Досжан ишанның шәкірті
ХІХ ғасырда Батыс өңірінде ислам дінін таратуда өлшеусіз қызмет еткен тұлғалар көп болды. Күллі қазақ білетін Досжан ишанның аты аталған жерде, онымен бірге шәкірті Нұрлепес әулиенің аты да еске түседі.
Нұрлепес Күмісбайұлы 1888 жылы Байғанин ауданының Оймауыт елді мекенінде туған. Ол Досжан хазіреттен 3 жыл білім алады. Білім алуды жалғастыруды ойлап, ұзақ сапар шегіп, Бұхара медресесінде 10 жыл оқиды. Одан соң туған еліне оралып, халқына қызмет қылуды ойлайды.
Алайда, бұл — кеңес өкіметінің қыраулы қабағы қарс түйіліп, қылышынан қан тамып тұрған, дін тұлғалары мен зиялы қауымның қудалауға түскен уақыты еді. Жас Нұрлепеске діни білімін, ерекше қасиетін амалсыз жасырып, жан сақтауға тура келіпті. Ойыл-Қиыл, Жем-Сағыз, Темір аудандарында теміржол бойында, табан аудармай 10 жыл жұмыс істеген.
1928 жыл. Елді ашаршылық жайлаған тұс. Бірде бастығы: «Екі арбамен ауылдарды аралап қайтайық. Сен қасымда жүр. Екінші арбаға он жігіт ал, күректерін ала шықсын», — деп тапсырды. Олар ауыл-ауылдарды аралап, көмусіз қалған мәйіттерді жинап жерлеген. Жолай бір ауылда босана алмай, ұзақ толғатып, қиналып жатқан әйелге кезігеді. Ағайын-туысы абдырап отырғанда, Нұрлепес ата ішіріткі жазып беріп, әйелге ішкізеді. Аздан соң әйел аман-есен босанып, өзі де, баласы да аман қалыпты. Осыдан кейін Нұрлепестің емшілігі, әулиелік кереметтері ел ішіне тарала бастаған.
Қарапайым жұмысшылардың қатарында жүрген Нұрлепес ата жеті тілде еркін сөйлеп, жеті елдің кітабын сүрінбей оқи беретін болған. Оның бармақтың жартысындай қадімше жазылған Құран кітабы болған екен. Бұл кітап кейін оның өзімен бірге көміліпті. Өзіне арнайылап ауру адам келе жатса, бойына тамақ батпай, сілкініп отырады екен. Ауруды емдегенде әбжат есебіне сүйенген. Одан басқа, табиғат құбылыстарын болжап білетін, кейде тіпті басқара алатын қасиетке ие болған.
Нұрлепес әулиенің артында қалған жалғыз ұлы Аманкелді 2011 жылы бақилық болды. Салиха Нұрлепескеліні — атасына мінсіз қызмет етіп, әулиенің батасын алған жан. Батасын келінге беру үрдісі — қазақ руханиятында бар құбылыс. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келініне батасын беріп, басына шырақшы етіп тастап кеткені әмбеге аян. Абыз Төле би де өсиетінде келініне батасын берген. Әйгілі батыр Бауыржан Момышұлының да келіні Зейнепке сүбелі өсиетін айтып, сенімін білдіріп, батасын бергені белгілі. Бата беру — мұрасын аманаттап кетумен бірдей ұғым.
Салиха Шұбарқұдық өңірінде туған. Ол шыр етіп дүниеге келгенде, Ойыл өзенінің арғы бетінде тұратын Нұрлепес атаны шақыртып, баланың есімін қойдырады. Салиха апа бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Осы күнге дейін Нұрлепес атаның басына арнайы салынған үйдің шырақшылық қызметін талмай атқарды. Ол төрт ұл мен бес қыз тәрбиелеп-өсірді. Ұлдары Нәдірбай мен Серікбай Ақтөбе қаласында тұрады, Мұңатбай пен Мейрамбек Сарытоғай ауылында Нұрлепес атаның басына келген қонақтарды қарсы алып, қызметін атқарып жүр. Нұрлепес әулиенің шапағатын тілеп, келген ауру-сырқатты, бала көтере алмаған әйелдер, жаны дертті адамдар садақасын атап, басына түнегенде, Салиха апа әулиеге құрмет білдірудің әдептерін айта отырып, әулие атасының басынан өткен ғажап оқиғаларды баяндайды.
