ЖастарЖаңалықтар

Облысты дамытуда жастардың үлесі зор

«Ақтөбе жастары — Нұрлы жолға!». Жұма күні Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында өткен мерекелік кеш осылай аталды.

Салтанатты шара еліміздің ескі астаналары жөніндегі театрландырылған қойылыммен басталды. Бұдан кейін бір топ жас «Тұлпар» пойызына мініп, Елордасына — Астанаға жол тартты.

Мерекелік кеште әр саланың жастары —  құрылысшылар, өрт сөндірушілер, байланысшылар, теміржолшылар өз өнерлерін көрсетті.

Салтанатты жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.

Жиында облыс әкімі жастардың қоғамдағы рөлін, олардың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау, көмек туралы айтты.

Әрбір мемлекеттің негізгі қозғаушы күштерінің бірі — жастар. Жастарда күш-қайрат, идея көп. Біздің елімізде жастар үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын, жастарға деген қамқорлығын өздеріңіз жақсы білесіздер. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасының арқасында еліміздегі 10 мыңға жуық жас әлемнің ең беделді жоғары оқу орындарында білім алды. Сондай-ақ, Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесі өзге оқу ордаларына үлгі, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын айтып, осы бағдарламаларды іске асыруға жастардың да атсалысуы керектігін, сөйтіп, еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі үшін жастардың да өз үлестерін қосуы қажеттігін баса айтты.

Ақтөбе өзінің жаңа, тың идеяларымен республикамызға танымал. Мысалы, осыдан он шақты жыл бұрын Ақтөбе жастары «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» деп ел  жастарына ұран тастаған болатын. Сол игі іс республика көлемінде жалғасты, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен бірге ол:

Осыдан он шақты жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы «Өсе бер, өркендей бер құтты мекен — Ақтөбе» деп айтқан болатын. Елбасының бұл ақ тілегі  Ақтөбедегі Тұңғыш Президент атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында жазулы тұр. Біздің негізгі міндетіміз — Ақтөбені құтты мекенге айналдыру, — деді облыс әкімі.

Ол өз сөзінде Ақтөбенің ғана емес, ел абыройын асқақтатып жүрген жастардың да бар екенін айтып, оларды үлгі етті.

Араларыңызда елімізді күллі әлемге танытқан жастар бар. Соның бірі — Димаш. Қазір Димаш Қазақстанның, Ақтөбенің брендіне айналды. Сондай-ақ, самбодан әлем чемпионы атанған Есет Қуанов пен күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленген Мейрамбек Айнағұлов та біздің мақтанышымыз. Дегенмен, мұндай жастар аз. Олардың қатары көбейе түсуі керек, — деді облыс әкімі.  Сондай-ақ, ол елімізде халықаралық деңгейде ұйымдастырылған ірі шараларға —  универсиадаға, «ЭКСПО-2017» көрмесіне, республикалық «Туған жер» жерлестер форумына, басқа да шараларға атсалысып, билік өкілдеріне көмек көрсеткендіктері үшін жастарға алғысын білдірді.

Жиын барысында Бердібек Сапарбаев 2017 жылдың біздің облыс үшін табысты жыл болғанын тілге тиек етті. Түрлі экономикалық қиындықтарға қарамастан экономикалық өсім бар. Өткен жылмен салыстырғанда экономикамыз

5 пайызға өсті. Бұл аз көрсеткіш емес. Биыл жалпы алаңы 785 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Астық түсімі де бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткішке ие: гектарына 13,2 центнерден өнім жинадық.

Шарада Бердібек Сапарбаев сөзін былай түйіндеді:

Сіздердің сапалы білім алуларыңыз үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Сол мүмкіндіктердің барлығын тиімді пайдалана білулеріңіз керек. Өмір тез өтіп кетеді. Ертең кеш болмауы үшін әрбір сағатты, әрбір күнді тиімді пайдаланған жөн. Әрбір жас күн сайын өз отбасы үшін, елі  үшін не тындырғаны жөнінде сауал қойып, өз-өзіне есеп берсе, Ақтөбе сөз жоқ құтты мекенге айналады.

Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрт өнер ұжымына — «Media Pro» продюсерлік орталығы, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің Аралас хор ұжымы, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалының «Жұмысшы» жастар кеңесі, «Фрески» үлгілі би ансамбліне  Алғыс хат пен сыйлықтар табыс етті.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button