісі деп сезінетіндіктерін айтты.

— Мен 1995 жылдан осы мектепте мұғалім болып еңбек еттім. 2008 жылы құрметті зейнет демалысына шықтым. Осы уақытқа дейін мектеппен байланысымды үзген емеспін. Құрылыс жұмыстары уақытында аяқталғанына қуаныштымын, оған мұғалімдер де өз үлестерін қосты, — дейді еңбек ардагері Сағыныш Есжанов.

Бұл — отбасылық дәрігерлік амбулатория

Ауылдағы дәрігерлік амбулатория құрылысы мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында салынды. Құрылыс жұмысын қолға алған «ҚазАдалҚұрылыс» ЖШС жарты жылдан сәл ғана асатын мерзімде өз міндеттерін абыроймен орындап шықты.

Дәрігерлік амбулатория бір күнде жетпіс адамға дейін қабылдай алады. Жалпы аумағы 494 шаршы метр жерде орналасқан ғимараттың он сегіз бөлмесі бар.

Осында болған кезінде облыс басшысы бүгінгі күні облыста 21 денсаулық сақтау ғимараттары салынып жатқанын айтты. Сонымен бірге облыс бойынша медицина саласындағы жетістіктерді тілге тиек етті, оның ішінде көз ауруларын емдейтін медициналық орталықтың ашылуы, жедел жәрдем станциясындағы түбегейлі жаңғырту жұмыстары, әйелдер босанатын перинатальды орталықтың құрылысы сөз болды.

— Ең басты байлық — денсаулық. Сондықтан да біз адамдардың ұзақ өмір сүруі, дендері сау болуы жолында қолдан келген шаралардың бәрін қарастырып жатырмыз. Қазіргі уақытта облыстағы орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасқа жақындап қалды. Бұны да шек деп айтуға болмайды.

Адамдар ең алдымен денсаулықтары туралы өздері ойлануы тиіс. Салауатты өмір салтын сақтау, спортпен шұғылдану, еңбек ету, міне, осының бәрі жақсы денсаулық негізі. Басқа жағдайдың бәрі мемлекет тарапынан атқарылып жатыр, — деді Бердібек Машбекұлы.

Облыс басшысы ауылдағы жаңа мектеп, дәрігерлік амбулатория көпшіліктің қамқорлығынан тыс қалмауы тиістігін айтты. Мәселен, жергілікті шаруа қожалығы иелері мектепке компьютер класын ашуға көмектесе алар еді. Басқа да азаматтар тарапынан материалдық қолдаулар жасалып жатса, көпшілік игілігі үшін ұтымды іс емес пе?

Осындай ойларын ортаға салған Бердібек Сапарбаев «Родниковка селосы облыстағы үлгілі елді мекен болуы тиіс» деген ұсыныс білдірді. Ол үшін тұрғындардың барлығы өздерінің үйлерін күтіп ұстап, аулаларын тазартып, шарбақтарын жөндеулері тиіс. Көшелерге жасыл желектер отырғызылуы керек.

Мұндай жақсы ойды еңбек ардагері, ауыл ақсақалы Донес Тастыбаев та қолдады. Ол мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға көпшілік атынан алғыс сезімін білдіріп, өздері тұратын елді мекенді көркейтуге үлес қосатындықтарын айтты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button