Жайдары Әбіш, жабырқау Әбіш…

6 желтоқсан — Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайдың туған күні. Осыған орай оның замандасы, жазушы Әнес Сарайдың мақаласын жариялап отырмыз. Мақалада сағынышқа толы естеліктер ғана емес, ұлы Әуезовтің жалғасы сынды тұлғаның қазақтың әдебиеті мен өнеріне сіңірген ұшан-теңіз еңбегі жөніндегі ой-толғаныстар, сонымен қатар, Әбіш Кекілбайдың басты шығармаларының бас кейіпкері — Әбілқайыр хан туралы құнды деректер де бар.

«Бес күн тірлікте…» — осынау терең мағыналы тіркесті тілімізге енгізген Әбіштің өзі еді, сол бес күн тірлікте бір ізбен жүріп, бір ізбен тұратын робот болмаған соң, жан иесі орайына қарай әзіл-шыны аралас басы артық-кем сөз айтпай тұрмайды. Әбіш көңілге қарағыш елгезек, айтылған ой-пікірге сергек, ауызға берік ұстамды, біртоға сабырлы мінездің адамы болғанымен, ет жақын етенелері арасында ақжарқын, әзіл-қалжыңға ұста, қазақы қағытпаға барынша мергендігімен ерекшеленетін. Ол әсіресе жеңгелері Қабиболла үйіндегі Гүлшат, Меңдекеш үйіндегі Рузия, Есенжол үйіндегі Сәуле, Жұмекен үйіндегі Нәсіп, біздің үйдегі Алтыншашпен әзілдескенде бір сөзден бір сөзді балалатып, зілсіз әжуаны біраз бел асырып тастайтын. Әсіресе Фаризаны көргенде беті көлденеңінен жайылып, тышқан көрген мысықтай тісі қышып сала беретіні де жасырын емес. Әншейінде басынан сөз асырмайтын Фариза Әбіштің шымшымаларына мен көргенде ешқашан кейіс қабақ танытқан емес.
Фариза түр-болмысы, сөйлеген сөзі мен турасын тіліп түсетін мінезімен Әбіштің шешесі Айсәулеге өте ұқсас еді. Бірге туған қаналас қарындастай Әбішке шыр-пыр боп, ойланбастан отқа түсуге әзір еді қашанда. Олар бір-бірін алыстан танып, жақын сыйласты. Ешкімге ештеңені кешпегенде, Әбішке бәрін кешіретін. Болмыс-бітімі, мінез пішімі аңғал, салқамдау оны талай қатерден қорғап қалған да шығар-ау. Ол екеуі тәуелсіздіктің улы-шулы, күнде аударыспақ мазасыз кезінде лапылдаған қызыл оттың арасында жүрді. Әбіш ағынан жарылған бір сөзінде: «Тіршіліктің талай қиянаты мен қияметі тұсында опырылып кеткелі тұрған жардың басындағы жалғыздай жабығып қатты қамыққан, қамырыққан сәттерде басқалар болмаса да, Фариза қасымнан табылып, қолтықтан сүйеп қалып жүрді» деуі тегін емес, сол бір кездегі ақиқаттың алғаусыз шындығы. Мұндай ағынан жарылған сөз күнде айтыла бермейді. Фариза отырған жерде Әбіштің көңілі тоқ, айдыны асқақ еді. Бір кезеңде бірге қатар өмір сүріп, шығармаларын бір мезгілде жарыса жазған бұл екі тума таланттың мінездері басқа-басқа болғанмен, талант табиғаттарының тасқайнар бастауы айырмасы жоқ екі торыдай бір-біріне ұқсас еді. Олар қатар жасасқан зор мағыналы өмірлерімен, терең қопарып, кемел толғаған шығармаларымен ұрпаққа тағылым болғандай өнеге тастап кетті. Мен Әбішпен де, Фаризамен де көңіл жақын жақсы таныс болғаныммен, ішек-қарны аралас, бітеқайнасқан сырлас-мұңдас болғаным жоқ. Көп уақыт өріс-жайлауым бөлектеу болып, шет жайлап, қиыр қонып жүрдім.
Әбіш пен оның замандастары оқуды тәмамдап, қатарға ілігіп, өздерінше толқын болып, топ құрап, атақтары дабыра болып жатқанда, жарты шар айналып сенделген мен университет партасына енді ғана отырып жаттым. Ол аз десеңіз, Ресейден келгенім, орысша оқығаным бар, ауызекі сөйлеу қорым нашарлау, жазу-сызуым да келісе қоймаған кез…
Шынын айтсам, 60-шы жылдары әдебиетке келген бірінен-бірі өткен, ауыздықпен арпалысқан шабағаншыл жүйріктердің алыстан шаңын көріп, көк шолақты қамшылап соңдарынан салдым, сол қиқумен бас көтермей әлі қуып келемін, жеттім бе, жетпедім бе — анығын білмеймін. Астанада өткен жетпіс бес жылдық мерейтойымда Әбіш менің шығармашылығыма бағыштап ойдай сөз сөйледі. Арамыздан кетерден алты ай бұрын Қойшығара, Төлен, Қажығали сияқты қаламдас серіктеріне көшіп-қонған жаңа пәтеріне шақырып, үй көрсетті. Менің сиясы кеппеген «Туған ауыл түтіні» атты топтама әңгімелерімнің «Жұлдыз» журналында басылып жатқан кезі еді. Әбіш, Төлен, Қажығали үшеуі де оқыған екен. Әбіш толғана отырып, қаламгерлердің егделік межесіне аяқ аттағанда, жастық шақтарына қайта оралып, балалық, бозбалалық кездерінде бастан кешкендерін әуестене жазатынына классикалық орыс әдебиетінен мысалдар келтіре отырып сөйледі. Әбіштің өзі де соңғы өлеңдер жинағы «Ғапыл дүниеде» жастық шағына қайта оралмап па еді.
