Әдебиет

Итпен ит болмайық

Күлкі базары

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН

Мәдениет қайраткері Нұрлыбек Жұбатқанның  оқырманға ұсынып отырған бұл туындыларының өзегі адамның адал досы — ит төңірегінен өрбиді. Автор астарлап отырып жұртшылықты иттік жасамауға үндейді,  сондай-ақ иттің де иесіне тартатынын тағы бір мәрте еске салып өтеді.

 Құтжол қамауға алынды

Жәкетай қарттың үйіне ұры түсті. Ұрылар күйсіз болса керек, қорадағы екі сиырды және үйдің ішін айнадай қып сыпырып кетіпті. Жәкетай — Ұлы Отан соғысының ардагері.
Қарақшылар оның майданда ерлігі үшін деп, омырауына таққан ордендерін де қолды қылған. Уақытында учаскелік полицияға хабар берілді. Бірақ, полиция қызметкері үш
сағаттан соң әрең жетті.
— Әй, шырағым, қылмысты дер кезінде ашу керек қой, үш сағаттың ішінде ұрылар баратын жеріне барып, беретін жеріне беріп тастады емес пе?
— Ата, олай демеңіз, менде бұдан басқа шаруа жоқ па? Қазір қылмыс көп. Соларды аша алмай басым қатып жүрсе, өз үйіңізге өзіңіз неге қарамайсыз, сигнализация қондыру керек. Терезеге темір тор орнатыңыз…
— Айналайын, ақылыңды қалтаңа салып қой, маған ұрыларды тауып бер, — деді Жәкетай ата таяғын шошайтып.
— Ұрылар менің қалтамда тұрған жоқ, ата, ең алдымен үйіңізге ұры түсті ме, түскен жоқ па, соны анықтап алуымыз керек.
Мұны естігенде шал байғұс жынданып кете жаздады. Қолындағы таяғы жерге түсіп кетті.
— Қарағым, мен еріккеннен сені шақырып отырғам жоқ. Бәрінен бұрын маған қан төгіс соғыста берілген медальдарым мен адал еңбек етіп алған ордендерім қымбат, — деп, жыламсырап көзіне жас алды.
— Ата, олай жыламаңыз, еркек емессіз бе? Қазір анық-қанығын білеміз, кінәлілерді анықтаймыз. Олар тиісті жазаларын алады. Заң алдында жауап береді, — деп, портфелінен ақ парағын алып, шалдан түсініктеме ала бастады.
— Жәкетай ата, оқиға қалай болды?
— Шырағым, мен Азамат соғысын, одан кейін Ұлы Отан соғысын көрген жанмын. Соғыстан аман-есен оралып, ата-бабаларымыздан қалған кәсіп қой деп, қырық жыл мал бақтым. Жүз қойдан жүз елу қозы алдым. Құрмет грамотасын берді. Кейін, жүз қойдан екі жүз қозы алдым. Омырауыма жарқыратып орден тағып, халықтың қалаулысы болдым. Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырдым. Ұлым ұяға, қызым қияға кеткен соң мал бағуға шама келмеді. Содан қаусаған қара кемпіріміз екеуміз ауылда екі сиырды бағып, сүтін айран қылып ішіп отырған жайымыз бар еді.
— Ту, сіз маған автобиографияңызды айтып кеттіңіз ғой, — деді полиция көзі адырайып.
— А, енді не айтайын?
— Мен сізге айттым ғой, оқиға қалай болды?
— Балам, кеше кешкілік қорама екі сиырымды байлап, сыртын темір есікпен бекіттім. Оның сыртын ағаш есікпен жауып, үлкен темір құлып салдым. Қораға ұры-қара түспес, малымды қара құлып күзетер, болмаса ауылдағы учаскелік полиция күзетер деп алаңсыз тәтті ұйқыға кеткен едік.
— Мен сонда түнде қора күзетуім керек пе? Ата, оқиға қалай болды дедім ғой?
— Әй, полиция бала, сол оқиғаны мен көрген болсам, саған келмес едім, не басымды қатырып тұрсың? — деп, Жәкетай ата ашу шақырды. Сиыры мен жоғалған мүліктерін тез арада таппаса, ұрыларды іздеп тауып жаппаса, жоғары жаққа шағымданатынын басып айтты. Полиция шалмен кеш батқанша салғыласып отырып, амалсыздан қылмысты анықтауға кірісіп кетті. Он күн өтті. Хабар жоқ. Бір ай өтті. Тыныштық. Ақыры Жәкетай қарт таяғын сүйретіп полицияның есігін қақты:
— Ал, бала, ұрыларды ұстадың ба?
— Ассалаумағалейкум, ата. Айтпақшы, кінәліні таптық, — деп, учаскелік полиция бір парақ қағазды столдың суырмасынан алды.
— Япыр-ай, ол кім екен а…?
Жәкетай қарт ұрының кім екенін тезірек білгісі келеді. Ішіп отырған айранынан айырып, тақырға отырғызып кеткендерді жеті атасынан бастап боқтағысы келіп тұр.
Полиция:
— Ата, мұқият тыңдаңыз. Қылмыстық іс. Қаулы. 13 қараша 2010 жыл. Жылтыр ауылы. Түн ішінде белгісіз біреулер Жәкетай атаның үйіне ұрлыққа түседі. Күн жаңбыр. Ұрылардан ешқандай із қалмаған.
— Айналайын, ол күні жауын жауған жоқ қой.
— Ата, түнде жауған. Таңертең кеуіп кеткен. Біз топырақтан экспертиза жасадық. Қылмыстық іске араласа бермей, жөніңізге отырыңыз, — деп, шалға зекіп тастады.
— Әрі қарай тыңдаңыз, бұл ұрлықтың жасалуына басты себепші болған, кінәлі — Құтжол…
— Құтжол… Ой, әкесінің аузын ұрайын, арғы бетте тұратын Қоңқыштың баласы болды ғой. Оған ұрлық жасағанды көрсетемін. Мен соғысқа қатысқан адаммын. Атып тастаймын. Маған сот жоқ, — деп, сыртқа қарай ұмтылды.
— Ата, тоқтаңыз. Ол адам емес.
— Енді не, құбыжық па?

