Мереке

Тәуелсіздікті баспасөзде бірінші жариялап, Елбасынан шетелде тұңғыш сұхбат алған қазақ!

1991 жылы 16 желтоқсанда Парламент еліміздің тәуелсіздігін жариялаған кезде оны ең бірінші болып, күллі әлем жұртшылығына жеткізген «Азаттық»  радиосының сол кездегі тілшісі Өмірхан Алтын болатын. Біз  Өмірхан ағамен тілдескен едік.

  • Өмірхан аға, сол сәтке тағы бір оралайықшы. Қалай болып еді өзі?
  • Мен ол кезде Мюнхенде тұрамын, «Азаттықтың»  тілшісімін. Қазақ бөлімінде 12 адам істейміз. Басшымыз — Хасен Оралтай. Біздің радио сейсенбіден сенбіге дейін хабар таратып, жексенбі, дүйсенбі күндері  ұжым демалатын. Дүйсенбі күні кезекші редактор мен бір тілші ғана жұмысқа шығатын.

Әлқисса, 1991 жылдың 16 желтоқсаны дүйсенбіге тура келді. Мұхабай Енгін екеуміз жұмысқа шықтық. Басшымыздың орынбасары болып істейтін Мұхабай ағамыз — кезекші редактор, мен тілшімін. Күніне 3 рет хабар таратамыз ғой, түскі 13.00-дегі тікелей эфирге дайындалып жатқам. Әдетте алдымен 5 минуттық жаңалықтарды оқимыз. Мәтін дайын, мен де сақадай сай отырмын. Тікелей эфирге тура 10 минут қалғанда Алматыдағы тілшіміз Қиял Сабдалин хабарласты: «Сүйінші, осы қазір, бірнеше минут бұрын ғана  Қазақ ССР-інің Жоғарғы Кеңесі ел  тәуелсіздігін жариялады!». Не істеу керек? Мұхабай ағамыз екеуміз тікелей эфирден хабарлау керек деп шештік. Енді ше, өмір бойғы арманымыз ғой бұл! Дереу 5 минуттық ақпараттың басындағы хабарды сызып тастап, айтар сөзімді жұптап алдым. «Сүйінші, сүйінші, сүйінші, Қазақ елі тәуелсіздігін жариялады!» — деп бастап, Қиял Сабдалиннен естіген ақпаратымды толық айтып шықтым. Хабар біткесін, жан-жақтан қоңырау жауып кетті. Америкадан, Қытайдан, Түркиядан, Еуропаның  барлық елдерінен қандастарымыз хабарласып, қуаныштарын жеткізіп жатты. Іле-шала бүкіл әлемнің ақпарат көздері іліп әкетті.

  • Ол кезде Қазақстандағы ақпарат көздері әлі бұл жаңалықты таратқан жоқ қой?
  • Жоқ. Ол уақта Қазақстанда мәтін ресми орындармен келісіліп, содан кейін ғана орталық арнадан жұртқа ұсынылушы еді ғой. Кешкі жаңалықтарға дейін әлі бірнеше сағат бар болатын.
  • Ел Тәуелсіздігін күллі әлемге тікелей эфирден жариялаған тұңғыш қазақсыз! Қандай сезімде болдыңыз?
  • Ол кездегі менің сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұхабай ағамыз екеуміз бір-бірімізді құшақтап, жылай береміз. Қоңырау шалғандардың бәрі де сондай күйде еді. Өйткені төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен барлық қазақ осы күнді зарыға күтті ғой. Барлық республикалар тәуелсіздігін жариялап жатқанда біз де ел жаққа алаңдап, сүйінші-хабар күтумен болдық. Тіпті  Германия мен Түркиядағы қазақтардың мұрындық болуымен Қазақстанның тәуелсіздік алуын қолдап, декларация жарияладық. Қазақстан егемендігін жариялап жіберсе, әлемдік қауымдастық оны қолдай жөнелетінін білеміз ғой. Ондай кезде оны қайтадан «шарбаққа» кіргізу мүмкін болмай қалатын.
  • Хасен Оралтай ағамыз бір жазбасында Тәуелсіздік туралы ақпаратты тұңғыш рет өзі жариялағанын жазыпты…
  • Бұл жерде мына мәселені дұрыс түсіну керек. Мен 16-ы күні тікелей эфирде Қазақстанның егемендік алғаны туралы хабарды оқыдым, ал келесі күні Хасен Оралтай ағамыз тыңдарманға азаттыққа қолымыз жеткенге дейін қандай соқпақтардан өткеніміз туралы байыптаған толымды дүние ұсынды.