Әбіштің өзімен, үй іші шаңырағымен ерте араласқан Дүйсенбек Қанатбаев екінші курстан бастап сол үйдің бір баласы боп кетті. Түрікменнің Красноводск деген жеріндегі Сүлмен, Сүлей деген құмды бұйраттарында туып-өскен, кейін першіл мамандығын меңгерген, Төлен Әбдіктің айтып таратуынша гинеколог болған Дүйсенбек Қанатбаев «өгіз бұзаулап жатыр» десең сенетін, туа бітті аңқау, туа бітті адал, туа бітті Жаңғаның ой-шұңқырлы, ақ тікенді, өркеш-өркеш құмынан жаралған қоспасыз табиғи ақын еді. Әнеки, сол адам жанының табиғилығы үшін шырылдаған Дүйсенбек университеттің екінші курсында жүріп «Шекара», «Адыраспан», «Адай күйі» деген өлеңдер жазды. Түрікменстанда туып, қазақ топырағына зарығып жеткен көкірегі сағынышқа толы ол қазақтың қала, даласын орыс жайлап, билеп-төстеп алғанын көзімен көріп, әп дегенде лапылдаған асқақ сезімдерден тез арылып, уайымшыл ойшылдыққа бой алдырып, мұң мен шерлі әуендерге ауысты. Расул Ғамзатовтың: «Ұлтым ертең өлер болса, мен бүгін өлуге бақылмын!» дегені сарындас идеяны өлеңдеріне түпқазық етіп өзінше жырлады. Әбіштің Дүйсенбек өлеңдерін сүйсіне бас шұлғып, ұйи тыңдағанына талай куә болдым. Жас ақынның сиясы кеппеген өлеңдерінің орталық баспасөздерде кедергісіз басылуына да септестігі аз болмады, сірә. Қысқасы, Дүйсенбек университет қабырғасында жүріп, танымал ақындардың қатарына қосылды.
«Лениншіл жас» газетінің әдебиет бөліміне жетекшілік еткен Әбіштің сыншылық қабілеті оянған бір кез еді. Әбіштің жас кезде жазған өлеңдеріне, ғарыштан ағып түскен жұлдыз тасындай кедір-бұдыры жоқ, жып-жылтыр, жұп-жұмыр хикая-повестеріне көбірек мән беріп, оның күнделікті әдеби процестерді бақайшағына дейін шаққан, ұйқылы енжар ойды түртіп оятып, делебе қоздырған сыншылдық өнерін бұлдырлатып жүрген сияқтымыз. Ол сонау өзінің шығармашылық жолын бастаған 60-70-жылдары әдебиет майданының аспанында аузымен от шашып, найзағай ойнатып, дауыл тұрғызған Әбіш емес пе? Әдебиеттің жетекші жанрлары поэзия, проза, роман үрдістері туралы не сөйлегенде, не мақала қып жазғанда төрткүл дүниенің шаңын қағып-сілкіп, орысты орыс еткен ХIX ғасыр әдебиетін сараптай отырып, қазақ әдебиеті жетістіктерімен шендестіре түйіндеу Әбіш сыншылығының өзекті өрісі еді. Осы әрі ғылыми, әрі дәлелді, лапылдаған өрттей жалынды, шыншыл да көркем сыни толғаныстары Әбіштің ұшан-теңіз білімі мен әлемдік әдеби процестерді жатқызып-өргізген мол эрудициясын паш етті. Жас қаламгер тыңнан түрен салғандай, бұған дейін шаң басқан әдеби мұралардың беттерімен шектеліп келген шешендік сөздерді сыни еңбектерінің тілдік өресіне айналдырып, қазақтың ділмәрлік өнерін әдебиетке қайтара әкеліп қосты. Алайда қазіргі жоқтан бар болған ойы тұсаулы, қиялы шектеулі, білімнен мақрұм, өресіз сыншысымақтар Әбіш салған интеллектуалды даңғылды, әдеби сындағы Әбіш өнегесін аққұла ұмытқандай, жұмған ауыздарын ашпайды. Әбіш биігіне жете алмай, Әбіш деңгейінде сөйлей алмаған соң, оның сыншылдық өнегесін біржола жауып қойған сыңайлы.
