Әлемге танылған тұлға

Алаш арыстары
ХХ ғасыр басында қазақ даласын патшалық Ресейдің отарлық бұғауынан азат етіп, өз алдына тәуелсіз ел болуды Алаштың талай ұрпағы мұрат еткені белгілі. Алайда бұл жолдың дұрысын Әлихан Бөкейхан бастаған үркердей жарқырай шыққан талантты топ тапқан еді. Осы алыптардың арасында Мұстафа Шоқайдың орны бөлек, тағдыры ерекше, ал мұрасы мол. Ұлы күрескердің туғанына 125 жыл толуына орай Алматыдағы Ұлттық кітапхана шығарған «Автобиографиялық көрсеткішке» тоғыз тілде жазылған 904 еңбегі еніпті. Ал оның өмірі мен қызметі және шығармашылығы туралы 1405 еңбек сегіз тілде жазылған екен.
Мұстафа Шоқайдың дүние танымының қалыптасуы өзі өмір сүрген заманның саяси‑әлеуметтік сипатымен айқындалды. Ол ең алғашқы тәрбиені өз кезіндегі тұрмыс мәдениеті жеткілікті, билік лауазымдары елге танымал әулеттің отбасында алды. Атасы Торғай датқа ел билеген шешен, озық ойлы көсем, ақыл‑парасаты мол, «ел қамын жеген ерлер» қатарында аталса, әкесі Шоқай да ширек ғасырдай би‑болыс болған.
Бала кезінен аса зеректігімен ерекшеленген Мұстафа әуелі ауылда 4 жыл мұсылманша оқып, содан Перовскі училищесін аяқтағаннан кейін 1902 жылғы тамыз айында Ташкенттің ерлер гимназиясына қабылданады. Осында жап-жақсы орысша сауатын жетілдіре түскен Мұстафа Шоқай қоғамдық жұмыстарға ерте және белсенді араласады. Жергілікті билеушілердің басынған озбыр әрекеттерін Сыр бойында өз көзімен көріп келген Мұстафа сол кездегі Түркістан аймағының бас қаласы Ташкентке елден келген қазақтан басқа да туыстас ұлт өкілдерінің түрлі өтініш-арыздарын шешуге қатысады.
Мұстафа Шоқайдың саяси‑әлеуметтік көзқарастарының қалыптасуында Санкт‑Петербург университетіндегі жылдар, Ресей империясы орталығындағы күрделі саяси оқиғалар ерекше орын алады. 1933 жылғы «Есімдегілерден… (Ресейдегі түрік студенттер өмірінен)» атты мақаласында «Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе, университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары Петербургте оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қарамастан біз, студенттер, саяси бой көрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз» деп жазған еді бұл туралы.
Сондай‑ақ Мұстафа Шоқайдың тағдырында 1905 жылдан бастап қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған, Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, қазақ ұлттық «Алаш» партиясының негізін қалаған, оның бағдарламасының авторларының бірі, кейін Алашорда үкіметінің басшысы болған Әлихан Бөкейханның әсерінің айрықша болғанын айту керек. Осы ғибратты ұстазының көмегімен Мұстафаның Мемлекеттік думаның Мұсылмандар фракциясы хатшылығына орналасуы оның саяси жолын айқындай, толықтыра түскен болатын. Бұл Ресейдің еуропалық бөлігінің татар, башқұрт, әзірбайжан, т.б. мұсылмандарынан құрылған фракция еді. Осы фракцияның Орта Азия мен Қазақстан халықтарының мүдделерін алғаш білдіру миссиясы жүктелген Мұстафа фракция мүшелері‑депутаттармен күнделікті араласып, олардың ой жиектерін байқап, өрістерін таниды, тиімді ақыл‑кеңестерін естіп, соған сәйкес әрекет етіп, оларға Түркістан туралы және өлкеге қатысты басқа да қажетті материалдар дайындайды. Бұл жағдай оны сол кездегі Ресей орталығындағы барлық дерлік елеулі саяси оқиғалардан хабардар етті. Мұның тағы бір тағылымды жағы болды. Ол өз халқын азат ету басқа да түркі тектес езілген халықтарды патша өкіметінің отаршылық саясатына қарсы ұйыстырудың нәтижесінде ғана мүмкін екендігін түсінді. Бұл болашақ саясаткер үшін ерекше маңызды, айрықша мәнді болды.