Бұрын Қазақстанның қазақтарымен араласып па едіңіз?

— Араластық қой. (Күліп) Тек ол кезде елден барған қазақтар бізді көрсе, қаша жөнелетін.

  • Неге?
  • Мен Түркияда туып-өстім. Әке-шешеміз бізді атамекен туралы әңгімелерге қанық қып өсірді. 1981 жылы Батыс Берлин университетіне оқуға түстім. Германияға бір қазақ келді десе, іздеп баратынбыз. Бірақ олар бізге үрке қарайтын. Сөйтсек, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оларды әбден «оқытып» жібереді екен ғой. Келгендердің бізді бай-құлақтың баласы деп, ат-тонын ала қашатыны сол екен. Тіпті қазақтарды көп іздеп келетіндердің тізімін де жасаған көрінеді. Соның бірі — мен. Іссапарға шыққандар  «Өмірхан Алтынмен сөйлесуге болмайды» деген нұсқау алып келеді екен. Тіпті белгілі бір әнші ағамыз менен өздерін  іздеп келмеуімізді сұрап жалынды да…
  • Міне, қызық. Сіз қайттіңіз?
  • Қайтейін, іздеуді доғарғаным жоқ. Қазақ келді десе, жолдастарымызбен бірге екі жүз-үш жүз тіпті, мың шақырым жерден болсын, жетіп жүрдік. Тілдесіп қалып, қазақтың әдемі әндерін тыңдағымыз келетін. Ал олар бізді жолатпайды. Кейін болашақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, көзіміз ашылды ғой.
  • Бұл қай жылы?
  • 1987 жылдың мамыр айы. Аустрияның Вена қаласының маңындағы бір ауданда дәстүрлі мәдениет фестивалі өтеді. Жыл сайын жаңадан бір ел өнерпаздары қосылатын фестивалға сол жылы КСРО құрамындағы Қазақстан шақырылыпты. Делегацияны Қазақ Үкіметінің басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев бастап келеді екен. Мына хабарды естіп, қалай үйде жатасың? Қызырхан деген туысым әрі досыма барайық дедім. Екеуміз еліміздің беткеұстар өнерпаздары келгенде керегіне жарап қаламыз ба деген оймен  көлік жалдамақ болдық. Студентпіз ғой, бар ақшамыз ең кішкентай, ең арзан ФИАТ автокөлігін жалдауға ғана жетті. Енді  әртістер орналасқан қонақүйге жетсек, бізді жолатпайды. Шіркін, қазақша киінген жігіттер қандай әдемі, қыздар қандай сұлу?! Тілдескіміз келіп, өліп барамыз. Ал олар тым салқын.

Бір кезде қазақстандық делегация автобусқа мініп, әлгі ауданға қарай тартты. Соңынан  ердік. Автобустағы құзырлы органның өкілі бізді көрсетіп: «Мына Өмірхан, Қызырхан дегендер  Отанын сатқан опасыздардың балалары. Көрдіңдер ме, бұлар — капиталистер,  жеке көлік мініп алған.  Олар — батыстың шпиондары, жоламаңдар!» — дегенін кейін естідік қой.  Ал әзірге солардың қарасына ілесіп келе жатқанымызға мәзбіз.