Ол аз десеңіз, өз тұсындағы жас буынның ұйытқысы, өткір де азулы «Лениншіл жас» газетінде «Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер» атты айдар ашып, әдеби ойды сілкіндіруге мұрындық болған да Әбіш. Ол ертелі-кеш әйтеуір бір лап етпей қоймайтын кесапатты даудың алдын орау мақсатымен, аға буынның шығармашылық жетістіктерін алға тарта отырып, оларды өкшелеп келе жатқан жас буын өкілдерін бірінен кейін бірін жарқырата көрсетіп, қазақ әдебиетінде тыңнан түрен салған соны, жаңа, жойқын әдеби қозғалыстың басталғанын жар салып айтудан танбады. Ол осы кездегі әдеби процестердің бейресми идеологы еді. Әдебиетіміздің жетекші жанры поэзияның әл-ахуалына кесіп-пішті қатал үкім шығаруға да батылдығы жетті. «Отызыншы жылдардан бермен қарай мынау алпысыншы жылдардың ортан беліне дейінгі аралықтағы поэзиямыздың сарынына құлақ түрсек, «ұрттап алған» адамның сөйлегеніндей. Тым желкілдек, тым желпілдек. Лапырған, лепірген, сапырған бірдеңе. Қазақтан өткен жағасы жайлау халық жоқтай. Күйрете күйзелтпек түгілі, шымбайына батырып шымшып алғандай бірде-бір құқай көрмегендей. Күңіренбек түгілі күңкілдеген сыбыс шықпайды. Бұрын-соңды адамзат кешпеген мамыражай заманға тап болғандай. Отан, партия, көсем, жорық, жеңіс… Қит етсе, алақанын ұрып, санын шапақтап жатқан шат-шадыман. Өзімізді айтсақ – іш киіміміздің ауы жыртылып кетердей дәліріп, өзгелерді айтсақ — әкеміздің құны кеткендей, ежірейіп сала беретін бір әңгүдік дәурен… Басқаны қойып, бағзыдан бері тәңірі тұтып, табынып келген зеңгір көктің өзіне қарап жұдырық түйіп, кие тұтып келе жатқан Жер-анамыздың өзіне аяғымызды жалатқымыз кеп, тоқал қатынымыздай ақырып-шақырып тепсініп бақтық». Міне, Әбіштің айтуында, поэзия аужайы осындай еді. Кемпірдің азу тісіндей әредік ағараңдаған Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбековтерді қоспағанда, поэзияның нобай сарыны жөнсіз елірген даңғаза дабыра, алақол жалтақтық дертіне белшеден батқан-ды. «Мен не деймін, қобызым не дейді», дегендей өз мұңын үнсіз мұңдаған халық бір жақта, халық мұңын мұңдайтын поэзия бір жақта, дәрежеден дәмелі ақын бір жақта лағып жүрді. Газеттер тапсырыс берсе, ақын жек көріп тұрғанын мақтап, жақсы көріп жүргенін даттаудан арланбады. Әбіш оларды «әлеуметтік делқұлы, рухани нақұрыстар» деп атады. Шынында да әлгілер әдебиеттің жолбикелеріне айналып, жарты жолда көштен қалып қойды. Қазіргі ұрпақ олардың аттарын да білмейді.
Жалған жәреукештікпен күнде ұшырасып, шынайылық іздеуден жандары запы болып, тар қамауды бұзып шығар жол таппай тыныстары тарылып жүрген, жүректеріне қоңыр саз, көмейлеріне толғақты сөз ұя салған қазақтың өрімтал жас буын ақындары — ұлтының қара қобызы боп күңіренген Әбіштің ойлы да мұңды үніне елең етісті. Олар Әбіштің көңіл әуенінің құлақ күйінен-ақ іздеген шынайылық пен әділеттіліктің ауылы қайда жатқанын айтпай танып, сарыла іздегендерін енді тапқандай халық мұраты, ұлт тағдыры, қазақтың көксеу көкжиегі деген қастерлі ұғымдармен жылап табысып, құшақтаса қауышып, біте қайнаса бастады. Айдын бұлақ боп, кең сарқырап атқылап аққан рухани қуат — Қадыр, Мұқағали, Жұмекендерді қазақ поэзиясының құс қонар биігіне самғатты. Ұлттық рухани арнаға жеке-жеке жүлге боп қосылған Төлеген, Фариза, Ақұштап, Жұматай, Несіпбек, Темірхан, Есенғали, Ұлықбектер ұлттың күре тамыр аш өзегіндей болған ұлы дарияны гүл бағындай жайқалтып жіберді. Ашулы ұрпақтың ащы да ұстараның жүзіндей өткір поэзиясы жаңа ұрпақтың көңіл көксеуіне айналды. Әдебиеттің бары да, нары да бізбіз деп атақ-даңққа семірген аға буын өкілдері Әбіш жалаулатқан жаңа аужайға бірі ашық, бірі астыртын қарсылық танытты. Пыш-пыш әңгіме қаулап өрбіп, бой бермей бара жатқан соң, оны бүлікшіл ойдың ордасы «Лениншіл жастан» аластап, Мәдениет министрлігінің репертуар коллегиясына ауыстырып жіберді.
Жоғарғы жақтың сақтығы орынсыз емес-ті, кешікпей қазақ әдебиетіндегі абстракционизм у-шуы басталып кетті. Аға буынның солақай өкілдері «Кейінгі буын – інілер» деп Әбіш қолдап, көтермелеген жас буын өкілдерін сұлата соғу науқанына білек сыбана кірісті. Абстракционизм жат пиғыл деп танылып, кезеңдік идеологиялық ұстанымға айналды. Бірақ араға жылдар салып, өмір шындығы бұл шалағай ұстанымның қоздаған орнында күлін ғана қалдырды. Ол үлкен талассыз табиғи түрде өз-өзінен жүзеге асты. Араға он жыл салғанда кеше ғана құйрықтарына шала байланған «абстракционистер» шетінен қазақ әдебиетінің классиктеріне айналып шыға келді.
Қазақ әдебиетіндегі осынау дүр сілкіністің идеологы Әбіш Кекілбаев екенін үлкен үйдегі саясаткерлер айтпай таныды. Әбішті уақытша болса да әдеби ортадан аластау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Жабыла жүріп іздеп тапқандары оны әскер қызметіне жіберу еді. Қаламгерді әскерден арашалап қаламыз деп, жоғары жаққа сөзі өтеді деген интеллигенция өкілдері табанынан таусылды. Алайда бірде-бірінің қолынан келмеді. Әбіш мәдени түрде жер ауу жазасына кесілді.
Қаламгерге ара түскен дуалы ауыздардың сөздері ілтипатқа алынбағанына қарағанда, Әбіш тағдыры қасарысқан құзырлы қолдың күштеуімен жүзеге асты. Оңашада бұл орайды талай түртпектегенімде, Әбіш сұрағымды естімегендей, құлақ қағып селт етпеді. Қиянат кімнің қолымен істелгенін білді, бірақ айтпай кетті.