— Ол — сіздің қорада байлаулы тұрған ит.
— Немене, менің итім Құтжолды айтасың ба? Ол не сиырларды жеп қойып па?
— Жоқ. Итіңіз өзіне жүктелген қора күзету қызметін дұрыс атқармаған. Ұрылар келгенде үрмей, қарақшылардың пара ретінде алдына лақтырған тауық етін жеп, жемқорлыққа бой алдырған. Яғни, қылмыстың болуына ықпал еткен. Сондықтан да итіңіз Құтжолды қамауға алып, ісін сотқа жібереміз. Құтжол заң алдында әділ жазасын алады, — деп сержант Саққұлақов маңызды істі орындағандай терін сүртті. Ал Жәкетай ата мына қаулыны естіп жынданып кете жаздады.
— Түсінбедім, сонда бұл қалай? Енді қорадағы жалғыз итімнің көзін құртайын дедіңдер ме? Мен ертең облысқа шағым жазамын. Сендер қылмысты бұрмалап отырсыңдар. Жазықсыз итімнің обалына қалдыңдар…
— Мінекей ата, қаулыны алыңыз. Біз қылмысты аштық. Ар жағы біздің шаруа емес. Көрші ауылда тағы ұрлық болыпты соны анықтауым керек, — деп ақсақалды жетектеп, есіктен шығарып жіберді. Жәкетай ата ашуға булықты. Тұтығып түкірігіне тұншықты. Алқынып үйіне келсе, аулада кемпірі ойбайлап зыр жүгіріп жүр. Ауданнан келген полицейлер қорадағы итті қамауға алып кетіпті.
Сөйтіп, қора күзетпеген Құтжол әділ жазасын алды.