1917 жылы Мұстафа Шоқай белгілі себептермен оқуын кештеу бітіріп Ташкентке келгенде саяси қозғалыстың қайнаған қазанына түседі де кетеді. Мұндағы Уақытша үкіметтің және жұмысшы-солдат депутаттарының, т.б. әртүрлі құрылымдардың арасындағы талас-тартыстың бел ортасында болады. Сол кезде Ташкентте Түркістан мұсылмандарының құрылтайы шақырылып, онда Орталық комитет сайланады. Оған Түркістанның барлық аймақтарынан өкілдер кіреді. Мұстафа Шоқай осы Ұлттық Орталықтың төрағасы болады. Ол сонымен қатар Уақытша үкімет тұсында Сырдария губерниялық басқармасының бөлім бастығы, Түркістан Комитеті жанындағы Өлкелік Кеңес мүшесі және тағы басқа қызметтер атқарады.
1917 жылдың қыркүйек айына қарай Түркістанның қоғамдық дамуында Ақпан революциясының арқасында пайда болған демократиялық реформаларға үміт артқан ұлттық күштердің Түркістан автономиясын жариялауға дайындық жұмыстарының басталуымен қатар большевиктердің жергілікті халықтың автономияға ұмтылысымен санаспай, өкімет билігін басып алуға тырысушылығы байқалады. Алайда 25 қазандағы Петроградтағы қарулы көтеріліс ұлттық күштерге ауыр соққы болды. Осындай жағдайды талқылау мақсатында Мұстафа Шоқай Орынборға іссапармен барып, ондағы қазақ зиялыларымен кеңеседі. Кездесуде тәуелсіздік үшін күресті жалғастыру, большевиктерді мойындамау туралы шешім қабылданады. Ал Мұстафа Шоқай қайта оралғанда Ташкенттегі өкімет билігін орыс жұмысшылары мен солдаттары қолдарына алған болатын. Сондықтан Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясы идеясын аса сақтықпен, ұстамдылықпен, өлкедегі саяси күштердің арасалмағын талдай отырып тұжырымдауға тырысты. Бұл Уақытша өкіметпен, оның өлкедегі органдарымен, жұмысшы және солдат кеңестерімен ашық қарсылыққа бармау тактикасын ұстануды, ең алдымен, жергілікті тұрғындардың өздерінің ауызбірлігін қамтамасыз етуге, олардың автономия идеясы төңірегіне топтасуын нығайтуға бар күш‑жігерін жұмсауды талап етті.
Мұстафа Шоқайдың алғашқы саяси қызметінде Түркістан Мұқарияты ерекше орын алады. 1917 жылдың 27 қарашасында Қоқан қаласында төтенше жалпыөлкелік мұсылман құрылтайы Түркістанды мекендеуші халықтың еркін білдіре отырып, Ресей Федеративтік демократиялық республикасымен біртұтас аумақтық Түркістан автономиясын жариялайды. Бірақ Мұстафа Шоқай автономияны жүзеге асырудың аса қиын екендігін, кадрдың жоқтығын, жалпы мүмкіндіктің жетімсіздігін, әскердің құрылмағанын және тағы басқа толып жатқан жетіспеушіліктердің барлығын съезде сөйлеген сөзінде жан-жақты айтады. Бір ескерте кететін жай, сол кездегі саяси жағдайларды ескере отырып, Мұстафа Шоқай Түркістанның дербес ел басқарған мекемелері мен атқару органдарын, яғни заң шығаратын парламенті мен іс жүргізуді, оқу‑ағарту ісі, жергілікті мекемелер, заң және жер мәселесінің бәрін автономиялы үкіметке қаратып, ал сыртқы саясат, қаражат, жол, әскери істер Бүкілресейлік Федерациясы үкіметінің ісі деп есептеді.