Далалық лагерьде болған Әбішке төрт-бес айдан кейін демалыс күндері отбасымен қауышып, бірге болуға рұқсат етілді. Оның жарым көңілін аулап, үйлеріне шақырып дастарқан көрсетушілер кезекке тұрып қапылды. Осы кездері Әбіштің бойында ашушаңдық мінез ұшқындары нышан берді. Болмашыға шырт етіп, жолдастарының шаңын аспаннан қағып, таусыла сөйлегеніне көзім куә болған кездер аз емес. Ол әлдекімдерге өкпелі, әлдебіреулерге ренішті, өз тағдырына түңілісті жағдайда еді. Кезекке тұрып шақырған үйлерге барды ма, бармады ма, анығын білмеймін. Осы кез ол бізбен жиірек қатысты.
…Бірде сол кездегі оқырман, көрермен көңілін баураған әдебиет пен өнердің соны туындылары тілге тиек болды. Ебіл-себіл жөпелдем поэзияға қарағанда, баяулау қозғалатын прозаның ажары айшықтала бастаған кез еді. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріне» соңғы нүкте қойылып, алғаш рет жеке-жеке үш кітап боп шыққан, Т.Ахтановтың «Дала сыры», Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», А.Нұрмановтың «Құланның ажалы», Қ.Ысқақовтың «Қоңыр күз еді», Ә.Кекілбаевтың «Күйші», «Шыңырау», «Ханша дария хикаясы» елеулі әдеби құбылыс саналып, оқырманның да, әдебиет сыншыларының да аузынан түспей тұрған. Театрда «Беу, қыздар-ай!», «Бөлтірік бөрік астында», «Ана – Жер-ана» жарыса жүріп жатты. 60-шы жылдардың басында театрға жылап кіріп, жылап шығатынсың. Көрерменнің саны елуден аспайтын. Енді қазір театрдың алды топырлаған халық, билет таппайсың, күнде — аншлаг. Мәселе шығарманың жеті қат жер астын қопарғандай терең ойлылығында ғана емес, халық өміріне жақындығында екеніне де, міне, көз жетіп отыр. Кинода «Қыз Жібек» экранға шығып, радио, телеарналарда Шәмшінің «Ақмаңдайлымы», Нұрғисаның «Саржайлауы» саңқылдап жанды жадыратып тұрған бір мамыражай кез еді.
Жоқ жерден батысеуропалық романның өрбіп дамуы туралы әңгімені бастап кетті. Бақсақ, роман дәуірі қазіргі деңгейге жеткенге шейін үш жүз жылдық шырғалаңды басынан кешіріпті. Роман жанрына алғаш ден қойған испандар болғанмен, жаңалық атаулыға құлақтары түрік елгезек француздар оза шауып алға түсіп кеткен. Грек, Рим әлеміне кең жайылған антикалық эпика тұра келе рыцарлық, авантюристік, куртизандық романдарға айналып, ақыр соңы реалистік арнаға ауысқанда, ағылшын, неміс, италияндар әдебиеттің жаңа жанрына енді әуестене бастаған еді. Француз романдары орыстың түрен түспеген тың болмысына тікелей әсер етіп, оның Толстой, Тургенев, Чехов, Бунин сияқты өкілдерін өркениеттің шыңына самғата әуелеткен. Француздар өздерін артқа тастап, оза шапқан орыстың рухани бұлқынысына қайран қалғаннан басқа амал таппаған. Орыстың роман дәстүрі, әсіресе оның «Соғыс және бейбітшіліктен» басталған эпикалық арнасы бізде М.Әуезов арқылы көгеріп, өркен жайған. Әбіш М.Әуезовті жоғары қойып, әлемдік алыптармен иықтастыра сөйлеп отырды. Оның «Горный гигант», Кіші Алматы сайындағы пілтастардың үстінде шынтақтап жатып шерткен әңгімесі кейін тұтас мақалаға айналғанын жинақтарынан көрдім.
Тағы бірде, қазан айының ортаңғы тұстарындағы мамыражай шуақты күндердің бірінде саясында біз отырған алма терек оқыс есінеген желден жапырақтары бұрқырай жауып, бұтақтары сыбырлай шайқалып кеткенде, қос жұдырықтай дәу, қып-қызыл апорт алма Әбіштің жастығына дүңк етіп, алақанына аунап түсті. Жиын-терін әлдеқашан біткен. Одан бері қазан амалының түнгі салқыны да ұрып өтті. Бұл қайдан жүрген, неткен алма? Кезектесе қаншама мойын созғанмен, алманың көзден таса тығылып тұрған жерін таба алмадық. Қызыл апорт тұп-тура көк аспанның өзінен үзіліп түскендей еді. Әбіш аударып-төңкеріп, қос алақанды түгел көмкерген алмаға ұзақ телмірді. Теп-тегіс жұқа қабығы айнадай сәулеленген, айналасы жұп-жұмыр, өрттей қып-қызыл мінсіз алма. Тек қана сабағының түбінде тырнақ орнындай күп-күрең дағы бар.
– Апорт әбден пісіп, бал шырынға айналғанда, сабағының түбінен құрт түсетін әдеті. Шамасы, мұндай тәтті алма бұл бақта жоқ шығар, – деген Әбіш Клараны шақырып алып:
— Ешкім тимесін. Өзім сұрағанда берерсің, — деп әйелінің боқшасына салып жіберді.
Көп ұзамай осы қызыл алма қаламгердің «Аңыздың ақыры» романына философиялық түйін болғаны оқырманға аян.