Нұрлепес атаның Тұрғанбай, Жұмабай деген құрдас әрі ниеттес достары болыпты. Бір күні олар құрдастықтарына салып:
— Қане, Нұреке, аруағыңды көрсетші. Күн кеш болып кетті. Ойыл өзенін теріс ағызшы, — деп тұрып алыпты. Нұрлепес ата «Әй, тоба!» деп қамшысымен үш рет ерінің басын сипайды. Сол кезде сарылдап тұрған өзен екіге жарылып, ата арғы бетке өтіп кетеді. Тұрғанбай мен Жұмабай сонда естерін жиып:
«Нұреке, өзенді жібер, күнәға баттық», — дегенде, өзен бұрқырап ағып келіп, екеуінің ізінен «қуып», олар суға бата жаздап, әрең құтылыпты. Бұл оқиға сонау 1964 жылы наурыз айында болған екен.
Нұрлепес атаның халық аузында айтылатын сан мың кереметтерін бір мақалада айтып жеткізу мүмкін емес. Ал Нұрлепес әулиенің аруағын сыйлаған бір қауым ел — Сарытоғай ауылы тұрғындарының атаға деген құрмет-ықыласы ерекше.
Сарытоғай — Алтықарасу елді мекеніне қарасты шағын ауыл. Қазір ауылда 35 шаңырақ, 184 тұрғын тіркелген. Ауылда 9 сыныптық мектеп пен бір шағын медпункт жұмыс істейді. Ауыл ақсақалдары Нұрлепес атаның қабірінің басына өз аманаты бойынша салынған түнекханаға садақа арнап келген адамдардың мұқтажына жәрдемші болып, атаның кереметтерін айтып, зияратының қабыл болуына тілеулес болып отыр. Өз өсиетінде әулие: «Бейсенбі, жұма күндері өлі аруақтар тірілерден аят, дұға дәметеді» — деп, зиярат етушілерге бейсенбі түс ауа келіп, жеті нан пісіріп, иіс шығаруды тапсырған.
Әулиенің шапағатын көріп, атадан балаға ауысқан ізгі құрмет бойынша әр он жыл сайын Нұрлепес атаның басында үлкен той тойланып, ас беріліп келеді. 1998 жылы — Нұрлепес Күмісбайұлының туғанына 110 жыл толуын, 2008 жылы 120 жылдығын бүкіл ауыл, жан-жақтан әулиені құрмет тұтар туған-туыс, ағайынды жинап, ас беріп, атап өтті. Алда 2018 жылы 130 жылдығы күтілуде. Биыл, атаның туған күніне орай, Сарытоғай ауылының тұрғындары мен алыс-жақын тілекшілер бас қосып, басына түнейтін үйдің қасынан құдық қазып, су шығарды. Немерелері Нәдірбай, Мұңатпай, Серікбай, Мейрамбек пен шөбере-шөпшектері жиналып, ауыл адамдары бас қосып, садақасын атап, құдықтың қазылуына белсене атсалысты. Құдықтан тұнық, тұщы су шыққанда, ауыл-аймақ, ата аруағын сыйлайтын барша жұрт Аллаға мың шүкір айтысты.
Нұрлепес есімі бүгінде бір ауылдың құтына айналып отыр. Сарытоғай ауылы Нұрлепес әуленің аруағын сыйлап, «төбеде ата жатыр ғой» деп, қылмыс атаулыдан жиреніп тұрады.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы патриотизмнің ең жақсы үлгісі туған жердің тарихын оқудан көрініс табуы керектігін атап өткен еді. «Әр өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» — деп, Елбасы айтқандай, Нұрлепес есімі де ұрпақтар жадында сақтала бермек.
Сағадат ОРДАШЕВА,
Темір ауданы.