Биыл құрылғанына 100 жыл толған Түркістан Мұхтарияты (автономия) бар‑жоғы екі айдан сәл артық өмір сүрді. Кеңес өкіметі оны қанды қырғынға ұшыратты. Осылай елде берік қалыптасуға бет алған тоталитарлық жүйенің табиғатын таныған, оның нақты дәлелі болған Түркістан автономиясының тағдыры, бостандыққа деген үміттің үзілуі М.Шоқайды мұғажырлық өмірге мәжбүр етті. Бұл жүйенің ешқандай демократиялық іс‑әрекетке жол бермейтінін сергек саясаткер көрегендікпен білді.
Өмірінің соңғы 20 жылдайын Францияда өткізген Мұстафа Шоқай саяси қызметті жемісті жүргізу үшін ең бірінші Батыс елдерінің қазіргі кезеңдегі Түркістан мәселесін қандай дәрежеде білетіндігі мен түсінігін тануға ұмтылды. Ол мұны Батыс елдерін орыс отаршылдығына қарсы күрестің стратегиясының құрамды бөлігі деп санады, себебі осы елдердің моральдық және материалдық көмектерінен басқа Түркістанның тәуелсіздігі үшін күресте сүйенер күш те жоқ еді. Осындай мақсатпен Мұстафа Парижде, Женевада және басқа Батыс елдерінде түрлі ортада болады. Бұл бағытта Ұлыбританияға ерекше мән беріп, оның Үндістандағы үстемдігінің жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізген ықпалын зерделеу мақсатымен және басқа да мәселелермен байланысты орыс, француз, неміс тілдеріндегі әдебиеттермен танысады. 1924-1933 жылдар аралығында Лондонда бірнеше рет болады. Француз тілінде жасаған баяндамаларға жиналғандар тарапынан аса қызығушылық туғанын, тіпті бірнеше қайта қол соғылғанын айта кеткен артық болмас. Бұл жайлар Мұстафаның ірі қайраткер және халықаралық өмірдің сұңғыла сарапшысы ретінде танылғанының айқын көрінісі болатын. Бұл кездесулер сонымен бірге Еуропада Кеңес өкіметіне қарсы бағытталған ешқандай күштің жоқтығын, олардың Ресейдегі бодан халықтардың тұрмыс‑тіршілігі мен азаттық күресі туралы толық түсініктің болмауын байқатады.
Тәуелсіздік үшін күресудің қажеттілігін әлемдік деңгейде жариялап қана қоймай, Мұстафа Шоқай оған жетудің жолдары мен тетіктерін, күрестің қозғаушы күштерін саралады. Әсіресе, түркістандықтардың ішкі бірлігін нығайту аса маңызды болды. Мұстафа Шоқай сонау 1917 жылдардан бастап халықты жалпытүркістандық бірегейлік төңірегінде топтастыру тұжырымдамасын тарихи, этностық, мәдени және саяси‑экономикалық тұрғыдан негіздей бастаған болатын. Бұл бағыттың тәуелсіздік үшін күресте алатын орны мен маңыздылығын ол шетелде жүрген кезінде тереңірек сезінген еді. Сан түрлі тарапты қызметтер оны ұйыстыратын, үйлестіретін және бағыттап отыратын саяси ұйымның қажеттігіне жетеледі. Тұрақты ізденістер нәтижесінде «Түркістан Ұлттық Бірлігі» құрылды. Оның тұтастығын сақтау, бір орталыққа бағынған ынтымақтастығын нығайту, егеменді ел ретінде өмір сүруі осы өңірдің жергілікті тұрғындарының іс‑қимылының, ой мен пікірінің бірлігіне байланысты болатын. Мұстафа Шоқай «Түркістан» ұғымына қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз, тәжік халықтары мекендерін түгел жатқызғаны белгілі.