1970 жылы Әбіш «Қазақфильм» студиясына бас редактор болып, сценарийлік қоры жұтаң тартып, күйзелісті күйге тап болған қазақ киносын тұралаған қалпынан тұрғызу үшін екі жылдық сценарийстер курсын ашып, арнайы стипендия төлеп, таңдаулы деген прозашыларды киносценарист мамандығына оқытты. Олардың қатарында Дулат, Төлен, Қажығали, Тынымбай болғаны есімде. Әбіш екі айда немесе үш айда бір біздердің жазғандарымызды өзі қадағалап оқып, талқылау өткізіп отырды.
— Сендер прозаның үрдісіне салып, астарлап, тұспалдап жазуды қойыңдар. Аяқ астында тас жатса, «мына жерде қырынан түсіп төрт бұрышты кірпіш жатыр» деп тайға таңба басқандай бадырайтып жазыңдар. Сендердің тұспалдарыңды түсінетін бізде режиссер жоқ, — деп шаршай сөйлегені есімде.
Қазақ киносына қан жүгіртіп, дем беруге келген жас прозашылар «Қазақфильмді» шырқатып жібермегенмен, біздерді жетекке алып қамқор болған Әбішке сөз келтіре қоймадық. Өзгемізден бұрын Дулат икемділік танытты: алғашқы қарқынмен екі-үш сценарий жазып тастап, «Гауһартасы» өндіріске қабылданып түсіріле бастады. Менің Маңғыстау мұнайшылары өмірінен жазылған «Жұлдызды жон» повесімнің желісімен «Жас дәурен» телефильмі түсіріліп, одақтық көрсетілімдер қатарына енді. Ал есесіне «Атаман Анненковтің ақыры» атты үш сериялы сценариімнің маңдайы тасқа соғылып, жолы болмады.
Біздің бой салып қатарға енген тұсымызда «достасып жүрген қатар құрбыңа лауазымды қызмет бер, оның кім екенін сонда танисың» деген сөз жиі айтылып жүрді. Әбіш жас кезінен-ақ жауапты мемлекеттік қызметтердің тұтқасын ұстады. Мәдениет министрінің орынбасары болуы, табандаған он жыл КП Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі болуы – республиканың идеология саласына елеулі ықпал еткенінің айғағы. Адам қызметке үйренеді, қызметпен келетін абыройға үйренеді, қайда барса аяғын жерге тигізбеген ілтипат, жұмсақ кресло, жайлы машина, үй іші тұрмысы да түзеліп сала береді. Қызметтен кеткен күні осының бәрі бір сәтте тыйылады. Кешегі демімен үй жыққандай болған азамат желі кеткен доптай бір уыс болып, жүнжіп қалады.
Әбіш дегені болып дәуірлеп тұрған кезде қызметтен екі рет кетті, дәлірегі екі рет төмендеді. Бірі — Жазушылар одағының екінші хатшылығынан тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамына кетуі, екіншісі — Республика Жоғарғы Кеңесі төрағалығынан босап қалуы.
Жазушылар одағынан Әбішті кетіріп артық қылам дегендер тыртық қылды. Әбіштің орнына келген басшылар әдебиеттің есігін кім көрінгенге ашып, қоқсық-қобырды қаптатып, жазушылар санын екі есеге көбейтті. Біз жазушылыққа қатысы жоқ біреулердің одаққа мүшелікке қабылданғанына наразы болып, талағымыз тарс айырылып жүріп, дер кезінде бұл шаралардың әргі астарын терең аңдамаппыз. Бақсақ, әдебиетте авторитет жоқ, Жазушылар одағының мүшесі бәрі бірдей деген теңгермешілік жүргізіле бастапты. Жазушылар одағының жаңа басшыларының мінберде тұрып қазақ әдебиеті ақсақалдарын сақалдан алуы, ақсақалдарға кезек тигенде, одақ мүшелігіне жаңадан қабылданған қоқсық-қобырдың еден тепкілеп сөйлетпеуі бір-біріне жалғасты істердің тізбегі екен.
Әбіш жоғары лауазымды Қазақстан парламентінің төрағалығынан кеткенде, мен «Жазушы» баспасында кішігірім басшы болып жүргем. Директорымыз Марал Сқақбаев. Әбішпен бірге оқыған, ұзақ жылдар ЦК-да бірге істеген, араларынан қыл өтпеген адал дос Марал Әбіштің басында орын алған жағдайға қатты күйзелді. Орнында отырып байыз таппай, бума-бума қолжазбаға көміліп отырған менің бөлмеме қайта-қайта бас сұғады. Бір келісінде ол Әбіштің публицистика мен әдеби сын мақалаларын дайындап жүргенін, сонысының басы жинақталса, кітап қып шығарып жіберейік деген ұсыныс жасады. Басына іс түскен тұста жалғыздық сезінбесін, біздің қарлығаш қанатымен су сепкендей достық қолдауымыз болсын деген ниеті көмейінен көрініп тұрды.
Ақыры Әбішпен жолығуға менің баруыма тура келді. Қолжазбаны алып келіп, тездете оқып, кітапқа «Замана» деп ат қойып, жинақты тездетіп өндіріске жібердім. Үкіметтің кітап басу ісін жылы жауып қойған кезі. Баспаның қысылшаң жағдайынан хабардар Әбіш Маңғыстаудағы таныстарына құлаққағыс қылса керек, аяқ астынан демеушілер де табыла кетті.
Әбіштің әртүрлі басылымдарда жарияланған әдеби сын, көсемсөз жанрындағы мақалаларын оқып жүргенмен, оның шығармашылығының бұл саласына пікірім толық қалыптаспаған кез еді. Осы жолы оның аяқ алысын анық таныдым: Әбіш көсем де, шешен де, кемеңгер екен. Ол маған ағысы мол, арнасы кең, түбі терең, жайылған жерін суландырып, нуландырып, ырыс-несібеге кенелдіріп жіберетін, таусылмай сарқырар алып дария сияқты көрінді. Салғаннан байқағаным, алып дарияның алтын діңгегі — көл дария білім екені. Әбіш алты шарды шарлап, алты ілімді игеріп барып әдебиетке келіпті. Зор дайындықпен келіпті.