Міне, концерт өтетін Мәдениет үйінің алдында тұрмыз. Қарақұрым ел. Бір кезде бәрінің назары басқа жаққа ауды. Анадай жерге тоқтаған көліктен маңдайы жарқырап бір қазақ түсті. Нұрсұлтан Назарбаев.  Келісті кісі екен. Қасында бірнеше адам бар. Адымын ширақ басып, біздің тұсымыздан өтіп барады. Нар тәуекел! Даусымды қатты шығарып:

  • Ассалаумағалейкүм, аға! — дедім. Нұрекең кілт тоқтады. Сонсоң:
  • Уағалейкүмассалам, — деді де, көзімен дауыс иесін іздей бастады. Біз де топтан суырылып шығып, ыңғайлана түстік. Созған қолымызды ықыластана қысып, қай жерден келгенімізді сұрады. Екеуміз екі жақтан дабырлап, мән-жайымызды айтып жатырмыз. Еуропа қазақтары жайлы егжей-тегжейлі сұрады. Бауырына тартып сөйлегені ұнап барады.
  • Қандай бұйымтайларың бар? — деді бір кезде. Біз елден келген қыз-жігіттермен сөйлескіміз келетінін, алайда топ басында жүргендердің бізді жақындатпайтынын айтып, шағымдандық. Нұрекең дереу біреуді шақыртып алды да: «Мына Өмірхан мен Қызырхан кеткенше бізбен бірге жүрсін» деп тапсырма берді. Сосын:
  • Жігіттер, сендердің өз елдерің бар екенін ұмытпаңдар! Қазақстанға келіп жатсаңдар, тура маған келіңдер! — деп «визиткасын» берді. Міне, сол «визитка». Өмірхан аға әмиянынан алып көрсетті.
  • Елбасымен кейін кездесудің сәті түсті ме?
  • Иә. 1992 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Давос форумына келді. Қателеспесем, бұл ол кісінің алыс шетелге жасаған алғашқы сапары болса керек. Бізде сол кезде КСРО-дан тараған мемлекеттердің басшылары «Азаттық»  радиосына сұхбат бермейді  деген түсінік болды. Алайда менің Қазақ елінің басшысымен қалайда кездесіп, әңгімелескім келді. Жұмыстан сұранып,  жеке көлігіммен  форумға жеттім. Бірден Қазақстан Президенті тоқтаған қонақүйге келіп, есік алдынан күттім. Бір кезде көлік келіп тоқтап, ішінен Нұрекең түсіп, қонақүйге қарай беттеді. Қасында бірнеше адам бар. Тағы да даусымды созып:
  • Ассалаумағалейкүм, аға! — дедім. Президент жалт қарап:
  • Әй, Өмірхан, сен қайдан жүрсің? — дегені. Ұмытпапты. Мен «Азаттықта» жұмыс істейтінімді, радиода жоғарыдағыдай пікір бар екенін айттым. Сұхбат алғым келетінін де жасырмадым.
  • Өй, онда тұрған не бар? Кел, мына орындыққа отыралық. Ал сұрағыңды қоя бер, — деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Шешен сөйлейді екен. Кез келген сұраққа қысылмай жауап береді. Әңгімелесіп болғасын тағы да Еуропадағы қазақтардың жайын тәптіштеп сұрады.
  • Қуанышыңыз қойныңызға сыймай, бірден жұмысқа тартқан шығарсыз?
  • Жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының әңгімесінен кейін тіпті арқаланып кеттім. Енді Түркияның президентінен де сұхбат алғым келді.  Сүлеймен Демирел орналасқан қонақүйге жетіп барсам, кіргізбейді. Қулыққа бастым: «Қазақстаннан келген журналиспін. Мені Нұрсұлтан Назарбай жіберді» — дедім. Қазақстан Президентінің атын естігесін күбір-сыбыр көбейіп, дереу маған ілтипат көрсете қалды.  Бір кезде  Сүлеймен Демирелдің алдына алып келді. Ол кісімен түрікше амандастым. Түркияда өскен қазақ екенімді, алдына жету үшін аздап қулық жасағанымды айттым. Ол кісі жымиып, сұхбат беруге келісті.

Міне, осылайша бір күнде екі президенттен сұхбат алдым. Жұмыста әжептәуір әңгіме болып, қазақ редакциясының жалы көтеріліп қалды.

  • Қазір немен айналысып жүрсіз?
  • Жеке шаруамен. Журналистикаға өкпем жоқ. Елімнің тәуелсіздігін баспасөзден бірінші болып жариялау бақыты маған бұйырыпты. Елбасынан шетелде тұңғыш рет сұхбат алған қазақ та мен екенмін.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button