Жаңалықтар

Қарттарды құттықтап, сәбилер үйін аралады

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғындарын құттықтап, сыйлықтар табыстады. Олардың жағдайымен танысып, мерекелік кешті тамашалады.

Орталық директорының әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Сән Нұрышеваның айтуынша, қазіргі таңда мұнда 232 қарт қамқорлыққа алынған. Оның 95-сі мүмкіндігі шектеулі жан. Медициналық емдеу шараларына мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлінеді. Сондай-ақ мұнда кітапхана, жаттығу залдары мен емдеу бөлмелері жұмыс жасайды.

Шара барасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қарттарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Біз жыл сайын жаңа жыл қарсаңында қарттардың жағдайын біліп, құттықтап шығамыз. Сіздер қиын кезеңде өмір сүріп, халқымыздың тұрмысы жақсы болуы үшін өмір бойы еңбек еттіңіздер. Біз әр уақытта сіздерге басымызды иеміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жақсы білесіздер. Біз халықтың тұрмысын бақылып, тұрақты назарда ұстаймыз. Бүгінде жастарымыздың да сіздерге көңіл бөліп, көмек беруі бізді қуантады. Егер кейінгі жас буын үлкенге ізет білдіріп, игі істермен айналысса, еліміздің нағыз патриоты атанары сөзсіз. Сіздерді облыс басшылығының атынан келе жатқан 2018 жылмен құттықтаймын! Ең бастысы — дендеріңіз сау, ұзақ ғұмыр кешіңіздер, — деді өңір басшысы.

Шара кезінде тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарды облыс әкімі таяу уақытта шешіп беруге сөз берді.

Бұл орталыққа келгеніме 10 жылдан асты. Мұндағы қызметкерлерге шексіз ризамын. Баладай күтеді. Мемлекетіміздің шынайы қам­қор­лы­ғының арқасында барлық жағдай жасалған. Дәрігерлер денсаулығымызды тексеріп, дәрі-дәрмегімізді береді. Тамағымыз дайын, кіріміз жуулы. Бұдан артық не керек? Халқымыз аман болып, еліміз өркендей берсін, — деді орталықтың тұрғыны Т.Молдабеков.

Қариялардың барлығына жаңа жылдық сыйлықтар табысталып, мекемеге тоңазытқыш сыйланды.

Бұдан соң облыс әкімі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге және медициналық көмек көрсетуге арналған «Үміт» сәбилер үйіне барды.

Аталған мекемеде сәби туғаннан бастап, 4 жасына дейін тәрбиеленеді. Ал дамуында ақауы бар балалар денсаулығына байланысты 5 жасқа дейін арнаулы топта тәрбиеленеді. Мұнда сәбилердің жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін барлық жағдай жасалған. Олар үнемі педиатр дәрігердің бақылауында болады және жыл сайын тереңдетілген медициналық бақылаудан өтіп тұрады.

Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз балалар асырап алуға, қамқоршылыққа немесе патронаттық тәрбиеге беріледі. Мүмкіндігі шектеулі балаларға медициналық және әлеуметтік оңалту бағдарламалары іске асып келеді.

Сәбилер үйінің бас дәрігері Қадырбек Иманбаевтың айтуынша, бүгінде мұнда 55 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 23 бала ата-анасының уақытша арыздары бойынша тәрбиеленсе, 32 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның ішінде 11 тастанды бала бар. Биыл орталықтан балалардың ми қызметтерін дамытуға бағытталған арнайы кабинет ашылды. Онда педагогтар мен арнаулы оқу бітірген мамандар жұмыс істейді. Жүйке жүйесі бұзылған, туа бітті медициналық ақаулары бар сәбилер бұрын Астана, Алматы қалаларынан ем алатын болса, бүгінде өз өңірімізден де толық ем қабылдай алады. Балалар 4 жасқа толғаннан кейін психо-неврологиялық диспансерлерге, «Жайна» оңалту орталығына, асырап алуға және патронаттық тәрбиеге беріледі. Биыл 12 баланы Қазақстан Республикасының азаматтары асырап алды.

Облыс әкімі Сәбилер үйін аралап, балалардың тұрмысымен танысып шықты. Кішкентай балғындардың қатысуымен өткен мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалап, сыйлықтар тарту етті.

— Жалпы биылғы жыл біз үшін табысты болды. Өткелі тұрған жылда сіздердің сіңірген еңбектеріңіз зор. Кішкентай бүлдіршіндерге әке, әрі шеше болып, қамқорлық көрсетіп келесіздер. Олар ертеңгі күні үлкен азамат болса, сіздерге алғыс айтатын болады. Келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын! Ақтөбенің құтты мекен болуы, өңірдегі әр тұрғынға байланысты. Сондықтан еңбектеріңізге табыс тілеймін, — деді облыс әкімі.

Әлеуметтік жетімдік бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Сәбилерінен бас тарту санын азайту мақсатында облыстың медицина қызметкерлері жас отбасылар мен жүкті әйелдер арасында алдын алу шараларын өткізеді. Бүгінгі таңда облыстың барлық медициналық мекемелері мен перзентханаларында психолог мамандар қызмет атқарады. Жыл сайын облыстық денсаулық сақтау басқармасынан ана және бала туралы әлеуметтік тапсырыс бойынша үкіметтік емес мекемелерге қаражат бөлінеді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button