Осынау қазынаны арнайы дайындық орындарда оқып үйренбей, өз бетінше оқып үйреніпті. Білім мен ілімнің тұнып тұрған қайнар көзі — кітаптың қадірін өзгелерден ерте ұғыпты.
Бақсақ, қаламгердің көсемсөз, әдеби сын мақалалары қоғамдық ортада Әбіштің тез танылуына тікелей септескен екен. Бұл саладағы ізденістерін әдеби сыннан бастаған қаламгер көсемсөзге егемендік бастауындағы серпіліс жылдарында келді. Ұлт алдында одақтан ажырасып енші алу, жеке шаңырақ құрған егемендікке қол жеткізу, отаршылықтың ауыр зардаптарынан арылу, мемлекеттің саяси бағытын таңдау, алыс-жақын көршілермен қарым-қатынас, тұралап қалған экономикаға дем беріп, тоқтап қалған өндіріс орындарын ілгері бастырып, үкіметке қарап ауыз ашып, қол жайған бұқараны күнделікті тірлік минимумымен қамтамасыз етіп, дастарқанын жүдетпеу сынды аса маңызды мәселелер Әбіштің «Тәуелсіздік толғауының» басты арқауы. Сырттай бақылаушы болмай, жүзде бір нұсқасы жоқ әлжуаз мемлекеттің аяғына тәй-тәй тұрған кезін көзімен көріп, ел иығына түскен ауыр жүктің бір басын көтерісе жүрген Әбіш сол бір жарғақ құлақ жастыққа тимеген қиын кездерде Елбасы мен ел ағаларының жолсыздан өткел салып, жол тапқандарын қаз-қалпында суреттеп, «Өтпелі кезеңнің» шынайы суретін қалыптайды. Егемендік бастауының тірі куәгері Әбіш жазбалары талай ұрпаққа азық болары сөзсіз.
Өз басым Әбіштің көсемсөз саласындағы еңбектерінің екеуіне алабөтен ден қойдым: бірі – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президент болып тағайындалып, ант берген салтанатындағы сөйлеген сөзі де, екіншісі — Рим Папасы мен қазақ интеллигенциясының кездесуіндегі сөзі. Әбіш ғұламалығының шыңы осы екі трактат болса керек. Мұндай кең қамтылып, терең таратылып, өзінің де, туған халқының да кемеңгерлігін аспандата көтерген кемел толғауды естіген де, көрген де емеспін. Аспан теңселіп, бас айналғандай бір кемеңгерлік еді ғой. Тұңғыш Президентті марапаттау, Рим Папасы сияқты мәртебелі қонақтың ізгілікті сапарына тілек білдіру біздің тірлігімізде бұрын орын алмаған тың құбылыс болғандықтан да, бәлкім, әсіре әсерге беріліп, артық бағалап отырған да шығармын. Алайда өзімнің ұзын-қысқа ғұмырымда аузымен құс тістеген талай жүйріктерді көргенмен, осы толғаулардағы Әбіш кемеңгерлігіндей ғұламалықты көрген емеспін.
Қаламгердің шығармаларына сарапшы көзімен шола қарап отырсаң, біздің әдебиетке патша, хан, билеуші тақырыбын дендеп енгізген Әбіш екен. Әлбетте «Хан Кенені» жазған Үлкен Мұхтар, «Аласапыранды» жазған Кіші Мұхтар есептен қалмайды ғой. Ал Әбіш шығармашылығының басты өзегі осы тақырып десек те болғандай: «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң», «Абылай хан», «Ханша дария хикаясы». Әбішті Әбіш еткен басты шығармалары осы емес пе? «Абылай ханды» неше қаламгер жарыса жазды, бірақ Әбішке жеткен бірі жоқ. Әбіштің «Абылайханы» ұрпақтан-ұрпаққа кететін өнегелі өре болып қалды.
Автордың «Абылай ханына» шаң жұқпады, мақтауы жетерлік болды. Есесіне «Үркері» дөрекі сындардың тоқпағына ұшырады. «Үркердің» бас кейіпкері Әбілқайыр естімегенді естіді, көрінде жатып күңіренгендей жағдайға келді. Әбілқайырды жамандап, сол арқылы Әбішті іліп-шатып кеткендерді түгендемей-ақ қоялық. Бірде көшеде кездесіп қалғанымызда: «Әбілқайырды дамылсыз ғайбаттап жатыр. Әбілқайыр арқылы сізге күл шашушылар жоқ емес. Ал сіз болсаңыз жұмған аузыңызды ашпайсыз. Әбілқайырды неге қорғамайсыз?» — деген аужай айттым. Әбіш маған бір қарап алып, көзін көшенің ұзына бойына қыдыртып: « Мен Әбілқайырды жазып бердім. Ендігі төрешісі — халық пен уақыт!», — деді. «Ойбай-ау, халық пен уақытыңның ауыз қисайысын көрмейсіз бе?» деп шыр-пыр болып едім, «Бұлардан кейін де халық бар, бұдан кейін де уақыт бар!», — деп бұрылып жүре берді.