Мұстафа Шоқай түркістандықтардың тәуелсіздік үшін күресінде оған одақтастарды айқындауға ерекше мән берді. Кімдерге арқа сүйеу керек деген мәселені қарастыра отырып, 1931 жылы жазылған «Алған бағытымыз айқын болсын» атты мақаласында Мұстафа Шоқай: «…Біз миллиондаған тұрғындары бар Ресеймен күресте жеңіске жететін ең тура, ең сенімді жолдар мен тәсілдерді таңдап ала білуіміз керек. Тек өз күшіміздің аздық ететіні көзге көрініп тұрған ақиқат. Сондықтан біз өзімізбен тағдырлас және өзіміз сияқты ұлттық тәуелсіздікке ұмтылып отырған халықтармен тізе қосып, күш біріктірудің жолдарын іздестіруіміз лазым» деп жазған еді.
Көркем сөздің майталман шебері, білімдар, ойын шапшаң қорыта алатын жалынды публицист ретінде Мұстафа Шоқай Парижге келген бойда орыстың эмиграциялық баспасөз органдарымен түгел дерлік танысып, олардың идеялық бағыт‑бағдарын, ұлттық қозғалысқа көзқарастарын анықтап шыққан болатын. Олардың қай‑қайсысы да Мұстафаны жақсы білетін, сондықтан оған редакция есіктері ашық еді. Дегенмен «Түркістан Ұлттық Бірлігі» ұйымы құрылғаннан кейін жеке баспасөздің қажеттігі айқын көрінеді. Мұстафа Шоқай алғашқы баспасөз органы «Йени Түркістан» журналын ұйымдастыруда ерекше еңбек етті. Осы журналда жарияланған мақалаларында М.Шоқай большевиктердің орыс емес халықтарды «бостандық» пен «азаттыққа» жеткізеді, «ұлттардың өзін билеуі» дейтін жалған саясатының бет‑пердесін әлем жұртшылығы алдына жайып салады. Алайда азаттық күрес өрісінің кеңеюі, түркістандықтардың саяси белсенділігінің ауқымының артуы ұлттық басылымдарға сұранысты күшейтіп, екінші басылымның қажеттігін тудырады. Көп ізденістің арқасында ТҰБ‑ның 1929 жылдың желтоқсан айында Берлинде алғашқы саны жарық көрген «Яш Түркістан» журналы кейін Түркістан ұлттық қозғалысының мақсат‑міндеттерінің жалынды жаршысына айналды, оның идеологиялық бағыт‑бағдарының қалыптасуына зор еңбек сіңірген еді. Оны Польша президенті, маршал Ю.Пилсудскийдің бастамасымен құрылған «Прометей» қоры қаржыландырады. Журналдың алғашқы санында берілген редакциялық «Біздің жол» атты мақалада ТҰБ бағдарламалық ұстанымдары толық мәлімденеді: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарда бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды».
Алғашқы күндерден бастап Мұстафа Шоқай журналда басылатын материалдардың шындыққа толық сәйкестілігіне, мазмұны мен идеялық ұстанымдарына, материалдардың терең мағыналы болуына, сан салалы тақырыптарды қамтуына ерекше көңіл бөледі. Бұған оның білімдарлығы, бірнеше тілдерді жетік білетіндігі айрықша көмектеседі.
Осындай ақыл‑ойымен, парасат пайымымен, қажырлы қызметімен және ұшқыр қаламымен әлемге танылған Мұстафа Шоқай туралы сонау 1990 жылдары Әнуар Әлімжанов «Оның абзал да адал есімі еліне мәңгіге оралса екен, елім деп елжіреген жүрегі мен жаны лайым туған халқымен бірге болса екен!» деп ағынан жарыла жазған еді.
Биылғы жылы бүкіл түркі тектес халықтардың мүддесі үшін күрескен Мұстафа Шоқайға Сыр бойының бас қаласы Қызылордада зәулім ескерткіш орнатылды. Енді Сыр сахнасында тұрған тамаша саясаттанушы, жалынды публицист, тұңғыш халықаралық деңгейдегі саяси сарапшы, отандық кеңестану ғылымының негізін салушылардың бірі ғана емес, бірегейі, ғұлама ғалымның бейнесі жас ұрпақты ұлттық, тәуелсіздік, патриоттық рухқа шақырған мәңгі өлмес өсиеттерін қазақ еліне түгел таратып тұрған сияқты.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Мұстафа Шоқайтану ғылыми‑зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі.