ҚАБАҒАН ИТ ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

«Ит иесіне ұқсайды» дейді. Рас қой. Бала күнімде үйімнің сол жағында тұратын көршім ішімдікке өте құмар болды. Араққа сылқиып тойып алып,  әйелін күнде жерге домалатып сабайтын еді. Әйелі де таяқты жеп алып,
беті-аузы добалдай болып ісіп, шаруасын жасап жүре береді. Ешқандай реніш болмайды. Ол заманда ажырасу деген ұғым жоқ. Сол үйдің иті аузы салпиған, қабаған болды. Күндіз адам талайды. Көрінгеннің балағына жабысады.
Түнде құйрығын қысып, ұры итке айналады. Әркімнің ауласын тіміскілеп жүреді… Үйімнің артында  Нәнбет деген көршім болды. Өте тамаша жандар. Ешкіммен араласпайды. Өздерімен өздері өмір сүреді. Иті де сондай. Ауласына біреу келсе «аф!» деп бір рет үреді де, жата береді. Салмақты ит.

Айтпақшы, қарама-қарсы көршіміз өте қызық адамдар. Ертелі-кеш бала-шағасымен тыным таппай жұмыс жасайды. Әйтеуір, ауласында бірдеңе жасап жатады. Иті де мазасыз, күні-түні шәуілдеп, «Осы үйден басқа баратын жерлерің жоқ па?» дегендей, үйдің жанынан өткендерге ерсілі-қарсы үреді де жүреді. Жалпы, ит иесіне ұқсайды екен.
Ал оң жағымдағы көршім — мұғалім. Үйінен ұрыс-керіс естіген емеспін. Балалары тәртіпті. Ауласынан артық ауыз былапыт сөз естімейсіз. Кеңес заманында осындай отбасылардың үйінің бұрышына «Бұл үйде үлгілі отбасы тұрады» деп, жарқыратып іліп қоятын еді. Өзге үйдің қожайындары қызығып қарап өтеді. Ал, сол үлгілі үйдің иті «иттің төресі» десем, артық айтпаймын. Үретін жерін біледі. Итаяғына сарымайды. Біреуге иттігін істеп, иесінің атына лағнет сөз айтқызған емес. Адам қаппайды.
Қандай керемет ит. Қазір, сол мұғалімнің итіне татымайтын арамызда адамдар бар ғой. Адам ит. Өкінішті…

БӨРКІМБАЙДЫҢ БОЛЖАМЫ

Қыс. Шалқар ауданы. 1995 жыл. Бұл жылдары ауылдың шөпкетышар қызметкерлері мен жұмысшылары автогараждың алдында отырушы еді. Отырмағанда қайтеді, барлық техника жекенің қолына кетті. Еркектерге әйтеуір, түске дейін уақыт өткізу керек. Құр босқа отырмайды. Ауылдың басты жаңалықтары осы жерден басталып тарайды. Сол баяғы Бөркімбай жездем гараждың алдында ауыл әкімінің көлігін жөндеп жатады.
Бір кезде бір ит келіп жаңа жауған ұлпа қардың үстіне жатып алып аунайды. Мұны көріп ырымшыл ауыл ақсақалы Жақсылық қатты күрсінеді.
— Ее, ертең бұрқасын боран болайын деп тұр, — дейді.

— Жәке, уайымдамаңыз, ондай боран болмайды, — деп, Бөркімбай ақсақалды жұбатады.
— Неге?
— Аунап жатқан мынауың құп-құйттай қанден күшік ғой. Үлкен ит болса бір сәрі, көп болса түске дейін азын-аулақ жел тұрар, — депті жездем.

* * *

Тауық жылы Ақтөбеге қауіп жылы болған жоқ. Оның ішінде мәдениет пен өнерге тәуір жыл болды. Батыр бабаларымызға ескерткіштер қойылды. Зәулім-зәулім өнер орталықтары ашылды. Құтты болсын! Ит те бізге бөтен емес. Жеті қазынамыздың бірі. Ит жылы да құт жылы болсын. Қазақта «итше күшіктеп» деген сөз бар. Әйелдердің құлағына алтын сырға, қазақтың саны көбейсін! Алтыннан да қымбат байлық — халық. Халықтың әл-әуқаты мықты болсын! Ақтөбедегі барлық жақсы жаңалықтар құтты болсын!

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button