Алайда Әбілқайыр трагедиясы бір сәтке есімнен шыққан емес. Іздене оқып жүріп, қайсыбір шала тарихшылар мен одан шала қаламгерлердің Әбілқайыр туралы айтқандары түгел қате екеніне көзім жетті. Мәселен, ол Кіші жүздің ханы болғанымен, қазақтың бас ханы болған жоқ, оның бас хан болуға нәсілдік дәрежесі жетпеді, ол қазақ хандарының «кіші бұтағынан» еді дегендер мүлде келеге келмейтін шалағай пікірлер. Жәнібек ханның кенже екі ұлы — Үсек пен Жәдік, Үсек — үлкені, Жәдік — кішісі. Қазақтың дәстүр-жоралары бойынша: ата ошағы кіші балада қалады. Бірақ ол Жәнібектің басқа балаларына хан болуына кедергі болмағанда, Үсек ұрпағына қалай кедергі болады. Үсек ұрпағы қалайша «кіші бұтақ» атанады. Ақылға сыймайтын сандырақ.
Қазақ қауымы ортасында орын алған осындай әрі-сәрі түсінікке Абылай көзі тірісінде нақты жауап берген. Ол 1767 жылы 14 желтоқсанда Омбы әкімшілігіне жолдаған хатында: «Менің ата-бабаларым Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, олардан кейін енді мен — Абылай ханмын» деген. Абылай жоғарыда аты аталған тұлғалардың қазақтың Бас хандары болғандарын жариялай отырып, өзінің солармен қандас туыстығын да паш еткен. Ендеше, біз орыс шенеуніктерінің әр қолдан, әр ауыздан естіп жазған ақпарларына сенеміз бе, жоқ, Абылайдың өз қолынан шыққан хатқа сенеміз бе? Талас, таңдауға орын жоқ, Абылайдың сөзі — сөз. Осыған тоқтағанымыз жөн.
Ал Әбілқайыр Қайып ханмен тіл табыспай шатақтасу салдарынан Аягөз шайқасында қазақ қолы жеңіліс тапты деу — сәтсіздіктің себебін іздеуден пайда болған бос әңгіме. Кезінде бұл шайқасқа Тобыл әкімдері айрықша мән беріп, куәгерлердің аузынан оның шындығын жақсы жинақтап алған. Хаттамалар Аягөз соғысын бастан-аяқ түгел баяндайды. Бірақ ол мәтіндердің бірде-бірінде Қайып хан мен Әбілқайыр арасындағы келіспеушілік туралы ләм-мим сөз жоқ. Бұл соғыс Қайып ханның басшылығымен жүргізілді, оның жеңісіне де, жеңілісіне де сол жауапты. Және солай болды да. Кешікпей Қайып хан қарсыластары тарапынан мерт болды.
Ал бас хандыққа сайланбаған Әбілқайыр Аңырақай майданын тастап кетті деген де құр далбаса. Жолбарыс хан, Сәмеке хан, Әбілқайыр хан Қалдан Серенмен шарттасып, келісімге қол қойған соң, хандар өз иеліктеріне қайтқан. Ұзақ жол үзеңгі қағысып қатар жүрген Жолбарыс хан, Сәмеке хан, Әбілқайыр хандардың ел тағдырына қатысты жағдайларды сөйлеп, бұдан былайғы ұстанатын бағыттарын ақылдасқаны даусыз.
Әбілқайыр орысқа бодан болу мәселесін бірінші болып қозғады, ол ісінің абырой-атағы да, қарғыс-ғайбаты да соның бір өзінің мойнында. Алайда көреген саясаткерлікпен қазаққа қолайсыз бағытта дамыған орыс сыртқы саясатының бетін бұрды. Мәселенің түпқазық мәйегі осында. Басы арылмас дауға да қалды. Бірақ ол өз қолымен істегенінен жалтармай, бар жауапкершілікті мойнына алды. «Ешкіммен ақылдаспай, өз бетімше істедім» дегеннен танбады. Оның бір сыры кейін бодандықтан бас тартқандай күн туса, бұл ханның қалауы, халық қалауы емес дегенге саңылау қалдыру амалы еді.
Тевкелев жазбаларында старшиналар мәжілісінде «Хан деген атым ғана бар, қарамағымдағылар менің бұйрығымды құлаққа ілмейді» деген Әбілқайыр Тевкелевтің «Не себептен еліңді бодандыққа әкеліп отырсың?» деген оңаша сауалына Ресейдің қолдауымен шынайы билікке жетуді көздейтінін айтады. Осыны желеулеткен біздің тарихшылар Әбілқайыр өз қара басының қамы үшін халық мүддесін сатты деп дабыраласады. Әбілқайыр бодандыққа мойынсұнудың себебін алғашқыда Тевкелевтен жасырып, шындықты көлегейлеп бақты. Шындық — жоңғардан қазақтың күйрей жеңіліп, астанасы мен елдің мәйегі болған Сыр бойы қалаларынан түгел айырылып, Ұлы жүздің жау қолында қалғаны, Орта жүздің жарым-жартылай Самарқандқа ауып кетуі еді. Бұл шындықты білсе, орыс елшісі тізені қаттырақ батырып, тақымдауды күшейте түсері белгілі еді. Міне, осыны болдырмау үшін Әбілқайыр қара бастың қамын көлденең тартып, өзін де, өзінің атақ-абыройын да құрбандыққа шалды. Осынау дипломатиялық «ойындардың» астарын ұқпаған қазақ қаламгерлері Әбілқайыр қара басының қамын ел қамынан жоғары қойды, Ресейдің қолдауымен өзге хандардан дәреже арттырып, билікке жетуді ғана көздеді деп шуласады. Шынына келгенде, біздің қатардағы оқырмандар мен қаламгерлерге және осы тақырыпты зерттеген талапты ғалымдарымызға Тевкелев жазбаларындағы орыс дипломатиясы мен оған қарсы қойылған қазақ дипломатиясының ара жіктерін айыра білген жөн еді.
Әбілқайыр Ресей бодандығын қабылдаған кезде қазақтың ел тізгінін ұстаған элитасының бірде-бірі қарсы шықпаған. Керісінше, Әбілқайырдың әрекетіне қолдау білдірген. Мәселен, Әбілқайыр, Бөкенбай, Есет батыр, Құдайназар мырзалар 27 адам болып, Ресей бодандығына 1731 жылдың 10 қазанында ант берсе, Әбілқайырға қарсы топтың басшысы 13 мың Шекті елінің сұлтаны Батыр сұлтан 3 желтоқсанда, Орта жүз ханы Сәмеке 19 желтоқсанда ант беріп, Әбілқайыр ұстанымына қолдау білдірді. Ал 1733 жылы Ресей бодандығын қабылдауды өтінген Төле би, Қодар би, Хангелді би, Сатай батыр, Бөлек батыр қол қойған хатты Қонай би Орынбор жолынан адасып кетіп, Самара қаласы әкімшілігіне тапсырғаны белгілі. 1734 жылдың 10 маусымында Ұлы жүздің Ресей қарамағына қабылданғаны туралы Анна Иоанновна жарлық шығарды. Ал 1735 жылдың 20 желтоқсанында Күшік хан, Барақ сұлтан өздерінің қарамағындағы он бес шақты би, сұлтанның атын атап, олардың арасында Қабанбай батыр да бар, араларына келген Орынбор елшісі М.Бекчуринге хат табыстап, Орынбор әкімдігіне өз тараптарынан Ырысмұхамед, Қонақбай, Байназар, Жансарыларды елші ғып жібергендері тарихшы Әбілсейіт Мұқтардың зерттеулері бойынша анықталып отыр. Ол хатта «Әбілқайыр хан қалай бағынса, біз де солай бағынамыз. Білместігіміз болса, кешірім сұраймыз» деген жолдар бар. Ең ақыр соңында Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан да 1740 жылдың 28 тамызында Орск қаласына өз аяқтарымен келіп, Ресей бодандығына ант етті. Сөйтіп, аталмыш саяси актіге қосылмаған ешкім қалмады.
Міне, шынайы шындықтың ажары осындай: Әбілқайыр ұстанған бағыт Кіші жүз шеңберінде қалмай, қазақтың үш жүзінің ой-санасын түгел меңдеп, олардың ел тұтқан игі жақсылары Әбілқайырдың тосындау саяси қадамына қолдау білдірген. Олар ел басына төнген мынау нәубеттен түгелдей құрып кетпей, амалдап жан сүйретіп шығудың жолын іздегенде, батыс көршіден басқа жансауға таппады. Қазір біз өзімізден үш жүз жыл бұрын болған оқиғаға жылы кабинеттердің жұмсақ креслосында шалқайып отырып төрелік айтамыз, ал сол өң мен ғайыптың арасындай болған қасіреті ауыр заманның зілзаласын иықтарымен көтерген тұлғаларымыздың ауыз ләмдері мен іс-әрекеттері басқаға меңзейді. Әлбетте, Ресейдің отаршыл езгісінен енді құтылып, ес жиғандай болып жатқанда, кеудеміздегі ыза-кегіміз басылмай, жанымыз бен тәніміздің тыртықтары жазылмай тұрғанда, оны түсіну де, мойындау да оңай емес. Алқынған ашу, алабұртқан сезім сабасына түскенде ғана пайымдай аламыз. Әбілқайыр орысқа, Абылай үш бірдей елге — орыс, жоңғар, қытайға бодан болғанда, еріккеннен болған жоқ, соңына ерген ызғындай жұртын соқталаңнан аман алып шығудың қамымен болды. Кейінгі ұрпақ оны дұрыс түсінгені абзал.
Әбілқайырдың зар ғып айтқандары айна-қатесіз келді. Қытайлармен келісімшартқа отырысымен, Қалдан Серен отыз мың әскермен 1739 жылы Орта жүз қоныстарына тап берді. Арқаны жойқын шабуылмен оңнан солға, солдан оңға сүзгендіктен, жоңғардың бұл жорығы ел аузында «Сүзекі» аталды. «Сүзекі» шабуылына кірісерде жоңғар елшілері Сібір генерал-губернаторы Батурлинде болып, Ресейдің бодандығында жоқ ру-тайпалардың тізімін алып, алдымен шабуылдың нысанасын соларға бағыттады. Нәтижесінде, Әбілмәмбет хан Кіші жүздегі Елек өзеніне қашып, Абылай жоңғарға тұтқын болды. Орта жүз қатты кеміп қалды.
Әбіш туралы жазбаларымның соңын Әбілқайыр тағдырына әкеп тіреуімде заңдылық болмаса, оғаштық жоқ деп ойлаймын. Әбілқайыр — Әбіштің басты кітаптарының бас қаһарманы, Әбішті айтсаң Әбілқайырға, Әбілқайырды айтсаң, Әбішке соқпай тұра алмайсың. Қазіргі қазақ прозасында екі өлшем ғана бар деп түсінем. Бірі — Әуезов өлшемі, екіншісі — Кекілбаев өлшемі. Көркем туындылардың әдеби құндылығын таразылағанда, осы екі өлшеммен өлшесек, ешқашан жаңылыспаймыз, барар бағытымыз, шығар шыңымыз да анық болмақ. Әбіш халқына рухани азық болатын өлмес, өшпес мұра қалдырды. Оның байыбына барып, бағасына жету — Әбіштің ұстанған шығармашылық бағдары, көркемдік тұғырлары, әлеуметтік-саяси ауқымдары мен терең философиялық пайымдарын түсініп, оның әдебиетіміздегі көркемдік-эстетикалық құбылыс екенін мойындап, қаламгер салған өнегелі жолды баянды етуге қарлығаш қанатымен су септі септігімізді тигізу көзі тірілердің міндеті деп білемін.
Әнес САРАЙ,
жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
«Егемен Қазақстан» газетінен.



